Көркем шығармадағы сөз таптарының прагмастилистикасы

Тіл — қоғамдық қарым­­­-қатынастың ерекше сипатын білдіретін құнды құрал. Тіл — халықтың ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы үзіліссіз беріліп келе жатқан ұлттық мұрасы.

Көркем әдебиет, оның ішінде көркем шығармадағы сөз таптарының ерекшеліктерін зерттеу-лингвистикалық стилистиканың негізгі нысанына айналды. Көркем әдебиет тілі халық тілімен бірге өседі, дамиды. Көркем әдебиет тілінің эстетикалық қызметі стилдердің әр түрлілігіне байланысты. Тіл байлығы да стилдердің әрқилылығымен, айырмашылығымен танылады. Әдеби туынды тілін лингвистикалық тұрғыдан талдау арқылы стилистиканың көптеген мәселелерін шешуге бір жағынан мүмкіндік туса, екінші жағынан жазушы шеберлігін, көркем туындының тілдік-эстетикалық қуатын тануға жағдай жасалады. Себебі, көркем шығарма халық тілінің байлығын көрсетпейді, сондай-ақ, оны дамытатын тілдік жаңа формалармен өсіретін негізгі арналардың бірі болып табылады.

Көркем шығарма тілі басқа әдеби тіл түрлерінен экспрессивті-эстетикалық сипатымен ерекшеленеді де ұлттық тіл мәдениетінің дамуына өз ықпалын тигізеді. Көркем әдебиет тілі әдеби тіл стилдерінің жүйесінде оның негізгі құрамдас бөліктерінің бірі ретінде қаралуы тиіс. Ұлттық әдеби тіл дамуының барлық кезеңдерінде көркем әдебиет тілінің орны басым болады.

А.Байтұрсынов « Тіл — адам белгісінің зоры,жұмсалатын қаруының бірі » — дейді. Тіл — сөз адамның ақылы, көңілі, көңілінен туған қиялы үлкен әлемдік сөз таңба-ой бірлігі – ұғым — сезім әрекеті арқылы берілетінін қазақ ғалымдары өз еңбектерінде мәнін ашты, олар тілдік категориялардың бүгінгі прагматика және стилистика мәселесімен қатысты екендігін анық байқады.

Прагмастилистика — стилистика ғылымының жаңа бағыты. Кез келген айтылым адресаттарға ақпарат берумен қатар, оның қабылдауына ықпал ететін тілдік бірліктерді таңдайды және оның реакциясын тудырады. Адресаттан алынған ақпараттан кейінгі адресаттың белгілі пікірге келіп, қайтадан қандай әрекет жасайтынын прагматика зерттейді. Прагматика адамның белгілі жағдайда қандай мақсатпен сөйлеп тұрғанын қоса қарастырады. Адресант пен адресат арасындағы қарым-қатынас аясындағы тілдік бірліктердің ықпал ету және әсер ету мақсатынан пайда болған туынды мәтін прагмастилистика деп аталады.[1.16]

Морфологиялық құрылыс стильдік қолданыс тұрғысынан сөздік қормен салыстырғанда біршама бейтарап екені айқын. Өйткені морфологиялық құрылыс стильдік топтардың қай саласына да бірдей, барлығына тән. Сондықтан сөз таптарының немесе сөз тудырушы, аффикстер мен сөз өзгерту тәсілдерінің бір-бірінен оқшау қолданылу сырлары анық байқала бермейді.[2.147]

Сөз таптарының стилистикалық қызметі стилистикалық белгі мен стилистикалық мәнердің арасын жалғастыруда маңызды орын алады. Сөз таптарының барлығы дерлік әр стиль аясында мәтіннің сипатына орай кейбіреулері жиі қолданылады да стильдік мәнерімен ерекшеленеді.

Қазақ тілінің морфологиялық құрамында зат есім айрықша орын алады. Зат есім дискурс пен мәтін заттық мағына береді, ал заттық мағынасыз ой берілмейді, сондықтан зат есімдер барлық сөз коммуникациясында міндетті түрде қатысып отырады. Әсіресе, жалқы есімдер ұнату-ұнатпау, достық-қастық, биресми-ресми әрі туыстық, әлеуметтік мәнімен стилистикалық әсері мол. Қайран тектім-ай!.(М.Әуезов). Әпенге Елемес сенеді.(Б.Майлин).

Көркем әдебиет стилінде дерексіз зат есімдер экспрессиялық ерекше стильдік мән алғанымен оның эстетикалық қызметі көп байқала бермейді. Себебі, ол басқа стильдік құралдар немесе тәсілдер тұрғысынан талданып кетеді.

Мен ол кезде Апамның өмір тарихын, тіпті кім екенін білмей, алаңсыз шуақты күндерге марқайып маңар едім…Апамның алақанын, Апамның қауыздаған талқан-тарысын іздеп тамсанып отырғанымыз.(О.Бөкеев)

Қазақ көркем сөз зергерлері өздерінің шығармаларында зат есімнің ерекше көркемдік қызметі жайлы сөз ұстанымы ретінде әсерлі қолдана білген. Жоғарыда келтірілген мысалдарда апам деген зат есім тәуелдік жалғау тұлғасында келіп, автор өзінің жан жылулық сезімін беру мақсатында қолданылғанын көруге болады.

Зат есімдер поэзиялық шығармаларда туған ел, жамағатқа байланысты мәтіндердің көркемдік қуатын көрсету мақсатында жиі қайталанып жұмсалады.

Иір — иір Алатау

Бұйра — бұйра жал ма екен ?

Қарасам көзім талады — ау

Қияңа, асқар Алатау.

Бөлек — бөлек бала тау —

Етекте шөккен нар ма екен ?

Желкеңдегі, ару Алатау,

Жәуһардан тізген жал ма екен ?(М.Жұмабаев)

Көркем шығармада зат есімдер жеке тұрып та кейде жалғаулар арқылы өзінің стильдік мәндерін айқындай түседі. Өлең мәтінінде зат есім экспрессивтілігінен гөрі, нақты философиялық сипат береді, сондықтан оның жалқы есімдік тұлғасы алынуы нақтылықпен толғаныс нысаны ретінде жұмсалынған. Кез келген оқиға,құбылыстарды суреттеуде зат есім нақты атау ретінде алынады. Мәселен, көркем әдеби тілде аты аңызға айналған жалқы есімдер Төлеген, Қыз Жібек, Баян сұлу, Қозы-Көрпеш сияқты әдеби, тарихи кейіпкерлер ауызекі сөйлеу тілінде махаббаттың, сұлулықтың символы ретінде жиі ұшырасып отырады. Ауыз әдебиетіндегі Қарабай, Шығайбай сараңдық, малқұмарлықтың белгісін көрсетсе, Қодар — дүлей күш иесі болып, халық арасына кең тараған жалқы есімдер.

Қазақтың әдеби тілінің бай кеңістік әлемінде ономастикалық атаулар ерекше жағымды ой туғызады, әрі көркем шығарманың бай сөздік қуатын арттырады. Көркем әдебиет стилінде кісі есімдері, жер-су атаулары түрлі ассоциациямен стилистикалық бағалау категориясының рөлін атқарады. Зат есімдердің әлеуеттілігі күшті тобына әр түрлі ассоциациялық ұғымға негізделген географиялық атаулар кіреді.

Бір мезет Орхон, Он, Ертіс өзендерінің жағасындағы Найман, одан төмен осы күнгі Сырдарияның оңтүстік — батыс өңірін жайлаған Алшын, Қыпшақ, Найман, Керей; Қонырат сияқты белді рулардың Шыңғысханның үлкен баласы Жошының ұлысына бағынып Бату ханның Алтын орданың негізін қаласқанын, Сырдария мен Еділ, Жайық бойын еркін жайлағанын бір шолып өтті. Жетісудағы Үйсін, Дулат, Жалайыр руларының Жағатай ұрпақтарының иелігінде қалғанын жыр етеді (І.Есенберлин).

Қарап отырсақ , тарих , әлем , жер , су , адам т.б зат есімдер адам санасына шындық болмысты деректі ақпарат арқылы беру мақсаты зат есімдердің стильдік байлығын ерекше айқындап көрсетеді әрі автордың прагматикалық бағдарын нақтылайды.

Зат есімнің ассоциациялық , атауыштық , нұсқаушылық , экспрессивтік, прагмастилистикасы ерекше , осы қасиеттерімен көркем әдебиетте, батырлар жырында көптеп кездеседі. Асан Қайғының « Еділ бол да Жайық бол » , Доспамбеттің« Сарыарқасы » , Шалкиіздің« Ер Шобаны » , Ақтанбердінің « Қарт Бөгенбайы » , Тәттіқара ақынның « Артық туған Абылай » , Үмбетей жыраудың « Ей, Ақтамберді » ,« Қабанбай » , « Бекболат би » , « Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту » , Бұқардың« Ай, Абылай, Абылай » бұдан да басқа қазақтың әдеби тіл өкілдері жазба әдеби тілдің стильдік тармақтары сараланғанға дейін өз шығармаларында ономастикалық , топонимикалық атауларды қолдану арқылы стильдік сұраныс қажетін өтегенін көруге болады.

Қазақ тілінің ұлттық дүниетанымының коммуникативтік қызметінен ерекшелігі мынада : адресант адресатқа сыйлау, құрмет тұту мағынасында Нұреке, Сәке, Алеке немесе әйел адамдарды еркелету мақсатында Сәулеш, Қанаш, Мағаш деп атайды, бұл атаулар көркем әдебиет стилінде ұлттық тілдің атауыштық қызметінде жұмсалуы екен.

Зат есім барлық дискурс пен мәтінде мәліметтік, ақпараттық, деректілік мақсатта жұмсалып, эстетикалық қызмет атқарады.

Сөз таптарының ішінде етістік ең күрделі, ең қарымды категория болып табылады. Өмір – адам — тіршілік динамикасының ерекше мәнін, мағынасын айқындаумен қимыл-қозғалысқа қатысты іс — әрекетті сипаттауда етістік тұрақтылық жағынан әрі стильдік

көркемдігі, семантикалық байлығы жағынан экспрессияның күшті әлеуеттілігін көрсету тұрғысынан ең ауқымды сөз табы болып есептелінеді.

Басқа да сөз таптарынан гөрі іс — әрекет, қимыл — амалды беру мағыналарының сан алуан қызметімен етістік айрықша стилистикалық мүмкіндіктерге ие.

Етістіктің семантикалық мәні айқын болғанмен, грамматикалық сипаты сан алуан, түрлену әрі стильдік мәнері ерекше құлпырымға ие бола алатын сөз табы.

Етістіктің семантикасының барлық байлығы грамматикалық формаларымен түрлен-

гіш ерекшелігі, синтаксистік байланысқа түсу мүмкіндіктері , экспрессивтілігі стилистика

лық амал — тәсілдердің көзі бола алады.

Етістіктің түрленгіш қасиеті стилистикалық категориялардың барлық түрін қамтамасыз ете алады. Мысалы: Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз (Абай).

Етістік адамның көңіл — күйін, сезімін беруде немесе әр түрлі ситуацияларда оның өн бойында қандай мақсатпен прагматикалық әрекеттің болатындығын көрсетеді.

Прагматика нақты жағдайда адамның қандай мақсатпен сөйлеп тұрғанын көрсетеді.

Иә, жігіттер,амансыңдар ма ? – деді ойда жоқта ерлік жасап.

  • Көріп отырсың ғой, — дедім мен қитығып.
  • Осы сенің мен дегенде қозатын жының бар ма ? Әй, бала, хал қалай…
  • Бүгіннен бастап жер қопару жұмысын соған беремін. Шаршап жүрсің ғой.
  • Рас па ? – Бура қуана сұрады.
  • Рас, жалықтым (О.Бөкей). Осы диалогтық контексте етістіктің әр түрлі категория

лары бірде жоғары пафосқа құрылған. Шаршап жүрсің ғой дегенде демеулік шылау тіркесіп келген етістікте қамқор ниетін беріп тұр, ал адамға жасалынған қамқорлық қуанышқа ұласады, яғни жағымды эмоцияға ие бола алады, қуана сұрады деген күрделі етістік категориясымен баяндалып тұр.

Ал келесі адресанттың рас, жалықтым сөзі оқшау сөзбен тіркесіп келіп айтушының жабырқау көңіл-күй сезімін танытып тұр. Бір ғана диалогта етістік осындай өзінің түрленгіш стильдік бояуымен белгілі көркемдікке ие бола отырып, адресанттың арасындағы сан алуан эмоцияның мән — мағынасын бере алады.

Функциональдық стильдердің ішінде етістік ауыспалы мағынада метафоралық сипатқа ие болады, басқа сөз таптары сияқты етістік метафорасы көркем әдебиет, ауызекі сөйлеу стилінің, сондай-ақ, публицистикалық стильдің ең белсенді бөлігіне қызмет етеді.

Көркем тілде етістіктердің семантикалық топтары образды деректі тәсіл ретінде жиі ұшырасады. Бұл етістіктер стилистикалық бояуға ие болмаған, сөздіктерде белгі қойылмаса да өзінің мағыналық прагматикалық ерекшелігін әрдайым атқарып тұрады. Ол ақырып жіберді ауызекі сөйлеуде адам психологиясының әр түрлі күй — қалпының ситуативті жағдайын анықтап тұр. Мысалы: Сөйлеу, деу, айту етістіктері адресанттың әр түрлі іс — әрекет, қимылын прагматикалық жағдайда көрсете алады.

Етістіктердің образды қолданылуы, ауызекі сөйлеу стиліндегі стильдік ерекшелігі мен көркем әдебиеттегі прагмастилистикалық қолданысының алуан сыры – қазақ ұлттық тілінің барлық колоритінің ажырамас бір бөлігі. Мысалы, ауызекі сөйлеу тіліндегі жарбиып қасымда жүр немесе көркем тілдегі музыка үзіліп барып қайта ойнағанда бағанағы дудар бас жігіт тағы да келді қылтиып (О.Бөкей). Теңкиіп-теңкиіп жатқан тастардың қуысын қуалап шапалақтап жатқан толқын тым жақын отырған адамның бетіне көбік түкіреді. Қара көк аспан гауһарға малынып тұр (О.Бөкей).

Сөз зергері етістіктің өз бойына жинаған алуан қасиетін естен еш уақытта шығармайды. Етістіктердің қимыл, іс-әрекетке тән тұлғалары стиль түрлерінде аз ұшыраспайды. Неге екені белгісіз, сол сайраған көңіл сарайында қаз бауырлана жүзген сағыныш бар; сарғайыңқы ма, жоқ-жоқ, атамаңыз, мұңның майда самалы желпіген үлпілдеген ұлпа сағыныш; жүрегін жұлқылап, саздырмаған саумал сағыныш (О.Бөкей).

Бұл мысалдар көркемдік — бейнелілік тілдік құралдарды етістік қана тудырмайтынын, оған қоса басқа сөз таптары да дерлік қатыса алатындығын көрсетеді. Басқа да сөз таптарына жататын сөздер қимыл, іс — әрекеттің динамикалы белсенділігінсіз де, сезімдік, қабылдау, ойлау, тілеу, бұйыру сияқты адамның эмоционалды — психологиялық жай — күйін стильдік мақсатпен бере алады. Етістіктерді пайдаланудың стилистикалық тиімділігі дара күйінде қала алмайтындығын дәлелдейді.

Көркем әдебиет стиліндегі етістік категориясының стильдік қуаты барлық көркем шығарманың эстетикалық функциясын жарқыратып көрсетіп тұрады.

Етістік көркем шығармада автордың айтайын деген идеясы мен оның тілдегі көрінісінің бір — бірімен үйлесім табуын эстетикалық қызметке құра білуінде жиі көріне алады. Адам санасындағы когнитивті процестер концепт арқылы іске асады. Концепт адамның ментальді әлемінде аялық білім, стилистикалық фреймдер (әр түрлі ассоциациямен келетін түсініктер), әсер беретін бейнелі сөздер арқылы пайда болады. Автор оқырманға ықпал ету мақсатында етістіктің әр түрлі мағыналық реңктерін , бояулы астары бар түрлерін, ауыс мағыналарын таңдайды. Етістіктің стилистикалық қызметі көркем әдебиетте ерекше стилистикалық әсері мен прагматикалық мақсатқа ие. Тостағандай екі көзі оттай жанып, қалың қабағы түксие, бозғылт өңі өлген адамның түріндей қан — сөлсіз бозара, ақшылдана Едіге сол Теңбіл Көгін ағызған қалпында, Кен-Жанбайға жанай беріп без сапты, қайқы қылышымен беріп өтті. (І.Есенберлин). Адамның когнитивті санадағы бейнелікті ұғындыру процессі — өте күрделі.

Етістің шақ категорияларының көркемдік стильдік қуаты көркем әдебиет стилінде екені белгілі. Көркем әдебиет стилінде етістіктің шақ категориялары экспрессивтілік мән мен стилистикалық бояуларға өте бай сала. Бірақ бұл жерде мына мәселеге көңіл аудару керек, көркем мәтіндердегі етістіктердің қолдану қарқыны басқа стильдердегі етістік функциясын ішкі және сыртқы стильдік жағынан алғанда бөлектенетін тұстары бар. Көркем әдебиетте « автор бейнесі » уақыттың реалды шындығына бағынбайды, « автор бейнесі » өз ойын шығармасында көркемдікті уақытпен жүзеге асыру мақсатын қарастырып отырады. Шақ категориясының ауыс мағынасы жиі қолданылып, бұрынғы оқиға казіргі уақытпен баяндалады. Қамбар жалғыз отыр екен (О.Бөкей). Автор осы шақты беруде оқырманның көз алдында өтіп жатқан оқиғаны көргендей әсер қалдыруға көңіл бөледі. Әсіресе, осы шақтың ауыспалы осы шақ формасы күтпеген оқиғаларды суреттеуде етістіктің қолдану заңдылығын бұза отырып, үлкен шеберлікке құрылған стилистикалық әдісті көрсетеді. Олар келді, жақсылап жайғасты, әңгімелесті, білісті. Кейде қайталанып келіп, экспрессивтілік тудырады : Басы мен екі қолы бос қалғанына қуанған Бати сармойын тымақпен түйенің қолтығынан сұққылай берді, сұққылай берді(О.Бөкей).

Көркем әдебиетте болымсыз етістік пен болымсыз тұлғаны қарсы қойып суреттеу өмірдің қарама-қарсы категориялардан тұратын болмысын көрсету үшін пайдаланылады. Не жеңілермін, не жеңермін (О.Бөкей).

Көркем мәтінде осы шақтағы оқиға болашақтағы арман-ниет, жүзеге асырылуға тиісті оқиғаның ситуативті жағдайын көрсете де алады. Үйге қалай бармақшы ? ! Жоқ , бұның бәрі өзгеред…(О.Бөкей)өткен шақтың көркем мәтіндегі стильдік қызметінің әсері ерекше болып келеді. Ол оқиғаның өткенін хабарлай отырып, болашақтағы оқиғаның қайталанатынын көрсетеді, онда оқырманның жағымды — жағымсыз эмоциясы арқылы баяндау тәсіліне етістік категориялары бағалау-көркемдеу стильдік жүк арқалап отырады. Шын бақытқа, мол бақытқа кенелгендей көңілмен еңіреп жылады, әдейі жылады (О.Бөкей).

Етістік стилистиканың негізгі күретамыры функциональды стилистика мен ресурстар стилистикасында стилистикалық категориялардың барлық аясын қамтыды, әрі прагматикалық ықпалының зор екендігін көрсетеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әлкебаева Д. Қазақ тілінің прагмастилистикасы — Алматы : 2007. — 244 бет.
  2. Балақаев . М , Томанов . М , Жанпейісов . Е , Манасбаев. Б . Қазақ тілінің стилистикасы — Алматы : 2005. — 256 бет.