Психологиялық кеңес берудің бірыңғай процесі

Кеңес беру атмосферасын құруда көптеген әр түрлі пікірлердің болуына байланысты арнайы қарастыруды талап ететін маңызды сұрақтар туындайды. Біз сипаттап кеткен қарым-қатынас типі – осы немесе басқа позицияға қаншалықты сай келеді? Мұғалім терапевттік әдістерді мектеп оқушыларына қолдана ала ма? Шартты түрде бостандыққа шыққандарды бақылаушы сот қызметкерлері немесе шенеуніктер мен құқық бұзушының арасында терапевттік өзара қатынас болуы мүмкін бе? Ал тәртіп үшін жауап беретін мектеп кеңес берушісі немесе декан ше? Олар кеңес берушінің рөлін атқара ала ма? Әлеуметтік жұмыс саласының зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы қызметкерлер мен арнайы көмек көрсету агенттігінің мамандарына осы әдіс сай келе ме? Ал арнайы жұмыскерлерге кеңес беруші немесе өндірістік саладағы бизнес проблемаларына жауап беретін кеңес берушілер туралы не айтуға болады? Бейімдеулері бұзылған жеке адамдардың проблемасымен шұғылданатын, оларға көмек беруді ұйымдастыратын мамандар үшін жоғарыда сипатталған
терапевттік атмосфераны құру және ұстап тұру мүмкін бе?

Бұл сұрақтарға жауап беру тіпті де оңай емес. Егер біз талдап қарайтын болсақ, басты проблемалардың кеңес беру мен өктемдіктің сыйымдылығында екендігін түсінеміз. Бір жағынан, өндірісте штатты іріктеу, жұмысқа алу және қызметкерлердің біліктілігіне жауапты қызметкер, екінші жағынан, жақсы кеңесші бола ма? Егер колледж кеңес берушісі студентті колледжде қалдыру немесе шығарып жіберу мүмкіндігіне ие болса, ол көңіл толарлықтай терапевттік қарым-қатынас орната ала ма? Ал егер шартты түрде бостандыққа шыққан адамды бақылайтын шенеунік – берілген сынақ уақытын бұзған қылмыскерді арнайы мекемелерге жіберу құқығына ие болса, жақсы кеңес беруші бола ма?

Бұл аспект барлық жағынан талдау мен өте мұқият қарастыруды талап етеді. Автордың ойынша, егер кеңес беруші клиентке өктемдік ету қасиетіне ие болса, онда ол клиент пен терапевт арасындағы қарым-қатынасты бұзуы керек. Терапия мен бағынушылық қарым-қатынасы бір әрекетте өзара біріге алмайды. Мұның себептері айдан анық белгілі. Авторитарлық қарым-қатынаста ешқандай сенімділік атмосферасы болуы мүмкін емес. Егер кеңес беруші колледж тәртібіне жауапты болса, студент оған емтиханда көшіргендігі туралы ашық әрі еркін айта ала ма? Ал егер студент осы іске барған болса, онда маман ретінде кеңес беруші өте қиын талдау жасауы тиіс, я болмаса ол ресми қызметкер не болмаса терапевт екендігін анықтауы тиіс. Осы екі қызметті қосуға бағытталған әрекет студент үшін жақсы аяқталмайды. Егер әлеуметтік қамсыздандыру саласының қызметкері толық сенімділік қарым-қатынас орнатуға шешім қабылдаса да, клиент агенттіктерді қалай жек көретінін және оның ұжымын әрдайым өтірік айтып, алдап тұратындығын айтады. Мұндай жағдайда жауапты адам қалай қарауы керек? Егер қылмыскер өзін қадағалайтын адаммен терапевттік қарым-қатынасқа келісе отырып, өзінің қандай қылмыс жасауға бел буғанын айтса, онда шенеунік бәрінен бұрын — өзінің терапевт немесе ресми адам екендігін нақты шешуі тиіс. Бұл мәселелер, әрине, ғылыми емес екендігі сөзсіз. Берілген проблеманы жай ғана басқарушылық-бағынушылық қарым-қатынастарды алып тастау арқылы шешуге болмайды. Студенттің емтиханды көшіріп алып, сосын мұнысын кеңес берушіге мойындауы, кеңес берушінің өз рөліне қайта енуіне дейін қаншалықты уақытқа дейін созылуы керек? Қандай да бір шегіне жету және шартты түрде бостандықтағы адамды бақылаушы қызметкер қайтадан биліктегі ресми қызметкерге айналуы үшін қаншама құқық бұзушылықтар болуы керек? Бұл жерде істің жай ғана кешірімділікпен бітуі мүмкін еместігі айдан анық.

Осы проблеманың қандай да бір шешілу жолының үш нұсқасы бар. Бірақ олардың бірде-біреуі көңіл толарлықтай емес, алайда – кейбірі қайта қарастыруға лайық. Бірінші нұсқаны билікті қабылдау мен бағынуды жалпы кеңес беру кестесінің элементі ретінде белгілеуге болады. Бұның әлеуметтік қамсыздану саласында жетілдірілуі анағұрлым толық болуы мүмкін. Осы саланың қызметкері өз үлесіндегі билікті қабылдап, соған бағына отырып, қорғанысты қажет ететін және осы ережелерге қарсылық білдіретін клиенттермен терапевттік қарым-қатынасты қабылдауы мүмкін. Ол – клиентке: «Мен сені қабылдаймын. Саған не керек екендігін мен түсінемін. Сенің бюджетке қатысты наразылығыңды түсінемін. Бірақ мен сонымен қатар заң жүзіндегі шектеулердің қажеттігін түсінемін, агенттіктің ережелерін қабылдаймын және солардың ізімен жүремін. Осы жағдайдан жол тауып шыға аламыз ба?» — дейді. Осы позицияны ұстанған әлеуметтік саладағы қызметкер: «Сен мынадай бюджетті қабылдауың керек» деген өктем бұйрықтан аулақтайды. Клиент өзі сезінетін әр түрлі наразылықты немесе өшпенділікті білдіруі мүмкін, бірақ соған қарамастан нақты жағдайға бейімделу жолын іздестіруі керек.

Ал уақыттан ерте босатылу проблемасына келетін болсақ, Аффлек мұны сынақ мезгілінде жүрген, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспіріммен жұмыс жүргізген агенттік қызметкерінің арасындағы қарым-қатынас ретінде былай сипаттайды. «Арнайы маман өзіне берілген билікті сот сияқты міндетті түрде адамға қолданбайды. Ол оған объективтік көзқарас тұрғысынан қарайды, бірақ оны жеке адам ретінде қабылдайды. Сонымен қатар оның бетін қайтарған және ол үшін өте қатыгез болған қоғамдық позицияларын есепке алады. Маман осы екеуін біріктіре отырып, жасөспірімге қандай да бір тәсіл арқылы оларды теңестіруге мүмкіндік береді». Осындай тұрғыны ұстана отырып, шенеунік билікті құқық бұзушыларға қарсы қоймайды, бірақ тым кешірімді де болып кетпейді. Ол, бір жағынан, пайдалы да, екінші жағынан, өктем емес. Келесі келтірілген үзіндіден осы қойылған ұстанымдар шартты түрде бостандыққа шыққан адамдармен кездескенде іс жүзіне қалай асатындығы анық көрінеді. Мұндай жағдайда қызметкер былай дейді: «Сот сіздерге көмектесуімізді жүктеді және сіздер осында аптасына бір рет келуіңіз керек деп шешті. Осылай істеу керек пе, жоқ па, оны сіздер өздеріңіз шешесіздер. Біз сіздерді ештеңеге мәжбүрлемейміз. Егер сіз белгіленген кездесуге келмесеңіз, ол сіздің таңдауыңыз, біз сіз үшін ештеңе шеше алмаймыз. Бұл сіздің өз мүмкіндігіңіз. Егер сіздің қандай да бір проблемаңыз болса, онда оның өз себептері бар деген сөз. Егер сіз өзіңіз қаласаңыз, оларды жеңіп шығуыңыз әбден мүмкін». Осындай әдіс арқылы жасөспірімге таңдау еркіндігі беріледі және сонымен қатар қабылданған шешімнің жауапкершілігін де өз мойына алу жүктеледі. Бұл қызметкерлерге бақылау жүргізе отырып, өзінің міндеттерін орындауға және бір мезгілде реттеу нормаларының билігінде екенін түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл шенеунікке толық мағынадағы кеңес беруші болып қала беруіне мүмкіндік береді. Қарым-қатынстың еркін көрінуі осылайша берілген ситуация шеңберінде жүзеге асырылады, сонымен қатар ешқандай да жеке мәжбүрлеу, күштеу болмайды.

Проблеманың қандай да болмасын біртіндеп шешілуінің екінші тәсілі билік пен кеңес беруді біріктіре отырып, маманның әр түрлі уақытта екі түрлі болып көрінуіне мүмкіндік береді. Бұл сыныпта белгілі бір өктемдігі бар сынып жетекшісіне байланысты келтірілген мысалда өте жақсы көрінеді. Көбінесе оның міндеттері кейбір балалар мен орнатылатын қарым-қатынасқа қарама-қарсы келеді. Алайда ол мектептен тыс жерлерде олардың сыныптағы өзара қарым-қатынастарынан мүлдем ерекше болатын қарым-қатынасты кейбір оқушылармен орнатып, шынайы терапевттік ситуацияны құруы мүмкін. Егер осылай болса, онда мұндай қарым-қатынасқа нақты шек қою қажеттілігі екі есе өсе түседі, өйткені, мысалы кеңес беру уақытындағы мұғалімнің қызығушылығы, сөйлеу еркіндігі, бақылау мен талап қоюдың жоқтығын бала түсінбеуі мүмкін, сондықтан сыныпта да осындай жағдай жайылып кетуі әбден мүмкін.

Көптеген жағдайда осындай екі жақты рөл өте сәтті іске асырылуы мүмкін екендігі сөзсіз. Бұл әсіресе кеңес беру уақытында бірқатар айырмашылығы бар командалық өктемдікті жүргізуге тура келетін жағдайда әділетті болып табылады. Осылайша, мұғалім баланың ата-анасымен қарым-қатынасында туындаған проблемаларына байланысты кеңес беру процесін сәтті жүргізуге мүмкіндік алады және сондай-ақ баламен сыныптағы сабақ уақытында иерархиялық қарым-қатынас ұстануына болады. Бірақ, егер оқушының негізгі проблемасы, мысалы оның сабақ кестесіне наразылық білдіруі болса, онда мұғалімге қорғану керек болады да, ол кеңес беруші ретінде жоғарғы дәрежеде болмайды. Сол сияқты колледж деканы да, егер негізгі проблема мамандығын таңдауға байланысты болса, кеңес беру терапиясын сәтті жүргізген болар еді. Ал егер студенттің проблемасы колледж ережелерінің бұзылуына қатысты болса, осы ережелердің орнатылуына деканның өзі де жауапты болған соң, екі рөлді сәтті іске асыру әрекетімен тікелей байланысты қиыншылықтар бірден ұлғайып кетеді.

Проблеманың шешілуінің үшінші типі – перспективада ең көп дәмелендіруші болып көрінуі мүмкін, ол біздің мектептерде, колледждерде, әлеуметтік агенттіктерде, соттар мен өндірістік кеңес беру қызметін басшылық ету қызметінен ажыратып алу. Мұндай шешімнің өзіндік жетіспеушілігі болады және олар, егер біз инсайт дәрежесіне жету – кеңес беру процесінің белсенді интеграциясының бір бөлігі болады десек, өте мұқият өлшенуін талап етеді. Алайда берілген проблеманың шешілуі соншалықты қиын болмауы да мүмкін. Бірқатар мектептер мен колледждерде кеңес беру тәртіптік немесе әкімшілік тәртіптің бір бөлігі болмауы керектігін, керісінше, жеке тәуелсіз қызмет болуы керектігін қолдайды. Клиника пациенттерінің директивтік емес қолдауға бағытталған писихологиялық қызметтер өздері екі рөлді қатар алып жүруді мүлдем тоқтата бастады, дегенмен он екі жыл бұрынғы жазылымдар сол уақытта олардың тіпті басшылық пен емдеудің арасындағы қарама-қайшылықтарды байқамағандықтарын да көрсетеді. Бір айта кететін жайт – ол өндірісте де кеңес беру процесі басқарудан толығымен бөлінсе, аса тиімділеу болатынын түсіне бастауында екені.

Вестерн Электрик Компаниясының қызметкерлері проблемасына байланысты аса ұқыптылықпен жүргізілген зерттеу жұмыстары өнеркәсіп тиімділігінің ең маңызды факторларының бірі ресми және тез анықталатын әкімшілік қарым-қатынастардан бөлек, адамаралық және әр түрлі әсерлерге тез берілетін тұлғааралық қатынастар жүйесі болып табылатынын көрсетті. Осы барлық адамаралық қатынастардың үйлесімді құрылымын ұстап, сүйемелдеу үшін қызметкерлерге кеңес беру бағдарламасы жасалды. Тек қызметшілермен мыңдаған әңгімелесулер өткізгеннен кейін осы кітапта, жоғарыда сипатталғанға ұқсас, кеңес беру процесінің жүргізілу техникасы мен теориялық жағы құрастырылды. Жұмыс толығымен аяқталып болған соң кеңес беру қызметі өктемдік ету қызметінен толығымен бөлінуі іске асырылды.

Жұмыс кестесі өте қарапайым. Ол үйретілген қызметкерді қызметшілердің топтарына – басқарушылар және олардың қол астындағылар – бөліп жіберу болды. Тәжірибе көрсеткендей, әрбір топтағы адам саны үш жүзден аспауы тиіс. Бұл маман басқарушылар мен қызмет етушілердің арасында билік өкілеттілігіне иелік етпейді. Сондай-ақ әңгіменің өзіндік ерекшелігіне сәйкес мінез-құлық немесе тәртіпке байланысты ешқандай кеңес немесе нұсқаулар бермеуі тиіс. Ал өктемдіктен қашу үшін жеке қызметкер өзін кеңес беруші деп атайды. Сондықтан ресми көзқарас тұрғысынан, ол топ ішінде билік органдарымен ешқандай байланыста болмайды. Осындай дара қарым-қатынасты құрастыру бүгінгі таңның өндірістік ұйымдарына тіпті тән нәрсе емес екені анық.

Егер өндірістік сала қызметінде осылай бөлу және оның іске асуы мүмкін болса, онда мұның ұқсас түрін басқа да әлеуметтік институттарда қолдануға болады деп болжауға негіз бар.

Терапевттік қарым-қатынас – бұл адамдарды жылылықпен қарсы алу және қысым көрсету мен мәжбүрлеудің болмауы, клиент тарапынан сезімдердің, бағалар мен проблеманың аса толық көрінуіне мүмкіндік беретін қатынастар болып табылады. Бұл өзара қарым-қатынас өте нақты құрылған, уақыт тұрғысынан, агрессия және тәуелділік тұрғысынан шектеулі болуы керек, бұл бәрінен бұрын клиенттің өзіне қатысты, сонымен қатар кеңес берушінің эмоциялы қатысуы мен жауапкершілігі болуын қамтамасыз етеді. Осы бірегей тәжірибеде толық әрі эмоциялы еркіндік шеңберінің ішінде адам өзінің импульсі мен тәртібінің позитивті және негативті жақтарымен танысып, түсіну мүмкіндігі бар, мұндай түсінікті ол басқа ешқандай қарым-қатынастан ала алмайды.

Жоғарыда талқыланған материалда шек қоюлардың клиент үшін белгілі бір мән-мағынасы бар екені көрсетіліп кетті. Сондай-ақ бұл шектеудің терапевттердің өзіне тигізетін көмегі туралы да айта кету керек. Ең бастысы терапевттің өзін-өзі ыңғайлы сезініп, жұмысын белсенді әрі нәтижелі жүргізуіне көмек береді. Осы белгілі бір шектеудің ішінде терапевт өзін еркін сезінеді, егер клиентпен өзара қарапайым қарым-қатынас нақты анықталмаса, онда кеңес алушының терапевттен көп нәрсені талап ету мүмкіндігі бар. Осының нәтижесінде кеңес беруші әлсіз қорғаныста болады, сондықтан ол әрдайым көмек беремін деген ықыласы өзіне қарсы шыға ма деген қорқынышта болады. Ал егер ол өзінің атқаратын міндеттерінің шегін жақсы білетін болса, ол өз қорғаныстарын алып тастайды, клиенттің қоятын талаптары мен сезімдеріне сақ болады және соған байланысты клиент өзін-өзі өзгерте бастайтын бір қалыпты позицияны ұстанады.