Жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру мәселелері

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау…. Оқытудың жаңа техналогиясын еңгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсетіледі, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделеді [1]. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдарының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды.

Болашақта ел тұтқасын ұстайтын азаматтардың болашақ мамандығын анықтауға бағыт-бағдар беру — бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселердің бірі. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2006 жылғы Қазақстан халқына жолдауында «… әр оқушының білімі мен қабілеті деңгейінің тиімділігін бағалаудың біртұтас жүйесін жасау керек» деп көрсетілген [2].

Тауар өндіруші елдер қатарына қосылу, бәсекелестікке қабілетті елдер қатарында болу үшін білім мен ғылымның соңғы жетістіктермен қаруланған, ғылымның соңғы жетістіктерін өндіріске ендіруге бейім, инновациялық технологияларды меңгерген заманауи инженер мамандар даярлау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл мәселені шешудің алғы шарттарының бірі орта мектепте политехникалық білімнің негізі болып табылатын физика пәнін оқытуға, оны оқыту барысында оқушыларды болашақ маман иесі ретінде қарап, оларға мамандық таңдауда кәсіби бағдар беру мәселесін негізгі мәселелердің бірі ретінде қарастыруға ерекше көңіл бөлу қажеттігі.

Мектеп оқушыларының мамандық таңдауда дұрыс бағыт алу мәселесі мектептің психологиялық қызмет аясында жүргізілетін аса жауапты да маңызды жұмыстарының бірі болып отыр. Бала үшін болашақ мамандықты таңдау өмірлік жолын дұрыс таңдаумен бірдей. Өкінішке орай, біз, балалардың таңдауының ақылмен емес, біреудің сөзіне ере отырып немесе ата-анасының ықпалымен «қай жерге оқуға түсу оңай» деген көзқарастармен болып жатқанын байқаймыз. «Осы мамандықты таңдауыма ата-анам себепші болып еді. Енді өз қалауыммен екінші мамандықта оқып жүрмін» – деген сияқты сөздерді күнделікті өмірде жиі есітетініміз анық. Дұрыс таңдалмаған мамандық – мамандық иесінің өзіне ғана емес, қоғамға да кері әсерін тигізетінін ұмытпағанымыз жөн. Соңғы кездегі Білім және ғылым министрлігінің таратқан мәліметіне қарағанда, жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 50 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Бұл дегеніңіз мемлекеттің болашақ маман даярлауға грант негізінде оқыту үшін ел қазынасынан бөліп жатқан қаражатының 50 пайызы желге ұшады дегенді меңземейді ме? Ата-ананың баланы оқытуға жұмсаған ақшасын былай қойған кезде, Үкіметтен грантқа бөлінетін қыруар қаржының 50 пайызы тиімсіз жұмсалады дегенді білдірмейді ме? Олай болса, 50 пайыз студентті жоғары оқу орындары текке оқытқан болып шықпайды ма?

Әрбір оқушының жеке қабілеттері мен ерекшеліктерін, мүмкіндіктерін, шеберлігін, қызығушылығын ескеріп бағыт-бағдар, жекелеген мамандықтар туралы терең білім беру – біздің басты міндетіміз. Ал, мектебінде қанша оқушы болса сонша оқушының жеке-жеке қабілетін, бейімділігін анықтап, бағыт беріп отыру, мамандықты дұрыс таңдауға жол сілтеу – үлкен мәселе.

Кәсіптік бағыттылықты қалыптастырудың адами алғышарттары жоғары кластарда тқалыптасады, бұл кезеңде оқушыларда танымдық қызығушылық дамиды, жеке мәнді мақсат қоя білу талабы, кәсіби мүдде пайда болады. Алайда, жалпы практика талдауы көрсетіп отырғандай, көптеген мектеп түлектері өзін-өзі және таңдаған мамандығын нашар біледі. Бүгінгі күні жасөспірімдердің өзін-өзі тануы арқылы мамандық таңдауда дұрыс бағыт алуы және оған бейімделу мәселесі туындауда. Жеке тұлғаның барлық қабілеттері мен мүмкіндіктерін ашып, оларды салауатты өмір салтына үйретіп, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру үшін жоғары сынып оқушыларының психологиялық даму ерекшеліктерін ескере отырып, олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдап алуына психолог мамндар көмек көрсетуі керек [3].

Жастар арасында ғылыми қызметкерлер, педагогикалық, инженерлік-техникалық сияқты мамандықтарға қызығушылық баяу өсуде, ол мамандықтардың жастар арасындағы беделі, абыройы әлі де болса өз дәрежесіне көтеріле қойған жоқ. Мұндай келеңсіз құбылыстарды жою үшін “ерекше педагогикалық тәсілдер, жұмыстың мазмұнды және құқықты формалары қажет болып отыр, жас адамға шынымен көмек көрсететін, қоғамдағы өз орнын табуға көмектесетін жаңаша тәсілдер мен формалар керек болып отыр” [4].

Соңғы жылдары елімізде шикізат өндіруші елден өнеркәсібі дамыған елдер қатарына ену үшін көптеген жұмыстар жасалуда. Жаңа өнеркәсіп орындары ашылды. Бұл өз кезегінде жаңадан ашылған өнеркәсіп орындарына ұлттық мамандар даярлау мәселесін алып келеді. Сондықтан болашақ мамандар даярлау ісінде мемлекеттік білім грантын бөлуде инженерлік-техникалық мамандықтарға басымдықтар берілуде. Ал барлық техникалық пәндердің бейіндік пәні физика екендігі белгілі.

Орта мектепте физика пәнін оқытудың алдына қойған міндеттері көп. Сол міндеттердің бірі пәнді оқыту барысында оқушыларды болашақ мамандығына бейімдеу, кәсіби бағдар беру болып табылады.

Физика пәні мұғалімінің оқушыларды мамандыққа бағдарлау барысында атқаратын негізгі міндеті: оқушылардың мамандыққа бейімділігін зерттеу, физикалық әдіс-тәсілдер қолданыс табатын өнім өндіру процестерінің негіздерімен, осыған орай физикалық білімді қажет ететін мамандықтардың ерекшеліктерімен оқушыларды ұдайы таныстыру, оқушылардың пайдалы еңбекке даярлығын шыңдау, осыған сәйкес олардың азаматтық адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу, еңбекқорлыққа баулу болып табылады. Оқушылардың физикаға қызығушылығы өздерінің болашақ қызметтерінде осы білімдерін қолдану мүмкіндіктерімен күшейеді. Сондықтан оқушылардың оқуға ынтасын арттырумен бірге кәсіптік мүддесін анықтап, оны тәрбиелеудің маңызы зор. Бұл бағытта ең алдымен Білім және Ғылым министрлігінің сайтынан алынған мамандықтар классификаторының ішіндегі тек инженерлік мамандықтар бойынша мамандықтар тізбесін жоғары сынып оқушылары үшін физика пәнін өтетін сынып қабырғасына үлкейтіп іліп қою керек. Оқушылар үзіліс кезеңдерінде кестеге көз жүгіртіп, түрлі мамандықтар бойынша бір-бірімен пікір алмасады. Өзін қызықтырған мамандықтар бойынша ата-анасынан, пән мүғалімінен кеңестер, мәліметтер сұрайды. Осы ұтымды сәтті пайдаланып, пән мұғалімі әр сабақты өтерде сол тақырыптың мазмұнына байланысты мамандықтар жөнінде мәліметтер береді.

«Термодинамика негіздері» тарауын қорытындылау-пысықтау сабақтарында жылу қозғалтқыштары туралы айтылғанда «Мұнай және мұнай өнеркәсібі», «Машина жасау», «Көлік, көлік техникасы мен технологиясы», «Авиация техникасы мен технологиясы», «Теңіз техникасы мен технологиясы» сияқты мамандықтар бойынша мәліметтер беріп, бұл мамандықтар дайындауға ағымдағы жылы қанша мемлекеттік гран бөлінгендігі, ол маман иелерінің нарықта қаншалықты сұраныста екендігі туралы ақпараттар беру қажет.

«Электр және магнетизм» бөлімін оқыту барысында оқушыларға пән мұғалімі «Жылу энергетикасы», «Ядролық физика», «Электроэнергетика» сияқты мамандықтар туралы толық ақпарат беруге міндетті.

«Атом және ядролық физика» бөлімі оқытылуы барысында оқушылар «Ядролық физика», «Пайдалы қазбаларды байыту» т.б. мамандықтар туралы мәліметтерді толық алады.

Қатты дене физикасы туралы материалдар берілгенде пән мұғалімі еліміз үшін ең қажетті мамандықтар қатарына енетін «Металлургия», «Машина жасау», «Құрал жасау», «Геологиялық барлау», «Тау-кен ісі» т.б. мамандықтар туралы ақпар бере кетеді.

Әр сабақты сабақтың мазмұнына қарай жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар бере отырып ұйымдастыру заман талабы болып отыр, және де ол өз жемісін береді.

Ұстаз – мектептің жүрегі. Болашақ жаңа тұрпатты мұғалімді тәрбиелеу педагогикалық мамандықтар бойынша мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына қойылып отырған үлкен міндет. Бұл міндетті жоғары деңгейде орындау үшін орта мектептен осы мамандықты жан тәнімен сүйетін, мектеп қабырғасында жүрген кезінен өзін осы мамандық иесі болуға іштей дайындаған оқушылар болуының маңызы үлкен.

Көп жағдайда, әсіресе соңғы жылдары, мұғалімдік мамандықты жаны қаламайтын, тек кездейсоқ қана осы мамандыққа келетін оқушылардың саны басым болып келеді. Ал өзі бұл мамандықты қаламаған маман — жарым жан маман екендігі белгілі. Осы мақсатта орта мектепте физика пәнін оқыту барысында пән мұғалімі оқушылардың арасынан болашақта мұғалім болғысы келетін оқушыларды сауалнамалар арқылы анықтап, оларды болашақ мамандығынына қарай бейімдей бастағаны абзал. Көп жағдайларда оқушы өзінің пән мұғаліміне сүйсінуінің нәтижесінде ұстаздық мамандықты таңдап жатады. Сондықтан пән мұғалімі оқушыларға идеал бола алуы керек, өзінің білімі мен мәдениетінің жоғарылығымен оқушылардың жүрегін жаулап алғаны дұрыс.

Сабақ үстінде, сабақтан тыс уақыттарда, сәті түскен кезде, ұлы педагогтардың өмірі, олардың шығармашылықтары, ерліктері туралы қысқаша сұхбат жүргізу де оқушыларды ұстаздық мамандықтарға баулудың бір тәсілі болып табылады.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген даналық сөз бар. Әр пән мұғалімі өзінің болашақта орнын басатын шәкіртін даярлауға атсалысуы тиіс, үлгерімі жоғары, болмысы мұғалімдікке сәйкес келетін, өзі болашағын ұстаздық мамандық иесімен байланыстыратын шәкірттерін осы бағытта баулу әр пән мұғалімінің қасиетті парызы екендігін ұмытпаған жөн.

Физиканы оқыту барысында тақырыптың мазмұнына байланысты, сол тақырыпта оқытылатын заңдар мен заңдылықтардың ашылу тарихына қысқаша тоқталып өтуге, сол заңды ашқан ғалым пегагог болса, ол туралы кеңірек айтуға болады. Бұл да оқушылардың ұстаздық мамандыққа қарай көңілінің аууына септігін тигізері сөзсіз. Айталық, тогы бар өткізгіштің магнит өрісі туралы айтылғанда тогы бар өткізгіштің айналасында магнит өрісінің пайда болатындығын Эрстедтің қалай байқағандығы жөнінде айтып, Эрстедтің жай ғана колледж мұғалімі болып қызмет атқарғандығы жөнінде мәлімет берілуі тиіс.

Мектепте физиканы оқыту процесінде түрлі формадағы және мазмұндағы есептерді жүйелі түрде әрі ұдайы орындау арқылы оқушылардың шығармашылығын қалыптастыру мен дамытуды жолға қоюға болады. Ғылым мен өндірістің дамуына физиканың қажеттілігі, физикалық білім мен біліктіліктің қолданылу аясының кеңейуі еліміздегі әрбір оқушының физикалық білімінің толық болуының мәнін және маңызын күшейте түсті. Бұл еліміздің әрбір азаматына орта білім алуға міндет арта отырып, ұстаздар қауымынан ертеңгі күні мемлекет сенім арта алатындай оқушылардың физикалық дайындығының сапасын көтеруді және білімнің қандайда бір деңгейіне кепілдік беруін қамтамасыз етуді талап етеді. Бұл мәселені шешудің негізгі бір жолы пән мұғалімдерінің теориялық және әдістемелік шеберліктерін жетілдіру екені айқын.

Кейінгі жылдары орта мектепте оқушылардың түрлі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатыстырылуы, сол мақсатта пән мұғаліміне қосымша жүктемелік сағаттар бөлінуі, олардың жұмысын оқушыларды ғылымға баулуға бағыттауы кеңінен қолға алынуда. Бұл оқушыларды ғылыммен айналасуға қызығушылығын арттыруға, оларда шығармашылықпен айналасу дағдысын қалыптастыруға бағытталған ауқымды іс-шара. Оқушыларды ғылыммен, шығармашылықпен айналасуға бейімдеу тікелей сабақ үстінде де жүйелі жүргізілуі керек екендігі әр пән мұғалімінің есінен әсте шықпағаны абзал. Бұл тұрғыда тақырып мазмұнына сәйкес келген сәтте ұлы ғалымдардың өмірінен қысқаша мысалдар келтірілуі мен олардың өмірі мен шығармашылығы туралы рефераттар жазып келу тапсырмаларын берудің маңызы зор. Сонымен қатар елімізде қандай мамандықтар таңдаған жағдайда ғылыммен айналысуға мүмкіндіктің көп болатындығы, елімізде қандай ғылыми орталықтар бар екендігі туралы мәліметтер келтірілуі тиіс. Мамандықтар классфикаторындағы ғылыми мамандықтар жөнінде мәліметтер берілуі керек. Дұрыс ұйымдастарылған сабақ оқушыларды мамандықтарға, оның ішінде ғылыми мамандықтарға, бағыттауымен бағалы.

Сонымен, көтерілген мәселелер бойынша келесі ұсыныстар жасалады:

  • Мамандар даярлау ісіне министрлікте отырған жауапты мамандар сараптамалар жасап, қажетті іс-шаралар жүргізуі тиіс, себебі мамандықты дұрыс таңдамаған маман ел экономикасына орасан зор залал тигізеді.
  • Өз мамандығын сүймеген маман иесі — ол жарамжан маман. Сондықтан мамандық таңдауда оқушыларға ата-ана, пән мұғалімдері болып кеңестер беруі керек. Мектепте осы тақырып бойынша жоғары сынып оқушыларының арасында семинарлар өткізуді де қолға алу қажет.
  • Пән мұғалімдері жоғары сыныптарда сабақ өтерде әр сабақтың мазмұнына қарай оқушыларға кәсіби бағдар беріп отыруы тиіс. Ол өз кезегінде сабақтың тиімділігін арттыруға да септігін тигізері сөзсіз.

Резюме

Перед выпускниками поднимается вопрос о выборе будущей профессии. Этот актуальный вопрос важен не только для ученика, но и для нашего народа. В этой статье представлены пути решения этой проблемы.

Summary

Before graduates raises the issue of choosing a future profession. This topical issue not only for students, but also important for our people. In this article presents solutions of this problem.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. ҚР «Білім туралы» заңы. Астана, 2004 жыл.
  2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Инновациялар мен оқу – білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына», 27 мамыр, 2006ж.
  3. Крутецкий В. А. Проблемы способностей в психологии. М. Знание. 1971г.
  4. Б.Қ.Рахашев, А.Н.Смағұлова 7-сынып «Физика-астрономия» оқулығының мазмұндық ерекшелігін ескеретін жұмыстық дәптер. «Математика – физика» ғылыми әдістемелік журналы №2, 2005ж.