Қазіргі уақытта жаңа ақпараттық технология үрдісі адамзат өркениетінің дамуының жаппай және қайталанбайтын кезеңі ретінде қарастырылып отыр. Білімді ақпараттандыру әсіресе оның алғашқы баспалдағы мектепте енгізу-қоғамда ақпараттандырудың негізгі шарты. Себебі, мектепте жаңа ақпараттандырылған қоғам жағдайында жұмыс істеп, өмір сүре алатын болашақ ұрпақтың дайындығы арқылы жүзеге асады.
Қазір республикамыздағы және аймақтағы нарықтық қатынастардың қалыптастыру жағдайында еліміздің әлеуметтік дамуы және қоғам өмірінің барлық саласында оның ішінде бала-бақшаларда, мектепте, жоғарғы оқу орнында оқытудың қазіргі технологияларын жетілдіру өзекті мәселелердің бірі – тұлғаны қалыптастыруға бағытталған ролі және педагог оқытушылар мен оқушылардың мемлекеттік білім беру стандартында көзделген деңгейден төмен емес білім, білік, дағды алуға қамтамасыз етуге, олардың шығармашылық қабілеттерінің дамуы үшін жағдай жасауы көзделген. Осыған орай оқу-тәрбие үрдісін жетілдірудің қазіргі технологияларын жетілдіріп, мектептерде, жоғарғы оқу орнында сабақ беруде, қолдану арқылы білім саласын жақсартуға басым бағыт берілуде. Жаңа ақпараттық технологияларды енгізу арқылы оқу сапасы жақсарылып, дамыта оқыту жүзеге асырылып, сабақ қарқыны қызықты әрі жеделдетіліп, жеке тұлғамен жұмыс істеуде саралап, қаралап оқытуға мүмкіндік береді. Бұл жоғарғы оқу орнында мамандар даярлаудың сапасын арттыруды, мұғалім тұлғасының дамуына, әрбір оқушының өз беттерінше ізденіп білім алуларына көмектеседі. Жаңа ақпараттық технология оқушының өзіндік жұмыс атқаруына және ең бастысы оқушының білімін жақсартуға ықпал етеді. Қазіргі өмір талабына сай қазақ тілінде электрондық оқулықтар даярланып, республика көлеміндегі мектептерге беріліп, бұл электрондық оқулықтар мектеп оқушыларына ақпараттық технологияны кіші жастан меңгеруге көмектесіп, өз бетімен білімдерін толықтыруына мүмкіндік беріп, оқу біліктілігімен қатар ойлауы, іс әрекеті, өзара қарым-қатынасы және өзінің сана сезімі дамып, қарапайым ойлау (салыстыру, сұрыптау) және шығармашылық іс-әрекеті қалыптасады. [2. 67 бет]
Қазіргі нарықтық сұраныстарға сай жастарды жеке тұлға ретінде қалыптастыру үшін мұғалімдер оқытудың қазіргі технологияларын пайдаланып, оны одан әрі заман талабына сай жетілдіру қажет. Осылай оқушылардың білім деңгейін көтеруге болады. Оқыту әрекеті табысты болуы үшін мұғалімнің терең білімділігімен қатар, шешендік пен әсерлі сезімталдықты, ұнамды дикция мен көркем әуезді дауыс пен қажетті сөздерді тауып, саралап, даралап сабақ түсіндіре білуі сияқты педагогикалық қаруды игеруі абзал. Мұғалім оқыту үрдісін тиімді өткізіп, оқушылардың белседілігін тудыру үшін сабаққа қойылатын талаптарды ескеруі қажет:
а) дидактикалық талаптың (сабақтың тақырыбы, мақсаты, мазмұнының бағдарламаға сайлығы, игерілетін іскерлік, дағдыларының айқындығы, қабылдауға әзірлену, түсіну, ой елегінен өткізу);
ә) дамытушылық талаптың (дамытушылық мақсатының айқындығы, танымдық қызығушылығының, бастамшылығы, өздігінен іздену, білімін толықтыру, ой еңбегінің мәдениеті мен іскерлік, дағдысын қалыптастыру, ақыл ойын дамыту);
б) тәрбиелік талаптың (тәрбиелік мақсаттың нақтылығы, білім мазмұны арқылы көзқарасын, эстетикалық сезімі мен адамгершілік қасиеттерін, жүйелі еңбегін қалыптастыру, мамандығына сүйіспеншілігін арттыру т.б.);
в) гигиеналық талаптың (сыныптың тазалығы, желдетілуі, оқу құралдарының, тақтаның, бордың яғни сабақтың жабдықталуын, жарық мөлшерінің сақталуын, оқушылырдың сыртқы көрінісі, көрнекі құралдарға, дәптерге, жазуға қойылатын талаптар) сақталуын ескеру;
г) психологиялық талаптың (білімге ынталандыру), танымдық белсенділігін арттыру, эмоциялық көңіл күйін тудыру, қабылдау зейінін (ойлауын қамтамасыз ету) ескерілуі;
ғ)ұйымдастырушылық талаптың ескерілуі. Ол екі кезеңнен тұрады:
І кезеңі: Сабаққа алдын-ала дайындық. Күнтізбелік жоспар негізгі және қосымша әдебиеттерді, әдістемелік және көркем шығармалар, педагогикалық бсылымдармен жұмыс істеу.
ІІ кезеңі: Пән бойынша тақырыптық сабақ жоспарын жасау. Онда сабақтың білімдік, дамытушылық, тәрбиелік мақсатын, оған сай нақты білім көлемін анықтау, әдіс-тәсілдерін таңдау сабақтың типін, құрылымын белгілеу, сабақ кезеңдерінің логикалық байланысын, өздігінен істейтін жұмыстарды,т.б. ескеру.
Әдістемелік талапқа аталған барлық тараптардың жиынтығы жатады. Мұғалім оқытудың әдіс-тәсілдерін біліп қана қоймай, тиімді пайдаланғанда ғана оқушылардың білімге құштарлығын тудырып, терең түсінігін қамтамасыз еттеді. Оқыту әдісін таңдау үлкен шеберлікті талап етеді. Айталық, өткенді қайталау, қорытындылау, жаңа біліммен байланыстыру, жаттығулар мен педагогикалық есептер жүйесін ойластыру, уақытты дұрыс пайдалану, сабақта оқушылардың жұмыс түрлерін тыңдау, талдау, жазу, жаттығу, іздену жұмысын ұйымдастыру, сабақтың темпін, ритімін өзгертіп отыру мұғалімнің шеберлігімен жұмыс стиліне (педагогикалық ептілігі, икемділігі, тапқырлығы, мәдениеттілігі, оқушының жеке басын сыйлауы, талап қоя білуі, жылы қарым-қатынасы) байланысты шешілетін мәселелер.
Қазіргі заманғы оқыту технологияларын меңгеру өте күрделі де ұзақ үрдіс. Кейде ол мұғалімнен оқытудың үйреншікті әдіс-тәсілдерінен арылуды талап етеді. Сондықтан мұғалімге оқыту технологияларын үйретуді арнайы кәсіби тұрғыдан ұйымдастыруы қажет. Сабақ қашанда жетіліп отыратын шығармашылық үрдіс. Сабақ — білім беруді ұйымдастырудың негізгі жолы. Сабақ құрылымы қандай болсада шәкіртке біліммен дағды беруді көздейді. Мұғалім — сабақтағы басты тұлға, өйткені ол оқушыларға жүйелі түрде білім алу дағдысын, іскерлігін қалыптастырады. Ол үшін түрлі оқыту әдістерін алмастыра пайдаланып, оқушылардың танымдық әрекетіне мақсат көздей басшылық етеді. Бұл жөнінде педагог ғалым Ахмет Байтұрсынов: “Мектепке бірінші керегі — мұғалім, екінші оқыту ісіне керек құралдар, үшінші- бағдарлама және оқулықтар керек,”- [1.365б] деп дөп басып айтқан, өйткені оқыту ісінің сапасы осы-үш қажеттілікке байланысты. Ендеше, қазіргі заманның ақпараттық технологиясын игеруге міндеттіміз. Ол үшін болашақ мұғалімдерді даярлауда жоғары оқу орындары төмендегідей жұмыстар атқаруы тиісті.
- Болашақ мұғалімдерді ақпаратты қоғам жағдайында оқып, білім алуға, өмір сүруге бейімдеу :
- Жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технологияға бейімделген білім берудің ғылыми әдістемелік базасын жасау, білім саласын басқарудың жаңа формалары мен әдістерін пайдалана отырып жоғары білім беру жүйесін жаңарту.
- Дүние жүзілік ақпараттық білім беру мен жоғары білім беру жүйесін сәйкестендіре отырып кірістіру;
- Білім берудің иллюстративтік түсіндірмелі жүйесінен дамыта оқыту жүйесіне көшу. Оқыту үрдісінде оқушы шығармашылығына негізделген оқыту әдістерін пайдалануға түбегейлі көшу. Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерін даярлаудың сапалық деңгейін көтеру;
Сонымен қатар оқытудың жаңа технологиясы тек сипаттама түрінде ғана емес, шынайы проблемалық негізде болуға тиіс. Жаңа оқу үрдісінің әдістерімен түрлерін жетілдіруде жаңашыл — педагогтардың озық дидактикалық идеяларында “Нені оқыту? “Қалай оқыту? “Сапасы қандай” деген сияқты мәселелерді шешуге бағытталған көптеген жаңа жұмыстарын көруге болады. Мұндай педагогикалық технологиялық жан-жақты тараған, оң нәтижесін танытып жатқан бір қатар түрлерін айтуға болады. Атап айтсақ, ойлауды дамыту, ойын арқылы оқыту технологиясы, білім беруді ізгілендіру технологиясы, модульдік оқыту технологиясы, оқытудың компьютерлік технологиясы, дамыта оқыту технологиясы, проблемалық оқыту технологиясы, түсіндіре басқару, озат оқыту технологиясы, бағдарламалап оқыту технологиясы, деңгейлеп, саралап оқыту, ынтымақтастық педагогикасы т.б.
Берілетін білім жоғарылаған сайын олардың білімді қабылдауы өзгеріп, өтілетін пәндер жүйесі күрделене түседі. Сондықтан баланың жас ерекшеліктерін, қабылдау мүмкіндіктерін ескере отырып, дамып жатқан оқытудың жаңа технологияларын тиімді пайдалану ең маңызды болып отыр.
Білім берудің төменгі сатысы-интелектінің дамуы, оқытуды қалыптастырудың ең қуатты кезеңі. Бірақ, бұл сатыдағы баланың есте сақтау қабілеті, қабылдауы нашар болып келгенімен, білуге құштар, барлығын көзбен көруді ұнатады. Сондықтан да оқу түрінде, модульдік оқыту технологиясы қолданылып отырады.
Орта сатысында барлық білімнің негіздері қаланады. Әдебиеттері күрделірек болғандықтан бірден түсінулері де қиынға соғады. Сондықтан жас ерекшелігімен пәннің күрделілігі ескеріліп, дамыта оқыту, проблемалық оқыту, түсіндіре басқарып озат оқыту, модульдік тірек сигналдары арқылы оқыту, оқытудың компьютерлік технологиясын тиімді түрде қолданылу көзделіп отыр.
Ал жоғарғы сатысында, яғни орта кәсіптік және жоғары білім сатысы өз бетімен оқу дағдыларын игере алатындықтан, белгілі мәселе төңірегінде ой қозғай алатын, жеке пәндерге деген талғамы, талғауы бар саналы азамат ретінде танимыз. Осындай ерекшеліктерді ескере отырып бұл сатыда ойлауды дамыту, оқытудың компьютерлік технологиясы, өздігінен дамыту технологиясы, дамыта оқыту технологияларын пайдаланып жетістіктерін күтуде. Дегенмен де жаңа ақпараттық технологияларды меңгерген әрбір оқытушы өз сабағында жақсы нәтиже көре алады. Оқытушы біріншіден жаңа ақпараттық технологияларды оқып үйренеді, екіншіден меңгереді, үшіншіден тәжірибеде қолданады, төртіншіден нәтижесін байқайды. Жаңа ақпараттық технологияларды тиімді пайдаланудың тағы бір ерекшілігі оқытушы мен білім алушының күрделі, тығыз байланысын оңай шешуге көмектесіп, сенімділікпен жұмыс жасауға, өзара пікірлесуге, оқуға деген қызығушылығын арттырады. Сондай-ақ жаңа ақпараттық технологияны пайдалану оқытушы мен оқушының қарым-қатынасын шеберлікпен, білімділікпен уақыт талабына сай таңдауды қалайды.
Қорыта келгенде, болашақ мамандарды жаңашыл педагогтардың озат тәжірибелерімен таныстырып, әдіс-тәсілдерін пайдалануға үйрету, зерттеу жұмыстарын жаздыру, педагогикалық ынтымақтықты іске асыру т.б. жұмыстар олардың кәсіптік білімі мен іскерлігін, дағдысын ұштай түседі. Бұл жағдайларды шешуде жаңа ақпараттық технологиялардың орны бөлек. Болашақта өркениетті елдердің жоғары технологиясын меңгерту, дүние жүзілік білім кеңістігіне шығу – бүгінгі күннің мақсаты.
Әдебиеттер
Үздіксіз білім., проблемалары мен болашағы., Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы., Алматы., АГТУ, 2006.-424 б.
- Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін ақпараттандыру., Алматы., РБАО, 2006.-114 б.