Тұтас педагогикалық процестегі тәрбие әдістерінің, формалары мен құралдарының жүйесі

Басқа пәндермен байланысы: философия, әлеуметтік психология, әлеуметтану, мәдениеттану, этнопедагогика.

Табиғат пен қоғам дамуы адамның еркінен тыс өмір сүретін объективтік заңдардың қатарына жатады. Бірақ адамдар ол заңдарды ашып, пайдалана білгендіктен олардың іс — әрекеті саналы, бағытталған іс — әрекетке айналады.

Адамды табиғаттың құрамды бір бөлігі ретінде оны танып білу, оған тәрбие арқылы әсер ету өте күрделі педагогикалық процесс.

Педагогика болса диалектиканың барлық заңдылықтарын өз бойына жинақтаған ғылым.

Оқыту және тәрбие процесінің диалектикасы оның өзара байланысында, үздіксіз дамуында, жылжымалылығында және қарама – қайшылығында ашылады.

Педагогикалық процестің заңдылықтарын кезінде К. Д. Ушинский өзінің “Педагогикалық антропология” деген еңбегінде ескертіп айтқан, педагогикалық қағидаларды құр жаттап алу ештеңеге қол жеткізбейді, пайда бермейді. Оның ғылыми негіздерін зерттеу керек, содан шығатын ережелерді білу керек деген. Ол психикалық құбылыстардың заңдылықтарын, оны басқарудың жолдарын зерттеуді, сол заңдарды ой елегінен өткізе отырып, жағдайларға байланысты, пайдалануға болады деген.

Педагогикалық процестің заңдылықтары көрнекті педагогтардың Ю.К. Бабанскийдің, И.Я. Лернердің, И.Ф. Харламовтың еңбектерін кең көлемде баяндалған. Тәрбие – бұл педагогикалық құбылыс. Педагогикалық құбылыстар мен процестер арасындағы байланыс заңдылық деп аталады. Педагогикалық заңдылық деп – педагогикалық процестің тұтастығын айтады.

Қазіргі педагогикалық теорияда “Тәрбие әдісі” ұғымы әлі де жете зерттелмеген мәселелердің бірі. Өйткені бұл жөнінде әр түрлі көзқарастардың бар екені байқалуда. Бұған көптеген авторлардың тәрбие әдісіне берген анықтамаларының өзі – ақ дәлел бола алады. Т. Е. Конникованың анықтамасы бойынша – бұл педагогикалық жұмыстың тәсілдері мен жолдары арқылы тәрбие мақсатына жету. И. С. Марьенконың анықтамасы бойынша, тәрбие әдісі – бұл жеке адамға тікелей және жанама түрде ықпал жасау. В. А. Сластенин тәрбие әдісін тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің іс — әрекетінің өзара байланыс тәсілдері деп тұжырымдайды.

Сонымен, әр түрлі авторлардың анықтамаларына сүйеніп, мынадай қорытынды жасауға болады. Тәрбие әдісі – тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара байланыс іс — әрекетінде оқушылардың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына бағытталған педагогикалық жұмыс тәсілдері. Мұндай анықтама ынтымақтастық педагогика талабына сәйкес келеді. Ынтымақтастық педагогика мұғалім мен балалардың бірлесу еңбегіне сүйеніп, оларды қуаныш сезіміне бөлейді, табысқа жеткізеді.

Тәрбие жұмыстарының әдістері тәрбиенің мақсатына, принциптеріне және мазмұнына , балалардың жас және дербес ерекшеліктеріне , олардың тәрбиелік дәрежесіне байланысты. Тәрбие әдістері тәрбие жұмысының мақсаттары және мазмұнымен анықталады, ал мақсат — әдістің бас критерийі.

Тәсіл әдістің құрама бөліктері, әрбір әдістің тәсілдері болады. Мысалы, үйрету мен жаттықтыру әдістерінің тәсілдері: нұсқау, көрсету, машықтандыру,тапсырма т.б. Нақты тәрбие барысында әдістер мен тәсілдер арасында нақты шекара жоқ, ол құбылмалы (өзгергіш), жылжымалыболады.

Тәрбие құралдарына іс-әрекеттерінің түрлері көрнекі, құралдар, көптеген комуникация құралдары, педагогикалық ықпал жасау құралдары (мұғалім, ата-ана, ересек адамдардың сөзі, олардың өнегесі т.б.) жатады. Тәрбие мақсаты жемісті болу үшін осы құралдарды тиімді пайдалану қажет.

  1. Тәрбие әдістері мен тәсілдеріне сипаттама.

Белгілі орыс педагогтары тәрбие әдістерін жасау үшін 40-жылдардың соңында, 50-жылдардың басында көп күш салды. Тәрбие әдістері проблемасын шешуде зор үлес қосқан педагогтар Н. К. Гончаров, Т. Е. Конникова, И. Т. Огородников, Н. И. Болдырев, И. С. Марьенко, Г. И. Шукина, В. А. Сластенин т.б.

60- жылдардың екінші жартысынан бастап педагогикалық іс-әрекеттерін жіктеуде “Советская педагогка” журналының беттерінде бірнеше талас пікірлер айтылып келеді.

Қазіргі кезде тәрбие әдістерін жіктеудің ІІ-ден астам түрлері бар. Солардың ішінде Т. Е. Конникова, Г. И. Шукина және В. С. Сластенин жасаған тәрбие әдістері жіктеуінде бірізділік байқалады. Бұл жіктеу мектептерде қолданылып келеді.

  1. Тәрбие әдістерін жіктеу.

Герцен атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік педагогикалық институтының ғалымдары (Т. Е. Конникова, Г. И. Щукина) жасаған тәрбие әдістерін жіктеу үш топқа бөлінеді.

Бірінші топ- тәрбиеленушілердің іс-әрекеттеріндегі, қарым-қатынасындағы, мінез – құлқындағы жағымды тәжірибені қалыптастыру әдістері: талап, қоғамдық пікір, үйрету, жаттықтыру, арнайы тәрбиелік ситуация.

Талап – мінез-құлық нормасының көрнісі, балаларды әлеуметтік тәжірибеге қатыстыру. Талаптың ынталандыру және тежелеу функциялары бар. Ынталандыру функциясы – бұл жұмысты бастау және аяқтау. Тежелеу – басқа адамдардың жұмысына кесел келтіретін әрекетті тоқтату.

Қоғамдық пікір – бұл ұжымдық талаптың бейнеленуі, ал талап – нақты міндет, оны іс- әрекеті, процесінде орындау қажет. Ұжым мүшелерінің байымдауы, баға беруі – бұл қоғамдық пікір, ұжымының еркі және күші. Ұжым тәрбие субектісі, педагогктың тірегі.

Үйрету, жаттықтыру – бұл мінез –құлық нормасына сәйкес оқушыларды қажетті дағдыға, әдетке төселдіру. Тәрбие үйретуден басталады. Мысалы, баланың мезгілімен жатуы, өз мүліктерін, жұмыс орнын тәртіпке келтіріп ұстауы т.б.

Үйрету әдісі баланың орындағыштық, сыпайылылық (инабаттылық), мұқияттылық, табандылық сияқты қасиеттерін қалыптастырады. Балалардың өмір тәжірибесі кеңейіп, санасы дамыған сайын, үйрету әдісі өзінің алғашқы маңызын жойып, басқа әдістермен бірігеді. Мысалы, бұл әдіске өте жақын жаттықтыру әдісі.

Жаттықтыру әдісі – бұл әр түрлі ситуацияда оқушылардың моральдық тапсырмаларды орындауы. Жаттықтыру әдісінің ұжымның мүддесімен, талаптарымен қабысуы қажет. Мысалы, кез – келеген тәрбиелік шараларды мезгілінде бастау оқушыларды тәртіптілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Оқушылардың өндірістік бригадалары, шефке алу жұмыстары оқушыларды борыштық сезімге, жауапкершілікке жаттықтырады.

Үйрету және жаттықтыру әдістерінің тәсілдері: нұсқау, көрсету, машықтандыру, тапсырма. Тәрбиелеуші ситуация жеке адамның жағымды әрекеттерінің және қылықтарының қалыптасуына ықпал етеді. Бұл әдіс тәрбиешілер және тәрбиенушілер арасындағы қарым – қатынасқа қолайлы жағдай жасайды. Сынып, мектеп біріншілігіне жарыс ұйымдастыру, топқа, ұжымға және оқушыға (мектепті көгалдандыру, сыныпты, демалтын орындарды дайындау, яғни безендіру т.б.) тапсырма беру тәрбиелеуші ситуацияда іске асырылады.

Өз еркімен таңдау ситуациясының тәрбиелік мәні өте зор. Мысалы, екінші адамға тұрып орын беру немесе үндемей қалу, шынын айту , немесе жалған сөйлеу т.б. Мұндай ситуацияларда балалар көп ойланады, қайғырады.

Екінші топ. Жеке адамның санасын қалыптастыру әдістері (ұғым, байымдау – пікірін айту, баға беру, сендіру). Бұл топтың әдістері: саяси, этикалық әңгіме, әңгімелеу, пікірталас, лекциялар, өнеге.

Бұл әдістердің балалар санасына ықпал жасауда маңызы өте зор. Осы тұрғыдан балаларды өмірдің , еңбектің қоғамдық нормасына қатыстыру қажет, ал бұл балалардан осы нормалар жөнінде білімді, байымдауды, баға беруді талап етеді. Бұл жағдай жеке адамның өмірлік позициясын, яғни көзқарасын сипаттайды.

Әрбір әдістің мақсаты мен мазмұны педагогикалық оқу құралдарында жақсы жазылады. Сондықтан мысал ретінде тек қана әңгіме және пікірталас әдістеріне тоқталамыз.

Әңгіме – бұл балалардың санасын қалыптастыру әдістерінің бірі. Балалар әңгіме әдісінде саяси, этикалық, эстетикалық мәселелерді талдауға белсене қатысады, олардан тиісті қортынды шығару үшін ойланады, ақылға салып түсінеді. Әңгіме әдісі кез – келген мәселелерде ұқыпты дайындықты талап етеді. Әңгіме әдісін іске асыру үшін мыналарды ескеру керек:

Тақырыптың көкейтестігі, яғни өмірге қажеттілігі балалардың мүддесіне жауап беру тиіс.

Әңгіменің мазмұны балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес баяндалуы қажет.

Әңгіменің тақырыбына сәйкес техникалық құралдарды тиімді пайдаланған жөн.

Оқушылар үшін әңгіме тартымды, қызықты болуы керек: жаңалық, оқушыларды зеріктіретін артық сөздерден аулақ болу, бір нәрсені қайталай беру наразылық туғызады.

Пікірталас – бұл жоғары сынып оқушыларының байымдауын (пікір айтуын), баға беруін, сенімін қалыптастыру әдісі. Пікірталаста тақырып бойынша оқушы өзінің көзқарасын, ойын дәлелдейді. Сонымен бірге басқаның пікірін тыңдауға үйренеді, келісу немесе таласу пікірлер де пайда болады. Пікірталасқа мұғалім де, оқушылар да дайындалады. Оның тақырыбы және сұрақтары күні бұрың хабарландырылады.

Пікірталас оқушыларды қателіктер мен жалған көзқарастармен күресуге үйретеді. Пікірталастың құндылығы сонда, ол оқушылардың ойлану сезімін оятады, талаптандырады, ал бұл дұрыс идеяларды ұстауға, қателіктерден бас тартуға мүмкіншілік береді. Пікірталастың соңында басқарушы оқушылардың жауабын жинақтайды, талдайды, баға береді, қорытады.

Үшінші топ – мадақтау және жазалау әдістері. Өткізілетін тәрбиелік шаралардың сапасын және тиімділігін арттыру үшін, кейде, адамгершілік тәрбиесінің әдістері көмектесуді қажет етеді. Бұл жағдайда мадақтау және жазалау әдістері пайдаланылады. Мадақтау тәрбиеленуші іс — әрекетінде және мінез – құлқында белсенділікке ынталандырады. Жазалау – баланы өзінің теріс мінездері үшін ұялтады, оның теріс қылықтарын тежейді.

Сонымен, Санкт – Петербург педагогикалық институтының ғалымдары жасаған тәбие әдістерінің жіктеуінде ең алғашқы рет баланың адамгершілік санасы мен мінезі туралы анықтамалар берілген. Бірақ бұл екі ұғым тығыз бірлікте қалыптасуы қажет.

Мектеп өмірінде В. А. Сластенин жасаған тәрбие әдістерінің жіктеуі ойдағыдай қолдануда. Бұл жіктеуде тәрбие әдістерінің 4 тобы қарастырылады.

Бірінші топ. Жеке адамның санасын қалыптастыру әдістері: әңгіме, лекция, пікірталас, өнеге.

Екінші топ. Қоғамдық мінез – құлық тәжірибесін қалыптастыру және іс — әрекетті ұйымдастыру әдістері: педагогикалық талап, қоғамдық пікір, тапсырма, жаттықтыру, тәрбиелеуші ситуация.

Үшінші топ. Іс- әрекетін және мінез – құлықты ынталандыру әдістері: жарыс, мадақтау, жазалау.

Төртінші топ. Бақылау, өзін-өзі бақылау және тәрбиеде өзін — өзі баға беру әдістер: педагогикалық бақылау, әңгіме, сұрау (анкета, ауызша, т.б.). қоғамдық пайдалы іс — әрекеттерінің нәтижелерін талдау, балалар ұйымдарының тапсырмаларын орындау.

Тәрбие әдістерінің бұл жіктеуінде ІІІ, ІV топтар ғана қарастырылады. Өйткені І, ІІ топтар дағы тәрбие әдістері Санкт – Петербург ғалымдары жасаған жіктеудегі І, ІІ топтарда баяндалады.

Айрықша қолданылатын ІІІ топтағы әдістер жарыс, мадақтау, жазалау деп тұжырымдайды В. А. Сластенин, Т. Е. Конникова т.б.

Жарыс балалардың ұжымында іс — әрекетін ұйымдастыру және ынталандыру әдісі. Ұжым жарыстың барысында өзінің жетістігі және жарысушы ұжымдардың табысы үшін әрекет жасайды. Жарыс оқушылардың, әсіресе енжар оқушылардың белсенділігін арттырады, жауапкершілігін, ұжымшылдығын дамытады.

Жарысты ұжымдық және дара түрінде өткізуге болады. Ұжымдық түрге сыныптар спорт командалары, оқушылардың өндірістік бригадалары, звенолары арасындағы жарыс жатады. Мұнда негізгі мақсат ар – намыс, құрмет үшін күресу. Жарыстың дара түрлері: жауынгерлік, еңбек даңқы орындары бойынша жорық туралы жақсы әңгімелер сайысы, жақсы әндерді, билерді орындау сайысы т.б. Кейде жарысты дәстүр түрінде де пайдалануға болады. Мысалы: а) үйге берілетін оқу тапсырмасын үнемі орындау ә) сабақ үстінде ескертпесіз жұмыс істеу б) мектеп және үй режимін сақтау в) өте кәрі адамдарды күту, көмектесу.

Мадақтау – бұл баланың жағымды мінез – құлқын ынталандыру құралы. Егер бала өзінің жетістігін және ұжым алдындағы жауапкершілігін білсе, онда мадақтаудың құндылығы арта түседі. Орынсыз мадақтаудан балада мен – мендік тәкаппарлық, дандайсушылық туады. Сондықтан мадақтау үшін жеткілікті мәліметтер керек.

Жазалау – бұл балаға қоғамдық талап қою, оның мінез-құлқында байқалатын теріс қылықтарды тежеу тәсілдері. Жазалауда жабырқаушылық болмайды, ол болған қателікке қайғыру дейді А. С. Макаренко. Жазалау үшін оның шындығын толық білу, сонымен бірге ұжым пікірі жазалау жағында болғанда ғана баланы жазалауға болады. Жазалауда жеке адамның абыройын төгіп, балағаттау, қорлау ешқандай моральдық нормаға сыймайды.

ІV – топтағы әдістердің ішінде педагогикалық бақылау және психологиялық сұрақтарды еске алған жөн. Педагогикалық бақылаудың бірнеше түрі бар. Олар: тікелей бақылау, ұзақ мерзімді бақылау т.б.

Тікелей бақылау зерттеуші мен объект арасындағы бақылау арқылы тікелей байланыс, қатынас.

Ашық бақылауды қатысушылар біледі. Жасырын бақылауды теледидардан, жасырын дыбыс жазу, арақашықтық (дистанциялық) бақылау үшін тура микрофон байланысы көмегімен жүргізуге болады.

Қысқа мерзімде бақылау сабақ, үзіліс және бүтін жұмыс күні барысында жүргізіледі.

Ұзақ мерзімді бақылау оқу тоқсанының және жыл бойында жүргізіледі.

Жеке адамның тәрбиелілігін (әдептілігін) зерттеуде бақылау әдісін қолдану үшін нақты бағдарлама жасалады. Осыған орай, фактыларды жазу жүйесін ойластыру, оларды бақылау күнделігіне, бақылау картасына жазып отыру керек.

Психологиялық сұрақтар ұжым мүшелері арасындағы қатынастарды, жолдастық құштарлықты немесе теріс қатынастарды анықтайды. Мұндай сұрақтар дер кезінде қайшылықты анықтауға және оны іскерлікпен шешуге мүмкіндік береді.

Тәрбиенің нәтижелерін анықтауда мынандай көрсеткіштер еске алынады: оқушылардың моральдық норманы игеруі; мемлекет заңдарын білу және сақтау: сынып пен мектептің қоғамдық өміріне қатысуы; біздің еліміздегі және шетелдердегі жағдайларды бағалай білу.

Сонымен, әрбір тәрбие әдістерінің мақсаты оқушыларды адамгершілік көзқарасқа сендіре білуге, жеке және қоғамдық өмірдегі мінез – құлық нормаларын меңгеруге үйретеді.

Айта кету керек, басқа да толып жатқан тәрбие әдістерінің жіктеулерін жасауда бірсыпыра үлес қосқан ғалымдарға В. И. Коротов, В. А. Каспин, И.С. Марьенко т.б. жатады. Олардың жіктеулері де оқыту мен тәрбие процесінде еске алынады.

Не себепті осы уақытқа дейін тәрбие әдістерінің бірынғай ғылыми негізделген жіктеуі болмай келді.

Оның себебі, біріншіден, тәрбие әдістерінің жіктеуін жасауда бірыңғай пікірдің жоқтығы толық дәлел бола алады; екіншіден, тәрбие — өте күрделі процесс, ол әр түрлі әдістердің өткізілетін тәрбие шараларының мақсаттары мен мазмұнына сәйкес келуін талап етеді.

Негізгі ұғымдар:Педагогикалық процестітің қозғаушы тетіктері, құралдар, форма, әдістер, әдістемелік тәсілдер; тәрбие және оқыту әдістерімен өзара байланысы.