. Мектеп мұғалімі, оның қоғамдағы әлеуметтік қызметінің маңызы.
Еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуын жетілдірудің бағдарламалық міндеттерін шешу жас мамандардың кәсіби біліктілігіне, мәдениетіне, рухани кемелдігіне тікелей байланысты.
“Халық мұғалімі” – жас өспірімнің рухани дүниесінің мүсіншісі, қоғам өзінің ең қымбаттысы, ең құндысы – балаларды, өзінің үмітін, өзінің болашағын сеніп тапсыратын сенімді өкілі. Осы аса ізгі және аса қиын кәсіп, бұған өз өмірін арнаған адамнан тұрақты творчествоны, ойдың тынымсыз жұмысын, өрасан зор жан жомарттығын балаларға сүйіспеншілікті, іске шексіз адалдықты талап етеді.
Мұғалім – адамды қалыптастыратын, адамды адам етіп тәрбиелейтін мамандық иесі. Мұғалімнің еңбегі өте жауапты, әрі күрделі. Ы.Алтынсарин мұғалімнің қоғам алдындағы рөлін қарапайым, әрі нақтылы етіп айта келіп, кезінде “жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін”- деді. Я.А Коменский “мұғалімнің қызметі мәртебелі”- деп бағалады. К.Д.Ушинский “Мұғалімнің жеке басы – жастар жаны үшін ешнәрсемен де айырбастауға болмайтын жанып тұрған күн нұры” – деп атап көрсетті.
Қоғамды жан — жақты дамытатын өндіргіш күштің негізгі тұлғасы – адам, сондықтан адам факторына ерекше мән беріледі.
Қоғам дамуы мен адамның жеке басының дамуы бір – бірімен тығый байланысты. Қоғам адамды қаншалықты дәрежеде жетілдірсе, жетілген адам қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Тәрбиесіз қоғам қоғам болудан, адам адам болудан қалады. Материалдық және рухани байлық жасап, қоғамды дамытатын — адамдар. Ал адамдарды соған дайындап, тәрбиелейтін – ұстаздар. Олай болса мұғалім – қоғам мен қоғамды, ғасыр мен ғасырды жалғастыратын буын. Тарихты жасайтын – халық, халықтың көзін ашып, көңілін оятатын, саяси қырағылыққа, сенімділікке, адамгершілікке, ізгілікке, тимандылыққа, бауырмашылдыққа, Отаншылдыққа, азаматтыққа баулитын – ұстаз.
Ұстаздың адам өміріндегі ролі туралы халқымыздың классик ақыны Абай:
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас
Үйретуден балаға,-
десе, қазақтың ғұлама ғалымы әл – Фараби “Жаман мінез- құлық рухани кесел”- деді, Жүсіпбек Аймауытұлы “Дәрігерден де ұстаздың көп болғаны артық, дәрігер адамның денін сауықтыратын болса, ұстаз адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады” – деген.
2.Мұғалімнің кәсіптік қызметі және оған сипаттама.
Өмірдің әр салалары секілді педагогикалық істе де таланттар сирек кездеседі. Әрине, әр мұғалімге талантты болмауына да болады. Алайда ол өз ісінің шебері болады және болуға да тиіс.
Адам бойында мұғалім мамандығына деген бейімділіктің болуы педагогикалық шеберлікті меңгеруге көбіне көп нәрсе әсер етеді.
Бейімділік балалармен жұмыс істеуге айқын бейнеленген ыңғайы мен қабілеттен көрінеді.
Бүгінгі талапқа байланысты мұғалім өз елінің белсенді идеялық сенімді жақтаушысы, өз мемлекетінің аяғынан тік тұрып кетуіне, оның саяси және экономикалық бостандығына, Отанын сүйе білетін жастарды тәрбиелеу қолынан келетін мамандарды айтады.
Шеберлікті көтерудің жолы — озат – мұғалімдердің іс – тәжірибелерін, олардың ойларын – оқыту мен тәрбиені жетілдіруде қолдану. (Ш.А. Амонашвили, И.П Иванов, В.Ф. Шаталов, И.П. Волков, Е.Н. Ильин, В.А. Краковский т.б.)
Мұғалім сөзі – тәрбие беру ісіндегі ең басты құралдардың бірі. Тәрбие беру ісіндегі аса маңызды жайттардың бірі – педагогикалық такт.
Педагогикалық такт деп мұғалім бойындағы мақсатқа сай жоғары адамгершілік сезімді айтады. Мұғалім оқушыларға педагогикалық ықпал жасайды.
Ықпал – оқушылар арасындағы мұғалімнің беделі мен өнегесі.
Талант – дарындылықтың жоғары дәрежесі, оны зерттеу, анықтау күрделі мәселелердің біріне жатады.
Мұғалім оқушының жеке басының дамуын, қалыптасуын, білім беру мен тәрбие және оқыту процесін басқарады.Мұғалім – бала жанын сезе білуге, түсінуге бейім, онымен үнемі бірге болудан, араласудан жалықпайтын және одан өзіне зор ләззат алатын адам.
Мұғалімнің ғылыми білімдер жүйесін меңгеруде ролі жоғары болуы тиіс. Өз бетінше ойлай білу, қиын динамикалық жағдайларда жол таба білу – мұғалімге тән кәсіби бейне. Ойлау процесінің әрдайым педагогикалық міндеттерді шешуге бағытталуы, білімдер комплексінің маңызды болуы, мұғалімнің кәсіби мінез – құлқы мен әрекетіне өзіндік сипат береді.
3 Мұғалім мектептің оқу — тәрбие процесін жүзеге асырушы және ұйымдастырушы.
Мұғалім — балаларға білім беруші ғана емес, сонымен бірге олардың жаңадан ғана қалыптасып келе жатқан сана — сезімін жоғары дәрежедегі рухани байлықтармен байытушы, балаларда қоғамдық пайдалы еңбекке деген қажеттілікті оятушы, оларды өз бетінше жаңалық ашуға, жаңалық жасуға үйретуші, әлеуметтік белсенділігі бар жеке адамды тәрбиелеуші.
Мұғалімде педагогикалық қабілетпен бейімділіктің болуы — оның еңбегінің нәтижелі болуының кепілі. Мұғалім жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде кәсіптік деңгейі және ұстаздық шеберлігі жоғары болуы үшін педагогикалық, психологиялық арнайы зерттеулер негізінде айқындалған педагог мамандығына тән іскерлік пен дағдыларды меңгеруі тиіс. Педагогтік іс — әрекет өте динамикалық жүйе, оның өзіндік құрылымдары бар:
1) Танымдылық іскерлік.
2) Құрабілушілік іскерлігі (конструктивтік).
3) Коммуникативтік (қарым — қатынас).
4) Ұйымдастырушылық.
5) Хабарлама және зерттеушілік іскерліктер мен дағдылар
Танымдық іскерлік – жеке бастың интеллектуалдық мүмкіндігі, мамандық еңібегінің негізі болып саналады.танымдық іскерлікті қалыптастыру үшін адамның қабылдау, зейін, ойлау, елес, ес т.б. психикалық қасиеттерінің бірлікте дамуы қажет.
Құра білу (конструктивтік) іскерлігі оқу – тәрбие жұмысын жоспарлау, композициялық материалдарды іріктеп алумен сипатталады. Бұл іскерлікті меңгеру үшін интеллектуалдық қасиет, қабілет қажет.Алдағы жұмысты жоспарлау, жобалау, алдымен ойлау, салыстыру, болжам жасау, технологиялық, логикалық ойлау қабілеттерімен тікелей байланысты. Сондықтан құра білу іскерлігі танымдық іскерлікпен ұштасып жататын қасиет.
Қарым – қатынас іскерлігі – бұл мұғалімнің педагогикалық процестің барысында адамдармен қарым – қатынас жасауға үйренуі. Қарым – қатынас іскерлігі сөз сөйлеу техникасы, қимыл, бет құбылысын игере білеуден басталады. Қарым – қатынас іскерлігін тәрбиелеу үшін, адам ең алдымен басқа адамды түсіне білуі, тани білуі және өзін де таныта, түсіндіре білуге үйренуі керек.
Ұйымдастырушылық іскерлігі – бұл мұғалім еңбегінің бөлінбейтін, үнемі жүріп отыратын маңызды саласы. Бұл барлық педагогикалық іскерлікті бір – бірімен байланыстырып басқаратын іскерлік.
Ұйымдастырушылық іскерліктің белгілері мыналар:
жұмысты аяқтау, мақсаты белгілеу, жұмысты талап ету, тапсырма беру, тапсырылған жұмысты бақылау, орындалуын ұйымдастыру, орындалған жұмысты қорытындылау, бағалау, есеп беру, кездесетін кедергіні тез арада болдырмауға психологиялық ахуал туғыза білу, іске қызығушылық пен кірісу іс — әрекеттерінен құралады.
Хабарлама іскерлігі – жеке педагогикалық іскерлік болып бөлінеді:
Көбіне қатынас құралы ретінде қарастырылады. Себебі қарым – қатынас хабарлама материалынсыз болуы мүмкін емес. Оқу – білім материалын терең, жан – жақты білу, оқу әдістерін меңгеру, барлық хабарлама құралдарын пайдалану дағдысының болуын талап етеді. Бұл іскерлік мұғалімнен дауысты үйлестіре білуді, көңіл – күй сезімімен сөйлеуді, сөздің құдіретті күшін және дауыс үнін, бет қимылды меңгере білуді талап етеді. Сөйлеу, әңгімелесу, көрсете отырып түсіндіру, пікірлеу, тыңдау, сұрақ – жауап айту тәсілдерін қолдану арқылы тыңдаушының зейінін аудару – мұғалімнің педагогикалық іс — әрекетіне қажет іскерлік.
Зерттеушілік іскерлік — әрбір педагогикалық құбылысқа ғылыми тұрғыдан қарауды, ғылыми болжам жасауды, жобалау және эксперимент жүргізуді жоспарлауды, мұғалім озат тәжірибені де өзінің тәжірибесінде жинақтауды, оларға теориялық – практикалық негізде талдау жасауды және мектеп өміріне ендіруді қамтиды.
- Мұғалімнің басты функциялары.
Мұғалімнің жеке басын сипаттайтын қасиеттер мыналар: кәсіби бағыттылығы, ғылыми көзқарасы, идеялық сенімі, саяси – қоғамдық, азаматтық белсенділігі, адамгершілік – гуманистік қатынасы. Педагогикалық – кәсіптік қасиеттері мыналар: балаға деген ынта – ықылас, махаббат, педагогикалық байқағыштық, әділдік, талап қоя білушілік, табандылық, ұстамдылық, өзін — өзі басқара білу, қайырымдылық, мамандығын сүйе білу.
Мұғалімге қойылатын негізгі талаптар:
А) Қоғамның алдыңғы қатарлы идеяларын игеру.
Ә) Жан игеру.
Ә) Жаңалық, өмірдің әр түрлі саласынан хабардар болуы.
Б) Педагогикамен байланысты пәндерден психологияны, физиология, анатомия,
мектеп гигиенасын, мектеп тану пәнін жақсы білу керек.
В) Оқытатын пәнін, соған байланысты ғылымдарды, олардың жетістіктерін жақсы білу
білу;
Г) Оқыту, тәрбиелеу әдісін білу.
Д) Жұмысына шығармашылық көзқарас.
Е) Баланы жете білу, олардың жан – дүниесін түсіну педагогикалық сенім.
Ж) Педагогтік техниканы меңгеру (мәнерлі, қисынды сөйлей білу).
З) Педагогтік әдептілікті меңгеру.
И) Балаға деген сүйіспеншілік пен әділдік.
Педагогикалық мамандықтың ерекшеліктері деп әсіресе педагогтың ізденпаздығын, білуге деген құмарлығын, артық білуге ұмтылуын айтады. Басқа мамандық иелерінен мұғалімнің айырмашылығы оның өз жұмысында білімін ұлғайтып, тереңдетудегі айрықша педагогикалық бағыттаушылық қабілеті болып тыбылады.