Көкжарлы Көкжал Барақ туралы не білеміз?

Менің туып-өскен жерім — Күршім ауданына қарасты Теректібұлақ ауылы. Аталмыш ауылдың ерекшелігі сол, мұнда негізінен Көкжарлы Көкжал Барақтың ұрпақтары тұрады.

Шежіреде Көкжарлы Найман ішінде Сарыдан тараған ұрпақтардың бір бұтағы. Көкжарлының алты баласының (қайсыбір деректерде жеті бала) бірі Тілеубердіден – Баба, Өтеміс; Бабадан – Оразбақты, Олжа; Олжадан – Таз; Оразбақтыдан — Өтей, Жарты тарайды. Өтейдің бес баласы болады. Бәйбішесінен – Қожағұл, Қожым, тоқалдан – Шона, Шүрек, Төлеке. Өтейдің Шүрегінен–Барақ, Басар, Жаманқұл туған. Барақтың Қойбике деген бәйбішесінен Дос, Бостан, Кәдір туған. Ал жаугершілік кезінде қалмақтан олжалаған Барын, Топжал, Баба, Қойбақ, Домалақ атты әйелдерінен тараған ұрпақтар әйелдерінің атымен аталып «Бес қалмақ» делінеді. Сонымен Барақтың өз әкесі Шүрек, бесінші атасы Көкжарлы, жетінші атасы Сары, бергі атасы Өтей. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда Барақ пен Басардың, Жаманқұлдың әкелері Шүрек ерте өліп, ағалары Шонаның қолында қалған.

Жеңгесі «Көкжал қайным» деп еркелетіпті

Бірде Шонаның әйелі Бике қой шетінде шалқасынан ұйықтап жатқан қайнысының үстінен көгілдір жалынды көреді. Барақтың бойында бір қасиет бар-ау деп түйген ақылды жеңге оған ерекше ілтипат білдіріп, күтімге алады. Мұны байқаған Шона «Осы сен Барақты неге алабөтен қамқорлыққа алып жүрсің?» дейді. Әйелі «Күн батқанша шыдай тұр, жауабын сонда беремін» дейді. Айтқанындай-ақ, ел жатқан соң ерін оятып, мал жақты нұсқайды. Әйелінің көргенін Шона да көріпті, көріпті де «бәйбіше, Барақты күте бер» депті. Ағасы да інісінің бойында ерекше бір қасиет барын байқаса керек. Барақтың арқасында жалы болыпты. Ашуланғанда тікірейіп кетеді екен. Бұл да таңғаларлық жай.

Сонымен, Бике ерінің айтқанын екі етпей, қайнысына жасап жүрген қамқорлығын одан әрі жалғастырады. Оған қалыңдықты да өзі таңдап, Қойбике деген сіңлісіне үйлендіреді. Барақты сіңлісіне үйлендіргенге дейін «Көкжал қайным» деген екен. Осы ғажайып жал туралы мынандай деректер бар.

Барақ батыр қалмақ батырымен биік таудың басына үлкен тасты көтеріп, сайысқа түсер алдында Бұқар жырау батырды жігерлендіріп:

«Қалмақтан өткен жоқ залым,

Бір Құдайым қолдағын.

Ел намысын жіберме,

Нар тәуекел-көкжалым», десе, ол нысанаға жеткенде басқадан бұрын тауға шауып шығып, «Жарайсың, Көкжалым!» деп қолтығынан демеп, өз атына мінгізіпті.

1991 жылы «Жазушы» баспасынан Зейнолла Сәнік пен Бейсенғали Садыханның «Қаракерей Қабанбай» атты кітабы шықты. Сол кітаптағы «Ер Қабанбай» атты қисада:

Қолында жақсы қыздың алтын тарақ,

Батырлар жиналған соң жатпас қарап.

Бас қосты барлық батыр дегеннен соң,

Келіпті Көкжарлыдан Көкжал Барақ — деген шумақ бар.

Бұл шумақтан Барақтың Қабанбай қолына қосылғанға дейін де Көкжал атанғанын аңғару қиын емес. Ендеше арқасында жалы болғандығы сөзсіз.

Күршімде ескерткіш орнатылады

Мен Көкжал Барақтың сегізінші ұрпағымын. Бала кезімнен ауылдағы көнекөз қариялардан батыр бабамыздың ерлігі туралы естіп, біліп, жадыма тоқып өстім. Кейін мұның пайдасы тиді. Еркіндік тізгінін қолымызға алғаннан кейін, естіген білгенімізді жұртшылықпен бөлісіп, оны тың деректермен байытып, тіршілік жасай бастадық. Талпынысымыз зая кеткен жоқ, батыр бабамыздың ерлігін насихаттау жолында бірқатар шаруа тындырдық. Зерттеу, ізденіс нәтижесін ақпарат құралдары арқылы жұртшылық назарына, игілігіне ұсынып, қозғау салдық. Уақыт өткен сайын ісіміз алға басып, өз кезегімен Барақ бабамыздың 290, 300 жылдық мерейтойларын өткіздік. Бұл тойлар Теректібұлақ ауылынан бастау алып, аудан орталығында жалғасын тапты. Екі тойда да шартараптан келген қонақтар көп болды. Жоғарыдан келген Қасым Қайсенов, Қабдеш Жұмаділов, Оралхан Бөкей, Талаптан Ахметжанов, Қалихан Алтынбаев, тағы басқа да бір топ ақын, жазушылар батыр бабамыздың мерейтойларын одан әрі рухтандырып жіберді.

Көкжал Барақтың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі тұту, оның есімін ел есінде мәңгі сақтау бағытындағы іс-әрекет бір күн толастаған емес. Өскемен қаласының КШТ аймағында бір көшеге батыр бабамыздың аты берілді. Күршім ауданына қарасты тоғыз жолдың торабындағы «Дарственное» ауылы бүгінде «Барақ батыр» ауылы деп аталады. Күршім ауданында батыр бабамызға ескерткіш орнатылмақ. Басқа да игі істер баршылық. Демек бұл бағыттағы қозғалыстың беталысы бір сәтке де тоқтаған емес. Тіпті бабамыздың жерленген жерін таптық десіп, мақтаныш сезімде жүргендер де бар. Иә, мұның барлығы қуанарлық жай. Осы қуанышымыз келешекте жалғасын тауып, баянды болу үшін көңілге түйген бірер жайды айта кеткенді жөн көрдік.

Көкжарлы Көкжал Барақ туралы айтқысы келгендер, жазғысы келгендер әуелі осы тақырып төңірегінде бүгінгі күнге дейінгі жарық көріп, қолданыста жүрген еңбектер мен атқарылған істерді білгені жөн. Одан әрі айтпағы мен әрекеті сол бұрынғының жалғасы ретінде өмірге келсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, тың деректер легі бүгінге дейінгі білгеніміздің тынысын кеңейтіп, батыр бабамыздың шоқтығын биіктете түсетіні сөзсіз. Өкінішке қарай, осы бағытта кейінгі кезде қалам тартып, ауызша насихаттап жүрген талапкерлеріміздің тарапынан мұндай талпыныс, ізденіс байқалмайды. Талапкер дейтіндей ол туғандар жастар емес, сары тіс, самайын ақ шалған естияр жандар. Сондықтан оларға ақыл-кеңес берейік деу артық екенін түсінеміз. Тек, өзімшілдікке салынып, бардың басынан ұстап, жаңалық ашқандай пиғылдан аулақ болса екен дейміз. Олай дейтініміз, жазғандарын оқып отырсақ жарқ еткен жаңалық байқалмайды. Керісінше сол туғандардың қайсыбірі батыр бабамыз жайында бүгінгі күнге дейін жарық көрген дүниелерді «бұл менің жаңалығым, менің еңбегім» деп жалған дерек таратып жүр. Әрине, олардың атын атап, түсін түстейік деген бөтен ойдан да аулақпыз. Тек мұндай әрекеттер ілгері басудың бірден бір тарбиған тосқауылы екенін ескертуді парызымыз деп білеміз. Бұл әңгімені қозғауымыздың өзі осындай мақсатты көздейді.

Бүгінгі жастар, әсіресе тәуелсіздігімізді алғаннан кейін өмірге келген ұрпақтарымыз батыр бабаларының сырт жаудан елін, жерін қорғау жолындағы ерліктері туралы, батыр бабаларының ерліктерін насихаттау жолында еңбектеніп жүрген алдыңғы толқын ағаларының игі істері жайында шындықты біліп, шыңдалып өссе, болашақта шың басынан көрінеріне күмән жоқ. Олай дейтініміз, сол игі істерді одан әрі жалғастырып, ақырына дейін жеткізетін солар.

Автор: Советхан ҚАЛИҒОЖИН, Өскемен.