1920-1930 жылдары Жайық-Ембі мұнай кәсіпшіліктері үшін ұлттық басшы мамандарды дайындау ісінде жұмысшы факультеттері ерекше роль атқарды.
Жұмысшы факультетінің жаңа қоғам үшін жұмысшы-шаруа жастарынан жаңа интелигенция өкілдерін қалыптастыруда, оларды жоғары оқу орындарына түсу үшін әзірлеуде маңызы жоғары болды.
Осы жылдары қоғам өмірінде болған өзгерістер білім беру саласын, әсіресе политехникалық білім саласын да қамтыған болатын. Мұнай өндірісі барлау және пайдалану мәселелері мамандарды терең техникалық абайшылықты талап етті. Бастапқы кезде жастардың техниканы үйренуі мен сауат ашуы қатар жүрді. Оны ұйымдастыру арнайы шараларды талап етті.
1919 жылы Наурызда өткен РКП (б) VIII съезі шешіміне сай жұмыс күшін тиімді пайдалану, жастарды кәсіптік-техникалық білім негізінде дайындау үшін политехникалық білім алуды ұйымдастыру міндеті қойылды. (1)
Кадр дайындаудағы алғашқы қадам 1919 жылы 11 қыркүйекте қабылданған РСФСР Білім Халық Комиссариатының «университеттер жанынан жұмысшы факультетін құру туралы» қаулы болды. (2)
Осы қаулыны іске асыруда 1920 жылы 17 қыркүйекте Халық Комиссарлар Кеңесі «Жұмысшы факультеті туралы» қаулы қабылдап, осы жылы желтоқсанда Мәскеуде халық ағарту мәселесіне арнаған кеңесте жұмысшы факультетін ұйымдастыру кезек күттірмес міндет ретінде көрсетілді. (3)
Қазақ АКСР Халық Комиссар Кеңесі 1921 жылы жазда Орынборда техникалық, ауылшаруашылық, жұмысшы факультеттерін ашу үшін дайындық жұмыстарын жүргізді. Білім халық комиссариаты кәсіптік білім бас басқармасы алқасы әзірлеген «жұмысшы факультетіне қабылдау ережесі» түгелдей РСФСР аумағындағы ережеге сәйкес етіп жасалды. Бастапқы кезде оқитындар жасы 18-30 жас аралығы болып және еңбек өкілі 1 жыл болып белгіленсе, кейін жас ерекшеліктеріне сай еңбек өтілі 4-6 жылға дейін ұзартылды.
Еңбек өтіліне әскер қатарында болу уақыты да есептелінді. Талапкерлер партия, кеңес, кәсіподақ жолдамалары арқылы қабылданды. Партия мүшелерінің өтілі 1 жыл болып белгіленді. Жұмысшы факультеттеріне талапкерлердің көп болуы себепті.
РСФСР-да орынның 75 пайызы кәсіподаққа, 25 пайызы кеңес партия ұйымдарына берілді. Қазақстанда жұмысшы кәсіподақтарының дұрыс қалыптасып болмауына байланысты орынның 50 пайызы кәсіподаққа, 20 пайызы кеңес орындарына, 30 пайызы партия, комсомол ұйымдарына берілді. 1923 жылы қазанда өткен РКП(Б), облыстық комитеті пленумы орынның 50 пайызын қазақ жастарына беру керек деп шешті. (4)
Жұмысшы факультеттеріне түсушілерге төмендегідей талаптар қойылды; оқып, жаза білу, арифметикалық амалдардан хабардар болу, саяси-қоғамдық өмірден хабардар болу. 1921 жылы қарашада Семейде екінші жұмысшы факультеті ашылды.
Оған бастапқы кезде 353 жас алынса, оның 198 жұмысшы, шаруа жанұяларынан еді. (5)
1922 жылы 1 қаңтарда Орынбор және Семей жұмысшы факультеттерінде 100 қазақ жастары білім алды. Олардың үлес салмағы 17,4 пайыз еді. Жұмысшы факультеттерінде оқу мерзімі күндіз 3 жыл, кешке 4 жыл болды. (6)
1922 жылдың аяғында білікті мамандар жоқтығынан Семей жұмысшы факультеті жабылды. Оның орнына Орынбор жұмысшы факультеті кеңейтілді. 1924 жылы Орынбор жұмысшы факультетінде 452 жас білім алды. Көп жылдар Орынбор жұмысшы факультетін С.Г.Шейнессон басқарды.
Жұмысшы факультетін төралқа басқарып, қадағалап отырды. Төралқаға: меңгеруші, мұғалімдер, студенттер кіргізілді.
Он төрт ұлт өкілдеріне білім берген Орынбор жұмысшы факультетінде әр қайсысы 30 адамдық 18 секциясы жұмыс жасады. (7)
Факультеттің қазақ бөлімінде мұнайлы өлкенің ондаған жастары білім алды. Олар: Жұмабаев Шағыр, Досқарин Тоққожа, Өтебаев Сафи, Басбаев Күзенбай, Исенов Мұханбет, Қарымсақов Сапар, Сағындықов Рақымжан.
С.Өтебаев өз естеліктерінде Орынбор жұмысшы факультеті туралы көп мағлұмат береді. 1924 жылдары Орынбор рабфагінде оқығандар Жұмабаев Шағыр, Досқарин Тоққожа. 1928 жылы Доссорға Орынбор рабфагі директоры Кислицин келіп Исенов Махамбет, Исалиев Мұхамбетжан, Черняев Давид, Буянов Владимир, Белякоев Николай, Сладков Григорий, Шведков Григорий оқуға қабылданды. (8)
Жұмысшы факультеттерін бітіріп шыққан жастарды жан-жаққа бөлу Алматының үлесіне берілді. Алматыдан бөлінген жастар ірі-ірі өндіріс орындарына жолдама алатын. Орынбор жұмысшы факультеті туралы естелігінде К,Баспаев: «Мен факультетке 1928 жылы жіберіліп, дайындық курсын тәмамдап, 1929 жылы қыркүйекте оқудың І курсіне қабылдандым. 1930 жылы факультетте жақсы оқитындардан топ құрып, оған 7 украин, 2 қазақ және бірнеше орыстар енді. Барлығы 15 адам болып 1931 жылы 15 қазанда жұмысшы факультетін мезгілінен бұрын бітіріп шықтық. Бәріміздің құжатымызды Алматыға жіберді. Ал Алматы болса, бізді зооветеринарлық институтқа жібергелі жатыр еді. Мен өзімнің мұнайшы болғым келетіндігімді айтып, бұрынғы Орынбор факультетінің директоры Кислициннің арқасында ғана Доссорға келдім», — деп еске алады.
Сол жылдары білімі, даярлығы жеткен әрбір жас жоғарғы оқу орындарына түсуге ұмтылды. Міне, осындай мүмкіншілікті пайдаланып, Сапар Қарымсақов 1927 жылы Москва тау-кен академиясына, С.Өтебаев 1930 жылы Бакудегі тау-кен институтына, ал Мұқамбет Исенов 1931 жылы Москвадағы мұнай институтына түсіп студент атанған. (9)
1930 жылы өткен қазақ өлкелік партия комитеті Қазақстандағы жұмысшы факультетінің дамуы туралы мәселені арнайы қарады. Қабылданған қаулыда: «Күндізгі және кешкі жұмысшы факультеттерінің оқу мерзімі 4 және 3,5 жыл етіп бекітілді. Соның ішінде кешкі жұмысшы факультетінде оқу алғашқы жылы өндірістен қол үзбей өтуі тиіс болса, ал соңғы жылдары оқу өндірістен қол үзіп өткізіледі және оларға шаруашылық стипендия төленеді» — делінген. Республикада жаңа жұмысшы факультеттері ірі өндіріс орындарында ашылып, 1931 жылдан бастап жастар қабылдануы қажет болатын. Жаңа жұмысшы факультеттері Семейде, Доссорда, Риддерде ашылуы қажет делінді.
1930 жылы 15 желтоқсанда Қазақстанда 5 жұмысшы факультеті болды. Олардың
2-і ауылшаруашылық, 2-і педагогикалық, 1-і индустриалдық. 1931 жылы оларда 1043 жас білім алды. (10)
1935 жылы қарашада өткен КСРО Ғылым академиясы жалпы жиынында «Үлкен Ембі» перспективті даму жоспары жарияланып, маман кадрларға деген сұраныс өскен соң Гурьевте ранайы тау-кен академиясын ашу жоспарланды. Осы бағытта 1934 жылы 1 тамызда Ембі мұнай тресті жанынан Құрамысов атындағы мұнай рабфагі ашылып оны басқару педагог Адаев Иманғали Адайұлына (1901-1938) міндеттелді. (11)
Мұнай рабфагіне қажетті оқытушылар мен оқушыларды іріктеу жұмысымен трест кадр ісін басқарушы Беркінғали Атшыбаев айналысты. Дегенмен, 1937 жылы күзде трест басшысы С.А.Гутин, кадр бөлімі басшысы Б.Атшыбаев, рабфаг директоры И.Адаевтың жазықсыз нәубет құрбаны болу себепті рабфаг жабылып, мұнайлы ауданға инженер дайындайтын жергілікті жоғары техникалық оқу орнының ашылуы жарты ғасырға кейін шегерілді. Мұнайшы басшы қызметкерлерді дайындау ісінде мамандарды көтеру әдісі де өз жемісін берді.
1926 жылы шілдеде өткен қазақ өлкелік партия комитеті бюросы «Жұмысшы-партия комитеті бюросы» жұмысшы-колхозшы партия және партия мүшесі емес активтерін көтеру (выдвежение)» туралы қаулы қабылдады.
Мұнайлы өлкеде 1924 жылғы партияға Лениндік шақыру кезінде келген ФЗУ, рабфаг бітірген мұнайшылар партия-кеңес орындарына жолдама алып, жоғары лауазымдық қызметтерге батыл түрде жоғарылатылды.
Мақат кәсіпшілігінің қатардағы мұнайшысы И.Төлегенов Доссор аудандық партия комитеті аппаратына алынып, кейін Қызылордаға хатшылық қызметке жіберіледі. Доссор кенішінің мұнай өндіруші операторы Д.Батыршин Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық партия комитеті хатшысы болып жоғарылатылады. Аустниязов, Зорбаев, Мұқтанов, Есқалиев, Тілегенов сияқты мұнайшылар өлкелік партия комитеті мен Каз. ЦИК-тің мүшелігіне сайланады.
Байшонас және Ескене кәсіпшіліктерінде бұрғышы болған Құлқайыр Оспанов (1909-1973) Гурьев қалалық партия комитеті хатшысы болып, кейін мұнайлы аудандар Мақат, Жылойды басқарып жаңа кеніштердің ашылуына және маман кадр дайындауға үлес қосты. (12)
Қарапайым мұнайшыларды басшылық қызметке үйретіп, шыңдауда 1925 жылдан бастап ашылған партия-кеңес мектептері де белсенділік танытты. 1925-1929 жылдары еліміздегі партия-кеңес мектептерін 4067 тыңдаушы бітіріп шықты.
ВКП (б) Орталық комитеті 1929 жылы 1 шілдеде арнайы қаулы қабылдап, партия-кеңес мектебі тыңдаушылары оқу мерзімін 2-3 жыл көлемінде бекітті. (13)
В данной статье рассматриваются вопросы формирование кадров нефтяников и династии нефтяников Казахстана.
In the article is reporting the about specialists of petroleum industries, and Heir history development in Kazakhstan.
Әдебиеттер
- Михайлов Ф.К. К истории профессионально технического образование в Казахстане. // Из истории Социалистического строительство в Казахстане. Алма-Ата, 1960. стр 66.
- Народные образование в СССР об документов Москва, 1974 стр 404.
- Директивы ВКП (б) по вопросам образование. Москва, Ленинград 1931 стр 354-355.
- Компартия Казахстана в резолюциях. том І. стр 111.
- Кенжин состав рабфака // Советская степь. 1923 20 декабрь.
- Кенжебаев Н.Т. Роль рабочих факультетов в подготовке кадров Советский интелленгенций в Казахстане (1921-1940 г.г.) Диссертация К.И.Н. Алма-Ата, 1984 стр 39.
- Орынбор ОММ. 472-қор, 1-тізім, 306-іс, 10-27 парақтар.
- Өтебаев С. Асулар арқылы. 16, 32 беттер.
- Мұқтар Ә. Қазақ мұнайының тарихы. 86-бет.
- Кенжебаев Н.Т. Көрсетілген еңбек. 92 бет.
- Атырау ҰҚК мұрағаты. 0668-іс.
- Зайцева И.А. Деятельность партийных организации Казахстана по подготовке партийных и советских кадров Республики (1925-1936 г.г.) Доссор К.И.Н. Москва, 1986 стр 76.
- Справочник партийного работника. Вып. VII. ІІІ. Москва – Ленинград, 1930 стр 260.