Психолог іс-әрекетінің кәсіби моделі

Іс-әрекет жүйесінде пікірталас туғызатын сұрақтар және оларды шешу жолдары.

Психологиялық қызметті ұйымдастыруға үлгі болатын модельдер. Мектеп психологиялық қызметінің мақсаты мен міндеттері. Балаға психологиялық көмек көрсету міндеттері мен салалары.

Білім беру саласында психологиялық қызметті ұйымдастырудың ғасырдан асатын тарихы және мол тәжірибесі бар. Көптеген елдерде бұл қызмет өткен ғасырдың басында пайда болып, табысты дамып келе жатыр. Білім беру саласындағы психологиялық қызметтің даму тарихын және қазіргі жағдайын Р.Б.Радионов, И.А.Соколова, З.А.Малькова және т.б. ғалымдар зерттеген. Жеке тұлға ерекшеліктерін, психологиялық қасиеттердің сандық және сапалақ көрсеткіштерін зерттеу нәтижелерін мектеп тәжірибесінде қолдануды ұсынды.

Өткен ғасырдың басында Францияда А.Бине жекелік қасиеттерді зерттеу мәнінде бірнеше мақалалар жариялады. Ол 1905 жылы психологиялық зертхана ұйымдастырып, талапкерлердің интеллектуалдық қабілетін зерттеу жұмысын жолға қойды. Биненің жүргізген зерттеулері көптеген ғалымдарды қызықтырып психологиялық қызметті ұйымдастыруға ұйытқы болды. 1908 жылы Бостон қаласында Фрэнк Парсонс мамандыққа баулу бюросын ашты. Ол осы бюро қабырғасында көп жыл жүргізген тәжірибесін қортындылай келіп, мамандықты таңдап алу үшін әр адам үш нәрсені жақсы білуі қажет екенін көрсетті.

Олар: 1) өз қабілеті мен мүмкіндіктерін және оның табалдырығын білу; 2) Таңдаған мамандығы бойынша жұмыс жағдайымен танысып, ол қызметті орындау үшін қандай қасиеттер керек екенін анықтап, жалақысы, болашағы, өсу жолдары, білімін жетілдіру кездері туралы толық мағлұмат алу; 3) әр баланың арманы мен мүмкіншіліктерінің бір-біріне сай келуін бағалау.

Осы бағыттарда анықталған мағлұматтарды бір-бірімен салыстыра талдау нәтижесінде психолог әр балаға болашақ мамандығын анықтауы туралы өз кеңестерін береді.

Көп ұзамай Англияда Цирил Бэрт, АҚШ-да Арнольд Гессель мектеп қабырғасында балаларға және олардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсету ісіне кірісті. Осы бастама кейінен «Гайденс» қызметі (гайд — көмек көрсету, жетелеу деген мағнаны білдіретін сөзден шыққан) деп аталып, қазірге дейін білім беру жүйесінің үлкен бір саласы болып дамып келеді. Ірі мектептерде бірнеше психолог қызмет атқарады. Сондықтан оны бригада деп атауға болады.

Психологиялық қызметті ұйымдастыру тобы өз іс-шараларын бірнеше бағытта ұйымдастырады және өзінің алдына келесі міндеттерді қойып отыр:

— Балаларға мектепке дейінгі өмірден оқушы міндетін атқаруға көшуіне көмек көрсету;

— мектепте оқу параллельдерін анықтап алуға ықпал жасау;

— жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдап алуға жәрдем беру;

— оқушыларды болашақ отбасы өміріне даярлау.

Қазіргі кезде көптеген елдер психологиялық қызметті мектеп қабырғасында және әлеуметтік ортада ұйымдастырып, психологиялық қызмет көрсету дәстүрі кеңінен қалыптасып келеді. Психологиялық қызмет ерте құрылған мемлекеттер тәжірибесін жан-жақты зерттеудің мән-мағынасы өте терең болып отыр. Оларда қалыптасқан ұйымдастыру түрлерін және бұл жұмыстың мазмұнын зерттеу негізінде көптеген елдер өз мектептерінде психологиялық қызметті ұйындастыру мақсаты мен міндеттерін анықтап алып отыр.

Біздің елде білім беру жүйесіндегі психологиялық қызметтін, мақсаты мен мазмұнын анықтауға Ресей, Балтық жағалауындағы мемлекеттер тәжірибесі мол мүмкіндік тауып беруде. Сондықтан осы мемлекеттердің тәжірибесін, теориялық және әдістемелік құралдарын терең және жан-жақты талдау үстіндеміз.

Психологиялық қызметтің мақсаты — бала дамуындағы әр кезеңдегі жан дүниесінің ерекшеліктерін анықтап алып, олардың өз-өзіне, қоршаған ортаға деген көзқарасының, қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуына жетекшілік жасау. Бұл мақсат келесі міндеттер арқылы нақтыланады.