Қазір біздің елімізде бизнесті дамытудың бұрын – соңды болмаған қолайлы ахуалы туып отыр. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бастап, аталмыш салаға айрықша көңіл бөліп отыруы, сол арқылы республикадағы банктердің оны қаржыландыруды жақсы жолға қоюы тікелей мұрындық болуда. Бұлай болатыны, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің кез келген елдің экономикалық жағынан өсуі мен өркендеуінің негізі екенін өте жақсы біледі. Ал бұл тектес кәсіпорындар өз ретінде орасан зор ақша айналымы мен жұмыс орындарын жасап қана қоймайды, сонымен қатар өндіріске жаңа технологияны бірінші енгізіп, бизнесті жүргізудің соны тәсілдеріне батыл қол создырады. [1,2,3]
Егер мемлекет ырғақты және тұрақты даму долына түскісі келсе, оның әлеуметтік – экономикалық бағдарламасына міндетті түрде шағын және орта бизнесті ынталандыру шараларының енгізілу қажеттігін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Бүгінде дамыған елдерде ішкі жалпы өнім көлемінің 40 – 90 пайызы шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді. Себебі, бұл мемлекеттердің үкіметтері аталмыш секторды жолға қоюға алдыңғы кезекте мән береді.
Шағын және орта бизнес – тұрақты азаматтық қоғамның діңгегі. Барша қазақстандықтар әл – ауқатының көтерілуі оның дамуымен тығыз байланысты. Статистика агенттігінің үстіміздегі жылғы мәлімет бойынша, қазіргі таңда елімізді 627779 белсенді компания мен жеке кәсіпкерлер тіркелген. Шамамен олардың 99 пайызы шағын және орта бизнестің шаруасын шалқытып жүргендер болып есептелінеді. Соның ішінде барлық субъектілердің 61,1 пайызын жеке кәсіпкерлер, 27,1 пайызын шаруа (фермерлік) қожалықтары, 10,4 пайызын шағын кәсіпкерліктің, ал 1,4 пайызын орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары құрайды.
Шағын және орта бизнестің белсенді субъектілері саны жөнінен екі облыс алда келеді. (кесте 1) Солардың ішінде осындай 119246 құрылымымен еліміздегі жалпы көрсеткіштің 18,99 пайызын құрайтын Оңтүстік Қазақстан облысы бірінші орында тұр. Екінші орындағы Алматы облысы жалпы көрсеткіштің 16,44 пайызын қамтитын 103241 субъектіге ие. Ал бұдан кейінгі орындардағы аймақтардың үлес салмақтары бұлардан едәуір төмен. Бұған көз жеткізу үшін үшінші – төртінші орындарға жайғасқан Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласында тиісінше 61995 және 56221 шағын және орта бизнес құрылымдары бар екенін айтсақ та жеткілікті. Қызылорда облысы кестенің соңында. Сыр бойындағы кәсіпкерлік құрылымдардың 12917 деген цифрмен шектеледі. Соңынан санағанда екінші болатын, халқының саны аталмыш өңірдегіден екі еседей аз Маңғыстау облысындағы көрсеткіш бұдан біршама биік – 15941. артта қалушылардың көшін атырау облысы 17700 деген цифрмен тиянақтайды. Кәсіпкерліктің жекелеген тармақтарына келсек, заңды тұлғалы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бойынша Алматы қаласының алдына түсетін ешкім жоқ. Оңтүстік астанада бұл көрсеткіштер тиісінше 18215 және 2335 сандарын көрсетеді. Қалған аймақтарда бұл цифралар едәуір төмен. Сол сияқты жеке кәсіпкерлік пен шаруа (фермерлік) қожалықтарының саны жөнінен Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары шығандап алға шығып кеткен. Ал осылардың шаруа (фермерлік) қожалықтарынан басқалары бойынша Қызылорда облысы көштің ең соңында орын тепкен. Енді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жөнінде (кесте 1) мәліметтер, ол мынадай көріністерді ұсынар еді. Статистика агенттігінің биылғы жылғы 1 қазандағы мәліметі бойынша, еліміздегі шағын және орта бизнес құрылымдарына 2156901 адам жұмысқа тартылған. Олардың 552445 – і заңды тұлғалы шағын бизнес, 422464 – і заңды тұлғалы орта бизнес құрылымдарында есепте тұрады, 728682 – сі жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады, 453310 – ы шаруа қожалықтарында жұмыс жасайды.
1 – кесте. ҚР шағын және орта бизнес жөніндегі мәліметтер
Аймақ атауы | Кәсіпкерлік субъектілер | Шағын бизнес | Орта бизнес | Жеке кәсіпкерлік | Шаруа (фермер) қожалықтары |
Оңтүстік Қазақстан | 119246 | 4455 | 474 | 55496 | 58821 |
Алматы облысы | 103241 | 4256 | 520 | 49454 | 49011 |
Шығыс Қазақстан | 61995 | 4517 | 499 | 41580 | 15399 |
Алматы қаласы | 56221 | 18215 | 2335 | 35664 | 7 |
Қарағанды | 41756 | 4875 | 747 | 30161 | 5973 |
Жамбыл | 35042 | 1518 | 171 | 17967 | 15386 |
Қостанай | 33114 | 2602 | 509 | 24978 | 5025 |
Астана қаласы | 24843 | 5859 | 810 | 18172 | 2 |
Ақмола | 24724 | 1964 | 428 | 18632 | 3700 |
Павлодар | 22400 | 2520 | 340 | 16684 | 2856 |
Ақтөбе | 21441 | 2769 | 448 | 14585 | 3639 |
Солтүстік Қазақстан | 19080 | 1763 | 397 | 13745 | 3175 |
Батыс Қазақстан | 18118 | 1989 | 240 | 12339 | 3550 |
Атырау | 17700 | 2168 | 374 | 13502 | 1656 |
Маңғыстау | 15941 | 4303 | 374 | 10518 | 746 |
Қызылорда | 12917 | 1754 | 210 | 9801 | 1152 |
Шағын және орта бизнес құрылымдарында күнкөрісін ажыратып жүрген жұртшылықтың саны жөнінен де Оңтүстік Қазақстан облысы 285308 көрсеткіштерімен алда келеді. Осы салалар арқылы әл – ауқаттарын көтерушілердің қатары Алматы қаласы мен облысында да едәуір. Оларда бұл деңгейлер тиісінше 275447 және 255321 мөлшерінен қайтады. Ал оларды субъектілер түрлеріне қарай бөліп қарастырғанда, заңды тұлғалы шағын және орта бизнесте Алматы қаласының үлесі айрыұша көп. Онда бұл салалар тиісінше 126330 және 71791 адамды асырап отыр. Сол сияқты 89658 адамға жұмыс тауып берген Шығыс Қазақстан облысы жеке кәсіпкерлікті дамыту жөнінен көш басында тұр. Ал шаруа (фермерлік) қожалықтарында нәпақа айырып жүргендер қарасы Оңтүстік Қазақстан облысында бәрінен де көп, олар 141403 адамды құрайды.Көрініс мейлінше түсінікті болуы үшін кесте – 2 де төмендегі мәліметтер келтірілген.
Кесте – 2. Шағын және орта бизнеспен жұмыспен қамтылғандар саны, адам
Аймақ атауы | Кәсіпкерлік субъектілер | Шағын бизнес | Орта бизнес | Жеке кәсіпкерлік | Шаруа (фермер) қожалықтары |
Оңтүстік Қазақстан | 285308 | 43900 | 25273 | 74732 | 141403 |
Алматы қаласы | 275447 | 126330 | 71791 | 77269 | 57 |
Алматы облысы | 255321 | 36885 | 24531 | 71006 | 122899 |
Шығыс Қазақстан | 199578 | 44297 | 34146 | 89658 | 31477 |
Қарағанды | 167212 | 46860 | 33424 | 62180 | 21748 |
Жамбыл | 128779 | 20310 | 10841 | 27621 | 70007 |
Қостанай | 123105 | 26859 | 32373 | 52557 | 11316 |
Астана қаласы | 109869 | 44492 | 27794 | 37579 | 4 |
Ақмола | 99565 | 19645 | 30309 | 38943 | 10668 |
Солтүстік Қазақстан | 90318 | 15723 | 28251 | 38805 | 7539 |
Павлодар | 85911 | 22135 | 15657 | 40725 | 7394 |
Ақтөбе | 84911 | 23750 | 21968 | 29256 | 3175 |
Батыс Қазақстан | 72027 | 18505 | 15553 | 27314 | 10655 |
Маңғыстау | 64549 | 28044 | 17643 | 17622 | 1240 |
Атырау | 62243 | 18510 | 16957 | 23099 | 3668 |
Қызылорда | 53232 | 16200 | 15953 | 17316 | 3763 |
Ал кез – келген еңселі елдің экономикалық өсімі мен өркендеуінің негізі болып табылатын осы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері әкеліп жатқан табыстар қандай, енді соған тоқталайық. Статистикалық агенттік ұсынған 2010 жылдың қаңтар – қыркүйек айлары аралығындағы мәліметтерде оның республика бойынша 4 трлн. 108млрд. теңге болғаны байқалады. Бұлардың арасында заңды тұлғалы шағын кәсіпкерліктің табысы – 1 трлн. 114 млрд. 843 млн., заңды тұлғалы орта кәсіпкерліктің үлесі – 2 тлрн. 450 млрд. 288 млн., жеке кәсіпкерлердің қосқаны – 336 млрд. 344 млн., ал шаруа (фермерлік) қожалықтарының әкелгені 206 млрд. 605 млн. теңге маңынан қайырылады.Аймақтардың жайына келсек, мұнда Алматы қаласының десі бәрінен басым. Осы субъектілер әкелген барлық табыстың 27,64 пайызы, яғни 1 трлн. 135 млрд. 482 млн. теңгесі оңтүстік астананың үлесіне тиеді. Келесі орындағы Астана қаласына тиесілі қаржының қоржыны бұдан екі еседен де төмен, ол – 504 млрд. 569 млн. теңге. Үшінші орындағы Батыс Қазақстан облысчының еншісіне 334 млрд. 967 млн. теңге жазылсы, төртінші орынға табан тіреген Атырау облысында 273 млрд. 877 млн. теңге бар. Бұдан соңғы бесінші орынды – Алматы (255409 млн.), алтыншы орынды – Оңтүстік Қазақстан (206367 млн.), жетінші орынды – Шығыс Қазақстан (193747 млн.), сегізінші орынды Қарағанды (188068 млн.), Ақмола (122443 млн.) және Павлодар (114048 млн.) облыстары 11 – 13 орындарға жайғасқан. Кестенің соңын Қызылорда (113144 млн.), Солтүстік Қазақстан (108537 млн.) және Жамбыл (85450 млн.) облыстары аяқтайды.
Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың қаңтар – қыркүйек айларында өнім өндіру көлемі республика бойынша 5,3 пайызға өскен. Соның ішінде шағын және орта бизнес белсенді субъектілерінің саны 1,1 пайызға артып, оларда жұмыс жасайтындардың қатары 2,5 пайызға көбейген. Мұнда өнім өндіру мөлшерін 113,8 пайызға өсірген Ақтөбе облысы көш басында тұр. Үздік үштіктің үзірі бұдан басқа Палодар (106,9%) және Қарағанды (106,8%) облыстарына тиесілі. Көштің соңында Алматы (101,9%), Қызылорда (102,7%) және Солтүстік Қазақстан (102,1%) облыстары қалып қойған.
Қазақстан алдағы жылы Бүкіләлемдік сауда ұйымына енуге талпыныс жасауда. Ал бұл ұйымға мүше болу банк саласын, шағын және орта бизнесті дамытуды талап етеді. Сондықтанда болар, аталмыш салаларға қолдау көрсету Президент пен Үкімет саясатының басты бағыттарының біріне айналды. Енді осы қамқорлық пен қолдауды мүмкіндігінше тиімді пайдалана білу аймақтардағы әкімдіктер мен осыған қатысты басқармалардың қаншалықты дәрежеде іскерлік пен шалттық таныта алып жүргендердің нақтылы бағасы мен өлшемін байқата алады.Елімізде шағын және орта бизнес мониторингі төмендегідей (кесте – 3
Кесте – 3. Шағын және орта бизнес мониторингі
ШОБ негізгі көрсеткіштері | ШОБ белсенді субъектілері 627779 | ШОБ субъектілерінде жұмыс істеушілер 2156901 | ШОБ өндірген өнім 4108079 теңге |
Белсенді субъектілер өсімі 101,1 % | Заңды тұлғалы шағын кәсіпкерлік 65527 | Заңды тұлғалы шағын кәсіпкерлік 552445 | Заңды тұлғалы шағын кәсіпкерлік 1114843 млн. теңге |
Қамтылған адамдар өсімі 102,5 % | Заңды тұлғалы орта кәсіпкерлік 8876 | Заңды тұлғалы орта кәсіпкерлік 422464 | Заңды тұлғалы орта кәсіпкерлік 2450288 млн. теңге |
Өндірілген өнім (қойылған баға бойынша) өсімі 105,3% | Жеке кәсіпкер 383278 | Жеке кәсіпкер 728682 | Жеке кәсіпкер 336344 млн. теңге |
Шаруа (фермерлік) қожалығы 170098 | Шаруа (фермерлік) қожалығы 453310 | Шаруа (фермерлік) қожалығы 206605 млн. теңге |
Қорыта айтқанда, Қазақстан экономикасын алға жылжытуда және әлеуметтік, макроэкономикалық мәселелерді оңтайлы шешуде шағын және орта бизнесті орны маңызды. Ендігі мәселе шағын және орта бизнесті ұйымдастыру және дамыту бойынша Заңнамалық базаны нығайту болып табылады. Осы орайда: «Меншікті тіркеу», «Лицензиялау туралы», «Инвесторларды қорғау», «Салық салу» өлшемдері бойынша Заңдарды оңтайлы нәтижелері көрініс болады.
Шағын және орта бизнес ел тұрақты тығыны, ондағы саяси және әлеуметтік экономикалық жағдайдың орнықтылығының тірегі ретінде атап көрсетуге болады.