- Отбасы – адамдардың өзара әрекеттесулерінің ежелгі институты, бірегей құбылыс. Оның бірегейлігі бірнеше адамның ондаған жылдарға есептелетін ұзақ уақыт ішінде, яғни адам өмірінің көп бөлігінде өте тығыз өзара әрекеттесетіндігінде. Қарқынды өзара әрекеттесудің мұндай жүйесінде таластардың, дау-дамай мен дағдарыстардың пайда болмауы мүмкін емес.
Өзара әрекеттесу субьектілеріне байланысты отбасылық дау-дамайлар мынадай дау-дамайларға бөлінеді: ерлі-зайыптылар; ата-аналар мен балалары; ерлі-зайыптылар мен олардың әр біреуінің ата-аналары; әжелер (аталар) мен немерелері арасындағы дау-дамайлар.
Отбасылық қатынастарда ерлі-зайыптылар дау-дамайлары басты рөл атқарады. Олар көбінесе ерлі-зайыптылардың қажеттіліктерінің қанағаттандырылмауына байланысты пайда болады. Осыған сүйене отырып, ерлі-зайыптылар дау-дамайларының негізгі себептері бөліп көрсетіледі (Владин, Капустин, 1986; Сысенко, 1989; Лысенко, 1993 және т.б.).
- ерлі-зайыптылардың психосексуалды үйлесімсіздігі;
— «Мен» қажеттіліктерін қанағаттандырмау, серіктес тарапынан адамгершілік сезімін құрметтемеу;
- жағымды эмоцияларға деген қажеттіліктердің қанағаттандырылмауы, мейірімнің, қамқорлықтың, ықылас пен түсіністіктің болмауы;
- ерлі-зайыптылардың біреуінің өз қажеттіліктерін шамадан тыс қанағаттандыруға әуестігі (маскүнемдік, нашақорлық, қаржыны қара басының қамына жұмсау және т.б.);
- үй шаруашылығын жүргізу, бала тәрбиелеу, ата-аналарға және т.б. қатысты мәселелерге байланысты өзара көмек көрсету мен өзара түсінісуге деген қажеттіліктердің қанағаттандырылмауы;
- бос уақытын өткізуге, әуестіктеріне байланысты қажеттіліктердің айырмашылықтары.
Психологтардың зерттеулері отбасылардың 80-85%-ында дау-дамайлардың бар екендігін көрсетеді. Қалған 15-20%-ында түрлі себептерге байланысты «ұрыс-керістің» бар екендігін тіркейді (Поликарпов, Залыгина, 1990). Дау-дамайлардың жилігіне, тереңдігіне және шиеленісушілігіне қарай дағдарысты, даулы, проблемалық және жүйкесі әлсіреген отбасыларын бөліп көрсетеді (Торохтий, 1995).
Дағдарысты отбасы. Ерлі-зайыптылардың мүдделері мен қажеттіліктерінің қайшы келуі өткір сипат алады және отбасы өмірінің маңызды сфераларын қамтиды. Ерлі-зайыптылар ешқандай келісімге көнбестен, бір-біріне ымыраға келмейтін, тіпті дұшпандық ұстанымда болады.
Даулы отбасы. Ерлі-зайыптылар арасында олардың мүдделері күшті және ұзаққа созылатын жағымсыз көңіл күйлер туғыза отырып, қайшы келетін тұрақты одақ болады.
Проблемалық отбасы. Оған некенің тұрақтылығына соққы беруге қабілетті қиындықтардың ұзақ уақыт болуы тән. Мысалы: тұрғын үйдің болмауы, ерлі-зайыптылардың біреуінің ұзақ уақыт науқастануы, отбасын асырауға қаражаттың болмауы, қылмысы үшін ұзақ мерізімге сотталу және басқа да бірқатар мәселелер.
Невротикалық отбасы. Мұнда ерлі-зайыптылардың психикасындағы тұқым қуалаушылық арқылы берілген ауытқушылықтар емес, отбасының өз өмірлік жолында кездесетін психологиялық қиындықтар әсерінің жиналуы негізгі рөл атқарады. Ерлі-зайыптыларда әбден мазасыздану, ұйқының бұзылуы, кез-келген себепке байланысты эмоциялар, жоғары агрессивтілік және т.б. байқалады.
Отбасылық дау-дамайлардың психотравмалық салдары болады, олар: отбасылық қанағаттанбаушылық күйі, «отбасылық дабыл», жүйкелі-психикалық қысымшылық, кінә сезімі.
Ерлі-зайыптылардың өзара қатынастарын қалпына келтіруге, дау-дамайлы жағдаяттардың дау-дамайға ұласуының алдын-алуға байланысты көптеген ұсыныстар жасалған (Владин, Капустин, 1886; Дорно, 1990; Егидес, Левкович, 1983; Рюриков, 1989; Сатир, 1992; Чернышева, 1994 және т.б.).
Олардың көпшілігі мынаған саяды:
- Өзіңді, ал басқаны тіптен құрметте. Ол сенің ең жақын адамың, сенің балаларының әкесі (анасы) екенін есіңнен шығарма.
- Қателіктерді, реніштер мен «күнәларды» қазбалауға тырыспа, оларға бірден жауап қайтар. Бұл жағымсыз эмоциялардың жиналуын болдырмайды.
- Сексуалдық жазғыруларға жол берме, өйткені олар ұмытылмайды.
- Бір-бірлеріңе басқалардың көзінше (балалар-дың, таныстардың, қонақтардың) ескертулер жасамаңдар.
- Өзіңнің қабілеттерің мен артықшылықтарыңды асыра айтпа, әрқашан және барлық жерде өзіңдікі дұрыс деп санама.
- Көбірек сен де, қызғанышты барынша азайт.
- Мұқият бол, зайыбыңды тыңдай және түсіне біл.
- Өзіңді төмендетпе, дене тартымдылығыңа көңіл бөл. Өз кемшіліктеріңмен күрес.
- Ешуақытта зайыбыңның тіпті айқын кемшіліктерін талқылама, нақты жағдаяттағы нақты мінез-құлық жайлы ғана әңгіме жүргіз.
- Зайыбыңа қызығушылықпен және құрметпен қара.
- Отбасы өмірінде қалай болғанда да ақиқатты анықтаудан гөрі, кейде шындықты білмеген де дұрыс.
- Кейде бір-біріңізден демалуға уақыт табуға тырысыңыз. Бұл қарым-қатынастағы эмоционалдық-психологиялық шектен тыс қарқындылықты жоюға көмектеседі.
Ерлі-зайыптылар арасындағы дау-дамайларды шешу. Ерлі-зайыптылар дау-дамайларын шешудің конструктивтілігі бірінші кезекте ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсіне, кешіре және келісімге келе білуіне байланысты.
- Бірін-бірі жақсы көретін ерлі-зайыптылардың дау-дамайды доғару шарттарының бірі – жеңіске жетуге талпынбау. Сүйікті адамыңды жеңіліске ұшырату есебінен жеткен жеңісті жетістік деп атау қиын.
- Қандай кінәсі болса да, басқаны құрметтеген жөн.
- Өз-өзіңнен шын мәнісінде не толғандыратынын сұрауға (ең бастысы, өзіңе адал жауап беруге) қабілетті болу.
- Өз ұстанымыңды дәлелдеу кезінде орынсыз бар мүмкіндігіңді сарқа пайдаланбау және үзілді-кесілділік көрсетпеуге тырысу.
- Өзара түсіністікке өзіңнің келгенің және өз дауларыңа басқаларды – ата-аналарыңды, балаларыңды, көршілер мен таныстарыңды араластырмаған жөн. Отбасының жақсылығы тек қана ерлі-зайыптылардың өздеріне байланысты.
Ерлі-зайыптылар дау-дамайларын шешудің ажырасу сияқты негізгі тәсіліне жеке тоқталмаған жөн. Психологтардың пікірінше, оған мынадай сатылардан тұратын үрдіс ықпал етеді: а) ерлі-зайыптылардың бір-біріне оқшаулануынан, жатсынуынан байқалатын көңіл-күйдің үйлеспеуінен эмоционалды ажырасу; б) бөлек тұруға әкелетін тән жақындығынан ажырасу; в) некені тоқтатуды құқықтық рәсімдеуді талап ететін заңды ажырасу (Гребенников, 1984).
Көпшілігін ажырасу өшпенділіктен, жек көрушіліктен, өмірін күңгірт еткеннің бәрінен, алдаудан құтылуға әкеледі. Әрине, оның жағымсыз салдары бар. Ажырасу кезінде әдетте балалармен қалатын әйел адам анағұрлым осалдық танытады. Ол ер адамға қарағанда нервтік-психикалық күйзелістерге көбірек шалдығады.
Ерлі-зайыптылармен салыстырғанда ажырасудың жағымсыз салдары балалар үшін анағұрлым маңыздырақ. Бала ата-анасының біреуін (кейде сүйіктісін) жоғалтады, өйткені көп жағдайларда аналары әкелерінің балаларымен кездесуіне кедергі келтіреді. Бала көбінесе ата-анасының біреуінің жоқтығы себебінен құрдастарының қысымына ұшырайды, бұл оның жүйкелік-психикалық күйіне әсер етеді. Ажырасу мынаған әкеп соқтырады: қоғамда толық емес отбасы пайда болады, мінез-құлқында ауытқуы бар жеткіншектер саны артады, қылмыс көбейеді. Бұл қоғамға қосымша қиындықтар туғызады.
Отбасылық дау-дамайды шешу мақсаттарында көбінесе психологиялық кеңес беру қолданылады. Даулы отбасыларына кеңес берудің мәні оның өмір сүруін қиындататын және онда даулы қатынастар туғызатын жағымсыз психологиялық факторларды өзгертуге байланысты арнайы ұсыныстар жасаудан тұрады.
- Басшы мен бағынушы арасындағы конфликтілер
Басшылар мен бағынушылардың өзара қатынастары мәселесі қазіргі ғылым мен практика үшін маңызды болып табылады. «Басқару тиімділігі, басшылық ету стильдері, басшы беделі, ұжымдағы әлеуметтік- психологиялық ахуалды қолайландыру мәселелеріне назар аударылады. Осының барлығы «басшы-бағынушы» буындағы қатынастарды қолайландыруға, яғни «тігінен» болатын дау-дамайларға байланысты.
Басшылар мен бағынушылар қатынастары даулылығының объективті және субъективті себептерін бөліп көрсетеді.
Обьективті себептерге жататындар: қатынастардың субординациялық сипаты, өзара әрекеттесудің жоғары қарқындылығы, жұмыс орнының қайта балансталуы, ұйымдағы жұмыс орындары арасындағы байланыстардың келіспеушілігі, әлеуметтік және кәсіби бейімделудің күрделігі, басқару шешімдерін орындауға қажеттілердің жеткіліксіз қамтамасыз етілуі. Басқару және тұлғалық алғышарттар «тігінен» болатын дау-дамайлардың субъективті себептерін құрайды.
Басқару себептері: негізделмеген, қолайсыз және қате басқару шешімдері; артық қамқорлық және бағынушыларды басшылық тарапынан қадағалау; басшылардың кәсіби дайындығының жеткіліксіздігі, орта және төменгі звено басшылары еңбектерінің мәртебелерінің төмендігі; бағынушылар арасында қызмет жүктемесін теңдей бөлмеу; еңбекті ынталандыру жүйесіндегі кемшіліктер.
Тұлғалық себептер: қарым-қатынас мәдениетінің төмендігі, дөрекілік; бағынушылардың өз міндеттерінадал атқармауы; басшының қайткен күнде де өз беделін нығайтуға тырысуы; басшының басшылық етудің тиімді емес стильдерін таңдауы; басшының бағынушыға қатысты жағымсыз бағдары және керісінше; басшылар мен бағынушылар арасындағы шиелініскен қатынастар; өзара әрекеттесуге қатысушылардың психологиялық ерекшеліктері (жоғары басқыншылық, эмоциялық тұрақсыздық, мазасыздану, тым жоғары өзін-өзі бағалау; мінез акцентуациялары және т.б.) .
Тігінен болатын дау-дамайлардың алдын—алу шарттары. Басшының бағынушылармен даусыз өзара әрекеттесуіне төмендегідей шарттардың мүмкіндік беретіндігін тәжірибе көрсетіп отыр:
- ұйымға мамандарды психологиялық іріктеу;
- адал еңбек етуге мотивацияларын ынталандыру;
- ұжымның күнделікті іс-әрекетін ұйымдастырудағы әділеттілік пен жариялылық;
- басқару шешіміне қатысты адамдардың барлығының мүдделерін ескеру;
- адамдарды олар үшін маңызды мәселелерге байланысты дер кезінде құлақтандыру;
- отбасы мүшелерінің қатысуымен бірлескен демалыс ұйымдастыру жолымен әлеуметтік-психологиялық шиеліністі жою;
- «ынтымақтастық» түріндегі еңбек өзара әрекеттесуді ұйымдастыру;
- басқарушылар мен атқарушылардың жұмыс уақытын оңтайландыру;
- қызметкердің басшыға тәуелділігін төмендету;
- бастамаларын қолдау, өсу болашағын қамтамасыз ету;
-бағынушылар арасында жүктемелерді әділетті түрде бөлу.
Күнделікті өмірде «тігінен» болатын дау-дамайлардың алдын-алу үнемі мүмкін бола бермейді. Басшы үшін бағынушылармен арадағы дау-дамайларды конструктивті шешуге ненің мүмкіндік беретінін білуі маңызды.
- Басшыға бағынушыны даулы шешудің өзі ұсынған жолына қызықтыруы қажет. Бағынушының мінез-құлық мотивациясын әр түрлі тәсілдермен өзгертуге болады, яғни оның ұстанымының қате екендігін түсіндіруден бастап, егер басшының әрекеті дұрыс болмаса білгілі бір келісімге келу жолдарын ұсынуға дейін.
- Дау-дамайда өз талаптарын дәлелдеу. Бағынушыға қойылатын талаптардың табандылығын құқықтық нормалармен нығайту.
- Дау-дамайда бағынушыларды тыңдай білу. Басшы кейде қажетті ақпараттың жоқтығына байланысты қате шешім қабылдайды. Ол ақпаратты бағынушы бере алады. Бірақ басшы қарамағындағының түсіндіруіне құлақ аспайды. Бұл дау-дамайды шешуді қиындатады.
- Бағынушының қажеттіліктерін түсіне білу. «Тігінен» болатын дау-дамайлардың көпшілігі бағынушы іс-әрекетінің ретсіздігіне, олардың жүктемені шамадан тыс деп қабылдануына байланысты пайда болады.
- Ерекше қажеттігі болмаса, басшының бағынушымен арадағы дауды эсколациялауға баруы қажет емес.
- Бағынушымен екеуара дау шешуде дауыс көтеру жақсы дәйек емес. Зерттеулердің көрсетуі бойынша бағынушылармен болатын дау-дамайлардың 30%-нда басшылар дөрекілік көрсетеді, айғайға басады және т.б. Дөрекілік басшының жағдаятты және өзін меңгере алмайтындығының белгісі болып табылады.
- «Сізден» «сенге» көшу бағынушыны жәбірлеу болып табылады, бұл оған оның да осылайша жауап қайтаруына моральдық құқық береді. Дау-дамайды шешу кезінде бағынушыға қатысты қызмет ара қатынасын сақтау, оған «Сіз» деп қатынас жасау маңызды;
- Егер басшы әрекеті дұрыс болса, онда ол қызметтік мәртебесіне сүйене отырып, дұрыс әрекет етуі тиіс. Басшының байсалдылығы, оның сенімділігі бағынушы алдындағы өзінің басшылық талаптарының орынды екендігін күшейтеді.
- Бағынушы келісімге келмей, ал басшыныкі дұрыс болған жағдаятта, басшы жоғары басшылық пен жұртшылықтың қолдауын пайдаланғаны орынды.
- Лауазымдық шен – бағынушымен дау-дамайға түскендегі құрметті басымдылық, бірақ оны шектен тыс қолданудың қажеті жоқ. Тәжірибесіз басшылар дау-дамайды өз пайдасына шешу үшін оппоненттің жұмыс жүктемесін арттыру, оған ыңғайсыздықтар мен қиындықтар туғызу, тәртіп санкцияларын қолдану және т.б. сияқты ықпал ету тәсілдерін қолданады. Осы тәріздес әрекеттер бағынушының ашуын туғызады, оны ырыққа көнбейтін етеді. Бұл дау-дамайды шешуді қиындатады.
- Бағынушымен болған дау-дамайды созу жұмыс уақытын жоғалтумен қатар ұзаққа созылатын дау-дамайларға, өзара реніштерге және оның салдары ретінде дұрыс жақтың артықшылықтарын жоғалтуға ұрындырады. Дау-дамайдың ұзақтығы артқан сайын бағынушының жеңу ықтималдығы да артады және басшы үшін мұндай ықтималдық азаяды.
- Басшы өзінің ұстанымының дұрыс екендігіне сенімсіз болған жағдайда, ымыраға келуден қорықпауы тиіс.
- Егер дау-дамайда басшының ұстанымы дұрыс болмаса, онда дауды созбай бағынушымен келісімге келу тиімдірек. Осыны өз-өзіңе мойындатуға жігер табу, ал қажет болса бағынушы алдында кешірім сұрау қажет. Бағынушының жіберген қателігін көрсету де қажет (әдетте мұндайлар болып тұрады), мұны мүмкіндігінше оңашада жасаған жөн.
- Даулы басшы бұл үнемі жаман басшы емес екенін естен шығармау қажет. Ең бастысы әділетті, өзіне және бағынушыға талап қоя білетін, ара қатынасты шиеленістірмей мәселені шеше білуі қажет.
- Даулы басшы бұл үнемі қолайсыз басшы екендігін білу. Дау-дамай алдындағы және даулы ситуацияларды даусыз емес тәсілдермен шеше білуі басшының беделін нығайтуға мүмкіндік туғызады.