Ғылымның қалыптасу кезеңінде оның даму сапасына әдіснамалық мәселелерді шешу сипаты елеулі ықпал етеді. Егер теория таным үрдісінің жинақталып қорытындыланған нәтижесі болып табылса, ал әдіснама білім алу тәсілдерін анықтайды. Жинақталып қорытындыланған дау-дамайларды ғылыми талдауды өзара бір мақсатқа, яғни дау-дамайлар жайлы нақты білімдерді реттеуді тәжірибеде әрі қарай қолдану үшін әдіснамалық, теориялық, әдістемелік және ұйымдастырушылық-техникалық процедуралардың жүйесі ретінде анықтауғаболады.
Әдіснама – бұл теориялық және практикалық іс-әрекетті құру және ұйымдастырудың принциптері мен тәсілдерінің жүйесі, сондай-ақ осы жүйе жайлы білім. Дұрыс тұжырымдалған бастапқы әдіснамалық принциптер ғылымының дамуын айтарлықтай жеделдетеді. Дау-дамайларды нәтижелі зерттеуді қамтамасыз етуде әдіснаманың түрлі деңгейдегі: философиялық, жалпы ғылыми және нақты ғылыми принциптерін қолдану маңызды. Дау-дамайларды зерттеудің философиялық және жалпы ғылымилық принциптері төмендегіше анықталады:
- Даму принципі. Аталмыш принцип дау-дамайларды зерттеу кезінде олардың эволюциясы мен динамикасындағы беталыстарды анықтауды талап етеді. Дау-дамай эволюциясы дегеніміз – дау-дамайды талдаудың негізгі категорияларының бірі, оның қарапайымнан күрделі формаға қарай бірте-бірте, үздіксіз дамуы. Дау-дамайды бағалай отырып, оның бұрын басқаша болғанын және ары қарай да сөзсіз өзгеріп отыратындығын есте ұстаған жөн.
- Жалпы ортақ байланыстар принципі. Бұл гносеологиялық мәні дау-дамайды зерттей отырып, оның жекелеген элементтерін қарастырумен шектелмей, дау-дамайдың басқа құбылыстармен және оның құрылымдары арасындағы барынша көп байланыстарды зерттеуге талпыну қажеттігімен сипатталады.
- Теория, эксперимент және практиканың диалектикалық бірлігі принципі, ғылыми таным үрдісінде біздің біліміміздің ақиқатқа қарай қозғалыс диалектикасын және таным үрдісіндегі практикалық рөлін ашады.
Дау-дамайларды зерттеу үрдісінде теория, эксперимент және практиканың өзара байланыс логикасы маңызды мәселе болып табылады. Дау-дамай психологиясын зерттеуді келесі түрде жүргізсе, онда ол анағұрлым динамикалық түрде дамитын болады. Дамудың үш деңгейінің (сипаттаушы, түсіндіруші, басқару) әрқайсысында дау-дамай психологиясы үш түрлі мазмұндық модельдерді құруға жүгінеді:
- Теориялық (тұжырымдамалы)- КМ
- Процедуралық (ғылым әдістері )- ПМ
- Эмпирикалық (сенімді эмпирикалық білім)- ЭМ
Барлық үш түрдің модельдері бір-бірімен тығыз байланысты болуы тиіс (1-суретті қараңыз). Дәлелденген процедуралық және эмпирикалық модельдер болмаса, жақсы тұжырымдамалы модельдерді құру мүлде мүмкін емес. Алайда, дау-дамай психологиясында, тіпті диссертациялық зерттеулерде көбінесе тек теориялық талдаулар жарияланады, ал оларға негіз болатын эмпирикалық база көрсетілмейді. Тәжірибе дәлелденген білімдермен салыстырғанда, осылайша алынған білімдердің құндылығы анағұрлым төмен болады.
Психолог үнемі практикаға жүгінуге, алынған нәтижелерді олардың шындыққа сәйкестігі тұрғысынан бағалауға, талдау әдістемесін және зерттеу үрдісі барысында алынатын жаңа ақпараттарға сәйкес болжамдарды жетілдіруге тиіс. Дау-дамайларды зерттеуді осы құбылыстар көрініс табатын қағаздарға немесе пікірлерді талдауға әкелмеген жөн.
Анағұрлым құнды ақпарат нақты дау-дамайларды тек тікелей зерттеу кезінде алынады. Практиканың таным үрдісінде ерекше орын алуы, оның біздің білімнің негізгі бастауы болып табылатындығымен байланысты. Практика алынған білімнің шынайылық өлшемі және сондай-ақ танымның соңғы нәтижесі ретінде көрінеді.
- Жүйелі бағыт принципі. Дау-дамайларды иерархиялық түрде байланысқан жүйешелерден тұратын күрделі ұйымдасқан нысандар ретінде қарастыру қажет.
- Нақты-тарихи бағыт принципі. Дау-дамайларды зерттеу үрдісінде олардың дамуына ықпал ететін барлық нақты жағдайларды: орын, уақыт, нақты ұжымдығы нақты жағдайларды ескерудің қажеттігін көрсетеді.
- Объективтілік принципі. Конфликтологтан жеке және топтық мүдделердің, бағдарлардың (мақсаттардың), басқа да субъективті факторлардың дау-дамайларды зерттеу үрдісі мен нәтижелеріне әсерін мейлінше азайтуды талап етеді.
Дау-дамайларды зерттеу үрдісінде зерттеу жүргізудің жоғарыда қарастырылған алты факторына және жалпы ғылыми принциптеріне сүйене отырып, сонымен қатар пәнаралық, сабақтастық, эволюционизм, тұлғалық бағыт, дау-дамайдағы мінез-құлықтың ашық және жасырын ықпалдарының бірлігі сияқты дау-дамай психологиясының өзінің әдіснамалық принциптерін ескеру маңызды.
Пәнаралық принципі психологты конфликтологияның барлық салаларының жетістіктерін барынша кең пайдалануға бағыттайды. 200-ге жуық диссертацияның әдебиеттер тізімін талдау авторлардың конфликтологияның басқа салаларындағы бар жарияланымдардың 1%-ға жуығын қолданатындығын көрсетеді. Бұл зерттеудің нәтижелігіне теріс әсерін тигізеді. Пәнаралық принциптің маңызды ерекшелігі конфликтологияның барлық ғылым саласындағы теңдік принципі болып табылады. Конфликтология дамуының аталмыш кезеңінде психология жүйе құрушы ғылым рөлін атқарады.
Сабақтастық принципі психологтан дау-дамай мәселесіне байланысты ғылымда жасалғанның барлығын барынша толық білуді талап етеді. Ғылыми еңбектер жазу барысында авторлар өз ғылымы бойынша дау-дамай мәселесіне байланысты бар жарияланымдардың тек 9,8%-н ғана пайдаланады. Бұл зерттеулердің қайталануына әкеледі және ғылыми дамуының қарқынын бәсеңдетеді.
Эволюционизм принципі дау-дамайларды зерттеу кезінде олардың нақты түрлерінің эволюциясының заңдылықтарын ескеру қажеттілігімен сипатталады. Дау-дамайлар эвалюциясын білмей тұрып, олардың динамикасын түсіндіру, даму болжамын жасауға және реттеуге байланысты ұсыныстар беру қиынға соғады.
Тұлғалық бағыт принципі дау-дамайлардың барлық деңгейінде орталық аясы болатын нақты адамдардың тұлғалық ерекшеліктерін анықтау және ескеру қажеттігі ретінде тұжырымдалады. Дау-дамайлардың алғашқы себебі объективті әлемнің өзгеруі болып табылады. Дегенмен, бірдей жағдайға ұшыраса отырып, әр түрлі адамдар өздерін түрліше ұстайды. Біреулері даулы әрекеттер жасаса, басқалары дау-дамайлардан бойын аулақ ұстайды. Сыртқы әсерлер осы сыртқы әсерлердің ықпалында болғандардың ішкі жағдайлары арқылы түсіндіріледі. (Рубинштейн, 1957).
Дау-дамайларды зерттеу принциптерін қарастыру барысында байқағанымыздай, қарастырылатын құбылыстың зерттеудің жүйелі бағыты оны сипаттаудың әр түрлі ғылымдар үшін ортақ түсінікті сызбасын анықтауды ұйғарады. Өзіндік ұғымдық-категориялы аппарат жасау, оны үнемі дамыту, практикамен сәйкестікке келтіру дау-дамай психологиясының маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Дау-дамайдың жалпы және жекелеген теорияларының дамуы ең алдымен, осы құбылысты сипаттайтын түсінікті сызбаларды кеңейту мен тереңдетуден, дау-дамайдың бұрын зерттелмеген жоқтарының анағұрлым терең мәніне назар аударатын бір ұғымнан екіншілеріне көшуден көрінеді.
Дау-дамай психологиясында оны сипаттаудың түсінікті сызбасын Л.А. Петровская (1977) ұсынды. Сызбаға дау-дамайды талдаудың әлеуметтік-психологиялық деңгейін сипаттайтын төрт категориялы топ енгізілді: дау-дамай құрлымы, оның динамикасы, қызметі мен типологиясы. Кейінірек А.Я.Анцупов (1992) схеманы ұғымдардың жеті тобына дейін кеңейтті: дау-дамайдың мәні; генезисі; жіктелуі; қызметі; құрылымы; динамикасы; дау-дамайды зерттеу әдістері. Содан кейін ол дау-дамайды сипаттаудың 11 ұғымдық-категориялы топтарынан тұратын жүйені ұсынды. Қазіргі кезде дау-дамай психологиясында ұғымдық-категориялы сызбасының 11 негізгі категориялы топтардан тұратын келесі нұсқасы қолданылады, яғни дау-дамайдың мәні; оның жіктелуі; құрылымы; қызметі; эволюциясы; генезисі; динамикасы; дау-дамай жайлы ақпарат; алдын алу; дау-дамайдың аяқталуы; диагностика және зерттеу.
- Дау-дамайларды психологиялық зерттеудің кезеңдері, бағдарламасы және негізгі әдістері
Дау-дамайларды талдау кезеңдері. Ғылымның көп ғасырлы тарихы кез-келген құбылысты зерттеу үрдісінің өзіндік қисыны бар екендігін және оның бірнеше кезеңдерден тұратындығын көрсетеді. Психологтың дау-дамайларды зерттеу кезеңдерін білуі, ғылыми зерттеу қисынының талаптарын сақтауы оған жұмыстың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді. Дау-дамайларды ғылыми талдаудың белгілі де негізгі сегіз кезеңі бар (2-суретті қараңыз).
I саты
Бағдарлама құру |
II саты
Зерттеудің (сұрыптаудың) нақты нысанын анықтау |
III саты
Дау-дамайларды талдау әдістемесін жасау |
IV саты
Сынамалы зерттеу, бағдарламалар мен әдістемелерді анықтау |
V саты
Алғашқы ақпараттарды жинау |
VI саты
Жиналған мәліметтерді сапалық және сандық өңдеу |
VII саты
Алынған нәтижелерді талдау және түсіндіру |
VIII саты
Қорытындыларды, практикалық ұсыныстарды негіздеу және тұжырымдау |
1-сурет. Дау-дамайларды зерттеудің негізгі кезеңдері
- Бағдарлама құру. Құбылысты талдаудың әдіснамалық бағыттары мен әдістемелік тәсілдерінің айтарлықтай анық теориялық негіздерін көрсетеді. Бағдарлама зерттеудің стратегиялық құжаты, оның міндетті алғашқы кезеңі болып табылады. Ол психологтың алдына қойған мақсаттарына жетуде өте маңызды рөл атқарады.
- Зерттеудің (сұрыптау) нақты нысанын анықтау. Психолог өзін қызықтырған даулы өзара әрекеттесудің таратушысы болып табылатын дау-дамайлардың барлығын зерттей алмайды. Егер оны ұйымдағы қызметкерлердің өзара қатынастарының дау-шары қызықтырса, онда оның барлық қызметкерлердің арасындағы өзара қатынастарды зерттеуге тиісті мүмкіндіктері болмайды. Ұйымдағы ара қатынастар дау-дамайын олардың бірнеше құрылымдық бөлімшелерін зерттей отырып, жан-жақты бағалауға болады.
Зерттеу нысаны болып табылатын және теориялық түрде зерттелуге тиісті дау-дамайлардың көпшілігі басты жиынтықты құрайды. Біздің үлгіде басты жиынтықты ұйымның барлық қызметкерлері арасындағы өзара қатынастар көрсетеді. Сұрыптау – нақты зерттелетін басты жиынтықтың бөлігі. Қарастырылатын үлгіде сұрыптауды психологтың өзара қатынастардың даулылығын талдайтын құрылымдық бөлімшелер құрайды.
Сұрыптаудың маңызды қасиеті оның репрезентативтілігі, яғни басты жиынтықтың сипаттамаларын қайта өңдеу қабілеттілігі болып табылады. Сұрыптау негізгі жиынтықтың қасиетін мүмкіндігінше толық модельдеуді және оның қойылған міндеттерді шешудегі маңызды сипаттамаларын ескеру тиіс.
- Дау-дамайлардың нақты түрін талдау әдістемесін жасау. Әдістеме дау-дамайларды зерттеу үрдісінде қолданылатын әдістер мен процедуралардың жүйесін құрайды. Ол зерттеудің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келуі, едәуір толық және сенімді ақпарат алуды қамтамасыз етуі тиіс.
- Дау-дамайларды сынамалы зерттеу. Шағын сұрыптау арқылы алынған ақпараттың сенімділігін бағалау, бағдарлама мен әдістемені толықтыра отырып жасау. Практика зерттеудің барлық міндеттерін шешуге мүмкіндік беретін әдістемені бірден жасаудың қиын екендігін көрсетеді. Зерттеу барысында бірден барлық ұйымдық мәселелерді, зерттелетін адамдардың мінез-құлық ерекшеліктерін, оларға бағытталған сұрақтарды түсіну; нәтижеге елеулі әсерін тигізуі мүмкін жанама факторлардың және олардың сырттай ықпал ету тәсілдерін қарастыру; зерттеу үшін қажетті күштерді, құралдар мен уақытты дәл анықтау; мәліметтерді өңдеудегі қиындықтарды және басқа да мәселелерді анықтау мүмкін емес. Бұл сұрақтарға тек зерттеу практикасында ғана жауап алуға болады. Сондықтан да сынамалы зерттеу өте қажет. Ол «жіңішке» жерлерді алдын ала анықтауға және оларды жоюға мүмкіндік береді.
- Алғашқы конфликтологиялық ақпарат жинау. Алынған мәліметтердің дұрыстығы мен сенімділігін қадағалаумен ұштасады. Бұл кезеңде талдау бағдарламасын мүмкіндігінше анағұрлым толық іске асыру, жоспарланғанның бәрін зерттеу, жиналған мәліметтерді бұрмалауға жол бермеу маңызды.
- Жинақталған мәліметтерді сапалық және сандық өңдеу ұсынылған болжамдарға сәйкес жүргізіледі, сондай-ақ олардың шеңберінен шығып кетуі де мүмкін. Мұнда мазмұнды теориялық конфликтологиялық талдау негізгі әдіс болып табылады. Математикалық әдістерді, компьютерлік технологияны сауатты қолдану оның мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.
- Алынған нәтижелерді талдау және түсіндіру өңделген мәліметтерді жүйеге келтірумен, осы негізде зерттелетін дау-дамайдың сипаттаушы және түсіндіруші модельдерін жасаумен сипатталады. Нәтижелерді түсіндіре отырып, зерттеуге дейін қалыптасқан бағдарлардың жағымсыз ықпалына бой алдырмау маңызды. Егер алынған фактілер күтілген фактілерге қайшы келетін болса, онда оларды ысырып тастамай, болжамдарды өзгерту және фактілерді қайталап тексеру қажет. Бұл кезеңде дау-дамайдың дамуына әсерін тигізетін себептер жүйесін анықтау, оның динамикасындағы заңдылықтарды ашу қажет.
- Қорытындыларды, практикалық ұсыныстарды негіздеу және тұжырымдау зерттеуді аяқтайды. Бұл кезеңде психолог жұмысының нәтижелілігін арттыру үшін тек қана зерттеу барысында алынған ақпараттарды пайдаланбай, өз тәжірибесіне сүйене отырып, конфликтологияның барлық салаларындағы аталмыш мәселеге байланысты білімдерді ескеру қажет.