Дау-дамайдың мәні туралы қазіргі көзқарастар

  1. Дау-дамайлар психологияның даму тарихын қарастыра отырып, осы құбылыстың қазіргі психологиялық тұжырымдарын зерттеуге көшеміз. Шетелдік сияқты Ресейдегі психологияда да дау-дамай мәні мен маңызы туралы қабылданатын жалпы түсінік әлі қалыптасқан жоқ. Авторлардың бір бөлігі оны қақтығысу, қарама-қарсы әрекет, қайшылық ретінде түсіндіреді. Кейде дау-дамайлы қарым-қатынас түрі, жағдаяттағы сәйкессіздіктер, тығырықтан шыға алмау жағдайлары, бәсекелестік өзара әрекеттесу түрі ретінде түсіндіріледі.

Дау-дамай мәселесіне байланысты психологиялық әдебиетте бірнеше бағыттар бөлініп көрсетіледі. Оларды жүйелеуге байланысты алғашқы әрекеттер Р.Л.Кричевский мен Е.М.Дубовскийдің «Психология малой группы» (1991) атты еңбегінде мазмұндалған. Тұлға аралық дау-дамайды талдаудың «ұйымдастырушылық жұмыс – бірлесіп жүзеге асырылатын әрекет – мақсаттылық – когнитивті үрдіс» сызбасын негізге ала отырып, төрт бағыт бөлініп көрсетіледі: ұйымдастырушылық, іс-әрекеттік, мотивациялық және когнитивтік. Мотивациялық бағыт тек қана батыс психологтарының еңбектерінде көрініс тапқан. Ұйымдастырушылық және іс-әрекеттік сияқты бағыттарды бөліп көрсету сәтті болып табылады. Ал, мотивациялық және когнитивті бағыттарға келер болсақ, орыстың дау-дамай психологиясында оларды ерекшеліктеріне қарамастан, тұлғалық деп атауға болатын бір бағыт болып табылады. Дау-дамайлар қазіргі ресейлік психологияда аталмыш құбылыстың мәнін қарастырудың ұйымдастырушылық, іс-әрекеттік және тұлғалық сияқты үш негізгі бағыты бөлініп көрсетіледі.

Ұйымдастырушылық бағыттың мәні дау-дамайды ұйымның қызмет атқаруындағы белгілі бір алауыздықтардың, аталмыш жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін байланыстардың бұзылу үрдісі немесе салдары ретінде қарастырудан тұрады. Мұндай ұстанымды С.И.Ерина, А.Г.Ковалев, Ю.И.Мягков, А.А.Ершов т.б. сияқты белгілі психологтар ұстанды.

Іс-әрекеттік бағыттың өкілдері (А.И.Донцов, Т.А.Полозова, М.А.Иванов, Е.В.Первышева, В.В.Волков және т.б.) дау-дамайларда бірлескен іс-әрекеттерге тән заттық-іскерлік байланыстардың көрінуін зерттеуге көңіл бөледі.

Тұлғалық бағыттың жақтаушылары Н.В.Крогиус, Н.И.Фрыгина, Л.А.Петровская, Н.В.Гришина және басқа да психологтар тұлғаны даулы өзара әрекеттесудің орталық бағдары ретінде қарастыруға сүйенеді. Дау-дамайды зерттеудің әр түрлі бағыттарына қарамастан, ресей психологтарының басым көпшілігі мойындайтын оның негізгі мәнді белгілерін бөліп көрсетуге болады. Мұндай белгілердің қатарына төмендегілер жатады:

  1. Дау-дамайлар субъектілерінің (оппонентердің) арасындағы мәнді қайшылықтың болуы;
  2. Олардың қарама-қарсы әрекеттері;
  3. 3. Бір-біріне қатысты жағымсыз әсерлер .

Сонымен, әлеуметтік дау-дамай дегеніміз әлеуметтік өзара әрекеттесу процесінде пайда болатын, дау-дамай субъектілерінің қарама-қарсы әлеуметтерімен сипатталатын және олардың бір-біріне қатысты бастан өткеретін жағымсыз эмоцияларға ұштасатын мәнді қарама-қайшылықтарды шешудің анағұрлым шиелініскен тәсілі. Егер дау-дамай субъектілері қарама-қарсы әрекет жасап, бірақ бұл кезде бір-біріне жағымсыз эмоцияда немесе керісінше, жағымсыз эмоцияны бастан кешіріп, бірақ оларды сырттай көрсетпей, бір-біріне қарсы әрекет етпесе, бұл дау-дамай алдындағы жағдай болып табылады.

Әлеуметтік дау-дамай анықтамасынан байқағанымыздай, конфликтологияда осы құбылыстың психологиялық құрамдарына үлкен рөл беріледі. Бұл конфликтологияның ерекше саласы дау-дамай психологиясын бөліп көрсету қажеттігін дәлелдейді. Оның зерттеу нысаны тұтас дау-дамай, ал пәні – олардың пайда болу, даму және конструктивті аяқталуының психологиялық заңдылықтары мен механизмдері болып табылады. Дау-дамай психологиясын қарастырылатын құбылыстың үш түрі қызықтырады, яғни тұлға ішілік дау-дамайлар, әлеуметтік және жануарларға тән дау-дамайлар.

Дау-дамай психологиясының орталық нысаны – әлеуметтік дау-дамайлар, ал олардың өзегі – тұлға аралық дау-дамайлар болып табылады. Басқа әлеуметтік дау-дамайлармен салыстырғанда аса күрделі емес болып табылатын тұлға аралық дау-дамайларды зерттеу даулы өзара әрекеттесудің негізгі себептерін ашуы мүмкін. Психикада болып жатқан және адамның даулы мінез-құлқын анықтайтын үрдістерді зерттемей, әлеуметтік дау-дамайлардың мотивтерін ұғыну (қиындық туғызады) ауыр болады.

Ресейде психологияда әр түрлі дау-дамайды зерттеуде белгілі бір теңсіздік қалыптасты. Еңбектердің 83%-ға жуығы тұлға аралық дау-дамайларды зерттеуге байланысты болып келеді. Тұлға ішілік дау-дамайларға 8%-ға жуық жарияланымдар арналған. Шағын, орта және үлкен топтар арасындағы дау-дамайлардың, халықаралық дау-дамайлардың психологиялық сипаттамасы 3-4% еңбекте келтірілген. Сондай-ақ, ресейлік психологтар адамның әр қилы іс-әрекет түрлеріндегі және қатынастар салаларындағы дау-дамайларды зерттейді. Нысаны еңбек қатынастары мен оларды қамтамасыз ету шарттары болып табылатын әлеуметтік дау-дамайдың түрі:

еңбек дау-дамайлары (Н.В.Гришина, Т.М.Данькова, С.И.Ерина, А.А.Ершов, А.Г.Ковалев және т.б.)

ғылыми-зерттеу ұжымдарындағы дау-дамайлар (А.Г.Аллахвердян, В.И.Антонюк,В.В.Бойко,М.А.Иванов, Г.А.Моченов)

құқық қорғау ұйымдары қызметіндегі дау-дамайлар (Б.Ф.Водолазский, В.В.Волков, М.Л.Гутерман, Л.Я.Драпкин, Е.В.Евменова)

әскери ұжымдардағы дау-дамайлар (А.Я.Анцупов, Е.Г.Баранов, В.П.Галицкий, М.П.Крапивин, Ю.А.Канатаев, И.А.Ламанов, Ю.И.Мягков, В.В.Синеок, Н.Ф.Феденко, А.И.Шипилов)

спорттағы дау-дамайлар (Г.Д.Бабушкин, А.С.Горбатенко, Н.В.Крогиус, В.Н.Петровский, Е.И.Рогов және т.б.)

сотталғандар арасындағы дау-дамайлар (А.Д.Глоточкин, А.В.Дулов, В.Ф.Пирожков, А.Н.Сухов)

педагогикалық іс-әрекеттегі дау-дамайлар ( Б.С.Алишев, И.М.Вереникина, Э.И.Киршбаум, М.М.Рыбакова, Л.В.Симонова және т.б.)

отбасы-неке қатынастарындағы дау-дамайлар (В.Владин, Д.Капустин, Г.А.Навайтис, А.И.Тащева, А.И.Ушатиков, С.Г.Шуман және т.б.)

Дау-дамайлар тұлға әлеуметтенуінің әр түрлі кезеңдерінде зерттеледі :

мектепке дейінгі шақта (Б.П.Жизневский, Я.Л.Коломинский, А.А.Рояк, Т.И.Юферова және т.б.)

мектеп жасында (В.М.Афонькова, Н.В.Жутикова, Л.С.Славина, М.М.Хвиль, Б.А.Шульгина, С.Г.Якобсон және т.б.)

жасөспірімдік кезеңде (Т.В.Драгунова, И.А.Ламанов, Е.В.Первышева, С.Н.Хоружий және т.б.)

жастар мен білімгерлер топтарында (В.М.Басова, В.В.Новиков, А.И.Шкиль және т.б.)

Конфликтологтар еңбегінің нәтижелілігін арттыру үшін ғылым дамуының әрбір кезеңінде негізгі мақсаттар мен міндеттерді барынша нақты анықтау қажет. Қазіргі кезде конфликтологияның негізгі мақсаттары болып біріншіден, ғылым нысаны болатын барлық дау-дамайларды зерттеу, осы кезеңде конфликтологиялық теорияларды қарқынды дамыту, екіншіден, елдегі конфликтологиялық білім беру жүйесін құру, қоғамда конфликтологиялық білімдерді насихаттау, үшіншіден, дау-дамайларды болжау, алдын-алу және реттеу бойынша конфликтологтардың практикалық жұмыстарының жүйесін ұйымдастыру.