Кең байтақ Қазақстан жерінде адамзат тарихының түрлі кезеңдерін қамтитын сан алуан археологиялық нысандар арасынан қола дәуірінің ескерткіштері ерекше орын алады. Жазбаша деректемелер жоқ байырғы кездегі мұнда тіршілік еткен түрлі тайпалар мен халықтардың тоғысқан тағдырынан бірден-бір ақпарат беретін дерек көзін жүйелеу қажеттілігі күн санап артып келеді. Әсіресе, патшалық Ресей тұсындағы зерттеушілердің қалдырған бірлі-жарымды мағлұматтарды дерек көзінде ретінде пайдалану арқылы Отан тарихының ежелгі кезеңдерін, байырғы халықтардың мәдени-экономикалық байланысын, миграциялық жолдары мен этникалық үрдістерін, ілкідегі адамдардың антропологиясы мен этногенез мәселесін, археологиялық мәдениеттердің дамуын анықтауға болатындығы белгілі.
Мұның Қазақстанмен іргелес ірі-ірі мәдени-тарихи аймақтардың өткені үшін де маңызды екендігі анық. Осындай игі іс-әрекеттердің барлығы ең алдымен мәселенің зерттелу тарихына келіп тіреледі. Қолдағы материалдарды толымды түрде ғылыми талдаудан өткізу бірінші кезекте қола дәуірі туралы патшалық Ресейдің түрлі шекпенділері, зерттеушілері қалдырған үзік-үзік ақпараттарды бір ізге түсіруді қажет етеді. Мұны қазақтың белді археологтары Ә.Х. Марғұлан, К.А. Ақышев, М.Қ. Қадырбаев, Ә.М. Оразбаевтар «Древняя культура Центрального Казахстана» атты монографияларында (1966), «Археологическая карта Казахстана» жинағының очеркін жазған авторлар (Е.И. Агеева, А.Г. Максимова) біршама жазып кеткендігін айта отырып, олардың ізденісі негізгі дерек көзі екендігін ескерткен жөн. Бірақ бұл еңбектердегі қола дәуірінің зерттелуі басқа тарихи-мәдени кезеңдердің ескерткіштерімен бірге өрбиді де, аталған дәуірдің тарихи-археологиялық дерек көздері жеке көрсетіле қоймайды, яғни есімі аталған ғалымдар қола дәуірін Қазақстан археологиясының дамуымен бірге қарастырып, оны бөліп көрсетпеген. Соған байланысты республика қола ғасыры ескерткіштерінің зерттелу тарихы шеңберінде патшалық Ресей зерттеушілерінің еңбектерінің маңызын көрсету, кейінгі далалық ізденістерге тигізген ықпалын анықтау, олар қалдырған мәліметтерге деректанулық талдау жасау керектігі уақыт өткен сайын байқалып келеді.
Республика жеріндегі қола дәуіріне қатысты ақпараттар Қазақстан Ресейге қосылмай тұрып-ақ патша шенеуніктері тарапынан ұшыраса бастаған болатын. Патшалық Ресей Сібірді жаулап алғаннан кейін орасан зор аймақты алып жатқан қазақ сахарасына көз тікті. ХҮІІІ ғасырдың бас кезіндегі саяси ауыртпалықтарға ұшыраған қазақтардың бір бөлігін өзіне қосып алады. Бұдан кейін біртіндеп түрлі мақсаттармен қазақ даласына экспедициялар ұйымдастырып, оның қазба байлықтары туралы ақпараттар жинастыра бастады. Сол уақыттарда Қазақстанның археологиялық ескерткіштері, сәулет өнері мен кездейсоқ табылған жәдігерлері жайлы сөз қозғала бастады. Шындығына келгенде, қарастырылып отырылған кезеңдегі ғылыми ізденістерді алғаш рет В.В. Радлов жүйелеп берген болатын. Ғалымның бірнеше томдық еңбектерінде Қазақстан археологиясының ерте кезеңдері бір ізге түсірілген.
Негізінен алғанда, қазақ жеріндегі қола дәуірі ескерткіштеріне (басқа тарихи-мәдени кезеңдердің де) деген қызығушылықты туғызған Ресей патшасы І Петр указдары десе болады. 1716, 1718 жылдардағы указдарында ол көне заман жәдігерлерін жинастыруға бұйрық берді. Указдарда тіпті обалардан алынған ежелгі адам қаңқасына мың рубль, бас сүйегі үшін бес жүз рубль көлемінде сый-ақы берілетіндігі де көрсетілді /1/. Сөйтіп, осы уақыттан кейін Қазақстан мен Сібірдің мәдени ескерткіштерінің талан-таражға түсуі басталды. Үкімет тіпті обаларды қазатын адамдарды тағайындап та отырды. Патшаның өзі Мессершмидтті Сібірге жіберіп, түрлі жәдігерлерді жинастыруға тапсырма берді. Мессершмидт 1719 ж. Сібірге жетеді де, мұнда бірнеше жыл тұрады. Ол Сібірде, Есіл мен Ертіс аралығында зерттеулер жүргізіп, орталыққа үнемі есеп беріп отырды. Оның есебінде Есілде тұратын орыстар молалардан алтын мен күміс іздеуді кәсіп еткендігі, олар тіпті Обь өзеніне дейін жеткендігі айтылады /2/. Мессершмидт көне обалардан темір, мыс бұйымдар, жылқы әбзелдерін, сауыт-сайман бөліктерін, идолдар, т.б. заттар тауып жататындығын, кейде алтын мен күміс бұйымдар табылатындығын жазып қалдырған. Мессершмидт пен Геннин елеулі олжалар Павлодардан оңтүстікке қарай жатқан аймақтан табылып жатқандығын жазады. 1711-1721 жылдары Тобылда тұрған, Мессершмидттің қасында ұзақ уақыт бірге жүрген Ф. Страленберг кейіннен өз отаны Швецияда экспедиция кезінде табылған бірқатар материалдарды өз кітабында жариялап жарыққа шығарды /3/. Кітапта берілген жәдігерлер арасындағы Павлодарлық Ертіс маңында орналасқан обадан қазып алынған алтын медаль (медальон) ерте замандағы жарқын коллекцияны құрайды.
Қазақстанның жеріндегі археологиялық нысандарды зерттеуге Г.Ф. Миллер сынды ғалым да зор үлес қосқандығы белгілі. Оның «Изъяснения о некоторых древностях, в могилах найденных» атты шығармасы біз қарастырып отырған тақырып үшін басқаларына қарағанда құндырақ, өйткені мұнда автор обалардан аршып алынған көптеген материалдарға сипаттамалық ақпарат береді. Ғалым бұл еңбегінде Еділ, Тобыл, Ертіс, Обь өзендері алабындағы обалардан асыл заттар көптеп шығатындығын жазып қалдырған /4/.
Көлемді де ауқымды обалар туралы мәліметтерді капитан Н.П. Рычков та қалдырған. Н.П. Рычков 1771 жылы Есіл, Торғай, Ұлытау мен Атбасар далаларына саяхат жасап, өзінің есептік шығармасында бірқатар археологиялық нысандарды сипаттап өтеді. Материалдарының арасында Сарыарқадағы Қараторғай өзені алқабындағы үлкен обаларға орын берілген. Капитан обалардың көлемін жаза отырып, оларды скифтер уақытымен белгіледі /5/. Біздіңше, бұл сол кездері жасалған ең ерте кезбен мерзімделген ескерткіштердің бірі болып табылады. Обалардың қола дәуіріне де жатуы ғажап емес.
Қола дәуіріне тән обаларды немесе тас қоршауларды белгілі зерттеуші Н.И. Потанин 1829 ж. Семейден Созаққа дейін жүріп өткен жолында Орталық Қазақстан өңірінен кездестіреді. Әлбетте, Н.И. Потанин бұл ескерткіштердің палеометалл дәуірінен жататындығын ол кезде білген жоқ еді. Бұл құрылысты кейіннен «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» атты еңбегінде И.А. Кастанье былай деп сипаттайды: «В Токраунской волости, у подошвы гор Бегазы есть 4 замечательные могилы, кругом которых установлены каменные столбы, числом у каждого могилы 18 и более…» /6, 126/. Кейіннен аталмыш мәдениеттің отандық тарихнамада орнығуына бұдан кейін жарты ғасырдай уақыт өтті.
ХІХ ғасырда басталған әкімшілік бөліністерден соң Қазақстанның қазба байлығын игеру мақсатында мұнда барлауға келген орыс шенеуніктері мен ғалымдары ежелгі кен орындарын іздестірумен болды. Нәтижесінде бірқатар көне кен орындары анықталды. Телятников, Безносиков, Поспелов, Бурнашев, Б. Герман, И. Шангин, Г. Розе, В. Ледебур, А. Гумбольдт, Татаринов, А.Габриели, Д.Богословский, К.Григорович, Г.Романовский, т.б. тау кен инженерлері мен геологтардың еңбектерінде Орталық Қазақстандағы байырғы кеннің орындары, шахталары жайлы мәліметтер жинастырылды /7, 21-24/. Бұл ғалымдардың геологиялық ізденістерінде түрлі кезеңдерді қамтитын археологиялық нысандар да аталады. Көне қорымдарды немесе тас плиталардан тұратын обалар мен қоршауларды көбіне осы геологтардың ғылыми зерттеулер жүргізген аймақтарынан көптеп кездестіруге болады. Мұның өзі сол кезде-ақ табиғи жағдайы өмір сүруге қолайлы, кен байлықтары мол жерлерді қола дәуірі тайпалары қоныстанғандығын көрсетіп берген еді.
Табылған ескерткіштерді жүйелеу, кезеңдестіру жұмыстары да қолға алына бастайды. Бұл бағытта Сібір мен Қазақстанды зерттеген Г.И. Спасский еңбектерінің маңызы зор. Алғашқылардың бірі болып бұл ғалым табылған ескерткіштерді түрге (типке) бөлуге, классификациясын жасауға талпынды. «Древности Сибири» атты мақаласында Г.И. Спасский үлкен обалар мен тас қоршаулардың тарихи-мәдени мәніне талдау жасады /7, 25/.
Түпкі мақсаттары жаңа кен көздерін анықтау болған көптеген геологтар ежелгі кен орындары іздестіріп жүрген кезде біршама археологиялық нысандарды ұшырастырып отырған болатын. Мұндай нәтижелі іс-әрекеттерді Қазақстанда ұзақ уақыт тұрған А.Вланги, С.Б. Броневский, М.Красовский, Л.Мейер тарапынан көреміз. Алғашқы зерттеуші бұрынғы кен қазу ісі қазақтарда сақталғанын жазса, одан кейін аталған автор Қарқаралы маңындағы Кент жанында орналасқан обаларда қазба жұмыстарын жүргізеді де, алтын сырға, мыстан жасалған әбзел бөліктері мен қару-жарақтар, құмыра бөлшектерін қазып алады. Мамандардың есептеуінше, С.Б. Броневский кейінгі қола мен ерте темір дәуірінің обаларын қазған /7,30/.
Мұндай ақпараттар ХІХ ғасырдың екінші жартысында молая түсті. Бұл кездері Ш.Ш. Уәлиханов, А.С. Уваров, В.В. Радлов, т.б. зерттеушілер біршама нәтижелерге қол жеткізді. Қазақтың танымал ғалымы Ш.Уәлиханов та Орталық Қазақстандағы қола дәуірі ескерткіштерін сипаттап кетті. Ол: «На пути из Каркаралов в Актав встречается множество гробниц, составленных из плит, вертикально и плотно сжатых между собой, с одной стороны находятся двери. Подобные галереи есть в Большой Орде» -деп жазады /8, 36/. Бұған қарағанда, Ш.Уәлихановқа тек орталық өңірлердің ғана емес, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жеріндегі қола дәуірлерінің ескерткіштері мәлім болғанға ұқсайды.
Ал, А.С. Уваров әсіресе көне замандағы тас мүсіндер мен мегалиттік құрылыстарға қызығушылық танытты. Ол «Мегалитические памятники в России» деп аталатын мақаласында дольмендер Ресейдің азиялық бөлігінде көптеп ұшырасатындығын айта келе, біздің ел қола дәуіріндегі дольменді қалдырған халықтардың орталығы болды немесе оның бесігі іспеттес деген еді /9/.
Қазақстан патшалық Ресейдің құрамында болған кезде В.В. Радлов қола дәуірі ескерткіштерін біршама зерттеді. Ол 1862 ж. Аягөзге жақын маңнан Қарқаралы округынан, Семей төңірегінен бірнеше қола дәуірі нысандарында қазба жұмыстарын жүргізеді де, сол уақыттарға жататын бұйымдарды (мыс пышақ, т.б.) аршып алады. Мұндай заттарды В.В. Радлов Құланды, Ақмола өңірлерінен де тапқан болатын. Табиғи жағдайларға, археологиялық артефактіге қарап В.В. Радлов көршілес өңірлермен (Алтай, т.б.) бірге қазақ сахарасы да мыс, қалайы, алтын өндірген аймақтарға кірді деп есептейді. Алғашқылардың бірі болып өз заманында бұл ғалым Оңтүстік Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарынының мәдениетінің тарихын мыс немесе қола, ежелгі темір және жаңа темір, ерте орта ғасырлар секілді кезеңдерге бөлді /10/.
В.В. Радлов секілді ескерткіштерді бөлу, жүйелеу сынды жұмыстарға тау кен инженері М. Копалов та өзіндік үлесін қосты. М.Копалов Орталық Қазақстандағы ескерткіштерді алты топқа бөлді. Зерттеушінің ойынша олар — кәдуілгі мола, қабырғасынан қойылған тастар (андроновтық қоршаулар), қисық сызықтылар (көне бөген қалдықтары), төбелер (обалар), кен орындары мен бекіністер еді /11, 20/.
Бір айта кететін жайт, қола дәуірінің ескерткіштері І Петр патша заманынан бастап жиі тоналып келді. Ескерткіштерді сақтау, бүлдірмеу сынды жұмыстарды сол замандағы озық ойлы азаматтар (Г.И.Спасский, т.б.) үнемі айтып отырды. Сонда да болса жеке мүдделерін көздеген ауқатты адамдар ескерткіштерді тонаумен айналысып, «төбешік қазушылар» (бугровщик) экспедициясын ұйымдастыра берді. Айталық, Семейде саяси айдауда болып көп жыл осында тұрған Н.Я. Коншин ХХ ғ. Бас кезіндегі өз жазбаларында А.Ф. Сорокин деген көпестің ұйымдастыруымен жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижелерін келтіреді. Н.Я. Коншин жазбаларына қарағанда, А.Ф. Сорокин көбіне тас мүсіні бар обалар мен беғазы типіндегі үлкен тас плиталы қоршауларды қазған. Бұл ескерткіштер Күркелі, Ермектас шатқалдарында орналасқан. Н.Я. Коншин Күркелі шатқалынан дөңгелек келген оншақты обаны есептеген. Олар тас плиталарынан тұрғызылған. Оба ішіндегі тас жәшіктерден қыш құмыраларын, алтын бұйымдар (сырға, т.б.) тапқан. Мамандар А.Ф. Сорокин кейінгі андроновтық қоршауларды қазған деп пайымдайды /7, 37-38/.
ХХ ғасырдың бас кезінде Шығыс Қазақстаннан Ф.Н. Педащенко, А.Н. және Б.Н. Белослюдов секілді зерттеушілер андронов мәдени-тарихи қауымдастығына жататын ескерткіштерді тауып зерттеді /12/. Бұдан өзге аймақтардан да қола дәуіріне жататын материалдар табылып жатты. 1910 ж. В.И. Каменский Ертіс алқабында қазба жұмыстарын жүргізеді. Ол Өскеменнен солтүстік-батысқа қарай өңірден бірнеше ескерткіштерді зерттеп, сан алуан материалдар (өрнекті қыш ыдыстары, көбі алтынмен көмкерілген сырға, сақина, тоға мен қапсырма, т.б. заттар) жинастырады /13/. Экспедиция жұмысына Бобков, Бокий, Пилетич секілді зерттеушілер қатысты /14/.
1911 ж. Солтүстік Қазақстанда, Петропавл төңірегінен Ю.В. Аргентовский қоршауларды аршып, қызықты материалдар жинастырады /7,42/. Мұндай материалдар ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр бас кезінде көптеп жинала бастайды. Жылма-жыл археологияға деген қызығушылық ұлғайып, оның қалыптасуы жүріп жатты. Бұған әсіресе Ресей Географиялық қоғамының, Орынбор мұрағат комиссиясының, Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесі сынды ғылыми орталықтардың мүшелері мол үлес қосты. Түрлі жұмыстармен айналысып жүрген патша әкімшілік мекемелерінің қызметкерлері, әскерилер мен арнайы мамандар (геолог, тау-кеншілер, картограф, топограф, т.б.), әуесқой өлкетанушылар қазақ сахарасының түкпір-түкпірінен археология, оның ішінде қола дәуірі жайлы азды-кемді мәліметтер жинастырумен ішінара айналысты.
Қорыта айтқанда, кез келген ғылыми ақпараттың өзіндік рөлі бар десек, Қазақстан патшалық Ресей құрамында болған кезде өлке табиғи байлықтарын зерттеуге келген түрлі мамандардың да еңбектері де бүгінгі күні отандық тарихнама үшін деректік қорды құрайды. Жинастырылған қола дәуірі жайлы мәліметтердің барлығының деректік құны әрдайым жоғары болып қала береді. Себебі бұл ізденістер кеңестік заманда және қазіргі уақытта археологиялық жұмыстардың белгілі бір тарихи-мәдени өңірде жүргізілуіне, ескерткіштерді іздестіріп табуға бағыт-бағдар беріп келеді. Қарастырылған уақыттағы зерттеушілердің еңбектерін дерек көзі ретінде қарастыру отандық тарих пен археологияның дамуына мол мүмкіндіктер беріп отыр.
Біз қарастырған кезеңдегі ізденістердің өзіндік ерекшеліктері бар. Арнайы археологиялық далалық жұмыстар көп жағдайда жүргізілген жоқ. Тек бірен-саран ескерткіштерде ғана қазба жұмыстары жүргізілді. Оның өзінде жаңадан қалыптасып келе жатқан археологияның әдістемесін меңгерген мамандар жоқ еді. Көпшілік ғалымдардың бір-бірімен ғылыми байланысы әлсіз болып, нендей дүниелердің қай уақытқа жататындығы жайлы хабарлары болмады. Ескерткіштердің кезеңдестірілуі, хронологиясы мен корреляциясы жайында қозғалған сөз некен-саяқ еді. Қола дәуіріне жататын археологиялық нысандардың көбіне суреттемесі ғана жасалынып, олар басқа дәуірлермен мерзімделіп отырған кездері жиі ұшырасады.
Қола дәуірі ескерткіштері зерттелуінің осы кезеңіне тән нәрсе – ежелгі кен орындарына мамандар тарапынан басқа ескерткіштерге қарағанда жиі назар аударылды. Қазақстан шикізат көздері сол кезден бастап талан-таражға ұшырай бастады. Бұл жағдай тарихи ескерткіштердің бүлінуіне, қирауына алып келді. Дегенмен, осы кездері әлі де кәсіби білімі жоқ мамандар тарапынан жасалынған біршама материалдардың суреттемесі қазір жоғалып кеткен ескерткіштер жайлы дерек көзі ретінде қарастырылады.
- Сборник исторического общества. Т.ХІ, СПб., 1873. С. 372.
- Радлов В.В. Сибирские древности, Т. І. СПб., 1888. С.10.
- Stralenberg. Nord und Ostliche Theil fon Europa und Asia. Stokholm, 1730.
- Миллер Г.Ф. Изъяснения о некоторых древностях, в могилах найденных / Ежемесячные сочинения и известия об ученых делах. СПб., 1764. т.ХХ. С. 483-515.
- Рычков Н.П. Дневные записки путешествия капитана Николая Рычкова в Киргиз-Кайсацкой степи в 1771 году. СПб., 1772. С. 44-81
- Кызласов Л.Р. и Маргулан А.Х. Плиточные ограды могильника Бегазы / КСИИМК. Вып. ХХХІІ. 1950. С.126-136
- Маргулан А.Х., Акишев К.А., Кадырбаев М.К., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана. А.-А., 1966. – 435 с.
- Валиханов Ч.Ч. Собр. Соч. Т.І, А.-А., 1961, -400 с.
- Уваров А.С. Мегалитические памятники в России. Древности. / Тр. Московского археол. Общества. 1876, Т.ҮІ. Вып. 3.
- Радлов В.В. Сибирские древности. Из путевых записок по Сибири. Перевод с немецкого А.А. Бобринского. СПб., 1896
- Копалов М. Памятники старины киргизской степи /Записки Уральского общ. Любит. Естествозн. Екатеринбург, 1891-92. Т.ХІІІ. вып. 1. С. 19-22.
- Грязнов М.П. Казахстанский очаг бронзовой культуры / Сб. Ст. Антропол. Отряда Казахстанской экспед. Академии наук СССР. Л., 1930, вып. 15.С.149-162
- Теплоухов С.А. Древние погребения в Минусинском крае / Материалы по этнографии, 1927. т.ІІІ. вып.2. С. 57-112
- Черников С.С. Восточный Казахстан в эпоху бронзы /МИА, №88. М.:-Л., 1960. -271 с.
Автор в статье рассматривая труды исследователей в качестве источника подводить итоги археологических работ и полевых изысканий эпохи бронзы на территории Казахстана проведенными учеными разных профессий при царской России. В ней широко освещены вопросы бронзового века того периода. Определена роль каждого ученого и подводиться итоги многолетних работ. Анализируется публикации ученых. Наиболее важной частью оригинальных исследований автора является попытка установления хронологических этапов развития полевых изысканий, также указаны основные причины изучения бронзового века при царизме.
The Author is in article to take stock of archeological work and field prospecting the epoch of bronze on territory Kazakhstan called on scientist of the miscellaneous profession under tsarist Russia. In her broadly lit questions of the bronze age of that period. The Certain role each scientist and be totals of the perennial work. The publications scientist is Analyzed. The most important part of original studies of the author is an attempt of the determination хронологических stage of the development of the field prospecting, is also specified main reasons of the study of the Bronze Age at tsarist.