«Концепт» термині орыс тіл білімінде ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қоршаған орта құбылыстарының тіл әлемінде бейнелеуін зерттеумен байланысты пайда болды. «Концепт» терминінің теориялық негіздері Д.С.Лихачев, Н.Д.Артюнова, Е.С.Кубрякова, А.Н.Мороховский,А.Вежбицкая, В.Н.Телия, В.А.Маслованың еңбектерінде әр түрлі қырынан қарастырылды. Концепт сөздердің беретін ұғымын түсіну арқылы жеке адамнан бастап, қоғамдық топтардың, бүкіл бір ұлттың, халықтың тіл өрісінің, дүниетанымының ерекшеліктері айқындалады. Концептілер рухани мәдениеттің басты-басты ұғымдарын оның элементтері ретінде таңбалай отырып, олардың мән-мағынасын қамтиды. Рухани мәдени сөздердің лексикалық мағыналарын анықтау жаңа үстеме мағынаның ашылуына септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде бұрынғы түсіндірмелерді жаңа қырынан бағалауға әкеледі.
Концепт ұғымы лингвистикада «адамның әлем туралы жинақталған мәдени түсініктері» (А.Вежбицкая).
Қазіргі лингвистикада концепті үш түрлі бағытта талданып, қарастырылады: лингвистикалық, когнитивтік, мәдениеттанымдық.
Концептіні лингвистикалық тұрғыдан қарстыруды дұрыс деп санайтын зерттеушілер Д.С.Лихачев, В.Н.Телия, С.А.Аскольдов, В.В.Колесевтер және олар концептіні сөздің кез келген мағынасында өмір сүреді деп қарайды.
Концептінің мәнін когнитивті тұрғыда қарастыруды ұсынатын зерттеушілер З.Д.Попова, И.А.Стернин, Е.С.Кубрякова, В.З.Демьянков, Ю.Г.Панкрац, Л.Г.Лузиной.
Концептіні мәдениеттанымдық тұрғыдан қарасақ адамның ойлау дүниесіндегі «мәдениеттің негізгі ұясы» ретінде түсіндіріледі.
Осы ретте «ақындық» концептісіне тоқталар болсақ, қазақ халқының концептуалдық дүние танымында базалық концепт болып есептелінетін «ақындық» концептісін сөз ету үшін алдымен жалпы жыраулық табиғаттың адамзаттың рухани құндылығына қатысты белгілі бір ұлт мәдениетінде көрініс берген ерекше құбылыс ретіндегі болмысына талдау жасау қажет. Жыраулық болмыстың қайталанбас (әдеби-тілдік көркемдік, философиялық-логикалық тереңдік) табиғатында ерекше назар аудартатын құбылыс оның ауызша таралып ауызша жетуімен байланысты. Сондай-ақ жеке адамдардың (тыңдаушы, қабылдаушы әрі жанама автор, айтушы) жадылық қабілетіне ғана сүйеніп уақыт керуенімен бірге көшіп жеткен өлең мәтіндерінің мазмұндық, коммуникативтілік ерекшелігі де назар аударуға тұрарлық мәселе болса керек.
«Ақындық болмыс» бұл жерде «өлең жазатын, өлең шығара алатын шығармашылық адам», «поэзиялық шығармалардың авторы» деген ұғымнан бөлекше. Ақындық болмыстың ерекшелігі — жыраулық дәстүрдің, жалпы жыраулық қабілеттің, жыршылық дарынның бөлекше бітімімен түсіндіріледі.
Жыраулық дәстүр туралы сөз болғанда оның басты ерекшелігі ретінде алдымен жырдың ауызша дүниеге келіп, ауызша таралу қасиеті аталады. Қандай жыр (жыраулық дәстүр туғызған) болмасын белгілі бір оқиға үстінде, ерекше шамырқанған немесе толқыған сезім үстінде, кейде оқыс жағлайларда дүниеге келіп, сол бойда тыңдалушысына таралып, сол тыңдаушылары арқылы әр жерде қайталанып жадыда өшпестей жатталып қалып отырған. Қазіргі ғылыми пайымдауда жыраулық дәстүрдегі мұндай ауызша шығарылып ауызша таралу салты сол кездегі қоғамның, ортаның мүмкіншілігімен түсіндіріледі, яғни жазу-сызудың кенже қалуы, жыраулық дәстүрдің, нақтырақ жыраулардың қоғамдық билікте, елді ұжымдастырып, басын қосуда, кейінірек көшпелі өмір салтында насихаттау, мәдени, әдеби шаралардың орнын басу тәрізді қызметтерді қоса атқаруы, жырлардың қоғамдық, әлеуметтік өмірде ерекше және бірден-бір құралға айналуы деген сияқты уәждер айтылады.
Ақындар ерте дәуірлерден бері қарай түркі тілінде түрліше атауларға ие болған. Жыраулар тілінде ақындыққа қатысты «жырау», «жыршы», «ақын», «шайыр» сөздері қолданылады. Ал Қарақалпақ, басқада кейбір түркі халықтарында «бақсы» сөзі «ақынның» орнына жүрген. Бақсы біздің түсінігімізде: «шамандық сенімнің басты өкілі. Қолына қобыз алып, аспаптың сиқырлы үнімен түрлі тосын қимыл-қозғалыстармен (билеу, секіріп үйдің шаңырағына шығып кету т.б.) аурудың иесін жындарды аластайтын ерекше қасиетті, табиғаты жұмбақ адамдар». Бақсы сөзінің этимологиясын Қ.Жұбанов музыка тарихына қатысты еңбегінде кеңінен сөз еткен: «Қазақтың бақсылары, есепшілері, тістің құртын шақыратындар, жыланды, бүйіні шақыратын тамыршылар, қобызшы, домбырашы, әншілер көбісі сол шаманнан өрбігендер. Бұл жалғыз қазақта емес, қоғамның дамуының белгілі дәуірінде қай елде де болған мәселе. Сондай-ақ Қ.Жұбановтың көрсетуінше, түрікмендерде музыкант «бақшы» деп аталады, кез-келген адам бақсы бола алмайды, ол тұқым қуалайтын қасиет. Қырғыздарда «жомықшылар» қасиеті, киелі саналып олар жыр айтқанда үй шайқалған, дауыл соғып, бүкіл дүние «табиғат тактісінде билеп кететін болған» дейді. Осындай жұмбақ жайыттар қазақ жырауларына да тән. Қазақ ноғайға бірдей ортақ «Мәулімнияз-Едіге» жырын толғанда дауыл тұрып, табиғатта аласапыран түсініксіз құбылыс болатындығы туралы Қ.Сәтбаевтың естелігінде айтылады. «Маңғыстаулық Мұрын, Қарасай жыраулар жырлағанда шілдеде қырбық қар түседі екен» деген көне көз қарттардың әңгімесі де бұған дәлел бола түседі.
Ш. Уалихановтың «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты атақты еңбегінде: «Шамандық дегеніміз-әлемдік дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және өлгендердің рухын қастерлеу, аруағын ардақтау…
Шамандар асқан тәңірі мен рухтың жердегі қолдаушылары есебінде саналады. Шаман сиқырлы қасиеттерімен қоса, білікті, талантты, басқалардан мәртебесі жоғары: ол ақын да, күйші де, сәуегей және емші, сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Қазақтар шаманды бақсы дейді, ол сөз монғолша оқытушы деген, ұйғырлар бахшы десе, түркімендер осы атаумен өздерінің ақындарын атайды.
В.М.Жирмунский өзінің Х.Т.Зарифовпен бірлесіп шығарған еңбегінде сөз болып отырған терминнің өзбек тіліндегі мағынасын түсіндірді. Осы авторлардың пікірінше өзбектерде халықтық дастандарды үш түрлі айтады: бахши, шайыр, джироу. Соның ішінде бахши атауына ерекше тоқталады. Бахшиның екі жақты мағынасы бар: бір жағынан бақсы халықтық түсінікте сиқыршы, халықтық емші, музыканың магиялық күшімен аурудың иесін-жындарды қуушы, екінші жағынан эпикалық жыршыларды, ұзақ дастандарды орындаушыларды осылай атаған.
Сондай-ақ Қ.Жұбановтың пікірінше Қарақалпақтың батырлық жырларды орындаушылардан ең үздік шыққандарды «өгіз жырау» деп атайды. «Мүмкін бұл түркі нәсілді халықтардың арғы атасы болып саналатын мифологиялық «оғыз қаған» есімімен де байланысты болар» деген ой айтады. Сонымен бірге өгіз атауын «узан» сөзімен байланыстыратын пікірлер де жоқ емес. В.В.Бартольдтың түсінідіруінде узан деп көне түркі тілінде ұзақ дастандарды, немес оғыз-намені арнайы аспаптармен жарлаушыны атаған.
Қ.Жұбановтың пікірінше: «Қысқасы, қай халықта болмасын эпостың орындаушыларын киелі аруақты санап, оларды өлең айтқанда жаратушы тәңірінің өзі қолдап отырады деген түсінік туған. Тіпті, эпосты орындаушы жыраулардың өздері де өз өнерін тәңірдің берген сыйы деп ойлаған»- деп қортындылайды.
Жоғарыдағы пікірлерді саралай келе, ақындық қасиеттің көне түркі тілінен үзілмей келе жатқан атаулары ретінде «жырау», «жыршы», «шайыр», «жомоқшы», «бақсы», «узан» сөздерін атауға болады. Осы атаулардың қай-қайсысы да қазіргі түсініктегі ақындықтан әлдеқайда терең, жан-жақты («ерекше қасиет иесі», «киелі, аруақты адам», «оқымысты, дана», «музыкант», «дін иесі», «емші») ұғымда қолданғаны анық.
Ақындықтың поэтикалық тілдегі сипатына келсек, алдымен ақындық тұлғаның «мендік» бейнесі жүйрік, шайыр, шешен, жорға, шұбар, саңлақ, бәйгекер, тұлпар сөздерінің образдық өрісінде сипаталады:
Шайырлықтың белгісі-Сөзге қамшы салдырмай…
Ажарлап сөзін өңдейтін…Айтулы жүйрік мен едім.
Жорғамын сүргін басқаны-ай,Алысқа шапқан шұбалып…
Тайсылмайтын сарқылыпЖылқы ішінде шұбармын,
Қайнармын өзен тасқан-ай… Шұбарға таққан тұмармын,
Мен – ежелгі жүйрікпін,Өзім шұбар болған соң,
Алдына қара салмаған…Әрі – бері сөйлеп қызған соң.
Айтулы жүйрік мен едім,Топтан ойнап шығармын…
Салдырмай қамшы ұмтылған…Мен – байрақты жүйрік
(Сәттіғұл)саңлағың…
Мен — ежелгі бәйгеке
(Ақтан)
Мәтіндегі жүйрік, жорға, шұбар, саңлақ, бәйгекер, тұлпар сөздерінің мағыналарын жылқы атауының семантикалық аясына топтастыруға болады. Немесе «ақындық — жүйріктік» концептісінің бір кілт сөзі жүйрік, яғни жылқы. Жүйрік сын есімнің заттық мәні (жылқы) шабатын, салдырмай қамшы, алысқа шапқан етістіктері арқылы өзектендіріліп тұр. Шұбар сөзі семантикасында әрі сындық, әрі заттық мағына сыйдырылып берілген. Шұбар – ерекшелік өзгеге ұқсамайтын бөлекше тұр. Яғни өзгелер ортасындағы меннің бейнесі. Көптің, жалпының ішінен айрықшаланған жеке бейнесі. Шұбардың елден ерек көзге түсер сұлулық бейнесі екендігі Нұрымның ұзатылатын қызға арнауынан да көрінеді:
Әдебің жаннан артық қызбалықты,
Жылқының болған әуес шұбарындай.
Жорға – жылқының ерекше сәнді жүрісі. Тіліміздегі «жорға жүріс», «жорға бәйге», «үстіне су төгілмес жорға» тіркестерінен жорға сөзінің экспрессивті, эстетикалық ренкі байқалады (жағымды, әдемі, сұлу).
Ақындықтың жылқымен баламаланып берілуі оның бойындағы жүйріктік қасиетімен байланысты екендігі түсінікті. Сонда жорға, шұбар, саңлақ, бәйгекер, тұлпар сөздерінің ортақ атрибуты – жүйрік атауы, ал осы атаулар тұтасымен шайырлықтың, шешендіктің сипатын беру үшін жұмсалып тұр.
Ақындық концептісінің сипаты, сонымен бірге тіл, көмей, ауыз, жақ, сөз, жыр сөздерінің семантикасында танылады:
Ауызым жүйрік тілділі…Шабатын жүйрік мен едім,
Халқыма қадір-сөзім ұнағасын…Сөзге қамшы салдырмай…
Ажарлап сөзін өңдейтін…(Қалнияз)
Сөз порымын тасталы-ай…
(Сәттіғұл)
Сөйлей гөр, тілім, көмейім, Қалағандарың сөз болса,
Бұлайша демей не дейін…Төгейін жырды қауғалап…
Аяйынба жел сөзді…Сөйлеген сайын табармын,
(Нұрым)
Тілің – шешен, ернің еп,Сөз енеді жағыма,
«Айтқыш» деп жүр ғой сені көп. Көмейімде бүлкілдеп
(ҚЖ 252)(Нұрым)
Тұлғаның тілдік бейнесі ақындық тұрпаты, әсіресе, сөзді түрлі тіркестер мен байланыстарда алу нәтижесінде айқындалып, айшықтала түседі.
Ақындық концептісінің табиғаты суға қатысты тілдік түрлі өрнектерін қарайтын болсақ:
Сөзім – дария, тілім – шөміш. Мен бір аққан дария.
(Аралбай)Кемерін соғып шырпынған.
(Аралбай)
Таусылмайтын сарқылып,Өлең деген дария,
Қайнарлы өзен тасқан-ай…Қауғалап қалай сарқайын…
(Сәттіғұл)(Сәттіғұл)
Адам үшін су (өзен, бұлақ, дария) шексіздіктің, молшылықтың символы. Суда, сондай-ақ, екпін бар. Су – тоқтаусыз ағын, тасқынның, яғни мәңгі қозғалыстың көзі. Қозғалыс, қимыл-әрекет — өмірдің өзегі. Олай болса, ақындық та, өлмейтін, өшпейтін, тіршілікпен бірге тоқтаусыз ағындағы құбылыс. Біз жоғарыда сөз еткен жылқы, су, тіл (сөз) атаулары ақындық концептісінің жалпы сипатын береді.
Ақындық болмыс – адамзаттың ішкі «үнін» сыртқа шығару құралы екендігін түрлі өлеңдерден байқаймыз.
Ақындық адам баласының өмірдегі қызық, қуаныштарының базарлы тірлігінің айғағы. Оның шығармашылық кеңістігі – орта.
Ақын – елдің, жердің шежірешісі, өлеңмен өрілген тарихы, оның ақындық концепт жеке-дара бола отырып, «топқа», «көпке» ортақ. Оның көптен тартынуына, бұлданып бой тартуына құқы жоқ. Себебі оның бойында ақындық құдірет бар, ол бүкіл адамзаттың ортақ игілігі үшін берілген оған. Сондықтан да ақындық болмыс ақындық концептіге:
Ақындық, жырылық – қасиетті жол.
Өнеге шашқан жыршылық,
Құдайға ол да құлшылық. (Сүгір)
Ол ата бабадан қалған жолмен жалғастығын тапқан, алқаның ақ батасымен орныққан өнер.
Атдан келген мирасы,
Дүлдүл жүйрік мен едім,
Алқалы ерде бата алған. (Сүгір)
Ақындыққа кірсіз тазалық тән:
Шаң мен кірден сақтанған,
Тоты құстай баптанған
Сөзім күміс апталған
Сары алтынмен қапталған. (Нұрым)
Жыршыға, шешенге тән мінез: түйінді, десте-десте сөз, кемелдік, билік, уәделілік, сабырлылық, пікірге кәмілдік арқылы танылады.
Яғни ақындық, жыршылық болмыс — ол мәңгілік рухтың көрінісі, шынайы адамдықтың айқын көрінісі когнитивтік концептілердің талдау үлгілерінен ерекше байқалады.
Резюме
В статье рассматривается раскрытие концептического значения поэтического слове в языке и система концепции.
Summary
This article is about conception meaning of poetic words in language and system of conception.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Жаманбаева Қ. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері. – Алматы, «Жазушы», 2004ж.
- Рахлина Е.В. Когнитивная лингвистика. Москва 1998.
- Нұрдәулетова Б.И. Когнитивтік лингвистика.- Алматы, «Дәуір», 2011ж.
- Айтова Н. Қазақ тіліндегі түр – түс атауларының когнитивтік
семантикасы. Алматы, «Жазушы», 2005ж.