Мектептегі музыка мұғалімі іс-әрекетіндегі педагогикалық шеберлік мәселесі

Музыка өнері жеке тұлғаның дамып, қалыптасуында аса маңызды роль атқарады. Музыка адам саласына, жүйке жүйесіне ықпал ететін ерекше психофизиологиялық құбылыс болып табылатын дыбыстар арқылы бейнеленеді. Ал ол дыбыстар-түрлі биіктік пен күштіліктегі жай дыбыстар емес, адам сезімін бейнелеуші, реттеуші сұлулық заңына сәйкестенген әсерлі әуен өрнектері.

Музыка өнері өмірдің ажырамас бөлігі ретінде эстетикалық, танымдық, тәрбиелік функциялар атқарады. Бұл туралы Д.Б.Кабалевский былай деп тұжырымдағанды: «Адам жасаған өнер сол адам туралы және сол адам үшін жасалады, музыка мен өмірдің байланысы осында жатыр. Міне, сондықтан да өнер үнемі адамдардың идеялық дүниесін байытып, рухтандырып, дүниетанымын бекітіп, күш қуатын арттырып келеді». Музыкалық шығармаларды тыңдау, ойнап үйрену, орындау барысында оқушылардың өмір тәжірибесі байытылады, болмысты байыптау өрісі кеңейеді, ойлау процестері жеделдетіледі. Музыкамен қарым-қатынаста болу әуен-саздың өзара байланысын, мәнерін, бірізділіктегі құрылымын танып білуге көмектеседі. Оқушылардың музыкалық іс-әрекеттерінде дамитын ойлаудың осы сферасы олардың болмысты тануына көмектеседі, дүниетанымын кеңейтеді, ақыл-ой қабілеттерін жетілдіреді. Қиялдың, фантазияның дамуы — тәлім-тәрбиенің маңызды жақтарының бірі. Осы ретте бала қиялын шарықтатып, арман-мақсатының өресін биіктетуде шығармашылыққа жетелеуде музыканың маңызы зор [1, 12-б].

Мектептегі музыкалық тәлім-тәрбиенің мақсаттары мен мазмұнын анықтау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселелері қарастырылған Н.Я.Брюсова, музыка сабағын жобалау, құру мәселелерін талқылауға арналған мақалалары да музыкалық білім беру педагогикасы теориясының дамуына айтарлықтай үлес қосқан еңбектер деуге болады.

Бүгінгі болашақ музыка-мұғалімінің әлеуметтік білім беру кеңістігінде білім алу жолын оң шешіммен қарауы, он жүйелі түрде қарастыруы, ғылыми тұрғыдан өзінше тұжырым жасай отырып, оқу-тәрбие процесінде пайдалана білуі бастауыш сыныптарда өтілетін музыка сабағындағы негізгі мәселенің бірі болып саналады. Ұстаз-өзінің іс-әрекетін үнемі педагогикалық жаңашылдыққа, көркемдік құндылықтар мен білім берудің негізгі жолдарын меңгеруге, оны жеткізе білуі арқылы мектептегі тың бастамалардың қолдаушысы болуы тиіс [2, 81-б.].

Бүгінгі музыка мұғалімі-жан-жақты білім алған, оқушылардың бойында әсемдікке, көркемділікке деген нәзік сезімін шыңдай алатын шығармашылық бағыттағы тұлға болуы қажет. Болашақ ұрпақтың білімділігі мен оның рухани байлығын музыка сабағы арқылы байытуда мәдениетті, білімді, өзіндік ұстанымы мен таным-көзқарасы жетілген тұлға тәрбиелеудің маңызы зор.

Мектеп мұғалімі жеке тұлға ретінде өзін-өзі шығармашылықпен жүзеге асырған жағдайда ғана зерттеушілік мәдениеті қалыптасады, өзінің кәсіби шеберлігін шындауда өзін-өзі зерттеу, кәсіби іс-әрекетін талдау, оқу-тәрбие жұмысында қолданатын әдіс-тәсілдерінің тиімділігін пайымдау, музыкалық білім мазмұнын жобалау, болашақ нәтижелерді талдау сияқты толып жатқан іскерліктерін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Педагогикалық талаптарына сайбалаларды ән өнеріне баулуда тәжірибеде қолданылатын арнайы ән жаттығуларының алатын орны ерекше. Болашақ музыка мұғалімі педагогикалық шеберлігінің негізі-ең алдымен, олардың ғылыми тұжырымдама жасау әдістемесін бойларына сіңіруіне байланысты. Танымдық қызығушылықтың өз уақытында пайда болып, дамуымен шығармашылық бесленділігі, қызығушылығы, өз бетінше жұмыс жасау қалыптасады.

Музыка мұғалімі-ұйымдастырушы, тәрбиеші ретінде жетекші өзінің педагогтық шеберлігін арттырып, барлық жағынан үлгі болуға міндетті. Ол дайындықты ұйымдастырудың барлық мәселелерін шешуге, оның жоспарын жасауға, музыкалық шығармамен жұмыс істеудің мазмұны мен әдістерін, жеке-дара және топтың сабақтардың формаларын, тәсілдері мен әдістерін құралдарын динамикалық келісімділігін және т.б. мұқият ойластыруға тиіс.

Бұл зерттеулерде болашақ мамандырдың педагогикалық шеберліктерін қалыптастыру мәселесі бойынша теориялық-әдістемелік бағалы ақпараттар мен тиянақты көмек бере алатын мәліметтердің бай қоры сақтаулы. Педагогикалық шеберлік әртүрлі теориялық білімдерден нәр алып, теория мен тәжірибе арасындағы өзінше бір жалғастырушы ролін атқарады. Сондықтан мұндай қабілеттерді жоғары оқу қабырғасында жүргенде қалыптастыру қажет. Бұл мәселелер кәсіпқой–педагогикалық музыға мұғалімдерін дайындаудағы жағдайды көтеру зерттеушілер О.А.Апраксина, Л.Г.Арчажникова, Э.Б.Абдуллин, т.б. зерттеушілердің еңбектерінде көрініс тапчан [3, 72–б.].

Шығармашылық ізденіс барысында, белгілі бір жағдайларда бұларды танымдық қызығушылықтың қалыптасуына және шеберліктің жаңа жолдарын табуға болатындығын мұғалімдердің жұмыстары көрсетіп отыр, бірақ бұл үшін алдыңғы қатарлы іс-тәжірибелерді байытып, педагогикалық және әдістемелік нанымды қалыптастыру, дамыту, жаңа ой түю қажет.

Күрделі сараптама жасай білу қабілеті музыка мұғалімі шеберлігін білдіреді. Бәрінен бұрын-музыка мен аудитория арасындағы қарым-қатынас орнату шеберлігі — әртүрлі жастағы оқушылар мен музыканы оқып үйренуде, әртүрлі қабілетті балалармен байланысты табу қасиеті. Музыка мұғалімі жетістігі көпшілігінде балалармен арада орнатылған қарым-қатынас шеберлігіне де байланысты. Сыныппен жүргізілетін әрбір сабақ ара қатынас тек айтылған сөзде, мимика мен қозғалыста ғана көрініс тауып қана қоймайды. Оның бояуының реңі тек өнер сабағына тән көптеген компоненттерден құралады, ішкі жан дүниеге әсер ететін, орындаушылық процестер кезінде, музыка тыңдағанда және музыка жайлы ой жүгірткенде туындайтын музыканың-өз тілі, сөзі, мимикасы, көзқарасы болады. Ал, Ю.П.Азаровтың пікірінше, «дәл сол жерде болашақ мұғалімдер педагогикалық шеберліктің алғашқы түп нұсқасын, жоғары педагогика мен мектептегі білім реформалары мен негізін қалыптастырады». Алайда, тек жалғыз білім педагогикалық санатты анықтай алмайды. Егер мұғалім осы айтылғандарды іс-тәжірибеде қолдана алса ғана олар жүзеге асады [4,16-б].

Егер мұғалім балалардың әнді қалай айтып жатқанын естімесе, былайша айтқанда, олардың бет әлпетіндегі өзгерістерді көрмесе, көңіл-күйлерін түсінбесе, сөйлемнің айтылу мәнерін байқамаса, музыка сабағы бүлінеді. Әсіресе, жоғары сынып оқушылар мұғалімнің жасанды қылығын бірден байқайды. Бұл жерде қарым-қатынасты ұйымдастыру және айтылатын сөздің мәніне тікелей әсер ететін сөйлеу өнері де маңызды. Барлық педагогтарға белгілі, бастауыш мектеп оқушылары ұзақ мазмұннан құралған, берілген тапсырманы толық игере алмайды. Көпшілігінде мұғалім бұл туралы ұмытып, ұзақ және көп сөйлеуге әуестеніп кетеді.

Музыка мұғалімі музыка сабағының өзіне тән белгілерін есепке ала отырып, дәстүрлі қарым-қатынас ретінде сұрақ қоюды белсенді түрде қолданып қоймай, айтылған сөз-ойлау, айтылған сөз-белгілі бір мәселе, айтылған сөз-қарым-қатынас деп қарастыру керек. Балалардың сабақта ойлануы-бұл әңгімелесу процесі сияқты музыкамен көркемдік байланыс кезінде туындайтын іс-әрекет. Оқушылар әрқашан тыныш ойлануға, ал мұғалім осы ойларды, пікірлер мен айтылған сөздерді шебер дамытуға үйренуі керек.

Музыка мұғалімінің мәнерлі сөзі, дыбыстау құралдарының барлық жиынтығы, дыбыс күшінің өзгеруі, биіктігі, дыбыстың ұзақтығы мен сапалы бояуы дауыс ырғағының арқасында жүзеге асады. Мұғалімнің рухани бай екендігі оның ойлау мәдениеті мен сөйлеу мәдениетінен көрініс табады. Бұл қабілет сонымен қатар, тұлғаның қалыптасуында басты құрал ретінде көрініс береді.

В.А.Сухомлинский өз сөзінде: «Мұғалімнің сөзі-тәрбиеленушілердің жанына әсер ететін ештеңемен алмастырылмайтын құрал. Атап айтқанда-тәрбие өнері-бәрінен бұрын сөйлеу өнері, адам жүрегімен байланыс жасау ісі» [5, 101-б.].

Адам санасына ғана емес, сонымен қатар, сезіміне де әсер ету педагогикалық шығармашылықтың шынайы шеберлігі. Қазіргі кезде мектептегі музыка сабағын беру әдіс-тәсілі мынадай сенімді көрсетіп отыр. Ойнаған шығармасын үзіліссіз байланыстыра, айтылған ой немесе айтылған сөздер ішкі жан-дүниесімен қабысса, өзінің дыбыстар үндестігіне деген қарым-қатынасының өзінің өмірлік тәжірибесімен жалғастырса мұғалім- сонда ғана өз ісінің шебері, жасаушысы. Шебер музыка мұғалімі алға қойылған тапсырманы, музыкалық сабақтың идеясын өз жүрегінің елегінен өткендей сезінуі қажет.

Белгілі зерттеушілердің айтқандарын негіздеп, саралай жеткізер болсақ, педагогикалық шеберлік-бұл педагог-музыкант тұлғасы, оның кәсіпқой білімі, педагогикалық қабілеті мен педагогикалық іс-әрекеттен тұратын тұтас жүйе. Болашақ маман келтірілген компоненттерді өз бетімен іс-әрекет еткенде игеру қажет. Өз бетінше жұмыс жасау жауапкершілігін түсінгенде ғана, алға қойған талапқа ұмтылу мен балаларға деген махаббат, оның кәсіпқой шеберлігін қалыптастыратын болады. Біздің пікіріміз бойынша, педагог-шебер-бұл педагогикалық техниканы әдістемелік дайындық барысында игерген, оқып үйретудің әдіс-тәсілдерін меңгерген және оны өзгерген жағдайларға байланысты шебер қолдана алатын жоғары кәсіпқой маман. Тұтас алғанда, әрбір мұғалімнің шығармашылық мүмкіншілігінің дамуына қажетті білім көзі мен белгілі бір әдістер жинақталады.

Болашақ мамандар мектепте оқытудың мақсаттары мен міндеттерін есепке алып, негізі бағдарлама материалдарының мазмұнын, оқушылардың шынайы мүмкіндіктерін, оқу процесінің қамтылу деңгейін, ең соңғысы өзінің қабілеті мен қазіргі музыка мұғаліміне деген талап олардың педагогикалық шеберліктерін арттыру себебінен екенін білулері керек.

Халықтың музыкалық творчествосын игеру — қыруар еңбекті талап ететін ең незізгі мәселе. Мұны жүзеге асыруда түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалануға болады. Оқу процесінің нысаналы жүргізілуі, оның жүйелілігі, түсініктілігі, көрнекілігі, өмірмен байланыстылығы, оқыту мен тәрбиедегі сабақтастығы, әрбір адамды терең құрметтей отырып, ұжымның барлық мүшелеріне қойылатын талаптардың бірлігін қалыптастыру қажет. Шығармашылық ізденіс, өзін-өзі көрсету үшін оңтайлы жағдайлар жасау және ұжымның, жетекшінің талаптарына міндетті түрде бағыну, жоғары тәртіптілікті талап етеді. Музыкалық шығарманы ұжымдық үйренуге кірісуде, шығарманың музыкалық текстін дәлме-дәл орындау, әуенніңсипатын анықтау, музыка дыбысын шығаруда барлық тәсілдерді белгілеу, бүкіл шығарма барысында дыбыстың тепе-теңдігіне қол жеткізу,орындаушылық шеберлігініңдәлдігіне жетуде музыка мұғалімінің қосатын үлесі мол.

Музыка мұғалімі оқушыларды музыкалық шеберлігі пен дағдыларды игеруде белсенділік пен дербестікті дамыту және халық музыкалық творчествосының негіздерін оқып үйреніп, оларды жүйелі жүргізуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, белсенділік пен дербестікті дамыту және халық музыкалық шығармашылығының негіздерін оқып үйреніп, іс-тәжірибеде қолдануды жүйелі түрде жүргізуді қамтиды.

Музыка мұғалімі шеберлігінің құпиясы-оны зерттеу ісінде ғана емес, жинақтаған мұраға және оқыту әдістеріне шығармашылық шабытпен келуі, оларды жаңа өзгерген жағдайларға байланысты қолдана білу, сонымен қатар, ғылыми жаңалыққа өз сараптамаларын жасай білу талаптары, кездескен қиыншылықтарға өз бетінше даяр бола білу мен оларды шешу болып табылады. Оқушыларды өз бетінше ізденуге, салыстыруға, талдау жасауға және зерттеу ісіндегі құбылыстарды қоршаған ортамен байланысын табуға, ақиқат іздеуге, шығармашылықпен ойлау қабілетін қалыптастыру музыка сабағыныңмақсаты болып табылады.

Резюме

Современный перподаватель музыки должен уметь со стороны социального образования- правильно рассматиривать образование и ее положительные виды систем и иметь личные выводы с научным подходом и уметь использовать навыки на уроках музыки в начальных класах, и это является самыми главными проблемами в учебно-воспитательном процессе музыки в начальных классах. Учитель должен регулярно направлять свои действия к педагогическому новаторству, усвоению основных путей в преподовании и художественных ценностей, и умея довести до сведения должен стать спутником инициатив в школе.

Summary

Modern teacher of music should be able to by the Social Education — the right opinion to education and to know its positive kinds of systems, and have a personal conclusions from the scientific approach and be able to use the skills of music lessons in primary schools, and this is the most important challenges in the educational process of music in primary classes. The teacher should regularly send their actions to the pedagogical innovation, absorption of the main ways of teaching and in art treasures, and being able to bring to the attention should be attendant initiatives at the school.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. П.Момынұлы. Музыкалы-эстетикалық тәрбие.-Алматы, 2000 ж.
  2. П.Момынұлы., И.Нүсіпбеков. Ән-музыка сабағы.-Алматы: Өнер,1957 ж.
  3. Б.Ғизатов. Ән әліппесі.-Алматы: Өнер,1966 ж.
  4. Меңдіаяқова Қ.М.,Қарамолдаева Г.Ж. Мектепте музыка тәрбиесін беру

әдістемесі.-Алматы: Әл-Фараби, 1997 ж.

  1. Жұбанов А. Музыкадағы алғашқы қадам. -Алматы: Өнер, 1963 ж.