1.Шағын комплектілі бастауыш мектепте мазмұндама алдын ала дайындалған әңгіме бойынша жаздырылады. Дайын мәтін бойынша мазмұндама жеңілден ауырға, белгіліден белгісізге, жақыннан алысқа көшу принципі бойынша жүргізіледі. Сондықтан бұл мазмұндама бастауыш сыныптарда былай жүргізіледі:
Бұл әдіс 1-сыныпта көбірек қолданылады. Осы әдіспен сыныпта ұйымдастырылған мазмұндаманы мысалға келтірейік.
Сурет бойынша жаздыратын мазмұндаманы жүргізу де дайын әңгіме бойынша өткізілетін мазмұндамаға соқпай кетпейді. Өйткені мұнда да мәтінді мұғалім алдын-ала дайындайды. Одан бір айырмашылығы-мәтінге қосымша сол оқиға желісін баяндайтын сурет болады. Сурет бойынша мазмұндама жазу оқушылардың ойын, тілін дамытумен бірге оларды суреттің мазмұнын түсінуге, суретте бейнелеген зат пен құбылыстарды бейнелі сөз өнерімен өрнектеуге үйретеді. Баланың эстетикалық талғамын күшейтіп, шығармашылық қиялын дамытады.
2.Шағын комплектілі бастауыш мектепте сурет бойынша жазылатын мазмұндаманың мынадай түрлері бар:
- Белгілі бір оқиғаға арналған бір сурет бойынша жүргізілетін мазмұндама.
- Белгілі бір әңгіме мазмұнына арналған бірнеше сюжетті суреттер арқылы жаздырылатын мазмұндама.
Суреттеер бойынша жаздыратын мазмұндамаларды бір сарынды емес, түрлендіріп өтуге мүмкіншілік мол. Атап айтқанда, сюжетті суреттер бойынша өткізілетін мазмұндама мәтіндегі сөйлемдердің орнын ауыстырып беріп, оны сурет тәртібіне орай түзеттіріп немесе орны ауыстырылған суреттерді мәтін бойынша жүйеге келтіріп те мазмұндама жаздыруға болады. Мұндай жұмыстар оқушының ойлау қабілетін дамытып, шығармашылық икемін арттырады.
Шағын комплектілі бастауыш мектепте сурет бойынша мазмұндаманы былай жүргізуге болады:
- Мұғалім кіріспе әңгімесінде балаларға шопанның ауыр еңбегі, көктем кезіндегі қойдың төлдеуі, оған балалардың қолғабысы т.б. туралы әңгімелейді.
- Тақырыбы жобалап қойылған сурет тақтаға ілінеді. Балаларға мұндағы оқиға желісіне зерделей, мұқият қарау тапсырылады. Балалар біршама уақыт ойланғаннан кейін мұғалім жалпы сыныпқа мынадай сұрақтар қойып, оған дұрыс берілген жауаптарды іріктейді.
-Суретте жылдың қай мезгілі бейнеленген?
-Көктем мезгілі екенін қалай дәлелдейсіңдер?
-Ауа райы қандай?
-Сонау қыратта жайылып жүрген не?
-Қойдың бер жағында тұрған кімдер?
-Ал шарбақ ішіндегі кімдер?
-Олар не істеп жүр.
-Шопандарға көмектесіп жүрген оқушыларды кімдер деп атауға болады?
Осы сұрақтарға толық, дұрыс жауап алынғаннан соң мұғалім:
-Енді осы суретті қалай атасақ екен?-деп сұрайды.
Балалар өздерінің түрлі тақырыптарын ұсынады. (“Көктемде, қой төлдегенде”, “Оқушылар көмекке келді”, “Шопан отарында” т.б.).
Балалардың келтірген тақырыптарының барлығы да дұрыс екендігін, суреттің мазмұнын ашуға сай келетінін айта отырып:
- Осы суреттің авторы қалай атаған екен,- деп суреттің жабулы тақырыбын ашады. Автор өз суретін “Шопанның жас көмекшілері” деп атаған екен.
- Мұғалім осы сурет бойынша дайындап келген мәтінді тақтаға іледі де, мәнерлеп оқып шығады.