Табиғи зеректілік, кемерінен асып төгілген мол ақыл мен білім, зор еңбекқорлық, сирек кездесетін ұйымдастырушылық қабылет пен табандылық және іскерлік академик С.Бейсембаевтың бойына туа біткен қасиет болатын.
Сондықтан да болар ол туған жері мен халқының сенім артқан адал азаматы болып қана қоймай, өзі таңдап алған ғылым жолында да басқаларға үлгі-өнеге боларлықтай дәрежеде еңбек етті. Мұның өзі ұрпақтар жалғастығы деуге тұрарлық іс. Себебі, өткенді білмей болашаққа жол салу мүмкін емес.
Ал, С.Бейсембаев болса дәл осы салада соңына мол рухани байлық қалдырып кеткен азамат. «Нағыз адамды дәуір тудырады» деп ұлы Абай атамыз айтқандай С.Бейсембаев та Қазақстан ғылымынан өзінің лайықты орнын алған өз дәуірінің перзенті екендігінде дау жоқ.
С.Бейсембаевтың кез-келген тарихи еңбектерінің мән-мазмұнына зер салсақ, одан біздер терең ойлылақ пен пайым-парасаттылықтың ізін көреміз.
Оның зерттеулерімен танысу барысында өз халқыңның өткен тарихына деген қызушылық, жақсы мен жаман жақтарын салыстырушылық, болашаққа деген сенімділіктің туындайтындығы сөзсіз.
Академик ғалымның тұстас, замандастарының айтуы бойынша ол тек өз саласың білгірі болып қоймаған, сонымен қатар әдебиет, мәдениет, өнер салаларын да тереңінен игерген жан болған. Сондықтан да болар С.Бейсембаев кімдермен болсын ортақ тіл табысып, күн тәртібінде тұрған мәселенің шешімін табуға тырысатын. Қоғамдық қызметін ғылыми жұмыстармен байланыстыра жүргізу нәтижесінде ірі табыстарға қол жеткізетін.
С.Бейсембаевтың тарихи, рухани мұраларының танымдық, тәрбиелік ерекшеліктерін оның әріптес, қызметтестерінің естелік мақалаларынан көптеп табуымызға болады. Мысалы, республикамызға кеңінен танымал ғалымдар Т.С.Садықов пен А.Ғ.Сармұрзин өздерінің «Аксакал исторической науки» деген мақалаларында С.Бейсембаевтың ғылымға қосқан үлесі мен қоғамдық қызметіне және адамгершілік қызметіне: «Оның оқып, тоқығаны шектен тыс, қоғамдық қызметінің аясы кең: Қазақстан Орталық Комитетінің мүшесі, Республика Жоғарғы кеңесінің депутаты, Ғылым және техника саласынан Республикалық мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі Комитеттің мүшесі, Ғылыми дәрежелер беру жөніндегі Диссертациялық кеңестің мүшесі. Ол сонымен қатар өнер мен спортқа да өте жақын болатын[1].
Жоғарыда біздер С.Бейсембаевтың тарихи, рухани мұраларының танымдық, тәрбиелик ерекшеліктерін білгіміз келсе ол туралы әріптестері мен қызметтестері әр кездері жазған бай мұра мақалалар мен естеліктерге көңіл бөлу қажеттігін айтқамыз. Енді солардың бірқатарына тоқталып өтелік.
Мысалы, Ұлы Отан соғысының ардагері, тарихшы Ш.Құсанова өзінің «Елінің ардақты перзенті» деген эссе-естелігінде: «Серікбай Бейсембайұлы адамгершілігі зор ерекше тұлға: бабамыз Қожа Ахмет Яссауи сөзімен айтқандай «ізгі жүрек әзиздерге ізет еткен, жаны жайсаң, жақсыларға қызмет еткен… сөзінен мейірім, жүзінен нұр жайылып тұратын» адам еді. Секеңнің ірі тұлғалық қасиеттерін айтып жеткізе алмаспын.
Серікбай Бейсембайұлы жалғыз ғана мен емес, жүздеген, мыңдаған педагогтарға, шәкірттерге игілікті ықпалын тигізген адам. Секең ішкі дүниесінің байлығымен маңындағы адамдарға әрқашан нұрын шашқан, өзінің жайдары мінез-құлқы, ізгілікті ісімен үлгі-өнеге көрсеткен, сегіз қырлы бір сырлы, адамгершілігі мол, өте байсалды, халқының барлық қасиеттерін өз бойына толық сіңірген елінің кемеңгері әрі эстет адам еді»-деп есіне алады [2].
С.Бейсембаевтың барлық зерттеу еңбектері кеңестік кезеңде маркстік-лениндік көзқарас тұрғысынан жазылса да бүгінгі күнге дейін өз маңыздылығын жоймай отыр. Осы туралы республикамызға белгілі тарихшы Ж.Б.Абылхожин: «Многие фрагменты из исследовании именно того периода дали живительный мыслительный материал для «квантового скачка» новейшей историографии. И именно к такому ряду работ относятся и многие исследования академика С.Б.Бейсембаева»,-деп жазды [3].
Жоғарыда айтылғандай тарихшы-академик С.Бейсембаев біржақты идеология ұстанған кеңес өкіметі тұсында өз туған елі Қазақстанға байланысты екенің бірі батылы барып зерттеуге бара алмайтын тақырып төңірегінде қадау-қадау еңбектер жасап, онысын ұлтық мүдде пайдалына шешуге ұмтылды.
Бір республикалық басылымның тілшісі онымен әңгіме барысында: «Сіз институт басшысы, ғалым әрі түрлі ғылыми еңбектердің редакторы ретінде көптеген құжаттармен жұмыс істеп қана қоймай, публицист ретінде де кеңінен танымалсыз. Негізгі еңбектеріңізді қай тілде жазасыз»,-деген сауал қояды [4]. Оған академик: «Мен қазақ орыс тілінде бірдей білемін. Ертеректе С.Мұқановтың «Сырдария» романының жолма-жол орысша аудармасын жасадым. Сол секілді Высоцкийдің «Пламя гневасын» орысшадан қазақшаға аударғам»,-деп жауап қайтарған.
Ғалым-тарихшы, қоғам қайраткері С.Бейсембаевтың жеке басындағы осындай табиғи, адамгершілік ерекшеліктері оны әрдайым басқалардан бөліп тұратын.
Осыдан-ақ біздер С.Бейсембаевтың жазған еңбектерінің көпшілігі (жеке және авторлық құрамда) бүгінгі таңда сирек кездесетін кітаптар қатарынан табылатындығын байқаймыз. Өйткені, ол еңбектердің барлығы да өте білгірлікпен, жан-жақты салыстырулар мен талдаулар жасау арқылы, архив материалдарын молынан қамту негізінде шындық тұрғыда жазылған рухани мұраларымыздың бір бөлшегі болып табылады.
С.Бейсембаев саяси жағдай өте бір қиын, шиеленісіп тұрған жағдайда институт директоры болып жұмыс істеді. Бірақ, өзінің терең білімдарлығы мен биік адамгершілік қасиеті арқасында өзі басқарған ұжымың алтын діңгегіне айналды. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасынан бастап Қазақстанда жалпы ғылымның, оның ішінде тарих ғылымының да даму тенденциясы байқалды. Осы тұста қазақ тарихшыларының қатары А.Нүсіпбеков, Г.Ф.Дахшлейгер, М.Х.Асылбеков, Б.Төлепбаев, Б.Сүлейменов, Т.Балақаев, Р.Сүлейменов, М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, сияқты талантты ғалымдармен толысты. Әрине, олардың қатарында С.Бейсембаев та болатын.
Осы орайда екінші бір автор З.О.Дүкенбаева «Академик С.Бейсембаев және ұлттық шығармашылық интеллигенцияның тарихы» атты материалында: «С.Бейсембаевтың республикамыздағы ғылыми интеллигенцияны баптап, өсірудегі атқарған зор еңбегі көпке белгілі. Аға ұрпақтың өкілі ретінде ол жас тарихшы ғалымдарды тәрбиелеуге көп көңіл бөлді. Өзінің бай ғылыми тәжірибесін жастарға беруге аянбады. 40 жылға жуық (50 жылдардан бастап ) ҚазМУ, ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында, Партия тарихы институтының ғылыми кеңестерінде тарих саласында және т.б, қоғамдық ғылымдар бойынша қорғалған диссертациялар академик С.Бейсембаевтың қатысуымен оның жанашыр ақыл-кеңесімен келген еді»,-дейді [5].
Бір кездердегі С.Бейсембаевтың шәкірті, қазіргі академик К.Нұрпейіс өз ұстазы туралы: «Серікбай ағаны артта қалған ХХ ғасырдың, сонау 50-жылдарының басынан-қазақ мемлекеттік университетінің студенті болған бозбала кезімнен білемін. Ол кездегі С.Бейсембайұлы айтылмыш оқу орнының проректоры еді. Сол кездегі Сәкең менің жадымды үлкен жүректі, терең білімді,қайырымда қамқор ұстаз ретінді қалыпты.
Академик С.Бейсембайұлының мектебінен өткен ғалымдар туған Республикамыздың және одан да тыс жерлердің ғылыми мекемелері мен жоғары оқу орындарда жемісті еңбек етуде»,-деп еске алады [6].
С.Бейсембаевтың қоғамдық қызметі және биік адамгершілік қасиеті туралы Кеңестер Одағы Орталық Комитеті жанындағы марксизм-ленинизм институтының Қазақ филиалында 40 жылдан астам жұмыс істеген белгілі ғалым Ағзам Байшы: «Секеңнің жеке басына келсек, табиғатынан сабырлы да салмақты, ішкі сырын баршаға шығарып салатын байпаз мінезді, маңғаз азамат еді. Осыдан да болар өзім (А.Байшы) көбіне сол кісінің жүріс тұрысына, мінез-құлқына, жалпы тұлабойы тұрғысына қарап бой түзеуді арман еттім. Соның ішінде әсіресе ұстамдылығы, шыдамдылығы, сырласа да сыйласа да білу сияқты қадір-қасиеті қатты қызықтыратың. Өзім деген адамға өзегі жыртыла, үстіндегі көйлегін шешіп беруге даяр еді жарықтық. Адамды адамша сыйлау білу де үлкен қасиет екен ғой”,-деген пікір білдірген[7].
Ал белгілі химик, ҚазҰУ-ның профессоры Х.К.Оспанов: «Серікбай ағаның бойында аристократтық қасиеттер қалыптасқан өте биязы да ақкөңіл жан еді. Білімі ұшан-теңіз болатын. Сонысымен аудиторияны баулап алатын. Оның отбасының мүшелері де өте бір зиялы жандар еді. Әсіресе, жұбайы. Ешкімді жатырқамай, өз туысқандай күтетін.
Бір сөзбен айтқанда Баянауыл жерінен бүкіл Қазақстан ғылымының мақтанышы Қ.И.Сәтпаевтан бастап Ш.Шөкин, Ә.Мағұлан, Е.Бекмаханов, Ә.Бектуровтармен қатарөнер саңлақтары Ш.Айманов, К.Кенжетаев, ақын-жазушылар З.Шашкин, О.Сүлейменовтар өнір, өсіп шыққан. Міне, осындай алып тұлғалардың ішінде С.Бейсембаевтың да болуы заңдылық деп білеміз»,-деп еске алады [8].
Бүгінгі таңда Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Ә.Н.Құдайбергенов: «Бірінші рет Секеңді көрген адам, Тәңір мен туған анасының келісті келбет бергеніне разы болмай тұра алмайды. Атақты неміс философы Артур Шопенгауэр: «Кісі келбеті-бұл адамның кім екенінің кепілдемесі, өзі туралы ашық хаты іспеттес. Міне, мен осындай адаммын деген мінездеме оның дидарында ап-айқын жазулы тұрады»-деген екен.
Республикамызға кеңінен танымал тарихшы Р.Б.Сүлейменов С.Бейсембаевтың 70 жылдың мерей тойына арналған мақаласында академик ғалымның жастарға деген қамқорлығын: «С.Бейсембаев жас ғалымдар легін дайындауға, оларға ғылыми тақырыптар беріп басшылық жасауда басқаларға үлгі-өнеге боларлық дәрежеде. Жастарды үнемі қоғамдық жұмыстарға араластырып, бағыт-бағдар беріп отырады»,-деп көрсетеді [9].
Туған елдің руханият әлеміндегі табысын күллі қазақ қауымына мәшһур еткен ұлы тұлғалар тобының ғибратты ғұмырлары-ұрпақ үшін сабақ қымбат қазына-мұра. Ал, қазақ елінің рухани пайымы жоғары, өткенге сара-сын көзбен қарап, жақсылар мен ірілерді іріктеп, зердемен бағалау, бағамдау-ұрпақ парызы.
Таным-талғамы көбінен ілгері дарындар ғана әлеуметтік-бұқаралық істерді ел жұрттың ой-санасына, рухани діл-тірлігіне қозғау саларлық әргелі де, сүбелі жұмыстар тындыра алады.
Қоғам. Адам. Өмір… Бұл үш сөз кімді болсын ойлантары хақ. С.Бейсембаев көзінің тірісінде осы үш сөздің қадырін түсініп, бар өмірін белгілі бір мақсаттарды орындау жолына арнаған. Сондықтан да болар қоғамдық жұмыста да, ғылыми ізденістерде де ол үнемі қолдауға ие болып, үлкен жеңістерге жетіп отырған. өмірінің көп бөлігін қоғамдық мәселелерді шешуге, адамдармен аралуға арнаған .
Осының барлығы да ғұлама ғалымның қарапайымдылығын, өз ісіне деген жауапкершілігін, айналасындағыларға деген ерекше құрмет, ілтипатын көрсететін қасиеттер деп білеміз. Ол қайтыс болған соң көпшілік халықтың сұрауы бойынша 2003 жылдың 26-шы желтоқсанда Алматы қаласындағы «Таугүл-3» ықшам ауданының бір көшесін С.Бейсембаевтың атымен атау туралы қалалық әкімшілік маслихатының шешімі шықты.
Бұл жерде ерекше көңіл бөліп тоқтала кететін бір жай С.Бейсембаев туралы естелік айтқандардың барлығы да ең алдымен оның биік адамгершілік қасиетін бірінші планға шығаратындығы. Тек әріптестері мен достары, шәкірттері ғана емес, туыстары, оның ішінде балалары да осыны айтады.
С.Бейсембаевтың соңында өмір бойы жинақтап, зерттеп, жазған мол рухани мұралары ғана емес, сонымен қатар аялап, әлпештеп, тәрбиелеп өсірген төрт баласы мен жеті немересі және шөберелері де қалды.
«Жансыз еңбек-сезімсіз еңбек». Оны ешкім қызығып оқымайды. Ал, керісінше С.Бейсембаевтың ғылымдағы парасатты да зиялы ойы кімді болса да ойландырмай, таң қалдырмай қоймайды. Оның нақты ғылыми талдаулары, мәселені саралап, талдап ашудағы іздемпаздығы ғалымның зертеу нысанасының айқындығы мен ақиқаттылығын көрсетеді.
«Ғылым жолы-ұлы жол, ұлағатты жол». Міне, осы ұлағат жолында С.Бейсембаев өнегелі ойымен қазақ деп аталатың ұлы ұлттық аяулы перзенті бола білді
Кейінгі жас ұрпақ, біздер үшін қазақ халқына тәуелсіздік әкелген жаңа-ХХ1 ғасырда өткен тарихымызды түгендеп, ой елегінен өткізіп рухани байлықтарымызбен қатар, сол байлықтарды жасап, зерттеп құнды-құнды еңбектер жазып қана қоймай, халқының жарқын болашағы үшін қызмет істеген С.Бейсембаев сияқты біртуар азаматтардың, қоғам қайраткерлері мен зиялылардың есімдерін сол алғашқы қалпында туған халқына қайтару бүгінгі таңда атқарылуға тиісті кезек күттірмейтін мемлекеттік деңгейдегі басты міндеттердің бірі деп білеміз.
Әдебиет тізімі
- Т.С.Садыков, А.Г.Сармурзин. Аксакал исторической науки. //Матер. Респ. Научно-практ. Конф. Посвещенной 90-летию академика С.Бейсембаева. Павлодар 2002, с.8-11
- 152. Ш.Құсанова. С.Бейсембайұлы-ғалым педагог, ұлағатты ұстаз. //Академик С.Бейсембаевтың 90-жылдығына арналған респ. Ғылыми-тәжірибелік конф.материлдарынан, Павлодар 2002, 19-24 б.
- Ж.Б.Абылхожин. Труды Академика С.Бейсембаева продолжают работать на качественную эволюцию Казахстанской историографии. //Академик С.Бейсембаев.А.2004, стр.30-34
- В.Чундеров. Дело которому служит. //Вечерняя Алма-Ата 1972г. 27декабря
- З.О.Дукенбаева. Академик С.Бейсембаев және ұлттық шығармашылық интеллегенциясының тарихы. //Академик С.Бейсембаев. А.2004, 32-42 б.
- Қ.Нұрпейіс. Сегіз қырлы, бір сырлы парасат иесі. //Академик С.Бейсембаевтың 90-жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция материалдары 17-19 бет.
- А.Байшы. Өнегелі өмір, өшпес із //Академик С.Бейсембаев А.2004, 25 желтоқсан.
- Х.К.Оспанов. Воспоминания о С.Бейсембаеве. //Академик С.Бейсембаев. А.2004, с.90-91
- Р.Б.Сулейменов. Вклад Ученного. //Казахст. Правда, 1982, 26 декабря.