Белгілі бір халықтың толыққанды ұлт ретінде өмір сүруі үшін, оның рухани байлығы болу керек. Осы байлықтан біз, қазақ халқы, басқа халықтар сияқты жұрт тыныш, ел аман кезде айырылып қала жаздадық. Оның бірі салт дәстүр, әдет-ғұрып болатын болса, екіншісі ұлттық тарих. Ал ұмытуымыздың басты себебі – кеңестік идеология болатын.
Ал қазір заман лебінің өзгеруіне байланысты ұлттық тарихымызды қайта қарап, батырларымызды еске алып, ел алдындағы қызметіне байланысты басқаша баға бере бастадық. Сондай ардақты ұлдарымыздың бірі, отыз жыл бойы ат үстінен түспеген, Кіші жүздің ханы Әбілхайыр.
Әбілхайырдың атағы жоңғарларға қарсы күрес кезінде бір шықса, оның өсімін екінші қайтара шығарған оқиға – 1731 жылғы Ресейге бодандық жөніндегі ант. Міне, соңғы мәселеге байланысты «бізді орыстарға қосқанопасыз , сатқын Әбілхайыр» деп даттаған пікірлер жазылса, “ Әбілхайырдың ісі амалсыздан болған ” деп баға бергендер де шықты. Сондықтан да осы материалдарды оқу барысында бірнеше мынадай тұжырымдар жасауға тура келеді.
Алдымен Әбілхайыр ханның шыққан тегі туралы. Бұл Әбілхайыр тарихи әдебиеттердеҚазақ хандығының негізін салған Әз – Жәнібектен тарайтын Өсек сұлтанның ұрпағы Әжі сұлтанның баласы деп жазылып жүр. Қазақ хандығының дәстүрлі талабы бойынша Өсектің ұрпағы қазақ сұлтандарының кіші буыны деп есептелініп, оларға хан тағына мұрагер болу құқыберілмеген. Ал енді сол кездегі төре тұқымын бір адамдай білетін Шоқан Уәлиханов Әбілхайырдың шыққан тегін мүлде басқаша таратады.Шоқан бойынша: « Барақ хан, одан Жәнібек, одан Сүйін, одан Бөлекей – Қоян, одан Батыр хан, одан Айшуақ сұлтан, одан Ырыс, одан Қажы сұлтан, одан Әбілхайыр хан.» Мүмкін, Шоқан басқа Әбілхайырды айтып отырған шығар деп ойлауға тағы болмайды, себебі Ш.Уәлиханов Әбілхайырдың тұсына: «1730жылдың тұсында ол Русияға табыс болған, 1748 жылдың тұсында өлген. ” деп жазған. Бұдан қандай қорытында жасауға болады ? Болат хан қайтыс болғаннан кейін болған 1730 жылғы хан сайлауында Әбілхайырдың өзінің кандидатурасын ұсынуы заңды құбылыс.
Екінші бір мәселе, неге Әбілхайыр Ресей бодандығын қабылдады.
Өзімізге тарихтан белгілі ХҮІІІ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқы үшін өте ауыр кезең болды. Бұл ауыртпалықтың басты себебі—шығыстан келген жоңғар шапқыншылығы болатын. Тұтқиылдан келген жауға қалай қарсы тұрарын білмеген халық жан-жаққа бытырай қашты:бірі батысқа, екіншілері солтүстікке, енді біреулері оңтүстікке.Қазақ халқының басына түскен ауыртпалықты көрші тайпалар мен мемлекеттер өз мүддесі үшін пайдаланды. Батыстан түркмендер, оңтүстіктен қарақалпақтар мен Хиуа,Қоқан мемлекеттері, солтүстік-батыстан Еділ қалмақтары мен башқұрттар, солтүстіктен орыс-казактар жан-жақтан қыспаққа алды. Сол кездегі қазақ халқының ауыр жағдайына байланысты Ш. Уәлиханов «ХҮІІІ ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқының өміріндегі жантүршігерлік қасіретті кезең болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, жайық казактары мен башқұрттар жан-жақтан қазақ ұлыстарын ойрандатты, кіріптарлыққа салды,—деп жазды.
Кезінде ешкімді мойындамаған тәкаппар Жоңғар мемлекетінің тағдыры не болғанын бәріміз білеміз. Айнала қоршаған жаудың шеңберінде қалған қазақ халқына жойылып кету қаупі төнді. Ірі мемлекеттің қарамағына өтіп алған қалмақтар мен башқұрттар алаңсыз өмір сүріп жатты. Жоңғарлар оларға тиіскен жоқ.Себебі олардың артында алып Ресей империясы тұрды. Әбілхайырдың ойы—башқұрттар мен қалмақтар сияқты үлкен күшке сүйене отырып, елін жаудан қорғау. Сондықтан да Әбілхайырды Ресейге бодан болуға итермелеген алдымен айнала қаптаған жаулардың тарапынан болған қауіп болатын.
Әбілхайырды осындай шешім қабылдауға итермелеген екінші себеп—Орыс мемлекетінің сыртқы саясаты. Бұл уақытта Батыс Европа мемлекеттері мұхит жолы арқылы отарларға ие болып, Азия материгіне ауыз салған болатын.Ресей империясының теңізге шығатын жолы болмағандықтан, құрлық арқылы жаңа жерлерді басып ала бастады. ХҮІІІ ғасырдың басына дейін Ресей империясының қарамағына байтақ Сібір өлкесі, Еділ бойы өткен болатын. ХҮІІІ ғасырдың 20-30 жылдарында патшалық Ресей өзінің сыртқы саясатына Орта Азия, Үндістан елдерімен тұрақты қатынас орнату үшін күреске кіріскен кезі-тін.
Ал, Қазақстан болса, оның жолында жатты. Ерте ме, кеш пе бәрі бір бұл саясат қарудың күшімен болсын іске асатын еді. Осы мәселе бойынша әкелі-балалы Рычковтардың «Капитан жазбалары» деп аталатын еңбегінде мынадай жолдар бар: «Маусымның 7-сі күні патшаның осы мәселелер туралы шыққан жарлығында былай делінген:«Бастаған істеріміз құдайдың жәрдемімен ілгері басуда.Азияда 1731 жылы жауынгер қазақ халқының ішіндегі ең бастысы—Кіші жүзді билеп тұрған Әбілхайыр хан, одан соң былайғы екі орданың хандары мен білікті рубасылары сан мың қолымен және әсіресе, бүкіл қазақ халқымен, біздің әскерлеріміздің ешқандай әрекетінсіз, өз ықтиярымен бізге мәңгілік бодан болды.» Бұдан шығатын қорытынды Ресей империясы Қазақстанды жаулап алуға дайындықта болатын.Демек, Әбілхайыр өз еркімен бодандыққа өту арқылы Ресейдің жаулап алушылық саясатын болдырмады. Әбілхайырдың өтініші Ресей үшін де тиімді болды.
Әбілхайыр хан орыс бодандығын қабылдағанымен, бұл мәселеге немқұрайлылау қараған сияқты. «Іс жүзінде Әбілхайыр император әйелдің бірден-бір берілген қызметшісі болған жоқ; ол кей кездерде Жоңғар билеушілерінің де көңілін жыққысы келмеді.»,— дейтін Колгейт университетінің профессор М.Б.Олкоттың көзқарасының жаны бар.Шамасы Әбілхайыр Абылай хан сияқты екі жақты сыртқы алдамшы саясат ұстауы мүмкін.
Әбілхайыр ханның әрбір қимылына абайлап қарайтын болсақ, оның бұл қадамы уақытша жасалған сияқты.Суонси университетінің ғалымы А.Боджер 1980 жылдары жүргізген еңбегінде мынадай қорытынды жасады: «1731 жылғы Әбілхайыр ханның қазақтарды Ресей бодандығына енгізу туралы нақты байламы жоқ, сөз жүзінде ғана жасалған, кез-келген тиімді уақытта бас тарта салатын бір жақты, еркімен біреудің патронаждық статусын қабылдау жөніндегі қадам болды. Ресей билігін мойындай отырып, қазақтар орыстардан сыртқы жауларына қарсы көмек сұрауға, шекаралы жерлердегі жайылымдарды пайдалану мүмкіндігіне ие болуға тырысты.Бірақ патша үкіметі қазақтар өтінішіне тым ынта қоя қарады және олар шын мәнінде өз еркімен Ресей бодандары болды деп есептеді.» Тағы бір жерде: «Қазақ халқы орыс боданы болуды қалады деген жормал шындыққа жатпайды. Әбілхайыр өзінің іс-әрекетінде жеке басының мүддесінде саяси мақсатты көздеді, бір сөзбен айтқанда, ол да орыстан көмек алуға тырысты, бірақ орыспен қосылғысы келмеді.» Шынымен, егер 1731 жылдан, яғни акт берген уақыттан кейінгі Әбілхайыр ханның іс-әрекетіне талдау жасайтын болсақ, онда бодандық туралы шарттың негізсіз екендігін байқауымызға болады.
Басы ашылмаған тағы бір мәселе—Әбілхайыр ханның өліміне байланысты.
Өзімізге белгілі нәрсе Әбілхайыр ханның Ресейге ант беруіне қазақ сұлтандарының бір бөлігі қарсы болды.Осының салдарынан 1748 жылдың тамыз айында Әбілхайыр хан шекті тайпасының сұлтаны Барақтың қолынан қаза табады.Бірақ қай Барақ және неге оны билер соты ақтап жіберді?
Қазақ тарихында Барақ есімді сұлтандар да,батырлар да көп.Өзіміз әңгіме етіп отырған ХҮІІІ ғасырда екі Барақ есімді қоғам қайраткерлері болған.Оның бірі—халқына еңбегі сіңген,аты аңызға айналған,өжет мінезіне қарай «Көкжал» атанған сұлтан Барақ.Екіншісі—аты онша елене қоймайтын,Әбілхайыр өліміне байланысты халық есінде қалған Барақ сұлтан.Біздің тақырыбымызға тікелей қатысы бары—екінші Барақ.Билер соты неге адам өлтіруге қатысы бар Барақ сұлтанды ақтап шығарды? Енді осы мәселеге тоқталайық.
Билер сотынан ақталып шығуының бірінші себебі—Барақ сұлтан Әбілхайырдың қазақ халқын Ресей боданына қарсы болған «халықтық» пікірді іске асырушы.Бұған қарсы мынадай аргумент келтіруге болады.Барақ сұлтанның көздегені халықтық мүдде емес,жеке бастың мүддесі болатын.Ол Әбілхайыр ханға қарсы болғанымен,орыс әкімшілігімен байланыс жасап,олардың қазақ даласына қорған-қамалдарын салуына қол ұшын берген адам.Сондай-ақ,Хиуа ханы Қайыппен де астыртын байланысы үзілмеген.Сондай қызметі үшін Қайып оған сый керуенін жібереді.Әбілхайыр мен Барақ сұлтанның арасындағы қайшылықты білетін әлде біреулер жолда керуенді тонап,мұны істеген Әділхайырдың адамдары деп жеткізеді.Барақ жедел түрде 500 адамдық жасақ құрып,Әбілхайырды өлтіруге аттанады.Бұл кезде Әбілхайыр Орынбор губернаторы Неплюевпен қайта келіскендей болып,оралып келе жатады.Барақтың өзіне қарсы қалың қолмен аттанғанын күні бұрын білсе де,қарсы жүреді.Барақ ештемеге қарамастан,Әбілхайырды өлтіріп кетеді.
Ақталуының екінші себебі мына дерекке байланысты:«1748 жылы Барақ сұлтан Кіші жүздің Әбілхайыр ханын өлтіріп,өзін жазалайтын төрт төбе биді қазақ билерінің ішінен өзі таңдайды.Олардың арасында Ұлы жүздің Төле биі мен Кіші жүздің Әйтеке биі бар еді.»—дейді Шоқан Уәлиханов өзінің еңбегінде.Барақты «сүттен ақ,судан таза қылып,ақтап жіберген «жеті би» бабамыздың төрелігіне таңырқағаннан басқа,мақтау да,даттау да айту орынсыз.Ал, сөйтіп ақтап жіберген Барақ сұлтан арада көп ұзамай жоңғарлардың арасына қашады.Өз ханын өлтіріп,өз халқынан безген жан жат жерден қандай опа таппақ.Айналасы үш жылдан кейін 1751 жылы өзі де опат болды.
Сөз соңында айтарымыз,қоғамдағы әрбір құбылыстың өз орны,өз уақытысы бар.Әділхайыр хан тарапынан болған құбылысты да өз заман биігінен қарау керек.Сол заман тұрғысынан бағалау керек.Әйтпесе,қазіргі уақытта екі жарым ғасыр өткен соң,«сол кезде ана хан өйтпеді,мына хан бүйтпеді,ана батыр сөйткенде,біз майданда жеңілмейтін едік» деп төрелік айтып,көсемсу аса қиын шаруа бола қоймас.Ал,жан-жағынан жау анталап,«шұбырынды ақтабанға» ұшыраған халыққа хан болып ел басқару,батыр болып қол бастау екінің қолынан келе бермейтіні ежіктемесе де барлығымызға түсінікті.Сондықтан да,Әбілхайыр хан туралы әлі талай мақалалар жазылар,әр түрлі пайымдаулар жасалар,бірақ сол жасаған тұжырымдарға сын көзбен қарап,әділ бағасын беруге тырысқан жөн.
Әдебиеттер тізімі
- Джон Кэстль. « 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан
сапары туралы» Алматы. 1996 ж.
- Қазақстан тарихы. Әдістемелік журнал 1. 2005. Г. Өзбасарова:
«Қазақстанның Ресейге қосылуыныњ аяқталуы».
- М.Есламғалиев.Әбілхайыр. «Қазақ әдебиеті» 14.ҮІІІ. 1992 ж.
4.Ш.Уәлиханов.Шығармалар жинағы. Том № 1. Алматы. 1985 .
5.Алан Боджер. Қазақ халқын орысқа бодан еткен хан Әбілхай
ыр туралы ағылшын тарихшысының пайымы. 12.ҮІ.1994 ж.
6.Т.Әбдіразақов. Жоңғар шапқыншылығы және оның әлеуметті
экономикалық зардаптары. «Егемен Қаз.» 12.ҮІ. 1995 ж.
7.Х. Лұқпанов.Тарих шеңберін тарылпайық.«Егемен Қазақстан»
- ҮІІІ. 1991 ж.
- Джон Кэстль. « 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы» Атамұра. Алматы 1996.