Отан тарихын зерделеудегі жаңа бетбұрыс

Мемлекеттік хатшы М.М. Тәжиннің Астанадағы Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2013 жылдың 5 маусымында ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасы елімізде Отан тарихын оқыту мен зерттеудің ғылыми бағыттарын белгіледі, түптеп келгенде тарихи сананы қалыптастыру мен дамытудың жаңа бетбұрысының басы болды, — деген сенім қалың тарихшылар қауымында орын алуда. Мемлекеттік хатшының баяндамасы Елбасының «Бүкілқазақстандық бірегейлік халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс» деген тұжырымнан бастау алып, Отан тарихын оқыту мен зерттеудің негізгі бағыттары мен жолдарын белгілеп берді.

Біздің ойымызша, Отан тарихын зерделеудегі бұл бетбұрыс әлдеқашан пісіп жетілген-ді, — десек қателеспейміз. Себебі кейінгі жылдары Отан тарихын орта және жоғары мектептерде оқыту мен ғылыми зерттеу саласында күрделеніп, тарихшыларды алаңдататын, дүрліктіріп жүрген мәселелер орын алған-ды. Соның ішінде: оқулықтардағы бірізділіктің жоқтығы, кейбір оқиғалар мен тұлғаларға әртүрлі баға берілуі, әсіресе жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихына бөлінген сағаттардың азаюы, тарихшы мамандығына гранттардың (студенттердің орны) кеми түскені, арнайы кафедралардың жабылып қалғаны, мемлекеттік емтиханның алынып тасталуы және т.б., осылардың нәтижесінде тарихшы-профессорлар, оқытушылар мен ассистенттердің жұмысынан қысқартылғаны едәуір белең алып, көптеген қиыншылықтарға ұшыратып отыр.

Мемлекеттік хатшының баяндамасы және отырыста қабылданған қарардағы белгіленген шаралар тек тарихшылар тарапынан ғана емес, зиялы қауымның да қолдауын табуда. Қазақстан тарихшылар Конгресі басшылығының бас қосқан мәжілісі өтіп, жақын арада Республика ғалымдарының арнайы жиналысын өткізу туралы шешім қабылданды. Жақында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен «Егемен Қазақстан» газетінің Алматыдағы бөлімшесі ұйымдастырған «Ұлттық тарих: ақтаңдақтан ақиқатқа» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Тіпті, оппозиция өкілдері де төл тарихымызды дамытуға ынталы екенін білдіре отырып, ұсыныстары мен күдіктерін де білдіріп үлгерді. («Жас Алаш» газетінің 13 маусымдағы Ә. Қосановтың «Табанында бүрі жоқ тарих немесе Марат Тәжиннің тағы бір бастамасы туралы» мақаласын айтып отырмыз).

Көптеген тарихшы ғалымдар өз пікірлерімен бөлісуде. Мен өзім де Астанадағы отырыста сөйлеп, төл тарихымызды зерделеудегі жетістіктерімізді көрсете келіп, пікірім мен ұсыныстарымды айтқан едім, ол «Егемен Қазақстанда» 18 маусымда жарияланған-ды. [1] Жоғарыда айтылған дөңгелек үстелде жасалған баяндамамды, мүмкіндігінше сол мақаланы қайталамауға тырысып, төл тарихымыздың даму жолдары туралы өз ұстанымымды білдірейін деген мақсатпен жариялауға ұсындым.

1.Тәуелсіздік жылдары Отан тарихы жаңа көзқараспен, ұлттық мүддеге сай және жан-жақты, обьективті, тарихилық ұстанымдарымен жаңаша зерттеу нәтижесінде, едәуір жетістіктерге жетті.

Сол жаңа зерделеу арқасында:

– Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі әлдеқайда ерте заманда жатқаны, ал оның нақты құрылуы Алтын Орданың ыдырауынан басталатыны анықталды;

– Қазақ хандары мен сұлтандарының, батырлары мен билерінің, ақын-жыраулары мен басқа қайраткерлерінің ел тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін қызметі мен тарихта алатын орындары көрсетілді;

– Қазақстанның Ресейге қосылуының кезеңдері мен ерекшеліктері, отарлықтың нәтижелері мен зардаптары баяндалды;

– Ресейдің отарлық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстарының себептері, қозғаушы күштері, мақсаттары, жеңілу себептері мен маңызы қайта, терең зерттелді. Әсіресе Кенесары Қасымов бастаған көтеріліс қайтадан әділ бағасын алды;

– Ақпан және Қазан революциялары кезіндегі Қазақстандағы саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдай қайта қарастырылды, партиялар мен қозғалыстар терең талданды;

– Алаш партиясы мен «Алаш Орда» үкіметінің мақсаты мен міндеттері, іс-әрекеті, оның нәтижелері, саяси көзқарастары, әлсіздігі, жеңілу себептері қайта қарастырылды;

– 1918ж, 1921ж, әсіресе 1931-1933 жж. ашаршылықтың себептері мен зардаптары, демографиялық апат ретінде келтірген зияны терең талданды;

–Кеңес заманындағы ұжымдастыру, индустрияландыру және мәдени дамудың барысы, нәтижелері мен теріс әсері мен зардаптары да қайта қаралды;

– Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстандағы саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени жағдай да қайта зерттелді, Қазақстан жауынгерлерінің майдандағы ерлігі мен тылдағы еңбекшілердің ерен еңбегін баяндауға көп көңіл бөлінді;

– Қазақстан халқының демографиялық апаттарға ұшырауы, қазақтардың өз Отанында аз ұлтқа айналуы себептері мен салдарлары зерттеліп, нақтыланды;

– Тың және тыңайған жерлерді игерудің барысы, нәтижелері мен зардаптары қайта қаралды;

– «Тоқырау» жылдарындағы Қазақстандағы жағдай жаңаша зерделенді және т.б.

Отан тарихындағы осы проблемалар «Қазақстан тарихы. Очерк», 1993, «Қазақстан тарихы», бес томдық, 2010, және басқа да күрделі еңбектер мен М. Қозыбаев, Р. Сүлейменов, Б. Төлепбаев, К. Нүрпейісов, О. Исмағұлов, К. Байпақов және Б. Көмеков сияқты ҚР ҰҒА академиктерінің, ҚР ҰҒА корреспондент мүшелері Х. Әбжанов, Б. Байтанаев,Б. Кәрібаев, М. Қойгелдиев, Ж. Таймағамбетов, және көрнекті ғалымдар Т. Омарбеков, Қ. Алдажұманов, К. Пищулина,Д. Аманжолова, З. Қинаятұлы, Ә. Дәулетхан,А. Қапаева, С. Мажитов, В. Козина, В. Галиев, С. Әжіғали, А. Тоқтабай, С. Смағұлова және т.б. көптеген ғалымдардың монографиялары мен мақалаларында көрініс тапты. Бұл табыс, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инстиуты, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Астанадағы Мемлекет тарихы институты дайындап жатқан Он томдық (20 кітап) «Қазақстан тарихында» көрініс табады, — деп сенеміз.

2.Сонымен бірге Отан тарихында әлі де нақтылай түсетін, кейбір жағдайда орынсыз дау-дамай, артыс-тартыс туғызып жүрген, бірақ арнайы зерттеуді,салиқалы пікір алысуды қажет ететін мәселелер де баршылық. Олардың ішінде Ресейдің аттөбеліндей, бірақ биліктегі тарихшылары жасанды түрде жасырын пиғылмен туғызып жүрген бір күрделі жағдай – «Қазақстан Ресей империясының отары болды ма» деген негізінде ғылыми емес, саяси мәселе.

Сонымен, Қазақстан Ресей империясының отары болды ма?Бұл өте маңызды мәселе және ол Қазақстан Республикасының көптомдық тарихында, әсіресе Жаңа тарих пен Кеңестік дәуірлерге арналған томдарда жан-жақты баяндалуы керек. Ресей Ғылым Академиясы Ресей тарихы институты директоры Ю.А. Петров: «өте өткір мәселе – әртүрлі халықтар мен аймақтардың Ресей мемлекеті құрамында болуын түсіндіру», — деп өте дұрыс айтады, соны айта отырып, «Отан тарихшыларының көпшілігі (шамасы, Ресей федерациясын нұсқайды) Ресей империясын отарлық империя деп санауды қаламайды (бұл жерде Оттоман және Габсбург империялары сияқты, континенталдық – құрлық империя деген оңды болар еді), осыған орай олардың Ресей мемлекеті құрамында болған уақытын отарлық дәуір деп атауға болмайды», — деп қорытындылайды. [2]

Өкінішке орай, Ресейдің отандық тарих ғылымының аса құрметті жетекшісі Ю.А. Петров бұл жерде Ресей империясының мемлекеттік актілері мен оның көптеген ресми құжаттарын, сонымен қатар КСРО ҒА академиктері А.М. Панкратова, Н.М. Дружинин және атақты М.П. Вяткин мен басқа белгілі кеңес тарихшылары зерттеулерін жоққа шығарып, қарама-қарсы пікір айтып отыр.

«Көпшілік» емес, шынында да аттөбеліндей аз ғана ресейлік тарихшылар Ресей империясының отаршылдық сипатта болмағандығы туралы пікірді ұстанып отыр, олардың қатарында тек РҒА этнология және антропология институтының директоры В. Тишков, РҒА ТМД елдері институтының директоры К. Затулин, сонымен қатар, А. Князев, А. Лобанов, В. Третьяков, А.Д. Дугин, С. Козлов және басқалары бар, [3] бірақ оларды «көпшілік» деп атауға болмайды.

Сонымен, бұл ресейлік құрметті әріптес-ғалымдар тарих ғылымында А.И. Солженицыннің, М.С. Горбачевтың және В.В. Жириновскийдің айтқандарын өздерінше, жаңа сарынмен қайталауда. Соңғысы Қазақстанда «персона нон грата» (дипломатиялық өкілдіктің елге келуін үкімет қаламайтын адамы) атанды.

Бұрын тарих ғылымында, Ресей империясы мен КСРО-да, сонымен қатар Кеңес Одағына кіретін басқа ұлттық республикалар мен облыс – округтерде бұл мәселе ешқандай пікір-таластар да, келіспеушіліктер де тудырмаған, сонымен қатар сол кездің нақты шындығы ретінде дәлелденгенді. Тек кейінгі жылдары ғана Ресей мен Кеңес Одағында ғасырлар бойы қалыптасқан тарих ғылымындағы жан-жақты және нақтылы дәлелденген тұжырымды қайта қарауға әрекет жасалуда. Байқауымызша, бұл жаңа жағдай Ресей Федерациясы басшылығының Кедендік Одақ түріндегі экономикалық интеграцияны дамыту үшін ғана емес, Ортақ экономикалық кеңістік құру, Кеңес Одағына енген бұрынғы республикаларды өз төңірегіне жинау сияқты геосаяси мақсатқа байланысты өрбіп отырған сияқты.

Осыған байланысты әлемге әйгілі қоғамдық фактіні жасыруға болмас. Кеңес Одағына дейінгі дәуірде, Габсбург, Оттоман және Британ империялары секілді, Ресей де отарлық империя болып табылатын. Тек айырмашылық мынада болды: Британ империясы теңіздің ар жағындағы аймақтарды отар етті, ал басқалары – жақын және алыс шектескен елдерді отар етті. Кейбір қадірменді ресейлік тарихшылар мына бір жайтты ескермейді: Ресей халықтардың түрмесі болған, ал басқаны езіп отырған халық ешқашан азаттыққа қолы жетпейді, — деп көрсетеді классиктер.

Тек қана Ресей империясы ғана емес, сонымен қатар басқа империялар да полиэтникалық, поликонфессионалдық мемлекет болған, ал оның жеке бөлімдері, ұлттық өлкелері әлеуметтік-экономикалық дамуында әркелкі болды, метрополиядан артта қалған еді. Бұл белгілі жағдай. Дау жоқ, великоросстар отар өлкелердің өкілдерімен салыстырғанда, көптеген артықшылықтарға ие болды. Мәселен, жұмыспен қамту мәселесінде, білім алуда, қызметте өсу бойынша және т.б. Тіл жағынан кемсітушілікті айтпаса да түсінікті. «Бұратаналарды» темір жолға, әсіресе поездар жүрісіне байланысты қызметтерге алмады. Басқа діни де, өзге де ұлттық та төзімділік болған жоқ. Киевтегі кірпіш зауыттың приказчигі, еврей М. Бейлис (1913 ж.) ісін еске алайық. XIX ғ. соңы XX ғ. басында Ресейде еврейлерді қырғынға ұшырату, басқа діндегілерді қуғындау, жабайы әрекеттерге бару оқиғалары орын алды. Естеріңізде болса, Ресейде басқа ұлттың өкілдерін былайша атаған: жидтер, самоедтер, калбиттер және т.б. В.И. Ленин 1922 жылы «ұлтшылдық жөнінде тарихи тәжірибеде әрдайым дерлік біз, үлкен ұлттың өкілдері, сансыз көп зорлық жасап кінәлі болып жүрміз, тіпті одан да асып – өзіміз байқамайтын сансыз көп зорлық, зәбір көрсетеміз, — бұл жөнінде менің Еділ бойындағы есте қалғандарымды еске алудың өзі-ақ жеткілікті: бізде бұратана халықтарды ылғи кемсітетін, полякты басқаша емес, «полячишка» деп атайтын, татарды басқаша емес, «князь» деп келемеждейтін, украинды басқаша емес, «хохол» деп атайтын, грузинді және Кавказдың басқа да халықтарын – «Капказ адамы» деп атайтын» – деп жазған-ды. [4] Ол кездегі Ресей империясында отар халықтардың мәселесі бойынша үйлесімді саясат та жүргізілген жоқ, керісінше казактардың «іздестіру шаралары» («поиски») жүргізілді, сонымен қатар ұлт-азаттық қозғалыстарға қарсы қатігез экспедициялар ұйымдастырылды, оларды патшалық Ресейдің ірі қандықол қолбасшылары – генерал-жаулаушылар Ермолов, Скобелев, Черняев және т.б. басқарды. Біздің көзқарасымызша, сондықтан, Ресей империясы құрамында «ұлттық құрылымдардың сіңісу» тезисі сын көтермейді. Бұл жағдайға, Ресей тарихшыларының кейбіреулері айтқандай, империяның билеуші топтары жүргізген этникалық элиталармен тығыз байланыста болу туралы дәстүрлі ұстаным болғаны да, осылардың нәтижесінде көпэтникалық жүйенің біріктірілгені де, империялық «беріктік» болғаны да шындыққа жанаспайды. Мұндай аты шулы империялық «беріктік» болған да жоқ. Бұл «беріктік» 1917 ж. Ақпан мен Қазанда тас-талқан болған-ды, оның күйреуіне Ресейдің құрамындағы езілген халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстары да өзінің қомақты үлестерін қосты ғой. Езілген ұлттар, жұмысшы және шаруа қозғалысымен одақтаса отырып, басқа елдерді тонау үшін басталған бірінші дүниежүзілік соғысты тоқтату үшін күрес нәтижесінде, алдымен Ресей халықтарын «біріктірген» патшалық «феноменді», соңынан іріп-шіріген, дарынсыз Уақытша өкіметті құлатқан-ды.

1730 ж. 19 ақпанда Ресейдің бодандығын қабылдау туралы Анна Иоановна патшайымның Әбілқайыр ханға жіберген Грамотасы, 1917 ж. шейін патша билігінің барлық жарлықтары мен ережелерінде, генерал-губернаторлардың есептерінде және т.б. Қазақстанның отарлық жағдайлары көрсетіледі. Қазақстанды Ресейге бағындыру Империяның Азияның басқа елдеріндегі мүдделерін жүргізудегі стратегиялық мақсаты болатын. Петр I 1722 ж. ерекше басып көрсетті: «Барлық Азия елдері мен жерлеріне бұл (Қазақ) орда кілт және қақпа. Сол себепті бұл орданы Ресейге бағындыру қажет, сол арқылы барлық Азия елдеріне байланыс жасап, Ресей үшін пайдалы және жағымды шараларды іске асыру керек». Петр I А. Тевкелевке төмендегідей тапсырма берді: «Егер ол орда нақтылы түрде бодандыққа кіргісі келмесе, онда, қанша болса да қаражатты аямай, миллион болса да, тек Ресей империясына бодан болуға міндеттенген бір бет қағаз берсе де болғаны» [5].

Қазақстан Ресейдің отары болғаны туралы патшаның генералдары, аға офицерлері, отарлық биліктегі шенеуніктер, ғалымдар және т.б. өз уақытысында жазған болатын. Солардың ішінен бірнешеуін атап өтетін болсақ: Терентьев М.А., Бартольд В.В., Абаза К.К. және т.б. Ресей империясының отарлау саясатында маңызды рөл атқарған казак әскерлері туралы еңбектерді де көрсетуімізге болады. [6]

Бұл туралы Қазақстанның кеңес тарихшыларының алғашқы буынынан С. Асфендияров, Т. Рысқұловтың және т.б. жазған зерттеулері жарияланды. П.Г. Галузо «Түркестан — колония» — деген (Ташкент, 1934 ж.) кітап шығарды. Қазақстандағы кеңес тарихшыларының екінші буыны өкілдерінің қатарында Б.С. Сүлейменов, Е. Бекмаханов және т.б. еңбектері Ресейдің Қазақстанды отарлау дәуіріне арналды; бұл жерде айта кететіні, олар Ресейге қосылуының прогресс болғанын да көрсетті. Бұл жерде айрықша мән беретін мәселе, КСРО ҒА-ның академигі А.М. Панкратова Қазақстан мен Ресейдің отары болғаны және де көп отарларының бірі болғаны туралы өз ұстанымында нық тұра алды. 1943 ж. М. Абдықалықов пен оның редакциялығымен Қаазақстан тарихы туралы еңбек жарыққа шықты, 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан қилы кезеңдерде шыққан Қазақстан тарихы үш ірі дәуірге бөлінеді: I – Қазақстан халықтары тәуелсіздік кезеңінде (1860-шы жж. дейін); II – Қазақстан – Отар – (1860-шы жылдардан 1917 ж. дейін); III – Социалистік Қазақстан. Тәуелсіздік жылдарында бұл ғылыми тұжырым ары қарай дамыды:

Қазақстанды отарлау үрдісі казактарды қолдану арқылы XVII ғасырда басталған болатын. 1616 ж. Жайық бекінісінің (Орал қ. таяу маңдағы) салынды, қазақтардың Әбілқайыр ханның қарамағындағы бір бөлігі Ресейдің бодандығын өз еркімен қабылдауы; Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуы және т.б. мәселе бұрын да, Тәуелсіз Қазақстанда да шешілген. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 2012 ж. 14 қазанында Стамбулда өткен қазақстандық-түрік бизнес форумында сөйлеген сөзінде: «Біз барлық түркі халқының отанында өмір сүреміз. 1861 жылы соңғы қазақ ханы өлтірілген соң, Ресей патшалығының, содан кейін Кеңес Одағының отары болдық. Қазақтар 150 жылда өзінің ұлттық салт-дәстүрінен, әдет-ғұрыптарынан, тілінен, дінінен айрылуға аз-ақ қалды. Құдай жар болып 1991 жылы өзіміздің тәуелсіздігімізді жарияладық. Сіздердің ата-бабаларыңыз тарихи отаны-Түрік қағанатынан кетерде, түркі халқының атауын ала кетті. Әлі күнге дейін түріктер ең жақсы жігіттерін «қазақ» деп атайды. Міне біз – сол қазақтармыз» [7]

Кеңес дәуірі бойынша біршама мәселелерді нақтылай түсу қажет сияқты, олардың ішінде: Алаш қайраткерлері мен қазақ коммунистері арасындағы айтыс-тартыс, саяси күрес, оның себептері мен салдары; Қазақстандағы 1918, 1921, әсіресе 1931-1933 жж. жаппай ашаршылықты Орталық билік – Мәскеу әдейі ұйымдастырған деген тұжырым қаншалықты дұрыс? 1970-1980 жж. Қазақстанда «тоқырау» болды ма? – деген сияқты көптеген мәселелерге біз дұрыс тұжырым жасауымыз керек, оны он томдықта көрсете отырып, оның ішінде бұл жергілікті комунистер мен «Алаш» қозғалысының қайраткерлері арасындағы күресті анықтап алуды тағы да қажет етеді. Тарих ғылымы төңірегіндегі кейбір қаламгерлер Әліби Жангелдинді, Сәкен Сейфуллинді, Бақытжан Қаратаевты, Тұрар Рысқұловты, Мұхамедияр Тұнғаншинді және де басқа Кеңес билігінде болған қайраткерлерді «әшкерелейді», 1917-1930 жж. қарқынды саяси қарама-қайшылықтар арасындағы жағдайды саяси-таптық тұрғыдан қарастырмай, тарихымызды игере алмаймыз. Ұлт комунистері де, «Алаш» қайраткерлері де, олардың барлығы өздерінше қазақ халқының әлеуметтік-мәдени және саяси дамуы үшін, жарқын болашағы үшін еңбек етті және күресті. Бұл мәселеде РКФСР-ң Халкомның төрағасы – Т. Рысқұлов пен Қоқан автономия үкіметінің төрағасы, Уақытша үкіметтің Жетісудағы комиссары – М. Тынышбаевтың – Түркістан-Сібір темір жолын салудағы бірлесіп атқарған қызметі жарқын үлгі бола алады. Қазақ элитасының осы екі тобының қасіретті тағдыры тек бірін-бірі жойғанында ғана емес, «бөліп ал да, билей бер» деген Орталық саясаттың іске асуында да жатыр. Бұл Орталықтың ұлттық республикаларды басқарудағы сынақтан өткізу әдісі, әр 5-10 жыл сайын қазақтың ұлттық қаймағы – қазақтар интелегенциясы өкілдерін жойып отырды. Дәл осы жағдай Кеңес Одағының басқа ұлттық республикаларында да, облыстары мен округтарында да орын алған еді. Осы көптомдық «Қазақстан тарихында» М. Шоқай да лайықты орнын алуы керек. Бізге Кеңес уақытысындағы Мұса Жалилді ардақтай алған татар тарихшыларының қызметі үлгі бола алады. Жалпы соғыста жау қолына тұтқынға түскен өз азаматтарына көрсеткен қуғын-сүргіні бойынша, Кеңес өкіметі шектен шыққан қатігездік көрсеткенін арнайы зерттеген жөн.

Жаппай ашаршылық жылдарында қазақ халқы жартысынан айрылды. Бұл орасан зор қайғылы оқиға, бірақ оны арнайы ұйымдастырылды, жерді орыстарға босату үшін қазақты жоюды көздеді, — деуге болмайды. Аштық алдында, оның кезінде және кейін де үкіметтің төтенше шаралар қолданып, халықты аман алып қалу жөніндегі әрекеттері туралы деректер жеткілікті. Бір мысал келтіре кетсем: 1928 ж. өзінде Жетісу облысында халыққа азық-түлік жетіспеу сезіле бастады, миллиондаған сом Қытайдан астық әкелуге бөлінді, ал жергілікті биліктің қылмысы – сол астықты уақытылы сатып алуды ұйымдастыра алмауында, ақшаны игере алмауында еді.

Екінші дүниежүзілік соғыстың, әсіресе Кеңес Одағының фашистік Германияға қарсы 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан жағдайы жөнінде әлі де зерттей түсетін мәселелер де жеткілікті, соның ішінде соғыстың нәтижесінде жау қолына түскен тұтқындар тағдыры, елдегі әлеуметтік-демографиялық жағдай, қазақтардың шығыны және т.б

Кейбір тарихшылар екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбымен арнайы және терең айналыспағандықтан, ешбір сенім тудырмайтын әдеби шығармаларға сүйеніп қана, Ұлы Отан соғысының сипаты мен мақсаты жөнінде алып-қашпа пікірлер айтып жүр.Мақала көлемі мүмкіндік бермегендіктен (бұл жөнінде арнайы жазу керек шығар) тек Ұлы Отан соғысының кері пікір тудыратын бір-екі мәселесіне ғана тоқталайық. «Қазақ жауынгерлері Ұлы Отан соғысы майданында» деген «тарихи-құжаттық зерттеуде» (редакторы да, алғы сөздің авторы да, құрастырушылардың бірі де тарих ғылымдарының докторы, профессор Б. Ғ. Аяған, яғни, орысша мақал бойынша, «и кузнец, и жнец, и на дуде игрец»-қазақшасы: «ұста да өзі, орақшы да өзі, сырнайшы да өзі») Молотов-Риббентроп пактісі Кеңес Одағы үшін зиян болды, соғыс басталғаннан кейін бірнеше күн И. Сталин Кремльден көрінбеді деп, жалпы Кеңес Одағы мен фашистік Германияны агрессиялық мақсаты жағынан теңестіре отырып, Кеңес Одағы жағынан бұл соғыстың Ұлы Отан соғысы болғанына күдік келтіргендей болады. У. Черчилльдің бұл соғыстағы рөлін әсіре бағалайды және т.б. [8]Сол Б. Ғ. Аяған мырза мадақтаған У. Черчилльдің өзі Молотов-Риббентроп пактісін тіпті басқаша бағалалаған: «…Олардың екеуі де [Сталин мен Гитлер] бұл [келісім] жағдайға байланысты туған уақытша шара екенін түсінген еді… Осындай келісімнің мүмкін болуы ағылшын және француз саясаты мен дипломатиясының бірнеше жыл бұрын күйреуінің тереңдігін көрсетеді… Кеңестер пайдасына мынаны айтуға болады: Кеңес Одағы үшін мүмкіндігінше герман әскерлерінің шабуылға шығар позицияларын неғұрлым батысқа алыстатып, орыстар уақыт ұтып және өздерінің ұлан-ғайыр империясының түкпір-түкпірінен күш жинау мүмкіндігін алды… Оларға күшпен, немесе алдап болса да, Балтық жағалауы мемлекеттері мен Польшаның көп бөлігін, [Германия] жаулап алғанға дейін, басып алу қажет болды. Егер олардың саясаты қатаң есеп болса да, ол сол кезде жоғары дәрежедегі реалистік саясат болатын». [9] Черчилльдің осы пікірі «тарихи-құжаттық зерттеуде» келтірілген. Сонда редактор да, алғы сөз авторы (Б. Ғ. Аяған) оны оқымаған ба?Сондықтан У.Черчилль сияқты халықаралық деңгейдегі сұңғыла саясаткер пікірі мен шетелдік белгілі ғалымдардың (Америкалық профессор Р. Россер, француз тарихшысыШевер, батыс-герман тарихшысы Никиш және т.б.) [10] Молотов-Риббентроп пактісі туралы пайымдаулары тарихи шындыққа келеді. У. Черчилльді асыра мадақтаудың да шындыққа жақындамайтыны белгілі. Ол өз елінің мүддесін қорғаған қайраткер, сол мақсатында Гитлерге қарсы одақ құруға күрескені де рас, бірақ сонымен қатар екінші майданды кешіктіріп, не 1942, не 1943 ж. емес, тек 1944 ж. 6 маусымда ашуға күш салған еді. 1944 ж. – Кеңес Одағы әскерлері өз территориясын азат етіп, Польша шекарасына жақындаған кез еді: Черчилль екінші майданды Балкан жағынан ашып, Кеңес әскерлерін Еуропа елдеріне жібермеуді көздегені де рас. Басқа да кедергілер жасап, Кеңес Одағын әлсірете түсуге айла-амал жасады. Ал соғыс аяқталған соң Кеңес Одағына қарсы қырғи қабақ соғысты бастаған да Черчилль емес пе?! Тіпті У. Черчилль Ялта конференциясынан кейін (1945 ж. ақпан айы) Кеңес Одағы әскерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасауға бұйрық беріп, бір миллионнан астам қолға түскен неміс әскерлерін қарусыздандырмай, оларды да сол арам пиғылға пайдалануға тырысты. Бірақ Кеңес әскерлерінің көптігінен және күштілігінен бұл авантюралық әрекетінен бас тартуға мәжбүр болды.[11]

И.В. Сталинді, басқа Кеңес басшыларын Молотов-Риббентроп пактісін-Кеңес Одағы мен Германия арасындағы бір-біріне шабуыл жасамау жөніндегі келісім жасағаны үшін айыптаушылар сол кездегі халықаралық жағдайды жете білмегендіктерін анық көрсетеді. Нақ осындай, Германиямен шабуыл жасамау туралы келісімдерге Англия 1938 ж. 30 қыркүйекте Мюнхенде, ал Франция 1938 ж. 6 желтоқсанда асығыс,Кеңес Одағынан бір жылдан аса бұрын қол қойған еді. Мюнхен Келісімінен кейін Германиямен шабуыл жасамау туралы келісімге келмеген тек Кеңес Одағы ғана қалған еді. Сыншылар бұл бүкіл дүниежүзіне белгілі дипломатиялық жағдайды не білмейді, не білгісі келмейді, яғни «көрмес-түйені де көрмес», — дегеннің кебі келіп тұр.Англия менФранция Германиямен шабуыл жасамау жөнінде келісімге келсе, олардікі дұрыс болады, ал Кеңес Одағынікі бұрыс болғаны ма?! Осыған байланысты И.В. Сталинге Германиямен соғысқа дайындала алмады, соғыстың қашан басталарын білмеді, «Красная капелла» мәліметтеріне сенбеді және т.б., «кінәлар» тағу да арнайы әдебиеттерді білмегендіктен туған, үстірт, жеңіл-желпі, қатардағы тоғышарларға арналған «жаңалықтар» екені де белгілі болып тұр. Бұл жөнінде деректер жеткілікті. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде И. В. Сталин У. Черчилльге: «Маған ешқандай ескертулердің қажеті жоқ болды. Мен соғыстың басталатынын білдім, тек мен және алты ай, не соған жуық уақыт ұтуға болады, — деп ойладым», — деген-ді. [12]

Жалпы И. В. Сталин туралы көп жазылған, оның қан құйлы іс-әрекетіне жан-жақты баға берілген. Тіпті Қазақстандағы байларды тәркілеу, күштеп ұжымдастыру мен орнықтыру, соның нәтижесіндегі 1931-1933 жж. жаппай ашаршылық, қазақтың жартысына жуығы қырылғаны, 1930-жж. қуғын сүргін, оның құрбандары және т.б. мәселелер жөнінде И. В. Сталинге, оның орталықтан жіберген Голощекин сияқты эмиссарларына тиісті баға берілді. Бұл шынайы тарихи шындық. Ұлы Отан соғысы тарихына да сондай әділеттілік, шынайы шындық керек. Осы жерде «Зерттеудің» редакторы да, алғы сөз авторы да Б. Ғ. Аяған тарихқа екінші қиянат жасайды. И. В. Сталинді даттаудың кең жолына түскен ол тарихи шындықты өрескел бұрмалауға барған. И.В. Сталиннің соғыс басталған соң бірнеше күн Кремльде болмай, «тығылып жатқаны» да, Н.С. Хрущевтың өз аузымен таратқан өтірік-жаласын қайталау болып табылады. И.В. Сталиннің соғыс басталарында, онан соң 21 маусымнан бастап 28 маусымға дейін Кремльде үзбей болғаны жөнінде деректер де, әдебиеттер де жеткілікті. Ең негізгісі Сталиннің қабылдауында болғандарды тіркеген кезекші хатшылардың жазғандары баспада жарияланған өте құнды, сенімді дерек. Сонымен қатар Кеңес қолбасшыларының естеліктерінен бөлек К. Романенконың «Великая война Сталина» деген кітабы және В. Карповтың «Генералиссимус» [10] деген еңбегінде 1941 ж. 21 маусымының 18 сағат 27 маусымынан 28 маусымының 00:50 дейін И. В. Сталиннің 191 [13] Кеңес одағы басшылары мен әскери қолбасшыларын қабылдаған тізімін жариялаған: Бұл жөнінде «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» деген «тарихи-құжаттық зерттеуде» берілген белгілі қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, философия ғылымдарының докторы, профессор, академик Сағындық Кенжебаев ағамыздың «Ана тілі» газетінде (2010 ж., 6 мамыр) жарияланған «Соғыс осылай басталды» деген естелігінде де өте анық, дәлелді айтылады. Сағындық ағамыз: «Берия мен Хрущевтың: Сталин сасқалақтап қалды. Бірнеше күн басшылықтардан қол үзді. Кунцево саяжайында жасырынып жатып алды» деуі – барып тұрған өтірік, жала. Мұны көпке белгілі құжаттар дәлелдейді», — дей қорытындылайды». [14]Сонда бұл «зерттеудің» алғы сөзінің авторы, редакторы Б. Ғ. Аяған С. Кенжебаев ағамыздың жазғанын оқымаған ба?! Бір «зерттеудің» өзінде, екі мәселе жөнінде екінші рет қарама-қарсы екі пікір орын алғаны өрескел қате, тіпті ұят емес пе?!

Жалпы екінші дүниежүзілік соғыстың халықаралық деңгейдегі мәселелері 12 томдық еңбекте,ал Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы туралы сол сияқты көптомдықта, арнайы зерттеулер мен мемуарлық (естелік) әдебиетте жан-жақты зерттелген, соғыстың сипаты, себептері, барысы, нәтижелері мен маңызы жан-жақты талданған. Жаңа деректерсіз, белгілі бір теріс бағыттағы естеліктер жетегінде ғана, әсіресе Резун сияқты Отанын сатқанның «Ледокол» сияқты жалған еңбектеріне сүйеніп, бұл соғыстың кейбір ұсақ мәселелері бойынша өз бетінше «жаңалық ашу», «пайымдай салу» жоғарыдағы қателіктерге соқтырғаны өкінішті. Мемлекет тарихы Институты шығарған бұл «тарихи-құжаттық зерттеудің» басқа да кемшіліктері арнайы қарастыруды қажет етеді.

Жалпы «тарихи-құжаттық зерттеудің» айналдырған он беттік қана алғы сөзінде Ұлы Отан соғысының күрделі мәселеріне, әсіресе И.В. Сталин сияқты халықаралық деңгейдегі қайраткерге ат үсті баға бере салу дұрыс емес. Бұл мәселелер көп томдық зерттеулермен және көптеген әскери қолбасшылардың естеліктерінде жан-жақты анықталған. Б. Ғ. Аяған мадақтаған Кеңес Одағының қас жауы У. Черчилльдің де «Сынақтар жылы Ресейді Сталиндей данышпан және мызғымас қолбасшы басқарғаны Ресей үшін зор бақыт болды» — деп айтқанын [15] алғы сөз авторы, редакторы білмейді ме?! Бұл «зерттеудің» осы он беттік алғы сөзі ішінде, өкінішке қарай, кереғарыс теріс пікірлер мен қайшылықтар жеткілікті.

Жалпы бұл «зерттеуде» Ұлы Отан соғысы, И.В. Сталин сияқты және басқа да дүниежүзілік күрделі, бірақ негізінен зерттелген мәселелерге килігіп, шатасқанша, Қазақстанның осы соғыс кезіндегі жағдайы, жеңіске қосқан үлесі, көрген қиыншылықтары мен қайғы-қасіреті және құрбандар саны, демографиялық ойсыраудың әсері және т.б. нақтылы мәселерді жаңаша көзқараспен, жаңа деректермен ғылыми жоғары деңгейде зерттегені жөн емес пе еді?!

Осы Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі еліміздің жастарын патриоттық сезімге тәрбиелейтін күшті фактор екенін баса айтқымыз келеді. Мұны кезінде студент жастарды коммунистік рухта тәрбиелеудің маманы болған (кандидаттық диссертациясы: «Қазақстан студенттерінің идеялық-саяси тәрбиесін партиялық басқару (1976-1985 жж.)» (Алматы,1989) қазіргі профессор Б. Ғ. Аяған жақсы білсе керек. Қазіргі кезде Балтық бойы мемлекеттерінде, Украина мен Грузияда Отан соғысы деген мағынадан бас тартып, бұл соғыстың мақсаты мен нәтижелерін қайта қарап жатқанда, Өзбекстанда генерал Рақымовтың ескерткішін алып тастап, оның атын жойып жатқанда (айта кетейік-Шымкентте оған ескерткіш қойылды), біз, тарихшылар, Ұлы Отан соғысы мәселелеріне бұрынғыдан да көп көңіл бөлуіміз керек, — деп ойлаймын. Осы жағдайға байланысты мемлекеттік хатшының «өткен күнге обьективті қарауымыз керек, аға буынның наным-сенімдеріне құрметпен қарап қана қоймай, тарихта тек қара мен ақ түстің ғана болмайтынын ұғынуымыз керек», – деген сөзі орынды-ақ болып тұр. Екінші дүниежүзілік соғыстың, әсіресе Ұлы Отан соғысының күрделі, дүниежұзілік және Кеңес Одағына байланысты халықаралық деңгейдегі мәселелері негізінде шешілген, Жаңа деректер тауып, жаңа тұжырым жасауға, әрине, болады. Бірақ көптен белгілі, шынайы тарихи көзқарастан алыс, сенімсіз деректерге негізделген жоғарыдағы «пайымдауларды» қайталамаған жөн. Оның орнына Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан тарихына терең зерттеу жүргізген жөн.

  1. Тарихымызды жаңаша зерделеуде төрт ғылыми зерттеу институттары мен университеттердегі тарих кафедраларының жауапкершілігін күшейту қажет. Әсіресе Астанадағы «Мемлекет тарихы институтының» орны бөлек, оның билікке жақындығы да, қаражат пен кадр молшылығы да осы бетбұрыс жағдайда үлкен рольге ие етеді. «Кімге көп беріледі – содан көп сұралады», — деген орыс мақалы бар. Қазіргі мемлекетіміздің күнтізбесін, құжаттар жинағын шығарып, үгіт-насихат негізін салып, едәуір жұмыс істеп жатқаны да белгілі, бірақ мемлекеттілік проблемаларға арналған монографиялар әзірше аз. Ұлы Отан соғысына арналған «тарихи-құжаттық зерттеудің» кейбір кемшіліктері жөнінде жоғарыда қысқаша болса да айттық. Тікелей мемлекеттің тарихына қатысы жоқ ұсақ мәселелермен айналысу орнына, Институттың ғылыми бағытын әлі де болса нақтылай түскені, мемлекеттік күрделі проблемаларды кеңінен зерттегені жөн. Бұл біздің сол институтқа деген ізгі тілегіміз, әйтпесе алты — аласымыз, бес — бересіміз жоқ, ешкімнің айтуынсыз, «жасырын ойынсыз» өздігімізден осы мәселені тура қойып, институт жұмысының табысты болуына тілектеспіз. Бізді дұрыс түсінсе – рахмет, ұсынысымызды қабылдамаса да өкпе жоқ – өздері білсін.
  2. Істі бітіретін-кадрлар деп бекер айтпаған, қазіргі жағдайда, тарихымызды жаңаша зерделеуде кадрлар тапшылығы – маман тарихшылар (Батыс Европа мен Шығыс тілдерін білетін, деректанушы, антрополог және т.б.) жетіспеуі белгілі жағдай. Докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғайтын арнайы ғылыми кеңестер жабылғалы біраз уақыт өтті. Диссертациялары даяр, жарияланған еңбектері жеткілікті ізденушілер бар, бірақ олардың қорғауға мүмкіндігі жоқ, шетелдерде қорғауға рұқсат берілмейді. Осының бәрі еліміздегі докторлар мен кандидаттардың санын күннен күнге, табиғи түрде азайта түсуде, қорғап жатқан доктор PhD-дер де шамалы, олардың деңгейі кандидаттан әлде қайда төмен. Біздің министрлік ең жоғарғы ғылыми дәреже – ғылым саласындағы доктор (доктор по профилю) жөнінде ешнәрсе, бір сөз айтпайды, не білмейді, не жасырады. Бұл ғылыми дәреженің шыңы ғой, онсыз Қазақстан тек доктор PhD-бен шектеліп қала бермек пе?! Сонымен біраз жылдан соң студенттерге лекция оқитын, не ғылыми зерттеу жүргізетін магистр, тіпті бакалавр болатын жағдайға ұшырауымыз әбден мүмкін. Осы жағдайға байланысты төмендегі шараларды ұсынамыз: 1) 2-3 жылға доктор-кандидат ғылыми дәрежесін қорғайтын кеңестерді қайта ашу керек, яғни Болон жүйесіне көшу асығыстық болғаны екені рас, дегенмен сол жүйемен қабат, ескі (доктор, кандидат) жүйені қайта қалпына келтірген жөн. Бұл үшін Астана мен Алматыда 2-3 ғылыми кеңес ашса болғаны. Сонымен бірге шетелдерде де қорғауға мүмкіндік беру керек.

Қорытындыда айтарымыз-халқымыздың тарихи санасын қалыптастырудағы бетбұрыстың алғашқы қадамдары зиялы қауымның сенімі мен қолдауына ие болып отыр. Дегенмен 5 маусымдағы Астанадағы отырыстан кейінгі кейбір келеңсіз жағдайлар бұл бетбұрыстың оңай іс емес екенін де көрсетеді. Мысалы, жақын арада ғана, сол отырыстан кейін, С. Аманжолов атындағыШығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан тарихы кафедрасы жабылып, әлем тарихы кафедрасына қосылды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Министрліктен жоғарғы оқу орындарындағы тарихшыларға бөлінген орын былтырғы (2012ж.) деңгейде қалдырылған. Осы фактілер біздің көптен күткен тарихты зерделеудегі бұл бетбұрыс кезектегі бір науқан сияқты болмас па екен, – деген күдік тудырады. Дегенмен халқымыздың тарихи санасын қалыптастырудағы бұл бетбұрыс кедергілердің бәрін жеңіп, кеңінен дамиды деп сенеміз.

Резюме

В стаьте рассматривается новейшие тенденции в развитии Отечественной исторической науки.

Summary

This article is about new vew of development of contry historic nation.

Әдебиет

  1. Асылбек Мәлік-Айдар. Отан тарихы туралы ой. Егемен Казахстан, 18 Маусым 2013 ж.
  2. Петров Ю. А. О концепции многотомной академической «Истории России» // Теоретико-прикладные аспекты социально-экономического и политического развития стран Центральной Азии и СНГ. Т. 1, Сборник материалов Международной научно-практической конференции, посвященный 85-летию Заслуженного деятеля Казахстана, д.ист.н., профессора М.С. Бесбаева. 15 марта 2013 г. – Алматы – Москва – Барнаул, 2013. – С. 13-22. Источник – regnum. Постоянный адрес статьи – http// www.centasia.ru \newsA.php?st=1350219540
  3. Бесбаев М.С. Крушенне империи. – Т.2. – Алматы, 2011. – С. 76-80
  4. Ленин В. И. Полное собрание соченений. – Т.45, издание пятое. – М., 1970. – С. 359
  5. Казахско-русское отношения в XVI-XVIIIвеках. Сборник документов и материалов. – Алма-Ата, 1961. – С. 31, 40-41 и др.
  6. Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии. – СПб. 1906; — Т. 1. Бартольд В. В. Туземец о русском завоевании. – Соч. Т.2. – Ч.2; Русский Туркестан. Приложение к третьему сборника «Русский Туркестан». – Ташкент, 1913; Веселовский Н. И. Киргизский рассказ о русских завоеваниях в Туркестане. – СПб., 1894; Туркестанский край. Сборник материалов его завоевании / Сост. А.Г. Серебренников. – Т. 17. – Ч.1. – Ташкент, 1914; Абаза К.К. Завоевание Туркестана: рассказы о военной истории… — СПб., 1902; Катанаев Г.Е. Краткий исторический обзор службы Сибирского казачьего войска с 1582 по 1908 год. – СПб., 1908: Казин В.Х. Казачьи войска. Краткая хроника. – СПб., 1912; Бородин Н. Уральское казачье войско. Статическое описание в 2-х тома. –Т. 1-2, Уральск, 1891; Рябинин А. Уральское казачье войско. – СПб., 1866; Стариков Ф. Историко-статистический очерк Оренбурского казачьего войска. – Оренбург, 1891.
  7. Источник – regnum.ru. Постоянный адрес статьи — http// www.centasia.ru \newsA.php?st=1350219540
  8. Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында (тарихи-құжаттық зерттеу). Алматы, Өнер, 2010, 4б.
  9. Бұл да сонда, 26-27 бб.
  10. История второй мировой войны. 1939-1945. Том второй накануне войны. М., 1974, с. 285
  11. Романенко К. Великая война Сталина. Триумф Верховного Главнокомандующкго. М. 2008, 748-751 бб; История второй Мировой войны. 1939-1945. Том десятый. М. 1979. 367-368 бб; Уинстон Черчилль. Вторая мировая война. Книга Третья. Тома 5-6. М. 1991, с. 574-575 и др.
  12. Романенко К. Великая война Сталина. Триумф Верховного Главно командующего. М. 2008, 130 б.
  13. Романенко К. Великая война Сталина. Триумф Верховного Главно командующего. М. 2008, 227б., Кариов В. Генералиссимус. М№ 2003, 326-333 бб.
  14. Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында (тарихи құжаттық зерттеу). Алматы, Өнер, 2010. 41б.
  15. Романенко К. Көрсетілген еңбек, 763 б.