Егеменді ел болғанымыздан кейін, ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы дербес дамуға мүмкіндік алып, алыс-жақынын түгендеп, Отан туы астында жинала бастады. 2009 ж.Қазақстан Республикасы халық санағы бойынша, сол жылдың басында өз еліміздегі қазақтардың саны 10 млн-нан асып түсті. Ал осыдан бірер жыл бұрын шетелдердегі отандастарымыздың саны 5,5 млн-дай деген дерек болғанды. Осыған байланысты қазіргі таңда қазақтардың жалпы саны (өз еліміздегілер мен шетелдегілерді қоса есептегенде) 15,5-16 млн. деп айтуға толық мүмкіндік бар. Бұл қазақ ұлтының көп ғасырлар бойы, талай демографиялық апаттарды бастан кеше отырып, егеменділік жағдайында өз еліндегі халықтың көпшілігіне айналғанда ғана, қол жеткізген үлкен бір жеңісі болды. Енді Қазақстан республикасындағы этнодемографиялық жағдайды анықтайтын, оның негізгі сипаттарына өз ерекшеліктерін беретін, бұдан кейін де халықтың өсіп-дамуы бағыттарын белгілейтін қазақ ұлтының өзі болатын жағдай қалыптасып үлгерді, — десек дұрыс болады. Мұндай үлкен тарихи белес пен жетістікке қазақ ұлты ғасырлар бойы жүргізген ұлт-азаттық қозғалысының нәтижесінде, көптеген қырғын, ашаршылық, зорлық-зомбылық,қуғын-сүргін, әсіресе ірі-ірі демографиялық аппаттарды бастан кешіріп, сол қиыншылықтарды, олардың салдарын жеңе отырып, тек тәуелсіздік жағдайында ғана жетті, — десек қателеспейміз. Қазақ ұлтының өткен көп ғасырлық тарихи жолына көз салсақ, оның саны мен құрамының ірі-ірі саяси-әлеуметтік және экономикалық бетбұрыстарға тығыз байланысты, жиі және күрделі өзгерістерге ұшырағанын байқаймыз. Бұл жағдай әсіресе ХХ ғ.екінші жартысына дейін көптен-көп белгілі оқиғалар арқылы көзге түседі.
Орыстың көрнекті ғалымы А.И.Левшин (1797-1879) ХVІІІ ғ аяғы мен ХІХғ. 20-30 жылдарындағы статистикалық мәліметтерді талдай келіп, Ресей империясындағы қазақтардың жалпы саны (көрсетілген кезеңде) 2,5 млн-нан 3 млн-ға дейін, — деген болжам айтқан. Ғалымның өзі айтқандай, ол заманда қазақтардың арасында санақ ісін жүргізудің қиындықтарымен қатар, санақ қорытындыларының толық және дұрыс болмайтындығы да рас еді. Сонымен бірге Ұлы жүзде 100мың үй, Орта жүзде-210мың үй, ал Кіші жүзде-190мың үй деп санап,әр үйде орта есеппен 5 немесе 6адам болады,-деген шығарылған 2,5-3,0млн деген болжамның түптей келгенде көптеу екенін айта кеткен жөн. Әр үй басында 6 адам келеді,- деген қорытындының өзі нақты емес екенін айтпағанның өзінде, белгілі ғалымдардың бұл мезгілден кейінгі қазақтардың жалпы саны туралы пікірлері біздің бұл айтқанымызды растай түседі.
Е.Бекмаханов 1947 ж. шыққан «ХІХ ғасырдың 20-40жылдарындағы Қазақстан» деген монографиясында, ХІХ 30-40 жылдарында Кіші жүзде 100 мың үй (бес адамнан) – 500 мың адам, Орта жүзде 116,5 мың үй – төрт адамнан – 468 мың адам, Ұлы жүзде 95 мың үй – 550 мың адам болған, -деп көрсеткенді. Яғни барлық қазақтардың саны 1млн 518 мың болып шығады. Өкінішке орай, Е.Бекмаханов үш жүздің қазақтарының санын анықтағанмен, олардың жалпы санын қорытындыламаған, бұған, біздің ойымызша, статистикалық мәліметтердің шынайы, нақты болмауына қоса, әр үйде кейде 4, кейде 5 адам деп санағанның өзі де әсер еткен болуы керек, — деп ойлаймыз. Н.Е.Бекмаханова ХІХғ. 60-жылдарында Қазақстан мен Қырғызстан және шекаралас территорияларда 1млн 643,4 мың қазақ және 353,1 мың қырғыздар мекен етсе ХІХ ғ. 70-жылдарында 2.416,5 мың қазақ және 542,5 мың қырғыз болды, — деп жазады. Әкелі-қыз Бекмахановтардың бұл тұжырымдары нақтылы деректерге сүйеніп, (салық үшін жүргізілген киіз үй (кибитка) есебіне) негізделгендіктен шындыққа жақын деп санауға болады. Себебі, киіз үй есебі әр ауыл, болыс және уезд (дистанция) бойынша мұқият жүргізілетін, есептен қашқандар мен оны бұзғандар қатты жазаланатын. ХІХ ғ. 60-70 жылдары отарлық биліктің қазақтардың киіз үй есебі арқылы салық салу үшін ісі едәуір жолға қоя алғанын ескерсек, бұл болжамның дұрыстығы күшейе түседі, — деп ойлаймыз. Дегенмен жоғарыда көрсетілген қазақтар саны негізінде болжамға (әр киіз үйге не 4, не 5, не 6 жан басы келеді деген) жақын екенін баса айтқанымыз жөн.
Алғашқы, нақтылыққа бір табан жақын, қазақтардың жалпы саны, жастық, жыныстық құрамы, білім деңгейі (негізінде сауаттылығы туралы), әлеуметтік жағдайы, діні, тілі, туған жерінде тұрғандығы және т.б.құнды мәліметтерді 1897 ж. 28 қаңтарда жүргізілген Ресей империясы халқының бірінші жалпы санағынан ғана ала аламыз. Бұл санақтың нәтижесі бойынша, Ресейдегі қазақтар, ана тіліне қарай бөлгенде, 4.084,1 мың адам еді, оның 53,3% ерлер, 46,7% әйелдер болды [6]. Қазіргі Қазақстан Республикасы территториясына жақын жер аймағында қазақтардың 3392,7 мың өмір сүріп, Ресейдегі қазақтардың 83,0% астамы осында шоғырланғанды. Н.Е.Бекмаханованың мәліметтері бойынша Ресейдегі қазақтардың саны 1916 ж. 4678,8 мыңға жетіп, сол жылғы қазақтардың патшаға қарсы көтерлісінен кейін 1917 ж. 4061, 3 мыңға түскен.
Н.Е. Бекмаханованың бұл нақтылы деректерге сүйенген тұжырымдары мен қабат Ә. Бөкейхан және М. Тынышпаев сияқты ұлы көшбасшыларының бұл мәселеде өз болжамдары болғанын айта кеткен жөн. Мысалы, Ә. Бөкейхан «облыстық шолулардың» мәліметтеріне сүйене отырып, 1908 ж. Ресейде 4,999,6 мың, ал 1913 ж. 5 млн 64 мың (Жетісу облысындағы қырғыздарды қоса есептегенде) қазақ болған, — деп жазғанды. Ал М.Тынышпаев (өз деректерін көрсетпей-ақ) бүкіл әлемде 1917 ж. 6,3 млн астам қазақ болды, оның 5,480 мың Кеңес одағында, 450 мыңы Қытайда, 100 мыңға жуығы (Кіші жүзден шыққандар) Ауғаныстанда тұрды, — деп болжағанды. Дегенмен бұл пікірлер, деректік көздері белгісіз болғандықтан, әлі де болса нақтылап зерттеп түскенді қажет етеді.
Әрине, 1916 ж. көтерілісті қанға бөктіріп басып-жаншу, сол жылы тылдағы жұмысқа алынғандар арасындағы өлім-жітім, азамат соғысы, 1918 және 1921 жылдардағы ашаршылық, өлімнің көбейіп, туудың азаюы және т.б. келеңсіз жағдайлардың салдарынан көбісі көшпелі, соның нәтижесінде денсауылық сақтау жағынан қорғансыз қазақ ұлтының көп шығынға ұшырағаны да тарихтан белгілі. Міне сондықтан 1926 ж. Бүкілодақтық халық санағы бойынша, Кеңес Одағындағы қазатардың саны 3,959,8 мыңға түсті, яғни, 1897 ж. салыстырғанда 567 мыңға көбейгенімен, 1917 ж. қарағанда (Н.Е. Бекамаханованың пікіріне сай – 4061,3 мың адам, — десек) – 101,5 мың адамға кеміген, яғни сол 9 жыл бұрынғы деңгейден де аз болған.
1926 ж. қазақтардың 3627,6 мыңы, яғни 91,6 % өздері туған жерінде — Қазақстанда өмір сүрген. Мұнан кейінгі жылдары болған байларды тәркілеу, кулактарды жою, жер аудару, 1931-1933 жж. жаппай ашаршылық (кейбір ғалымдардың болжамы бойынша 1,2 млн-нан 2,5 млн-ға дейін қаза болған), 1930 жж. саяси қуғын-сүргін және т.б. зорлық-зомбылық пен заңды бұзғандықтардың салдарынан қазақ ұлтының саны күрт төмендеп кетті. 1939 ж. Бүкіл Одақтық халық санағы бойынша, Кеңес Одағындағы қазақтардың саны 3.100, 9 мыңға түсіп, 1926 ж. қарағанда, 858,9 мыңға, яғни 21,7% азайды. Қазақтардың 2.458,5 мыңы, яғни 75% ғана өз Республикасында өмір сүрді. Қалған 25% Кеңес Одағының басқа аймақтарында тұрды. Бұлардың көбі Қазақстанның тыс аймақтарында, өздерінің ата мекендерінде тұрғанымен, едәуір бөлігі ашаршылық пен қуғын сүргіннен ауа көшіп барғандар еді.
Жоғарыда көрсетілген келеңсіз оқиғалардың салдарынан және Қазақстанға сырттан келген көші-қон толқындарының күшейе түсуі нәтижесінде, Республикадағы қазақтардың үлесі де құлдырап түсіп кетті. Егер 1897 ж. Қазақстанның кәзіргі территориясына сай жер аймағында қазақтардың үлесі 81,7% болса, 1917 ж. 58,0 %, 1926 ж. 58,5%, ал 1939 ж. 38,0%-ға дейін төмендеді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақтан халқы да көп шығынға ұшырады, 1,2 ммлн азамат Отан қорғауға аттанды, оның жартысынан көбі елге қайта оралмады, 700 мыңнан астам адам тылдағы ауыр жұмысқа шақырылды. Соғыс жылдары тұрғындар арасында өлім-жітім көбейіп, туу азайды. Қазақстанға көптеген халықтар (неміс, шешен, қарашай, және т.б.) күшпен аударылды, Карлаг, Степлаг сияқты жерлердегі тұтқындар көбейді және т.б. Соғыстан кейін басталған тың және тыңайған жерлерді игеруге, одақтық маңызы бар өнеркәсіп орындарын салуға және дамытуға 2 млн астам жұмысшы күші келді. Осының бәрінің салдарынан Республикадағы қазақтардың үлес (саны 1939 ж. салыстырғанда 467,3 мыңға көбейгеніне қарамастан) 28,9% дейін түсіп кетті, яғни, қазақтар өз елінде халықтың азшылығына айналды, ал орыстар, украиндар мен беларустар көпшілік болып шыға келді (олар тиісінше 42,7%, 8,2 % және 1,1% болып, үшеуі 52%-ға жетті).
1959 ж. санақ қазақтардың үлесінің ең төменгі құлдырау шегі болып саналады. Бұдан кейін қазақтардың табиғи өсімі күрт көтерілді («демографиялық жарылыс» деп те аталады) жалпы санының көбеюіне әкелді. Табиғи өсімінің күшеюіне екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, әсіресе халықшаруашылығын қалпына келтіріп, дамыта түскен кезде, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, денсаулық сақтау, әсіресе аналар мен балаларға, көп жанды отбасыларға деген қамқорлық қамтамасыз етілді, үй құрылысының өркендеуі, оқу-білім саласаның кеңеюі және т.б. әлеуметтік жағдайлардың жақсаруы табиғи өсімге күшті әсер етті-десек қателеспейміз. Ал 1970 ж. бастап көші-қон да азайды (келгендерден кеткендер көбейді, теріс айырым – сальдо болды), қазақтардың саны да үлесі де біртіндеп өсе бастады.
Қазақ ұлтының қатары өсіп-өніп саны көбеюіне, соның нәтижесінде Республика тұрғындары арасында өз үлесі көтерілуіне шет жерлерден қайта оралған отандастарымыздың да әсері күшті болды. Қазақстанға бағытталған бұл көші-қон үрдісі 1918-1920 жж., 1933-1935 жж. және 1950 жж. екінші жартысы мен 1960 жж. басында жүріп өтті. 1916 ж. көтерілісті аяусыз басып, қырғынға ұшыратқан кезде, 300 мыңдай қазақ пен қырғыздар Қытайға қашып, бас сауғалаған-ды. Олардың көбі 1918-1920жж қайта оралды. 1931-1933жж ашаршылықтан ауа көшкендердің көбі Ресей, Өзбекстан, Түркістан және басқа Кеңес Одағы аймақтарында паналаған-ды, олардың да басым көпшілігі қайтып оралды. Сырт елдерге, әсіресе Қытай, Ауғанстанға, Иран, Түркияға кеткендер тек тәуелсіздік жағдайында ғана қайта орала бастады. Тек Қытай Халық Республикасындағы қазақтардың қайта оралуына 1950 жж.бастап мүмкіндік туды. Бұл Кеңес Одағы мен жаңа құрылған ҚХР арасындағы достық қатынастың нәтижесі еді. Қытайдан Кеңес заманында оралған қазақтар саны туралы әртүрлі мәліметтер бар, кейде олардың санын асыра, көбейтіп айтатын жағдайлар да кездеседі. Соңғы, нақтылы, мұрағаттан алынған деректерге сүйенсек, 1954-1963 жж. аралығында Қытайдан ұйымдасқан түрде, өзбетінше және басқа жолдармен қайта оралғандардың саны 268371 адам болса, олардың Қазақстанның облыс-аудандарында қалып, орналасқандары 254398 адам, ал қалған 8989 адам Кеңес Одағының басқа аймақтарына кеткен екен. Қазақстанда қалып, орын тепкендердің басым көпшілігі қазақтар еді, ал басқалары ұйғыр, орыс және әртүрлі ұлт өкілдері болатын.
Сонымен 1950-1980 жж. аралығындағы табиғи өсімі көтерілуі, сырттан келетін басқа ұлт өкілдерінің көші-қоннның бәсеңдеуі, Қытайдағы қазақтардың орала бастауы және т.б. тиімді жағдайлар Республикаға өз атын берген ұлттың саны да, үлесі де өсіп, құрамының нығая түсуіне әкелді. 1959-1989 жж. аралығында қазақтардың саны 2.787,3 мыңнан 6.534.6 мыңға жетті, яғни 2,3 есе өсті, ал үлесі 28,9%-дан 39,7%-ға жетіп, 10,8%-ға өсті. Қазақтар Республикадағы ең көп ұлтқа айналды, бірақ орыстар (37,8%), украиндар (5,4%), беларустар (1,1%), яғни шығыс славяндар өкілдері (бәрін қоса есептегенде – 44,3%) мен басқа орыс тілді ұлт өкілдері (немістер – 5,8%, кәрістер – 0,6% және т.б.) әлі де Қазақстан жұртының жартысынан асып тұрды.
Енді тәуелсіздік кезіндегі қазақтардың қанша қандай екендігіне қысқаша болса да тоқталып өтейік. Қазақтардың тәуелсіздік жағдайында, жоғарыда көрсетілгендей, саны өсіп, үлесі көбеюі екі факторға байланысты болды: 1) табиғи өсім; 2) сыртқа кететіндерден келетіндердің көп болуы – теріс айырым (сальдо), соның ішінде, әсіресе отандастарымыздың оралып, тыңғылықты орын табуы.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, экономикадағы дағдарысқа байланысты, әлеуметтік қиыншылықтар көбейген кезде, тұрғындардың табиғи өсімі құлдырап түсіп кетті: 1987 ж 18,1 промилле болса, 1998 ж. 4,6 промилле болды (бір мың адамға шаққанда, туу мен өлімнің айырмасы). Осыдан кейін біртіндеп табиғи өсім қайтадан көтеріліп, 2000 ж. – 4,9; 2005 ж. – 8,05; ал 2009 ж. – 13,5 промиллеге жетті, дегенмен әлі 1980 жж. көрсеткішіне жете алмай отырмыз. Табиғи өсімнің 90% қазақтардың есебінен екенін ескерсек, ұлтымыздың өсуі кең, тура және даңғыл жолға түсіп, болашақта қазақтардың өсіп-өнуі қамтамасыз етілгенін көреміз. 2009 ж. табиғи өсім 215 мыңдай болғанын ескерсек, келешектегі қазақтың саны өсе беретініне сеніміміз күшейе түседі.
Қазақтардың қатарын өсіретін екінші қайнар бұлағы – шет елдердегі отандастарымыздың қайта оралуына келсек, тәуелсіздік жылдары ресми есеп бойынша 780 мың, ал бұл есептен тыс өздігімен келгендерді қосқанда 1 млн.қазақ қайтып келді,-деп болжаймыз. Бұл келгендердің арасынан еліміздің экономикасын дамытуға, мәдениеттерін өнері мен әдебиетін, ғылымның басқа да салаларын қайта жаңғыртып, өркендетуге үлкен үлес қосып жүрген азаматтарды Республика жұртшылығы кеңіне танып келеді, — деп үлкен құрметпен айтуымызға болады. Әрине шетелдерден Отанға көшіп келу, орналасу, сіңіп кету оңай нәрсе емес. Өкіметіміздің де бұл мәселеде квоталарды көбейтіп, оралғандарға әртүрлі көмек беріп, жәрдем жасап жатқанымен, дүниежүзілік дағдарыс жағдайында мүмкіндіктері шектеулі екенін де түсінгеніміз жөн.
Қайта оралғандардың басым көпшілігі Ресей, Қытай, Монғолиямен Өзбекстаннан келген, ал қалғандары Түркіменстан, Ауғанстан, Түркия, Иран және т.б. алыс-жақын шетелдерден қайтқан-ды. Шетелдердегі қазақтар саны да едәуір пікірталас тудырып келеді. Зерттеуші Г.М. Меңдіқұлова 1997 ж. жарияланған еңбегінде бұрынғы Кеңес Одағының 14 мемлекетінде және дүние жүзінің 25 елінде 4,5 млн. қазақ өмір сүреді, деген мәлімет бергенімен, оның негізі болған деректерді көрсетпеген. Ал 2000 ж. жарияланған М.Х.Асылбеков пен В.В.Козинаның «Қазақтар» деген еңбегінде шетелдердегі қандастарымыздың саны 3.211.208 адам деп көрсетілген. Бұл мәлімет ҚР Сыртқы істер министірлігі консулдық қызмет департаменті басқармасының бастығы Б.Ж.Сейітбатталовтың 2000 жылғы 20 сәуірдегі «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласына сүйеніп берілген. Сайлау Батыршаұлы 2004 жылдың басында шетелдердегі қазақтар саны 5,2 млн. адамнан асып түседі, — деген болжам айтады. Осы пікір шындыққа жақынырақ, — деп санаймыз. Себебі, қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығы жинаған («Егемен Қазақстанға» берген) мәліметтері бойынша, 40 шетелдердегі қазақтардың саны 5 млн. 600 мыңнан астам, деп көрсетілген. Оның ішінде, жақын шетелдерде – 3 млн. 137 мың; алыс шетелдерде 2 млн. 529 мың 800. Қазақтар көп шоғырланған мемлекеттер Қытай – 2.260 мың; Өзбекстан – 1.750 мың; Ресей – 1.100 мың; Монғолия – 150 мың; Түркия – 15 мың; АҚШ – 14 мың; Тәжікстан – 10 мың; Иран – 10 мың; Германия – 9 мың және т.с.с. 2000-2005 жылдар аралығында шетелдердегі қазақтардың саны 3,2 млн.- нан 5,6 млн.-ға дейін өсуін екі себеппен түсіндіруге болар еді. Біріншіден, алғашқы көрсетілген мәлімет толық болмай, 1,5 – 2млн. –дай қазақ есептен тыс қалып қоюы мүмкін. Екіншіден, осы 5-6 жыл ішінде едәуір табиғи өсім нәтижесінде қазақтар саны тез өскен де шығар деп ойлаймыз.
Республика халқының, оның ішінде қазақтардың территориялық, яғни аймақтарға, ауыл мен қалаларға орналасуында көптен келе жатқан, дәстүрге айналған ерекшеліктер бар. Қазақстан халқының жартысына жуығы – 45-46% Оңтүстік аймақта (Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары) орналасқан. Ал республика қазақтарының да жартысы деуге болады – 49,8% — осы аймақта тұрады, олардың үлесі Қызылорда облысында 95,8%, Оңтүстік Қазақстан облысындағы 70,1% Жамбыл облысында – 69,0%, Алматы облысында – 64,2% және Алматы қаласында – 50,1%.
Бұл жағдайдың тарихи қалыптасуы: біріншіден, аймақтың Ресейге бағынуы басқалардан кейін, 130 жылдай кеш болғандығынан; екіншіден, аймақ тұрғындары саны мен құрамына сырттан келген көші-қонның ауқымы мен әсері әлсіз болғандығынан; үшіншіден, жергілікті ұлт өкілдерінің, әсіресе қазақ, өзбек, ұйғыр және басқа түркі-мұсылман этностарының табиғи өсімі келімсектерден басым екендігінен және басқа тиімді жағдайлардың әсері күшті болды. Солтүстік аймақта (Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары)Республика халқының 23,0% орналасқанымен, мұнда дәстүрлі түрде қазақтардың саны да, үлесі де, тәуелсіздік жағдайында едәуір өсенімен, әлі де басымдылыққа жете қойған жоқ:
Республика бойынша аймақтағы қазақтардың үлесі бар болғаны 16,9% болса, қазақтар Ақмола мен Павлодар облыстарында олардағы тұрғындардың жартысына да жетпейді (тиісінше 44,6% және 45,7%), ал Қостанай мен Солтүстік Қазақстан блыстарында онан да төмен (тиістінше 35,6% және 33,7%,яғни осы облыстар тұрғындарының үштен біріндей ғана). Тек Астанада ғана қазақтардың үлесі 63,4%на жетті. Қазақтардың Оңтүстік аймақтан кейінгі көп шоғырланған жері – Батыс Қазақстан. Мұнда Республикадағы Қазақтардың 19,1% яғни бестен біріне жуығы мекен етеді. Атырау облысындағы тұрғындардың ішінде қазақтар 91,3%, Маңғыстау облысында – 86,1%, Ақтөбе облысында – 77,9%, Батыс Қазақстан облысында 70,9%. Республиканың қалған екі аймағында қазақтардың үлесі едәуір өсіп келеді, 2009 ж. мәліметтер бойынша, Шығыс Қазақстанда жартыдан асып түсті – 53,9%, ал Орталық Қазақстанда (Қарағанды облысы ) – 44,1%-ға жетті. Осы бағыттағы даму жалпы әрі қарай жалғаса берсе, болашақта осы үш аймақтарда да қазақтардың үлесі басым болмақ.
Дегенмен Қазақтардың әлеуметтік демографиялық дамуында әлі де келеңсіз жағдайлар кездесетінін де айтқан жөн. Табиғи өсім жағынан қазақтар басқа түркі-мұсылман этностарынан әлі де едәуір кейін қалып келеді. Өзбек, ұйғыр, азербайжан, түрік, күрд және басқа ұлт өкілдерінің табиғи өсімі қазақтардан едәуір басым келіп, құрамы күшеюде.
Қазақтардың білім деңгейі де көп ұлт өкілдерінен әлі де төмен, 44 этностың ішінде қазақтар жоғарғы білім деңгейі бойынша сегізінші орында, аяқталмаған жоғарғы білім деңгейі бойынша – 19 орында, арнайы орта білім бойынша 28 орында, жалпы орта білім бойынша 11 орында, негізінде орта білім бойынша – 37 орында, ал бастауыш білім бойынша – 35 орында.
Қала тұрғындары, өнеркәсіп, құрылыс және транспорт салаларында қазақтар үлесі әлі де төмен өз деңгейінде емес екендігі де белгілі, әсіресе кәсіби жұмысшы мамандар, инженер – техниктер арасында ұлттық кадрларды көптеп тәрбиелеу проблемасы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерге жатады. «Көш жүре түзеледі» деген ата-бабаларымыздан қалған мақал сөз бар.
Тәуелсіздігіміз нығая түсіп, әлеуметтік – экономикалық жағдайымыз жақсарған сайын Республика халқының, оның ұйытқысы – қазақтардың саны өсіп, құрамы күшейе түсетіні баршамызға анық және болашақтың кепілі. Бұл үшін Республикада ғылымға негізделген әлеуметтік-демографиялық және көші-қон саясаты жүргізілуге тиіс.