«Бұрынғы уақытта- деп жазды Ж Аймауытов пен М.Әуезов «Қазақтың өзгеше мінездері» деген мақаласында; қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы ірі, бітімді, қайратты, сауықшыл ел болған екен. Досымен достасып табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен»-дейді. (алаш, 1917, 30 наурыз, №16)
Төменде қазақтың ұлттық мінез бітістерінің кейбір жақтарына сипаттама беріліп отыр.
Халқымыз кір жуып, кіндік кескен атамекенін аялап, елінің тілі мен мәдениетін, әдебиеті мен тарихын, біртуар аяулы перзенттерін мақтан тұтын, қадірлеп-қастерлеуді ұрпағына аманат еткен.
Бізде қай жүзге жататыныңды, қайрудан екеніңді білу ес жиып, есейгеннің белгісіндей дей отыра, мұның түпкі мақсат-мұраты біреу, ол ынтымақты ел болуға бағытталған. Ер азамат үшін туған халқын жан-тәнімен сүю, оның шаруашылығы мен мәдениетінің өркендеп, көркеюіне бар күш-жігерімен білімін, еңбегін жұмсап, үлес қосу перзенттік парыз болған. Қаз дауысты Қазыбек би: «Алтын ұяң-Отан қымбат…туып өскен елің қымбат, кіндік кесіп, кір жуған жерің қымбат»- деп тебіренген ғой.Қазақ елі –біздің Отанымыз, атамекеніміз, қастерлеп келе жатқан туған жеріміз.Осы жерді жан тәнімен сүйетіндер де, оны көздің қарашығындай қорғап, сақтайтындар да ең алдымен қазақ халқы, оның сендердей ізбасрлары.. Қаршадайынан өз отбасынан , әкесі мен шешесін, бауырлары мен туған туысқандарын қастерлеп, қадір тұтқан адамғана есейе келе туған халқы мен ел жұртын, атамекенін шын көңілмен сүйетін болады. Өйткені халқымыз «Отан от басынан басталады», деп бекерге айтпаған.Ата-анасын, өз үрім-бұтағын жанындай жақсы көріп сүймеген баланың ел-жұртын, халқымен ұлтын сүйетін толыққанды азамат болуы екіталай. Ұлтжанды кісінің имандылық-адамгершілік қасиеттері,- сондай-ақ, оның жекжат-жұрағатқа деген оңды көзқарасынан да жақсы байқалады. Қазақтың ұлттық философиясының төртінші ерекшелігі- ұлттық базисі болып есептелетін көшпелі өмірмен, мал шаруашылығымен тығыз байланыстылығы. Тіршіліктің тұтқасы төрт түлік малда деп ұққан қазақ малды жанмен бірдей санаған. Екі қазақ кездесе кетіп амандық сұрасса, «мал-жан аман ба?»- деп сұрауы да сол пікірге саяды. Терісі мен жүнін киім қып киіп, еті мен сүтін азық етіп күн көрген, сауса сауын, мінсе көлік ретінде пайдаланған төрт түлікті (әсіресе, жылқы малын) қадірлеп, қастерлеу қазақ баласы үшін өмір заңы болып есептелген. Өйткені, малдан айрылу — шыбын жаннан айрылумен бірдей болған. (Бұған 1932 жылғы ұжымдастыру кезінде қазақтардың малдан айрылып, аштық-қырғынға ұшырауы айқын дәлел.) «Мал ашуы-жан ашуы», «малдың беті шарық, малсыздың күні кәріп», «Мал баққанға бітеді», «Жаманға жан жуымас, жалқауға мал жуымас» деп, ерінбей еңбек етсең ғана мал табасың, малсыз өмір жоқ, күн көрісің қараң деген ойды түйіндеген. Ол заңды да. Себебі, тіршілік етудің басқа түрі жоқ көшпелі қазақ елі үшін мал бағып күн көру- өмір сүрудің негізгі тірегі болып саналады. Осымен байланысты- төрт түлік малға арналған мақал-мәтел, ертегі-әңгіме, жаңылтпаш-жұмбақтардың қазақ ауыз әдебиетінде орасан көп болуы, мал атауларының молдығы, тіпті сұлу қызды «Ботакөз», ал батыр, алғыр жігітті «нар жігіт» деп атауы, немесе баласын «қозым», «құлыным», «ботам» деп айналып-толғануы, бір жағынан, ұлттық психологияның тілдегі көрінісі болып саналса, екіншіден фольклорлық шығармалардың этнопедагогикада тәрбие құралы ретінде қызмет еткенін байқатады.
Тұрмыс-тіршіліктің, еңбек пен кәсіптің өмірдегі көрінісі ұлттық салт-дәстүрлер арқылы марапатталатыны көпке аян. Ал, қазақ халқының салт-дәстүрі малмен, көшіп-қонумен байланысты туып дамыған. Наурыз тойлары, көшіп келген ағайынға ерулік немесе көшерде көршілерге көшерлік беру, бие байлау, сірне, қымыз жинау, малдың төлдеуімен байланысты уызға, күздікте қарын-майға, қыста соғымға шақыру, отқа май құю, келіннің отқа салар әкелуі т.б. ырым, жол жоралар, тіпті қыздың қалың малын немесе ердің құнын да мал санымен есептеу сияқты салт-дәстүрлердің халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен байланысты туғанын дәлелдейді. Сөйтіп, салт-дәстүрлер, бір жағынан, халықтың тұрмыс-тіршілігінің айнасы іспетті болса, екіншіден, сол арқылы ғасырлар бойы өз ұрпағын еңбекке, адамгершілікке, өнерге, өмірге икемдеуде тәрбие құралы ретінде пайдаланған.
Халқымыздың сан ғасырлық ұрпақ тәрбиесі халықтық салт-дәстүрлер мен ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделгенімен, оның да өзіндік мақсат-мүдделері, негізгі қағидалары бар.