ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары: Жетісудағы қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында Білім және ғылым министрлігіне орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында Өлкетану курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасауды тапсыратынын атап көрсеткен-ді. Бұл тапсырманы жүзеге асыру тарихшылар қауымына да үлкен міндет жүктейді. Мұндай міндеттің бірі өткен дәуірлерде орын алған оқиғалар мен құбылыстардың аймақтық ерекшеліктерін шынайы тұрғыда бағамдау болып табылады. Жекелеген өңірлердің тарихына байланысты зерттеулер Өлкетану курстарының мазмұнына, сапалық деңгейіне оң ықпалын тигізеді. Сондықтан да аймақтар мен өңірлердің тарихына қатысты зерттеу жұмыстарын қарқынды түрде жүргізе түскеніміз абзал. Осыған орай өткен ғасырда орын алған бірінші орыс революциясының қарсаңымен тұсында патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына наразылық түрінде өрбіген қарсыластықтың Жетісу өңіріндегі ерекшеліктерін ашып көрсету де өзіндік маңызға ие деп санауға болады.

1905 жылы қаңтарда Ресей астанасы Петербургте орын алған қанды жексенбі оқиғасынан кейін бүкіл империя революция жалыны құрсауына енді. «Қанды жексенбі» оқиғасы империядағы түркі-мұсылман халықтарын бейжай қалдырмады. Патша өкіметінің халықтың бейбіт шеруін жауыздықпен басып-жаншуы түркі-мұсылман халықтары арасында кешірілмес күнә ретінде айыпталып жатты. Басталған революцияның өршуін әлсірету мақсатында ІІ Николай 18 ақпанда «Халықтан сайланған» адамдарды заңдық жобаларды әзірлеуге және талқылауға қатыстыру туралы Ішкі істер министрі А.Г. Булыгин әзірлеген рескриптке қол қойды. Либералды топтар бұл рескриптті «арғы жағынан жарқын болашақтың мүмкіндіктері көрініп тұр» деп мәлімдеп, оны зор қуанышпен қарсы алды. Аталмыш құжатпен бірге жеке адамдар мен ұжымдарды халықтың әл-ауқатын жетілдіре түсуге үндейтін құжат та өмірге келді. Мұның артынша 17 сәуірде дін еркіндігі жөніндегі патша жарлығы шықты. Бұл құжаттар түркі-мұсылман халықтарының саяси өмірге құлшына араласуына өзіндік серпін берді[1]. Сол тұстағы империяның шет аймақтарынан орталық билік орындарына ұлттық-саяси мәселеге қатысты петициялар (арыз-тілек) жолдау қарқын алды. Зерттеуші К.Залевскийдің пікірінше, бұл езгідегі ұлттардың азаттық қозғалысының бір қыры ретінде танылды. 1905 – 1906 жылдары империядағы түркі-мұсылман халықтары атынан орталық билік орындарына 500-ден астам петиция жолданды.Сол петициялардың бірі Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздарының атынан Министрлер комитетінің төрағасы, граф М.Ю. Виттеге жіберілді. Петицияны жолдауды ұйымдастыруда белгілі қырғыз манабы Шабдан Жантаев белсенділік танытты. Соған орай ол петиция ғылыми әдебиеттерде «Шабдан Жантаевтың петициясы» деп те аталады.

Аталмыш петицияның орыс тіліндегі нұсқасыШ. Жантаевтың ұсынысы бойынша Пішпек уезінің Талқан болыстығының тұрғыны Ахметбек Қойбағаров тарапынан қағазға түсірілді және оның 1905 жылдың маусым айында М.Ю. Виттеге жолданады. 11 тармақтан тұратын бұл петицияның алғашқы 6 тармағы дін мәселесіне арналды. Дін мәселесіне орай петицияда Түркістан өлкесі қырғыздары мен Жетісу облысы қазақтарына өз алдына бөлек діни басқарма (мүфтилік) ашу, мүфти мен имамдардың мұсылмандар тарапынан сайлануы, өңірдегі мұсылмандардың некесі мен отбасына қатысты істер Шариғат бойынша шешілуі, мұсылмандар білім алатын мектептер мен медреселердің мүфтилік қарамағында болуы, мүфтилікке вакуфтық иеліктің берілуі және оның земстволық салық есебінен қаржыландырылуы қажет деп көрсетілді[2].

Петицияның 7-тармағында 1905 жылы 18-ақпандағы император жарлығына сәйкес заң жобаларын талқылау, оны қабылдайтын жиынға, яғни Мемлекеттік думаға қазақтар мен қырғыздарға өз өкілдерін сайлауға тосқауыл қоймаумәселесі талап етілді.

Қазақ және қырғыз тілдерінде газет-журналдардың, кітаптардың шығарылуына рұқсат берілуі керектігі петицияның 8-тармағында көтеріліп, бұл мәселенің рухани дамудағы орны баса ескертілді.

Қазақтар мен қырғыздардың жылжымайтын мүлік алуына және таңдаған мамандығы бойынша қызмет етуіне билік орындары тарапынан кедергілер қойылуына наразылық петицияның 9-тармағында көтерілді. Осы тармақта қазақтар мен қырғыздарға бұл мәселе бойынша қойылатын шектеушіліктердің алынып тасталуы талап етілді.

Петицияның 10-тармағында үкімет тарапынан ашылған оқу орындарында, атап айтқанда, гимназияларда білім алып жатқан қырғыз және қазақ жастарына христиандық ілім негіздері оқытылмай, оның орнына мұсылмандық ілімнен дәріс оқытылуы керектігі сұралды.

Жер мәселесі петицияның соңғы 11-тармағында көтеріліп, орыс шаруаларының қоныс аударылуы доғарылсын деген талап қойылды.

Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздарының петициясында дін мәселесінің бірінші кезекке қойылуы өлкедегі мұсылмандардың діни істерінің діни басқармаға қаратылмай, оның отаршылдық әкімшіліктің қарамағында болуына байланысты туындаған еді. 1905 жылы көктемде Министрлер комитеті жанында құрылған Ерекше комиссияға Түркістан өлкесіндегі мұсылмандардың діни басқармасын, мүфтилігін құру туралы заң жобасын әзірлеу тапсырылған-ды. Бұл өз кезегінде өлкедегі қазақтар мен қырғыздардың аталмыш заң жобасының тез арада әзірленіп, қабылдануына ықпал етсек деген ниетін күшейте түсті.

Петицияда қазақтар мен қырғыздарға алдағы уақытта құрылуы тиіс Мемлекеттік думаға депутат сайлауға және депутат ретінде сайлануға шектеу қойылмауын талап етудің өзіндік себебі бар еді. Ондай себептің қатарына отарлық билік орындарының Түркістан өлкесінің жергілікі халықтарын Мемлекеттік думаға сайлауға қатысуына құлықсыздық танытуын жатқызуға болады. Тіпті, Мемлекеттік думаға сайлау ережесін дайындау үшін Министрлер комитеті жанынан құрылған Ерекше комиссияның мүшелері арасында Түркістан өлкесінің жергілікті тұрғындарын Мемлекеттік думаға қатыстырудың қажеті де жоқ, өйткені олардың даму деңгейі төмен, әлі заң шығару ісіне даяр емес деген пікір орын алған-ды. Петициядан осындай пікірдің күш алып, қазақтар мен қырғыздар Мемлекеттік дума жұмысынан тыс қалуы мүмкін деген алаңдаушылықтың болғаны аңғарылады.

Қазақ және қырғыз ұлттық саяси элита өкілдерін Ресей империясының қол астындағы өзге халықтар тілінде, соның ішінде татар тілінде де түрлі мерзімді басылымдардың жарық көруі толғандырмай қоймады. Сол тұста Ресейде татар тілінде 33 мерзімді басылым (21 газет пен 12 журнал) шығып тұрған. Мұның өзі петицияда көрсетілген қазақ және қырғыз тілдерінде газет-журналдардың шығарылуына рұқсат берілуі жөнінде талап пісіп жетілген мәселе екенін аңғартады[3].

Петицияда бүркемеленген орыстандыру саясатына, отарлық билік орындарының түрлі тәсілдер арқылы қазақтар мен қырғыздарды болыстық деңгейден жоғары лауазымға тартпауына және орыс шаруаларын қоныс аудару арқылы патша өкіметінің жергілікті халыққа жерсіз қалу қаупін төндіргеніне қарсылық таныту екі халықтың ұлттық еркіндікке талпынысының көрінісі еді.

Бірінші орыс революциясының бастапқы кезінде Ресейдің орталық аудандарында өршіген шаруалар көтерілісін басу үшін патша өкіметі Орталық Азияда жер кесу жұмыстарын қауырт жүргізіп, ол жерлерге орыс шаруаларын шұғыл түрде қоныс аударта бастады. 1906 жылға қарай Жетісу облысына 40 мың орыс шаруасы қоныстандырылды. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтардың өз жерінде жер тапшылығын тартуына әкеліп соғып, патша өкіметінің аграрлық саясатына қарсы олардың күресінің екпін алуын күшейтті. Т. Седельников 1907 жылы жарық көрген еңбегінде сол тұстағы қазақтар мен қырғыздардың жер үшін күресі «халық өседі, жер өспейді» деген принцип тұрғысында жүріп жатқанын атап көрсеткенді.

1905 жылдың алғашқы жартысында Жетісу облысының қазақтары мен қырғыздарының орыс шаруаларының қоныс аударуына қарсылықтары жер кесу жұмыстарын жүргізушілерге қоқан-лоқы көрсетулерінен байқалды. Соған орай Түркістан генерал-губернаторы мұндай толқудың кең етек алып кетуінен сескеніп, Петербургтегі орталық билік орындарына былай деп жазды: «Жергілікті түземдіктер арасында мемлекеттік тәртіп пен қоғамдық тыныштыққа қарсы үгіт табысты болуы мүмкін. Өйткені, олардың ішінде орыс үстемдігіне мойынұсынғысы келмейтіндер мен азаттыққа жетуді аңсайтындар әлі күнге баршылық».

Жер мәселесіне байланысты Жетісу өңірінде орын алған толқулар жөніндегі хабарлар өлкелік отарлық билік орынына жиі түсіп жатты. Түркістан генерал – губернаторы Жетісу облыстық әскери-губернаторына: «Маған келіп түскен мәліметтер бойынша қырғыз тұрғындары арасында соңғы уақытта үкіметтік тәртіпке қарсы бағытталған толқулар байқалып жатқан көрінеді. … Уездік бастықтар мен бөлімшелік приставтарға көшпенділерге мұқият қадағалау орнатуды тапсырыңыз. Көшпенділер арасында сенімсіздік туғызатын адамдар байқала қалса, ондайларды аластауға шара қолданыңыз»– деп жазды.

Жетісу облыстық әкімшілігінің жергілікті халықтың толқуларына тосқауыл қоюға деген талпынысына қарамастан, «үкіметтік тәртіпке» қарсы бағытталған үгіт-насихат жұмыстары тиыла қоймады. Әскери министрлікке Түркістан өлкесінен келіп түскен мәлімдемелерге қарағанда, Жаркент, Верный және Пішпек уездерінде қолға қару алып, билік орындарына ашық қарсылық көрсетуге үндеушілер саны күннен күнге арта түскен.

Қалыптасқан мұндай ахуал жағдайында Түркістан генерал-губернаторы Жетісу облыстық әскери-губернаторына: «Сіз тез арада түрлі үгіт- насихаттың тиылуына тегеурінді шара қолданыңыз. … Егер де қандай да бір ереуіл немесе тәртіпсіздік бой көрсете қалса, ондайды тез арада қару күшімен басып тастаңыз»– деген нұсқау берді.

Қазақтар мен қырғыздардың Түркістан өлкесіндегі орыс тұрғындарын өз жерлерінен ығыстырып тастау мақсатында оларға қауіп төндіріп тұрғаны жайлы отарлық билік орындарына мәліметтер ағылумен болды. Бірінші орыс революциясының Түркістан өлкесіндегі жергілікті халыққа тигізген ықпалы туралы еңбек жазған Е. Федоровтың көрсетуінше, сол кезенде өлкенің көшпенді халықтары арасына жасырын түрде қару таратылып жатқаны жөнінде мәлімет алған билік орындары 1898 жылғы Әндіжан оқиғасы қайталанғалы жатыр, егер ол қайталана қалса, оған өлкедегі қазақтар, өзбектер және қырғыздар тегіс тартылуы мүмкін деп қауіптенген.

Жергілікті тұрғындар арасында қарудың таратылуы жайлы мәліметті тексеру және табылған қаруды тәркілеу ісіне уездік приставтар жұмылдырды. Осындай тексерулер барысында өлкедегі өзге ұлт өкілдерінен тұратын революцияшыл топтардың да көтеріліс ұйымдастыру мақсатында жергілікті халықтың қарулануына мүдделік танытқаны айқындалды. Мәселен, Верныйдағы жасырын үйірмеге жетекшілік етіп, Пішпек және өзге де Жетісу өңіріндегі қалалардағы революцияшыл пиғылдағыларға өз ықпалын жүргізген Л.Н. Руммадан жергілікті халық арасына тарату үшін деп жасырған бірнеше винтовка мен бір жәшік оқ-дәрі тәркіленген[4].

Сол тұста қазақтар мен қырғыздардың қоғамдық-саяси өміріне өлкеде қайрымдылық көрсету мақсатында Верный, Пішпек, Әулиета секілді тағы басқа қалаларда бой көтерген «Гап» немесе «Машраб» деп аталатын мұсылмандық үйірмелер де өз ықпалын тигізді. Полиция департаментінің Түркістан аудандық күзет бөліміне тыңшылар арқылы келіп түскен мәліметтердің бірінде аталмыш үйірмелер жайлы былай делінген: «Жетісу, Ферғана және басқа да облыстарда «Гап», әрі «Машраб» деп аталатын үйірмелер бар. Верныйда мұндай үйірмелер оннан астам. «Машрабқа» ұлтына, жасына, кәсібіне қарай кем дегенде 17-20 адам тартылады. Үйірме мүшелері апта сайын 20 тиыннан жарна төлейді. … Әр жексенбіде үйірме мүшелері жиналып, үйірменің атқарар жұмыстарын талқылайды»

Патша үкіметі мұсылмандық үйірмелер жергілікті халықтар арасында орыс билігіне қарсы үгіт-насихат жүргізуде, өңірдегі қазақтар мен қырғыздардың толқуларына түрткі болуда деп олардың қызметін тыңшылар арқылы бақылауға алды.

Тыңшылардың жеткізуі арқылы Верныйдағы Жәбек Нығматуллин, Рахманқұл Әбдірахманов, Гаппаржан Мақсұмов деген адамдар кірген«Машраб» үйірмесінің жиынында патша өкіметінің жүргізіп отырған саясаты, әсіресе Жетісуға орыс шаруаларының қоныс аударылуы, қазақтар мен қырғыздардың иелігінен орыс шаруаларына деп кесіліп алынып жатқан жер мәселесі және орыстандыру мен шоқындыру бағытындағы үкіметтік шаралардың барысы жиі талқыланатыны жайлы билік орындары хабардар болды. Соған орай үйірменің жетекшісі Ж. Нығматуллин жергілікті билік орнының шешімімен өкіметке қарсы әрекет жасауда деген айыппен тұтқындалып, абақтыға жабылды.

Ðåçþìå

 ñòàòüå ðàññìîòðèâàþòñÿ îñîáåííîñòè âîññòàíèÿ â íà÷àëå õõ âåêà â Æåòûñó êîòîðûå áûëè ïðîòèâ êîëîíèàëüíîé ïîëèòèêè öàðñêîé Ðîññèè.

Summary

In this article discusses the features of the rebellion in the early хх century in Zhetisu which were against the colonial policy imperia in Russia.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. 1. Исхаков С.М. Первая российская революция и мусульманское движение // Отечественная история. – — № 5. – С. 65-67.
  2. 2. Залевский К. Национальные движения // Общественное движение в России в начале ХХ века. – СПб.: Общественная польза, 1911. – 320 с.
  3. РФММ. 102-қ., 244-т. 74-іс.
  4. Молдокасымов К. Шабданның петициясы // Шабдан баатыр / түзгөн Н. Капаров. – Бишкек: «Ала Тоо» журналынын тиркемеси, 1992. – 103-112 б.