Ұлттың қадір қасиеті — тіл

Тілсіз ұлт жоқ. Тіл ұлттың тірегі. Өз ұлтының ана тілін білмей сол ұлттың өкілімін деу күлкілі емес пе? Тілін жоғалтқан адам ұлттық қадір қасиетін де бірге жоғалтады. Ұлттық қадір қасиет тек ұлттық ана тілмен бірге өмір сүреді. Тіл жоғалған жерде ұлт та жоғалады. Ананың ақ сүтімен бұғанасы қатқан, бойында әкенің қаны тулаған адам ғана тілін қастерлей алады. Тек сондай адам ғана өз ұлтының шын мәніндегі патриоты бола алады.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері 17 жылдың жүзі болды. Бұл ұлттық қадір қасиетіміздің олқы тұстарын реттеуге толық жететін уақыт. Ағылшын тілін бір-екі жылда үйренген адам өз ана тілін он жеті жылда үйрене алмады дегенге қалай түсінуге болады.

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған алғашқы күннен бастап елімізді барынша демократиялық мазмұнда дамытатын заңдар қабылдады.

Еліміздің Ата заңының 7-бабында: “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл-қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды”-деп көрсетілген [1].

Бұл бап Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңының 7-бабында: “Қазақстан Републикасында тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемістуге жол берілмейді. Қазақстанда мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің қолданылуына және оларды үйренуге кедергі келтіретін лауазымды адамдардың іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады”-деп тиянақталған [2].

Елімізде мұндай заңдардың қабылдануы Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерін қазақ халқының еш өгейсімей өз бауырындай қамқорлыққа алуы емес пе?

Тарихқа көз жүгіртер болсақ “Қайта өрлеу дәуіріне дейін жер бетінде 10 000 тіл болған. ХХІ ғасырға дейін соның 3500 өмір сүруін тоқтатқан. Ғалымдардың болжамы бойынша алдағы жүз жылда дүние жүзінде бүгінгі таңда өмір сүріп жатқан 6500 тілдің тағы жартысы өз өмір сүруін тоқтатады”, яғни қолданыс аясынан тыс қалады [3].

Мұның басты себебі бір қатар тілдердің күнделікті тұрмыс тіршілік деңгейінен көтеріле алмауына байланысты қолданыс аясы кең күшті тілдермен бәсекелесе алмауында. Қоғамда әсіресе жастар жағының қолданыс аясы кең телекомуникациялық басым тілдерді кең қолдануы, тіптен отбасылық тілге айналдыру олардың ұрпақтарының ата-бабадан мирас ана тілдерін ұмытуға алып келуде. Әрине жер бетіндегі барлық ұлттардың өз мемлекеттігінің жоқтығының да кері ықпалын жоққа шығаруға болмайды.

Әйткенмен негізгі жағдай оған байлансты емес. Ол негізінен ұлттық рухқа толы отбасылық тәрбиеге байланысты. Ұлттық рухтың уызынан нәр алып тәрбиеленген кез келген адамның рухани байлығының негізі болған ана тілінен айыру мүмкін емес. Ұлттық рух дегеніміз өз ұлтына деген ұлы сезімнің тәрбие негізінде адам жанымен үндесуі. Рух деген ұлы сезім адам бойында өзгермейтін ұлы сенім ұялтады. Ал ұлы сенім дегеніміз сарқылмайтын ұлы күш. Ата-анасынан айрылған тұл жетім емес, себебі оның елі, Отаны бар. Шын мәніндегі тұл жетім деп ана тілінен айырылған аянышты адамдарды айтуға болады.

Қазіргі тәрбиенің негізгі қайнар көздерінің бірі ол-теледидар. Теледидар ұлттық теледидар деңгейіне жетпейінше ұлттық тіл, ұлттық діл өркендей алмайды.

Тарихта өліп қайта тірілген де тілдер бар. Мысалы үшін иврит тілін алайық. Бұл тіл соңғы 2500 жыл бойы қолданыс аясынан мүлдем шығып қалған болатын. “ХХ ғасырдың ортасында еврей ойшылы идеалист Бен Иегуданың арқасында қайта тіріліп израйлдықтардың ана тіліне айналды” [3.стр.351].

Адамзат баласы бұрын-соңды болып көрмеген бүгінгідей жоғары деңгейдегі ғылым мен техниканың қарқынды дамуын басынан кешіріп отырған мүлдем жаңа дәуірде өмір сүріп отырған кезде жаһандану процесінің әсер-ықпалынан тыс қалушы ұлт, ұлттық тіл жоқ.

Қазір дүние жүзінде кең таралған тілдер жағдайына көз жүгіртер болсақ “1,3 миллиард адам қытай тілін, 950 миллион адам хинди тілін, 950 милион адам испан тілін, 450 миллион адам ағылшын тілін, 200 миллион адам араб тілін, 165 миллион адам португал тілін, 150 миллион адам бенгал тілін, 150 миллон адам орыс тілін, 120 миллион адам жапон тілін, 100 миллион адам неміс тілін, 70 миллион адам француз тілін ана тілім деп есептейді” екен [3.стр.350].

Ал қазақ тілін өзін қазақпын деп есептейтін Қазақстанда және шетелдерде тұратын 13 милионнан астам қандастарымыз өз ана тілім деп есептейді. Қазақ тілінің көп тепреш көргенін, көп қысым көргенін, қазақ ұлтының бір бөлігінің қолданыс аясынан жартылай немесе тіптен толықтай шығып қалған жағдайын жасыруға болмайды.

Халқымыз айтатын “ауруын жасырған өледі”-деген сөз бекер айтылмаған. Өліп қайта тірілген иврит тілі мен қазақ тілінің тағдырларын бірдей деуге болмайды. Әйтсе де тіл тағдыры туралы сөз қозғағанда бұл тілдердің мемлекеттік тіл ретінде қайта жаңғыруында бірқатар ұқсастықтардың барлығын жоққа шығаруға болмайды. Дүние жүзіндегі тілдік қоры бай, терең тарихы мен мол рухани мұрасы бар тілдердің қатарына жататын қазақ тілінің ұлтымыз тәуелсіздік алған 16-17 жылда тарих сахынасына қайта шығуы, оның шын мәніндегі қуатты ұлттық, мемлекеттік тілге айналуына толық заңды және моральдық құқы бар. Қазақ тілі сөзсіз Қазақстанда мекендейтін барлық 15 миллион халықтың мемлекеттік тілі болуы керек. Түрлі саясаттың дауылымен Қазақстанға ерікті және еріксіз жағдайда қоныс аударып, оны шын мәнінде өзінің отаны, туған жері деп есептейтін өзге ұлт өкілдерінің өз ара қатынас тілі ретінде қазақ халқының, қазақ тілінің айналасына топтасуы ешқандай талас тудырмайтын бүгінгі күн талабы екендігін түсінетін уақыт жетті.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Қазақстан Республикасының Конституциясы. Астана, 2007. 7-б.

2 Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы заң актілері. Алматы, 2005, 5-б.

3 Неразгаданные тайны человечества. Антология загадочных явлений. Москва, 2004, стр 351.

Резюме

Без языка нет нации. Язык-опора нации. Только тот, кто любит и ценит свой родной язык, может стать настоящим патриотом. 17 лет независимости достаточны для того, чтобы в полной мере освоить государственный язык нашей страны. Казахский язык должен быть государственным языком всего 15-миллионного населения республики. Это — закон, который должны соблюдать все.

Resume

No nation can exist without a language. Language is the power of a nation. Only people who love and value their native language can become a real patriots. Seventeen years of independence is quite enough to learn the official language of our country. The Kazakh language must be the official language of the 15 million person population of our republic. It is a law that should be followed by everyone.