ХҮІІІғ Ресейдегі ағарту ,мектеп және педагогика

1687 жылы Мәскеудегі ең бірінші жоғары оқу орны — эллин-гректік, кейіннен славян — грек — латын академиясы болып ашылды. Академияны ашуда білімді ағайынды Лихудылар үлкен еңбек сіңірді. Олар жоғары сыныптарда риторика және философиядан сабақ берді, грек, латын тілінде грамматика мен риторикадан оқулықтар құрастырды. Кейіннен олар Новгородта славян-грек-латын училищесін ашты. Осының үлгісімен XVIII ғасырдың басында Новгород жерінде 14 грамматикалық мектеп ашылды.

Мәскеу академиясы Киев академиясының үлгісімен құрылды. Оның ашылуына еңбек сіңірген Симеон Полоцкий (1629-1680) болды. Ол латын тілді мектепті қолдады. С.Полоцкий өзінен кейін бірнеше оқу кітаптарын “Псалтырь”, “Славян тілінің әліппесі”, т.б. қалдырды. Ол табиғатқа сәйкестік ұстанымын қолдады. Адамды тәрбиелеудің үш кезеңін ұсынды: туғаннан 7 жасқа дейін- адамгершілік тәрбиесі кезеңі, 7 жастан 14 жасқа дейін- практикалық оқыту кезеңі, 14 жастан 21 жасқа дейін- ақыл-ойдың даму және азаматтық тәрбие кезеңі. Жақсы ата-анада жаман баланың болу себебі шектен тыс баланы сүю деп есептеді. Баланың ең алғашқы дағдыларына жете мән берді. Симеон Полоцкий І Петрді тәрбиелеуді қадағалаған.

Полоцкий әлемді құдайдың жазған кітабы ретінде қабылдайды. Мұғалім оқушыны осы кітапты оқуға үйретуі қажет деп көрсетті. Ол оқытуды латын, грек және орыс тілінде жүргізу керектігін айтты.

Бұлардан кейін білім берудің таза шіркеулік-діни кезеңі аяқталып, оқу орнында дінмен қатар, ғылым да оқытыла бастады. Дегенмен ғылыми пәндерді оқытудың өзі де дінге тәуелді болды, барлық ғылым православиелік дін тұрғысынан түсіндірілді.

Мәскеу академиясы XVIII ғасырдың соңына дейін жалғыз жоғары оқу орны болса, кейіннен ол тек діни мекемеге — діни семинарияға айналды.

Бұл академияның қабырғасында М.В.Ломоносов, көрнекті жазушы А.Д.Кантемир, архитектор В.И.Баженов және т.б. мәдениет саласындағы көрнекті қайраткерлер оқыған еді.

XVII ғасырдың екінші жартысында Ресейде оқыту мен тәрбиенің латын тілді, византия-ресейлік, славян-грек-латын, ескі салттық есептік — төрт бағыты сарапталды.

Бұлар Ресейдің алдағы қоғамдық даму жолын бағалау жағынан екі бағытты ұстанды. ХIХ ғасырда олар батыстық бағытты және славяндық бағытты ұстанушылар деп аталды.

Сол кезеңдегі педагогикалық ой-пікірдің жетістігін бейнелейтін белгілі қайраткер Сильвестрдің тілі көркем, мазмұны қызықты жазылған «Домострой» шығармасын атауға болады. «Домострой» үш бөлімнен тұрды.

Бірінші бөлімінде өмірге байланысты діни ақыл-кеңес берілді. Мұнда ата-аналардың басты міндеті балаларына адамгершілік-діни тәрбие беру керек делінді.

Кітаптың екінші бөлімі отбасылық қарым-қатынасқа арналды. Күнделікті тұрмысқа қажетті еңбекке, сауаттылыққа және кітап «ғылымын» үйрену жөнінде кеңес берілді.

«Домостройдың» үшінші бөлімінде үйді жабдықтауға,шаруашылық жұмыстарға қатысты кеңестер берілді.

Ресей XVIII ғасырдың басында ортағасырлық тығырықтан шығып, өзінің экономикасын, саясатын, мәдениетін дамытуды көздеді. Оған білімді мамандар — офицерлер, теңізшілер, артиллеристер, инженерлер, дәрігерлер, ғалымдар, үкімет қызметкерлері, мұғалімдер қажет болды. Осыдан білім саласын жетілдіру қажеттігі пайда болды.

Петр I-ші мемлекетті дамыту мақсатымен шіркеуді өз билігіне көндірді. Шіркеу бірден-бір білім бақылау құқынан айырылды. Бұдан былай білімді бақылау мемлекет қарамағына алынды. Сонымен Ресейдегі оқу-ағарту жұмысы үкімет мүддесіне қызмет етуге бағытталды.

1721 жылы Петр I-нің тікелей қатысуымен Феофан Прокопович «Рухани регламент» жасады. Онда мемлекеттің шіркеуге үстемдік етуі бекітілгенмен де, халықты адамгершілікке тәрбиелеп, ақыл-кеңес беру үшін шіркеудің білім деңгейін жетілдіру көзделді. «Рухани регламентте» мемлекеттің мүддесі басым болды. Ф.Прокопович жаңа мектепке ғылыми сипат беруді көздеді, онда түрлі пәндерді оқыту, оқытуды көрнекілікке негіздеу, кітапхананың болуы міндеттелді, өйткені «кітапсыз академияның жаны жоқ» деп көрсетілді.

Академияның оқу жоспарындағы пәндер:

— грамматика тарихпенжәне жағрафиямен бірге;

— арифметика геометриямен бірге;

— логика мен диалектика бірге;

— риторика мен тақпақ шығаруға жаттығумен бірге;

— физика қысқаша метафизикамен бірге;

— қысқартылған саясат;

— діни оқу (мерзімі 4 жылдан 2 жылға қысқартылды).

Шет тілдері (латын тілін міндетті түрде оқыту, егер мұғалім табылса, грек және еврей тілін оқыту) сабақ уақытындағы екі пәннің арасында оқытылуы тиіс болды.

Оқу мерзіміне 8 жыл бөлінді. Оқуды бітіргендерге дін немесе ғылым жолына түсуге мүмкіндіктер берілді.

“Регламентте” элементарлық мектеп жайы атап өтілді, әр епископ өз үйінде дін иелерінің балаларын оқытып, дін жолына түсетін қызметкерлер даярлауға міндеттелді. Ең бастысы Ф.Прокоповичті толғандырып, мазасыздық тудырған мәселенің бірі — мұғалімдердің саны мен сапасын көтеру болатын. Өкінішке орай Ф.Прокоповичтің идеясы мен пікірлері дін иелері тарапынан қолдау тапқан жоқ, өйткені олар Петр I-нің білімді қайта құруына қарсы болды.

I Петр заманындағы мектептің жайы. Петрдің қолындағы «Рухани регламент», білімді қайта құру жобасын толықтай жүзеге асырмады. Дегенмен сол жобаның ықпалынан Петрге дейінгі қалыптасқан бір типті білім екі бағытқа бөлінді — шіркеулік және дүнияуи, соңғысының аясында түрлі кәсіби мектептер пайда болды. Петр заманындағы жаңадан ұйымдастырылған білім сипатына тоқталсақ, біріншіден, ол кәсіби бағыт алса, екіншіден, сословиелік жіктелуді күшейтті, өйткені бұл тұста дворяндарды қолдау саясаты күшті жүргізілді.

Петрдің алғашқы бастамасы мемлекеттік мектепте бұқара халықтардың балаларын оқыту үшін — цифирлік мектептер ашуынан басталды. Ол мектеп патша жарлығымен 1714 жылы 10-15 жас аралығындағы бұқара халықтың балаларынан мемлекеттік қызметтің төменгі деңгейіне қызметкер даярлауды көздеді. Негізінен онда әскери қызметке, завод және кеме жасайтын жұмысшылар даярланды. Цифирлік мектептер кәсіби мамандыққа арналған даярлық кезеңі болып саналды.

Оқу мазмұнында сауат ашу, арифметика, бастапқы геометрия қамтылды. Ондағы мұғалімдік қызметке мәскеулік математика мектебі мен кеме жүргізу (навигация) мектептерінің шәкірттері тартылды. Бірақ цифирлік мектептің ғұмыры қысқа болды, себебі ондағы оқуға төленетін қаржыны бұқара халықтың жағдайы көтермеді. Алайда, бұл мектептің жұмысы педагогикалық тәжірибені дамытты.

XVIII ғасырдың басында әскери адамдар мен теңіз мамандарының балаларын оқытатын армия мен флоттың төменгі басшылық құрамына қызметкерлер, кеме жасау және жүргізу мамандарын даярлау қажеттігі туды. 1698 жылы Преображенск полкінің жанынан артиллерия мектебі ашылды. Онда сауат ашу, есепке үйрету, артиллериялық іске баулужүргізілді. 1721 жылы ондай мектептерді әр әскери полкте ашу жайлы бұйрық берілді.

Кәсіби жұмысшыларды даярлау үшін кен-заводтық мектептер ашылды. Мұндай мектеп 1716 жылы алғаш Карелияда ашылды. Ол мектепке кедейленген дворян отбасыларының 20 шақты баласы алынып, оларға оқу-жазу, арифметика, геометрия, кен және артилерия ісін меңгертті.

1701 жылы Мәскеуде артиллерия-инженер мектебі, 1703 жылы Мәскеу инженер мектебі, 1719 жылы Петербург артиллерия мектептері ашылды.

1707 жылы Мәскеудегі әскери госпиталь жанынан хирургия мектебі ашылды.

Мәскеудегі математика және навигация ғылымдары мектебі сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы мектеп саналды. 1707 жылы Петр I-нің жарлығымен түрлі келеңсіз жағдайларды болдырмау, оқу сапасын арттыру мақсатында оқушыларды қатаң жазалау шарасы енгізілді. 1715 жылы бұл мектеп Петербургке көшіріліп, Теңіз академиясы деп аталды.

1725 жылы Санкт-Петербургте Ғылымдар Академиясы құрылды. Оның жарғысы Петр I-нің тұсында жарияланды. Академия үшін Батыс Еуропа елдерінен ғалымдар шақырылып, керекті жабдықтар сатып алынды. Петр I-нің жобасы бойынша академия жанынан университет, гимназия ашылды. Академияның жұмысына М.В.Ломоносов белсене араласты.

Петр I-ден кейінгі кезеңде таққа келген оның мұрагерлері, ата-бабасының бастаған істерін қолдағандай болды. Сөйтіп, Петр заманындағы оқу-ағартудағы белгілі жетістіктер біртіндеп өзгеріске түсіп, дворяндық тәрбиеге назар аударыла бастады.

Дворян иеліктеріндегі отбасында білім беру үшін шетелдерден мамандар шақырыла бастады. Дворян иеліктеріндегі отбасы тәрбиесіне түрлі жағдайлар ықпал етті: отбасының қаражаты, қоғамдағы әлеуметтік орны. Үй иесінің негізгі іс-әрекетіне қарай бала тәрбиелейтін гувернерлер мен мұғалімдерді жалдау қажет саналды.

Дворяндардың балалары 7 жасқа толғанда Петербургке әкелініп, бірінші байқаудан өткізіліп, арнайы тіркеуден өтуі керек болса, ал Мәскеу мен губерниялық қалаларда губернаторларда тіркелу керек болды. Екінші байқау 5 жылдан кейін өткізілді. Ол кездегі жеткіншек («недоросль») өз оқу дағдысын жақсы меңгеріп, есеп шығара білуі тиісті болды.

Оқудың келесі сатысы үйде немесе мемлекеттік мектепте жалғасуы қажет еді. Онда олар арифметика мен геометрияны, Құдай заңын оқыды. Сөйтіп, дворяндық тәрбие (7-16 жас ) дворяндықиеліктердегі үйде жүзеге асырылды. 16 жасқа толғаннан кейін оның білімін сенат тексерді. Дворян баласы оқуын онан соң үйде немесе мемлекеттік мектепте жалғастырып, жағрафия мен тарихты, фортифкацияны меңгеруі тиісті еді.

Инженерлік, артиллериялық, гарнизондық мектептердің оқушылары Петербургтегі Әскери коллегия мүшелерінің немесе гарнизондар мен қала губернаторы, коменданты, «ғылым адамдары» алдында емтихан тапсырды.

Дворян балаларынаболашақ офицерге керекті білім беретін арнаулы әскери оқу орындары – кадет корпустары ашылды. Бұл оқу орындары Қазан төңкерісіне дейін сақталды.

1731 жылы Санкт-Петербургте дворян балаларын әскери және мемлекеттік қызметке даярлайтын алғашқы кадет корпусы ашылды. Бұл мектепте әскери даярлықпен бірге жалпы білім берілді. Онда 4 сынып болды. Әр сыныпта оқу екі жылдан төрт жылға созылды (барлығы 10-12 жыл) Алғашқы екі сыныпта жалпы дәрежелі білім берілді (әдебиет, математика, тарих, жағрафия оқытылды). Жоғары сыныптарда арнаулы пәндер оқытылды. Сонымен қатар атқа салт мініп жүру, қылыштасу, би, музыка өнерін үйренуге көңіл бөлінді. Кадет корпусында оқыған жастар не әскери қызметке, не мемлекеттік қызметке қажетті мамандық алатын болды. Бұл типті оқу орындарында эстетикалық және дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінді. Кадет корпустарының кітапханасы, театры болды және журнал басып шығарып тұрды.

М.В.Ломоносовтың педагогикалық идеясы. Михаил Васильевич Ломоносов (1711-1765) – орыстың алғашқы жаратылыстанушы ғалымы, ақын, философ, суретші, тарихшы, ағартушы, әлемдік ғылымда аты қалған орыстың алғашқы академигі. Ол Ресейдің ғылымы мен мәдениетінің барлық саласының негізін қалаған біртуар ғалым: әдебиетші, ақын, түрлі тілдерді меңгерген тарихшы, жағрафияны жетік білген, кен зерттеуші, темір қорытушы, физик, химик, суретші, ұстаз болды. Ол барлық ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуді, мемлекеттің байлығын арттыруды көздеді. М.В.Ломоносов ағартушы ретінде Ресей мемлекетінің мүддесіне, ғылым және оқу-ағарту саласында қажырлы еңбек етті.

Мәскеу университетінің (1755) құрылуы М.В.Ломоносов атымен тығыз байланысты. Ол қазіргі кезеңдегі әлемдегі жетекші университеттердің бірі болып саналады. Ломоносов осы университетті құру жобасы мен оқу бағдарламасын жасады. Ғалымның ұсынысы бойынша университет қабырғасында гимназия ұйымдастырылып, ол 1812 жылға дейін өз қызметін жалғастырып келді.

Университеттің жанынан екі гимназия ашылды. Бірі дворян балалары үшін, екіншісі — крепостной шаруалардың балаларынан өзге, әр түрлі шендегі сословиелердің балаларына арналды. Бұдан кейін Мәскеу гимназиясының үлгісімен Қазанда да гимназия ашылды.

Мәскеу университетінің жанында орыс архитекторлары Казаков пен Баженовтың мектептері жұмыс істеді. Бұл университеттің профессорлары ірі педагогикалық зерттеулермен айналысты. Олар оқыту әдістемелерін зерттеді. Жеке пәндерді оқыту туралы бағалы құрал жасап ұсынды. Ол құрал “Университетке түсушілерді оқытудың әдістері” (1771) орыс, латын, неміс, француз тілінде шықты.

Мәскеу университетінің жанында Ресейдегі алғашқы оқытушылар семинариясы жұмыс істей бастады. Бұл семинария гимназиялар мен басқа мектептер үшін мұғалімдер даярлады.

Мәскеу университетінің ашылуы М.В.Ломоносовтың жоғары демократиялық мектеп жайлы арманын іске асырды. Онда барлық сословиенің өкілдері оқуға мүмкіндік алды.

Мәскеу университеті қиындықтарға қарамастан өз қызметінің аясын кеңейте бастады. Онда әдеби және ғылыми бірлестіктер құрылды. Сонымен бірге “Баспаханалық бірлестік” те бой көтеріп, баспадан кітаптар шығарып, оны сататын дүкендер ашты.

60-жылдары М.В.Ломоносов Санкт-Петербугтегі академиялық гимназия мен университетті басқарды. Ол жалпы жұмыс жоспары, оқу жоспары, ондағы жұмыс тәртібі жайлы “Академиялық гимназия регламентін” жасады. Ломоносов алғаш рет Санкт-Петербург университетінде дәрісті орыс тілінде оқыды, бұрынғы ғылым тілі Еуропа мен Ресейде латын тілі еді.

М.В.Ломоносовтың ағартушылық қызметінің бірі — орыс тілінде қажетті оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазуы. Мәселен, оның “Риторика” (1748) және “Орыс тілінің грамматикасы” (1758) жарты ғасыр бойындағы ең жақсы оқулық болып саналды. Тарихқа байланысты кітаппен бірге “Кен ғылымын алғашқы негіздеу” кітабын жазды. “Студенттерге арналған физика кітабын” латын тілінен орыс тіліне аударды.

М.В.Ломоносовтың ең ірі педагогикалық жетістігі — чех педагогы Ян Амос Коменскийдің “Суретті әлем” деген шығармасын мейілінше насихаттап, гимназия оқулығы ретінде пайдалануға ұсынуы.

М.В.Ломоносовтың педагогикалық жетістігінің екінші бір қыры — Ресейде ең алғаш рет академия мен университеттерге сыныптық-сабақ жүйесін енгізуі, кейіннен сол үлгі бойынша, кадет корпустарына да сыныптық-сабақ жүйесі енгізілді.

М.В.Ломоносовтың біліктілігі мен парасаты оның жасаған бағдарламалары мен ғылыми еңбектерінде көрініс тапты.

Сондай-ақ, І-Петр тұсындағы мектепті ұйымдастыру ұстанымдары: мектептердің мемлекеттілігі, кәсібиліктің энциклопедиялық біліммен ұштасуы, оқу жоспарларында математика, навигация және теңіз ғылымдарына ерекше орын берілді, зорлықпен оқыту және қатаң режим орнатылды.

XVII ғасырдағы білім беру мекемелері жүйесіне жалпы білім беретін және кәсіптік оқу орындары (математика және навигация ғылымдары мектебі (1701) .математика, астрономия, география, геодезия, теңізде жүзу; Теңіз академиясы (1715); цифирлік училищелер (1714 жылдан бастап шаруалар үшін басқа оқу, жазу, арифметика).

Арнайы оқу орындары: таукен — заводтық мектебі, инженерлік мектеп; артиллериялық мектеп; қарапайым бұқара халық үшін халық училищелер жүйесі; кіші- 2 курстық, негізгі-4 курстық; Петербургтік басты халық училищесі — мұғалімдік семинария және жабық сословиелік оқу орындары (шетелдік пансиондар, теңіздік кадеттік корпус (1752), артиллериялық дворяндық корпус, бастауыш архиерей мектептері, рухани семинарлар мен рухани академия, Смольныйдағы ізгілікті қыздар институты) және ғалымдар Академиясы (1725), Мәскеудегі университет (1755) т.б.бүкіл білім беру жүйесінің негізгі белгісі — анық көрініп тұратын сословиелік болды.

Александр Николаевич Радищев (1749-1802) – ХVIII ғ. екінші жартысындағы Ресейдегі революцияшыл педагогикалық ойдың көрнекті өкілі болды. Ол крепостнойлық тәртіптің күшті кезінде халықты қанауға батыл қарсы шыққан орыс дворяндарының бірі еді.

А.Н.Радищев табиғат, адамның пайда болуы және оның санасы жөнінде орыстың философиялық материализмінің алдыңғы қатарлы идеяларын жақтады.

А.Н.Радищев тәрбиенің негізгі міндеті азаматтық санасы және жоғары моральдық қасиеттері бар, мейлінше Отанын сүйетін патриот адамды қалыптастыру деп санады. Ол шын мәніндегі патриот деп қаналушы халықтың мүддесі үшін патшамен белсенді күрес жүргізген адамды ғана санауға болады дегенді айтты. Бұл пікір оның “Отанының шын ұлы кім екендігі туралы әңгіме” деген еңбегінде көрініс тапты.

Оның “Петербургтен Мәскеуге саяхат” атты негізгі шығармасында шаруа балаларының помещиктің қанауынан тартып отырған азабын ашып көрсетті. Шаруа балаларының рухани дамуына крепостнойлық тәртіптің кедергі жасап отырғанын, олардың табиғи қабілеттерінің дамуына үкімет тарапынан қамқорлықтың жоқтығын сынады. Жас ұрпақтың тиісті тәрбие алуы мемлекеттің міндеті деп атап көрсетті, тәрбие беру арқылы жас ұрпақтан Отанының азаматын, шын мәніндегі патриотты тәрбиелеу қажет деп санады.

Отбасы тәрбиесіне байланысты балаларды қатаң тәртіппен бағындыруға болмайды, отбасындағы ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасы олардың жеке басының ғана ісі емес, ол қоғамдық мәселе деп көрсетті.