Дене тәрбиесі мен қазақтың ұлттық ойындарының өзара байланысы

Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жастарға үлгілі, өнегелі тәрбие беру–қазіргі міндеттердің бірі. Оқушыда жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жеке тұлғалық қатынасын (этикалық, эстетикалық, адамгершілік тұрғысынан) тәрбиелеу мақсатын халқымыздың мәдени рухани мұрасының, салт-дәстүрінің озық үлгілерін оның бойына дарыту арқылы жүзеге асыруға болады. Осымен байланысты бағдарлама халқымызға тән әдептілік, қонақжайлық, мейірімділік, т.б. сияқты қасиеттер, табиғатқа деген қарым-қатынасындағы біздің халыққа тән ерекшеліктер. Ойынды сабақта қолдану оқушылардың ой-өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы. Бірақ оны жүргізуге арналған нақты әдістемелік құралдар жоқтың қасы. Біздің халықтық педлагогикада еңбек тәрбиесі өте ертеден бастау алады. Ертеден келе жатқан еңбек тәрбиесінің әдіс-тәсілдер құралы, сөз жоқ, еңбек болып табылады. Еңбек адамның қалыптасуы мен тәрбиеленуінде бір ұрпақтан екінші ұрпаққа өмірлік тәжірибе береді және халықтың даму барысында шешуші роль атқарады. Еңбек ету кезінде адамның дене, ақыл-ой, эстетикалық дамуы мен еңбек тәрбиесі қатар жүреді.

Мәселен, қазақтың ұлттық ойындары: «Бәйге», «Көкпар», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Қыз қуу», «Тоғызқұмалақ» т.б. балалардың еңбекке деген қарым-қатынасы мен қабілеттерін арттырады. Ойын дегеніміз – адамның ақыл-ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан-ойға жетелейтін, тынысы кең, алысқа меңзейтін, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе. Ұлы педагог В.И.Сухомлинский [1]: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды», – дейді. Демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы баии түседі. Оқу үдерісінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай алынады. Сонда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Оқушыларды әсіресе, «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Асық» секілді ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді екеніне көз жеткізу қиын емес. Бұл ойындарды жаңа материалды бекіту немесе қайталау кезінде қолдану керек деген пікір бар. Оқушы ойынның үстінде не соңында өзінің қатысу белсенділігіне қарай түрлі баға алуы мүмкін. Мұғалім әр оқушының еңбегін бағалап, ынталандырып отыруы тиіс. Ойынның тәрбиелік маңызы мынада: ол баланы зеректікке, білгірлікке баулиды. Бабаларымыздың асыл қазыналарына деген көзқарасын құрметтеуге сөз әсемдігін сезінуге үйретеді. Батылдыққа, өжеттікке тәрбиелейді. Бұл ұлттық ойындарды 6 – 7 сыныптар арасында орындаған нәтижелі болады.

Қазақстан Республикасының оқушыларының көпшілігінде ұлттық спортпен, ұлттық ойындармен, дене жаттығуларымен жүйелі түрде айналысуға деген мұқтаждықтың, осы саладағы өз бетінше жүргізілетін сабақтардың ғылыми негізделген әдістемесінің жоқтығын, сонымен қатар көптеген жалпыға міндетті білім беру мекемелерінде, мектептерде (әсіресе, ауыл мектептерінде) оқудың материалдық базасының нашарлығынан, оқушылардың оқитын орындары да қашықта болғандықтан, мектептен тыс сабақтар мүлдем жүргізілмейді. Осы жоғарыда айтқан мәселелердің бәрі аталған тақырыптың әлі де болса жан-жақты толық зерттеуді қажет ететіндігін көрсетеді. Ұлттық ойындарды мазмұны мен күрделілігіне байланысты және балалардың жас ерекшіліктерін ескере отырып, төменгі, орта және жоғарғы сынып оқушылары ойнайтын ойындар деп бөлуге болады. Қажетті ойындарды өтілетін сабақ не жаттығудың алдында тұрған педагогикалық міндеттеріне байланысты таңдап алу қажет. Дене тәрбиесі сабағында және жаттықтыру кезінде қозғалыс ойындарын, оның ішінде ұлттық ойындарын қолдану арнайы үйрену міндеттерін шешуге көмектеседі. Ұлттық және эстафеталық қозғалыс ойындарын ұйымдастыра отырып оқушылардың қызығушылығын арттыру, ұйымшылдыққа, батылдыққа және салауатты өмірге тәрбиелеу. Ұлттық ойындарды спорттық ойын сабақтарында, жеңіл атлетика, гимнастика сабақтарында, жалпы дене қуаты дайындығы және жаттықтыру сабақтарында кеңінен қолдануға болады. Ұлттық ойындардың дене тәрбиесі сабағын жоғары әдістемелік деңгейде сапалы өткізудегі пайдасы мол. Жалпы ойындарды жүйелі түрде пайдалану, қиыншылықтарды жеңуге, еңбексүйгіш субъект ретінде тәрбиелеуге ықпал етеді.

Ойын — бала әрекетінің бір түрі, адамзат мәдениетінің қазынасы. Ұлы педагогтер, ғалымдар баланы тәрбиелеудегі ойын рөлін жоғары бағалаған. Бала ойын арқылы өмірге енеді, табиғатпен, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түседі, атын – түсінігін арттырады, еңбек ете білу дағдысы қалыптасады.

Психологтар мен педагогтер ежелден-ақ ойын мәселесіне өз назарын аударғанымен, тек ХІХ ғасырдың аяғында ғана арнайы зерттеу пәніне енгізілді.

С.А.Шмаков [2] бойынша көптеген ойындарға тән ортақ белгілер деп төмендегілерді айтуға болады:

тек қана нәтижесінен ғана емес, әрекет үдерісінің өзінен де ләззат алу үшін баланың тілегімен ғана қабылданатын, еркін дамытушы әрекет (әрекеттік (процессуадық) ләззат);

елеулі мөлшерде суырып салмалық, шығармашылық, осы әрекеттің белсенді сипаты («шығармашылық аясы»);

әрекеттің эмоцияналды көтеріңкілігі, бәсекелестік, жарыс («эмоционалдық қуат»).

Ойын мазмұнын, оның дамуын логикалық және мерзімдік, уақыт тұрғысынан бейнелейтін тікелей және жаңа ережелердің болуы.

Ойындық әрекет бағдарламасын зерттеген ғалымдар пікірінше ойын педагогикалық мәдениет феномені ретінде төмендегідей қызметтерді атқарады:

Әлеуметтендіру қызметі. Өйткені, ойын – баланы күшті қоғамдық қатынастар жүйесіне енгізу және оған мәдениет байлығын игерту құралы.

Ұлтаралық қатынас құралы қызметі. Себебі, ойын – балаға жалпы адамзаттық құндылықтарды, түрлі ұлт өкілдерінің мәдениетін игеруге мүмкіндік туғызады. Өйткені ойын — әрі ұлттық әрі интернационалдық, сонымен бірге жалпы азаматтықта.

Ойында бала «адамзат тәжірибесі аясында» өзін-өзі көрсету қызметін көрсетеді. Өйткені, ойын бір жағынан баланың практикада өмірлік нақты қиындықтарды жою жобасын тексеруге және құруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан тәжірибесінің олқы тұстарын айқындауға мүмкіндік береді.

Ойынның қатысымдық қызметін – балаға шынайы күрделі адамдық қатысым аясына енуге мүмкіндік беретін дерегі айқын көрсетеді.

Ойынның диагностикалық қызметі — педагогқа баланың әр қырынан: интеллектуалдық, шығармашылық, эмоционалдық және т.б. көрінуін диагностикалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ойын – баланың өз күшін нақты сезінетін, өзін-өзі бағалау, еркін әрекеттегі мүмкіндіктерін танитын өзін-өзі көрсету аймағы болып табылады.

Ойынның емдік қызметі – баланың қарым-қатынаста, оқуда, мінез-құлқында туындайтын әр түрлі қиындықтарды жеңу құралы ретінде қолданылуымен түсініледі. Ойынның мұндай қызметін Д.Б.Эльконин [3] аса жоғары бағалайды.

Ойынның түзеу қызметі деп – баланың тұлғалық құрылымының көрсеткішіне жағымды өзгерістер, толықтырулар енгізу түсініледі. Ойын әрекетінде бұл үрдіс басқа кездегіден гөрі неғұрлым жұмсақ өтеді.

Ойынның дамытушылық қызметі, оның ең маңызды қызметтерінің бірі.

Сонымен бірге, ойын – баланың қызығушылықтан дамуға ұласатын, қызығушылығының ұйымдастырылған мәдени стратегиялық-кеңістігі.

Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл Фараби [4] өзінің «Бақыт жолында» атты философиялық шығармасында адамның танымын дамыту арқылы ғана ойы бақыт жолына жетелеуге болатындығына тоқтасақ, ұлы Абай [5] өзінің қырық үшінші қара сөзінде баланың танымын алғашқы күннен бастап дамытпаса, өзінің із-түссіз жоғалып, жойылып кететінін айтады. Ағартушы ұстаз Ы. Алтынсарин [6] өзінің көптеген еңбектерінде таным әрекетінің негізі-оқу, білім деп тұжырымдайды.

Баланың танымын алғашқы күннен бастап дамыту құралы да, балада оқу мен білімнің, тәрбиенің негізін қалыптастыратында – ұлттық ойын болып саналады.

Е.А. Покровский [7] өзінің балалардың ойындарына арналған еңбегінде әрбір халықтың ойын туралы түсінігіне сипаттама береді.Мысалы: ежелгі гректерде «ойын» түсінігі балалардың қимылы деген ұғымды білдіреді, ал еврей халқында «ойын» сөзі қуаныш, шаттық сезімдерін сипаттайды — деп, барлық халықтың ойын түсінігінің түп — тамырының сабақтасып жатқандығы туралы тұжырым жасайды.Ойын — таным үдерісін дамытудың негізгі болғандықтан әрбір тәрбиеші ұстаз оқыту мен тәрбие берудің мазмұнын үнемі ойын элементтерімен толықтырып отыру керек.

Сабақта ойынды дұрыс колдану үшін ұстазға ойындардың мазмұны мен өткізілу әдістемесін жете білу, әр бір тақырыпқа байланысты оқу жылының басында оқу жоспарына енгізу, ойынның тәрбиелік және танымдық мақсатын аша білу, ойын арқылы баланы танымына әсер етіп, даму барысына үнемі зерттеу жүргізу талаптары қойылады.

Ойын тек баланың іс-әрекеті ғана емес, ойын – еңбек, ойын – оқу, ойын — әлеуметтік қарым – қатынаста ерекше орын алатын әрекет түріне жатады. Педагог және психолог ғалымдар ойын іс — әрекетін жан – жақты зерттеп, баланың дамуын, тәрбиеленуін, танымдық қызығушылығын арттырудың негізгі құралы ретінде қарастырып келген.

Іс-әрекет ойын, оқу және еңбек түрлеріне бөлінсе, ойын бала үшін алғашқы рет қоршаған ортаны тану құралы болып табылады.

Ойын ұғымына анықтама берсек – бұл адамның мінез – құлқын өзі басқаруымен анықталатын әлеуметтік тәжірибені қалыптастыратын негізгі іс-әрекеттердің түрі. Ойынсыз ешқандай бала дамымайды, қалыптаспайды, ойын арқылы бүлдіршіндер қоршаған ортаны таниды. Әсіресе, баланың өмірінде ұлттық ойындардың орны ерекше.

Ұлттық ойындар ұлт болып қалыптасқалы халықпен бірге жасасып, ғасырлар бойы ұмытылмай, атадан балағ мұра ретінде ауысып отырған.Олар баланы пайдалы еңбекке, сөйлеуге,мергендікке, тапқырлыққа,ептілік пен күштілікке, бірлесіп қызымет атқаруға, төзімділікке және т.б. тәрбиелеудң ұтымды құралы болған. Қазірде әртүрлі ұлттар ойындары,соның ішінде қазақтың ұлттық ойындары жинақталған кітаптар шығарылуда.

Ұлттық ойындары – интернационалдық тәрбиенің құралы. Олай дейтініміз ұлт ойындарының арасында өзара үндестік, тығыз байланыс бар.

Ойынға тек ойын деп қарамай,халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы,бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп қараған орынды.

Ұлттық ойындар халық педагогикасынаң бір саласы болып отыр. Ол-сандаған ғасырлар бойы ұрпақтың керегіне жарап, оларды өмірге әзірлеу қажетін өтеуде. Қазақтың ұлттық ойындары тек дүниені ғана емес,ойды жаттықтырушы да болып табылады. Ұлттық ойындарын тек ойын деп қарамай, халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп караған жөн. Өйткені, ойын баланың дүниені танып білуге қадам жасар алғашқы басқышы. Егер баланың алғашқы өмір кезіндегі тікелей айнала қоршаған ортамен байланысын адамдармен, жолдастарымен карым — қатынасын елеп ескермей өмір тәжірбиелерінен қол үзгізіп, бірден өзіне бейтаныс дүниеге мәжбүр етсек, олардың психикалық дамуына кері әсер етуі әбден мүмкін. Оның үстіне бүл тәрбие үдерісінде жақыннан алысқа жай нәрседен күрделіге, жеңілден ауырға, белгіліден белгісізге деген қағидаға да қайшы келмейді.

Қазақ халқының ұлт ойындары жеке адамдарды ғана тәрбиелеу құралы емес, ол бүкіл қоғамдық ортаны өз соңынан ертетін ұлттың азаматын тәрбиешісі, үлгі берершіктей әлеуметтік орта моделін жасаушы ретінде күрделі қызмет атқарған. Ұлттық ойын арқылы жеке тұлғалар қалыптасып, шыңдалып халыққа танылған сол арқылы өмірге жолдама алып, ел ішінде танымал адамдарға айналған. Қазіргідей арнайы мамандық беретін оқу орындары болмаған кезде ұлт ойындары халқымыздың өз ұрпағын тек ойын — сауықтарды бәсекеге түсіп жеңімпаз атанып, жүлде алу ғана емес, ата жолын қуып, өзінен бұрынғы дәстүрлерді жалғастырып, өз жұртында бар өнерді игеріп меңгеруге, шаруашылық жүргізу қолынан келетін, ел қорғауға жарайтын батыл да өжет, шапшаң ұрпақтарды тәрбиелеудің өзіндік жүйесін өмірге әкелген.

Резюме

В статье рассматривается взаимосвязь казахских национальных игр и физвоспитание.

Summary

Іn the article the interrelation of the Kazakh national games and a physical education is considered.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Сухомлинский В.И. Сердце отдаю детям. Москва: Педагогика,1979.-Т-11

2.Шмакова С.А. Игры-обучение, трениг, досуг. М.,2004

3.Эльконин Д.Б. Педагогика, 1989. 560 с: ил.— (Труды д. чл. и чл.-кор. АПН СССР).

4.Әбу Насыр әл Фараби. «Бақыт жолында». Философиялық шығармасы.

  1. Абай. Энциклопедия. /Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы/ – А.: Атамұра., 2001, 214 б.

6.Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы. – О.: Мәктубат, 1906.

  1. Покровский Е.А. Физическое воспитание детей дошкольного возраста: М.: Просвещение, 1991. — 61 с.