Ортағасырлық Қазақстан тарихының хандық дәуір(XV ғ. ортасы-XVIII ғ. басы) деп аталатын кезеңіндегі ең аз зерттелген, жауаптарынан сұрақтары көп ғасырға – XVII ғасыр жатады. Бұл ғасырдағы қазақ тарихының әлеуметтік, экономикалық, мәдениет және тағы басқа мәселелерін есептемегеннің өзінде, тез зерттелетін саяси тарих мәселелерінің өзі әлі күнге дейін бір жүйеге түсіріліп, толығымен қарастырылған жоқ. Оның ең басты себебіне, әрине сол ғасырдағы тарихи оқиғаларды бейнелейтін деректердің, әсіресе жазба деректердің өте аз болуы жатады. Тіпті деректердің жетіспеушілігінен әлі күнге дейін тарихшыларымыз XVII ғасырда мемлекеттік биліктің шыңында болған билеушілерді толықтай және билік құрған жылдарын нақты айтып бере алмайды. Сол себепті де қазіргі күндегі тарихи әдебиеттерде, оқулықтарда және академиялық басылымдарда XVII ғасырдағы қазақ хандарының билік құрған жылдары шамамен, жуықтап беріледі.
XVII ғасырда Қазақ хандығын билеген хандар саны – бірнешеу. Олардың билікте болған жылдарын жазба деректер арқылы нақты біле алмасақ та, әр ханның жеке басындағы ерекше қасиеттері мен белгілеріне, билік құрған жылдарындағы заманның ағымына, дәуірінің ерекшелігіне байланысты әртүрлі атаулар мен сөз тіркестері қазақ халқының ауыз әдебиетінде сақталып, күні бүгінге дейін жетіп отыр. Мысалы, Есім хан (1598-1628 жж. хан болған) жөнінде – «Еңсегей бойлы ер Есім», «Есім ханның ескі жолы», Тұрсын хан туралы – «Хан Тұрсынды ант ұрсын», Тәуке ханға байланысты – «Әз Тәуке», «Тәуке ханның жеті Жарғысы», «Тәуке хан тұсында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деген сөз тіркестерін бәріміз білеміз. Сол сияқты осы ғасырдағы қазақ хандарының бірі – Жәңгір хан жөнінде «Салқам Жәңгір» деген сөз тіркесі ауыз әдебиетінде айтылса, тарихшыларымыз – «Билік құрған жылдарын тақ үстінде емес, ат үстінде, жоңғарлармен соғыста өткізген» деп бағалайды. Бұл баға — Жәңгір ханға жайдан-жай берілмеген баға. Біз оның шынайылығына мәселені шешу барысында көз жеткіземіз.
Төменде біз Жәңгір ханның тарихына қатысты қолымыздағы азғантай ғана материалдарымызға сүйене отыра, оның «тақ үстіндегі емес, ат үстіндегі жоңғарлармен соғыста өткізген жылдарын» қарастырамыз да, сол арқылы оған өз тарапымыздан тарихи баға беруге тырысамыз. Осы мәселелерді жүйеле түрде шешу үшін тарихи заңдылықтарға сай, Жәңгір ханға қатысты барлық сұрақтарды қамтып көрелік.
Алдыменен, Жәңгір ханның шығу тегі мен ата-бабаларына қысқаша тоқталалық.
Жәңгір хан — Қазақстан аумағында XIIІ ғасырдың басынан бері үздіксіз билік құрған Шыңғысхан әулетінің тікелей өкілі, Жошы ханның Ордаежен атты үлкен ұлынан тараған ұрпақ. Оның арғы бабалары — Жошы хан — XIIІ ғасырдың басында Шығыс Дешті Қыпшақтың алғашқы билеушісі болса, Орда Ежен – Жошы Ұлысының сол қанатының алғашқы билеушісі ретінде тарихтан белгілі. Арғы аталары Орыс хан, Барақ хандар — монғолдар үстемдігінен кейінгі дәуірде Қазақстан аумағында жергілікті этникалық негізде құрылған алғашқы мемлекет — Ақ Орданың әр жылдардағы хандары болған. Төртінші атасы Жәнібек хан — Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі, ал әкесі-Есім хан — «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атаумен, «Есім ханның ескі жолы» деген сөз тіркесімен қазақ тарихында қалған белгілі хандарымыздың бірі. Жазба деректердегі мәліметтерге сүйене отыра Жәңгір ханның шығу тегі мен ата-бабаларын төмендегіше беруге болады. Шыңғысхан, одан Жошы хан, одан Ордаежен, одан Сартақтай, одан Қоныша, одан Баян, одан Сасыбұқа, одан Ерзен, одан Шымтой, одан Орыс хан, одан Қойыршақ, одан Барақ хан, одан Жәнібек хан, одан Жәдік сұлтан, одан Шығай хан, одан Есім хан және Есім ханнан Жәңгір хан боп таралады.(1)
Жәңгір ханның арғы ата-бабалары Қазақстан аумағында XIII-XV ғасырларда өмір сүрген Жошы Ұлысы, Ордаежен ұлысы және осы мемлекеттік құрылымдардың негізінде құрылған Ақ Орда хандығының билеушілері болса, бергі аталарының бірі — Жәнібек ханның Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі екендігі барлығына мәлім. Ал қалың көпшілікке Жәңгір ханның бергі аталары — Жәдік сұлтанның, Шығай ханның және әкесі Есім ханның қазақтарихындағы алатын орны онша мәлім болмағандықтан олар жөнінде қысқаша болса да тоқтала кетелік.
Жәдік сұлтан – Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі. Қадырғали Жалайыр оны өз еңбегінде «хан» атағымен атай келе, былай деп баяндауын жалғастырады: «Қасым хан заманында белгілі еді. Шағым мырзамен соғысып, Жыланды төбеде бір ұлымен бірге шаһит болды. Оның қабірі Үргеніштегі Бақырған атада жатыр. Сонда жерленген еді. Жәдік ханның көптеген әйелдері мен күңдері болды, оның балалары да көп еді. Оның аса әйгілі даңқты ұлдары: Тоғұм хан, Бөкей сұлтан, Шығай хан, Мәлік сұлтан… »(2) Автор осы мәліметінде Жәдікті бірнеше рет «хан» лауазымымен атап өтеді. Соған қарағанда, оны бүкіл қазақтың ханы болмаса да, өз ұлысында хан болған деп айтуға болады. XVI ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы Қазақ хандығының «уақытша әлсіреу» кезеңінде 80-ге жуық билеуші әулет өкілдері сыртқы жаулармен соғыстарда қаза тауып, кейбіреулері тұтқынға түскенде, деректе айтылғандай, Жәңгір ханның үшінші атасы Жәдік те ноғайлармен болған соғыстардың бірінде шаһит болған. Ал Жәңгірдің атасы Шығай ханға келсек, ол туралы Қадырғали Жалайыр шығармасында бірнеше рет айтып өтіп, оған «Жәдік ханның аса әйгілі даңқты ұлдарының бірі», ол «батырлығымен мәлім, мәшһұр болды» деп сипаттама береді.(3) Жалпы тарихи әдебиеттер мен оқулықтарда Шығай ханды әбден қартайған шағында 1580-1582 жылдары хан болды және сол кезде оның жасы 80 жастың шамасында болатын еді деп айтылады. Соған қарап әрбір оқырманның көз алдына әбден қартайып, егде тартқан шалдың бейнесі елестейтініні белгілі. Ал оның жас кезіндегі «даңқы мен батырлығы» еске алына бермейді. Оның «даңқы мен батырлығы» 40 жылдан аса уақыт бойы қазақ жерінде кең таралып, ол барлық күші мен жігерін Хақназар ханмен бірге елдің қисайған туын тіктеуге, шайқалған іргесін бекітуге жұмсағанына көңіл аудара бермейді. Сол жылдардағы тарихи оқиғаларды баяндайтын дерек мәліметтерінде Шығайдың есімі үнемі Хақназар хан есімімен қатар айтылып отырады. Ол Хақназар ханнан кейін тақты иеленіп, оны 2-3 жылдай басқарады. Оның жерленген жері Бұхара түбіндегі Күміскент қалашығындағы Әли атаның жаны екендігін тағы да Қадырғали Жалайыр айтып өтеді.(4)
Ал енді Жәңгір ханның әкесі Есім ханға келсек, ол туралы сәл-пәл болса да көбірек айтып, кеңірек тоқтала кеткенді дұрыс көріп отырмыз. Біз бұған дейінгі жұмыстарымыздың бірінде Есім ханның өмірі мен тарихи ролін қарастырғанбыз. Оның бәрін қайталамай, Жәдік хан әкесінің өміріндегі негізгі белестерді айтып, оқырмандарды Есім ханның қандай тұлға болғандығымен таныстырамыз.
Есім хан – Шығай ханның он шақты ұлдарының бірі, Тәуекел хан және Сабыр бек ханым үшеуі бір анадан туған. Анасының есімі — Яқшым ханым (Жақсы ханым), Шығыс Түркістандағы шағатайлық әулет өкілінің қызы. Есім туған ағасы Тәуекел хан 1598 жылы Орта Азияға жасаған жорығынанда ауыр жарақат алып, көп ұзамай о дүниелек болғаннан кейін, сол жылы хан тағына отырған. Оның билігі тұсында қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасу процесі аяқталады, қазақ елінің жаңа астанасы нақтыланып, ол қала жаңа атаумен – Түркістан деген атауға ие болады, «Есім ханның ескі жолы» деген заңдар жинағын өмірге енгізеді. Шамамен 1617-18 жылдары Ташкенттегі Тұрсын ханмен болған талас-тартыстарда жеңіліс тауып,Шығыс Түркістандағы шағатайлық хандарға кетеді. Ол жақта 6-7 жылдай болып, 1623-24 жылдары туған еліне қайтып оралады. 1627 жылы Тұрсын ханды «антын бұзғаны» үшін өлтіріп, билікті қайтарып алады. Бірақ өзі де көп ұзамай, келесі жылы, яғни 1628 жылы қайтыс болады. Денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің жанына қойылған.
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде Есім ханды «Еңсегей бойлы ер Есім» деп атаса, ол енгізген заңдар жинағын «Есім ханның ескі жолы» деген атауға ие. Егерде Есім ханға дейін Қазақ хандығының астанасы нақты айқындалмай, Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы Сауран, Сығанақ, Отырар,Йасы қалалары астана міндетін алма-кезек атқарысып келсе, Есім ханнан бастап қазақтың ресми астанасы ролін тұрақты түрде Йасы қаласы атқара бастайды да, ол қала жаңа атаумен – Түркістан атауымен атала бастайды. Сондай-ақ Есім ханнан бастап қазақтың ресми хандары мен көрнекті сұлтандары батырлары мен ақындары, билері мен бектері, дін басылары мен әскер басшылары, жалпы алғанда бүкіл қазақ еліне даңқы шығып, есімдері ел ішіне кең тараған тұлғалары Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің жанына жерлене бастайды. Ал Жәңгір ханның ата-бабаларының Сауранда, Сығанақта, Сарайшықта, Бұхара жақтағы Күміскентте, Үргеніште жерленгендігін ескерсек, онда Есім ханның Түркістанда жерленуі қазақ мемлекеттілігінің бекуі мен дамуына, қаланың саяси-әкімшілік орталық ретіндегі ролінің өсуіне, биліктің тұрақты болуына негіз қалағандығын көреміз.
Жәңгір хан – Есім ханның тарихта белгілі үш ұлының бірі.(5) Есім ханның үлкен ұлы — Жәнібек сұлтан, екіншісі – Жәңгір хан, ал үшінші ұлы – Сырдақ сұлтан. Т.И.Сұлтановтың пікірі бойынша Есім ханның үлкен ұлы – Жәнібек XVII ғасырдың 30-шы жылдарының басында хан тағына отырып, ойрат тайшыларымен көп соғысқан және XVII ғасырдың 40 жылдарының басында ойраттармен болған кезекті бір шайқастардың бірінде қаза тапқан.(6) Ал Сырдақ сұлтаннан Хұсрау сұлтан деген ұл туылады, оның ұлы тарихта белгілі – Қайып хан.
Ал енді нақты Жәңгір ханның нақты өзіне келсек, оның қай жылы туылғаны белгісіз, ол жөнінде әзірге ғылымға белгілі деректерде ешқандай мәліметтер жоқ. Бірақта оны болжаммен XVI ғасырдың соңы немесе XVII ғасырдың бас кезінде дүниеге келген деп айтуға болады.
Жәңгірдің шын есімі — Жахангер (парсыша «әлемді бағындырушы, билеуші»). Оның Жәңгір болып айтылуы парсыша есімнің қазақ тілінің ерекшелігіне сай өзгеруінен шығып тұр. Мұндай есім XV-XVIII ғасырлардағы Орталық Азия мен Қазақстан аумақтарындағы билеуші әулет өкілдерінің арасында жиі ұшырасады.
Жәңгір (Жахангер) ханның есімі шығыс деректеріндегі және орыс тіліндегі материалдарда XVII ғасырдың 30-шы жжылдарының ортасындағы оқиғаларға байланысты алғаш рет кездесе бастайды. Ондағы деректердің мәліметтерінде ол сұлтан лауазымымен айтылады.(7) Ортағасырлық шығыс дерегі «Бахр ал-асрардың» мәліметтерінде де 1634 жылы Ташкентке жорық ұйымдастырған қазақ сұлтандарының арасында Жахангердің есімі сұлтан титулымен қоса айтылады.(8) XVII ғасырдағы орыс-монғол қатынастарының деректер жинағында да Жахангердің есімі кездесіп, онда 1635 жылы оның ойраттармен болған шайқастардың бірінде қолға түскендігі туралы айтылады.
Жәңгірдің есімі алғаш аталатын жазба дерек мәліметтерінде оның 1635 жылы ойраттарға тұтқынға алынғандығы туралы баяндайтынын жаңа ғана айтып өттік. Төменде біз осы мәліметке қатысты өзіндік пікірлерімізді білдіріп көрелік.
Ең алғаш Жәңгірдің жоңғарларға тұтқынға түскендігін И.Е.Фишер өзінің Сібір тарихына арналған кітабында жазады. Онда автор 1635 жылы ойраттардың көсемі Батыр хонтайшының Есім ханмен соғысқанын айта келе, оның ұлы Жәңгір сұлтанды жоңғарлардың тұтқынға түсіргенін баяндап өтеді. (9)Автор онда бұл дерегін қайдан алғандығын көрсетпейді. Тарихшының осы материалын кейінгі тарихшылардың бәрі қайталап, И.Е.Фишердің еңбегіне сілтеме береді. 1959 жылы Мәскеу қаласында жарық көрген орыс-монғол қатынастарының жинағында осы тарихи оқиғаға қатысты мәлімет кездеседі. Ол мәлімет 1635 жылдың 19 шілдесінде Тобольск приказдығының кеңсесінде ойрат тайшысы Абақтың елшілерінен жазылып алынған. Ол мәліметте ойрат тайшыларының бір тобы 1635 жылдың қыс айларында Қазақ Ордасына аттанғандығы, ал Қазақ Ордасы адамдарының ойраттарға жорыққа шыққандығы, екі жақтың бір-бірімен кездесіп қалып, үлкен шайқастың болғандығы, ойраттардың жеңіске жеткендігі, Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтанның (деректе Янгир царевич деп жазылады – Б.К.) тұтқынға алынғандығы және қазіргі кезде ол сұлтанның ойраттардың қолында екендігі айтылады.(10) Кезінде Сібір тарихын жазған Иоганн Фишер осы деректі пайдаланған болуы керек, өйткені оның жазғаны мен дерек мәліметі екеуі мазмұндас келеді. Енді осы мәліметке талдау жасап көрелік.
Біріншіден, дерек мәліметі қазақ-қалмақ(ойрат) шайқасының 1635 жылдың қыс айларының бірінде өткендігін, ал бұл кезде Жәңгірдің әлі сұлтан дәрежесінде жүргендігін көреміз, яғни Жәңгір бұл оқиғаға дейін әлі хан тағын иелене қоймаған. Деректе Жәңгірді Есім ханның ұлы екендігі, Есімнің қазақтың ханы болғандығы айтылады. Бірақ сол жылы, яғни 1635 жылы нақты кімнің хан екендігі жазылмаған.
Екіншіден, Жәңгірдің қалмақтар қолына тұтқынға түсуі — қазақ-жоңғар қатынасындағы аса маңызды оқиғаның бірі болғандығын көрсетеді. Ол туралы жоңғарлардың солтүстіктегі көршісіне хабарланып тұр. Соған қарағанда, Жәңгір сол тұста сұлтан дәрежесінде болса да, қазақ қоғамындағы алатын орны ханнан бір елі кем болмағанын немесе ханмен бірдей болғанын байқаймыз. Дәл осы жерде Жәңгірдің өміріндегі осы оқиғаны XVIII ғасырдағы Абылай ханның өмірімен салыстыруға болады. Абылай XVIII ғасырдың 40-шы жылдарының басында жоңғарларға тұтқынға түсіп,оның тұтқында болуы сол кездегі қазақ-жоңғар қатынасында маңызды орын алған болатын. Ол да сол жылдары сұлтан дәрежесінде болса да, хан дәрежесінен кем емес болатын. Көп ұзамай Абылайдың жоңғар тұтқынынан босап шыққаны белгілі. Жәңгір де жоңғар тұтқынында ұзақ отырмай, босанып шығып, еліне аман-сау оралады.
И.Е.Фишер, одан кейін В.В.Вельяминов-Зернов, М.Тынышпаев, И.Я.Златкин, Т.И.Сұлтанов және тағы басқа кейінгі зерттеушілер Жәңгірді жоңғар тұтқынынан ретін тауып қашып шыққан немесе кездейсоқ сәтті жағдай оның жоңғар тұтқынынан босануына жағдай жасаған деп есептейді.(11) Егерде XVII ғасырдың 30-шы жылдарындағыжоңғар қоғамының ішкі саяси өмірінетеоең назар аударсақ, сонда ғана Жәңгірдіңжоңғар тұтқынынан қалай босап шыққанын түсінуге жол тапқандай боламыз. Олай болса, сол кезеңдегі жоңғар қоғамының ішкі саяси өміріне көңіл аударып көрелік.
Тарихта Жоңғар хандығының құрылған жылы деп 1635 жылдың есептелетіні белгілі. Ал оған дейінгі кезеңде ойрат қоғамының ішкі саяси өмірі қазандағы қайнаған судай тасып тұрған болатын. Жоңғар тарихының ірі маманы И.Я.Златкиннің дәлелдеп көрсетуі бойынша осы кезеңде ойрат одағына енетін тайпалар арасында күрестер күшейіп, талас-тартыстар белең алып тұр еді. Дүрбеттер көсемі Далай тайшы,шорос көсемі Харақұла тайшы, торғауыттар көсемі Хоүрлік, хошоуыт көсемі Хұндүлен тайшы және тағы басқа тайпалар көсемдері жеке-дара билікке ұмтылып жатқан болатын. Талас-тартыстардың нәтижесінде торғауыттар – батысқа, хошоуттар – Тибетке, қарай қоныс аударады да, ойраттар жерінде шорос тайпасының ролі артып, жалпы билік осы тайпаның көсемі Харақұлаға көшеді. 1634 жылы ол қайтыс болғаннан кейін Харақұланың ұлы,әрі мұрагері Хото-Хоцин Батыр ойрат чулганында(ойрат тайшылырының кеңесі, құрылтай секілді жиын) хошоуыттар көсемі Байбағас тайшымен бірдей дәрежеге ие болады, ал Далай-лама оған хонтайшы титулын береді.Сөйтіп іс жүзінде Батыр хонтайшы ойрат одағының жеке- дара билеушісіне айналады.(12) Батыр хонтайшының билікке келуі қарсаңында Жоңғар хандығының сыртқы саяси жағдайы жалпы алғанда біршама тұрақты болса, ал ішкі саяси жағдайы күрделірек болатын. Батыр хонтайшы ішкі саяси өмірде орталықтандырылған хандық билікті нығайту саясатын жүргізсе, кейбір жергілікті тайпа көсемдері орталық хандық билікке бағынбауға, өздерінің феодалдық сақтап қалуға немесе қалпына келтіруге тырысады.(13) Осылайша, Жоңғарияның өзінде Батыр хонтайшыға қарсы топ пайда болады. Міне, хонтайшы мен оған қарсы топ арасындағы қайшылық Жәңгір сұлтанның жоңғар тұтқынынан босап шығуына әсер еткен деуге болады. Харақұла тайшы тұсында ойрат чулганын басқарған хошоуыт тайпасының көсемі Байбағас тайшының туған інісі Хұндүлен тайшы – Батыр хонтайшы билігінің күшеюіне бірден-бір қарсы тұрған тұлға болатын. Сол себепті де ол хонтайшының көптеген іс-әрекеттеріне кейде ашық, кейде жабық түрде қарсылықтар көрсетіп отырады. Біз оның біріне – 1643 жылғы Батыр хонтайшының қазақтарға қарсы жорыққа шығу туралы бастамасына қарсы шығып, жорыққа қатыспай қоюын жатқызамыз. Ол жөнінде төменде кеңірек қарастырамыз.
1644 жылы Батыр хонтайшымен әңгімелескен Тобольск әкімшілігінің елшісі Г.Ильиннің есебіндеХұндүлен тайшы мен Далай тайшының ұлдарын,Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөс батырды хонтайшы өзінің жауы деп санайтынын, Хұндүлен тайшының Жәңгірді қолдап отыратынын және тайшы оны таңдаулы ұлы (названный сын) деп санайтындығын баяндап береді.(14) Міне, осы мәліметтен біз Жәңгірдің жоңғар тұтқынынан аман-есен босап шығуының себебін түсінгендей боламыз. XVIII ғасырдың 40-шы жылдарының басында Абылай сұлтанның қазақ қоғамындағы саяси ролін жете түсінген жоңғардың саяси элитасының өкілдері оны өлтіргеннен гөрі онымен одақтасуды, жақындасуды дұрыс деп тауып, оны тұтқыннан босатуға күш салған болатын. Сло іс-әрекеттері арқылы олар өздерінің болашақтағы жоспаларын жүзеге асыруды ойластырғаны белгілі. Дәл сол сияқты XVII ғасырдың 30-шы жылдарындағы Жәңгір сұлтанның қазақ қоғамындағы алатын орнын білген Батыр хонтайшының қарсыластары Жәңгірді өлтірткізбей, керісінше онымен жақындасуды, одақтасуды ойластырған деуге болады. Ш.Құдайбердіұлы Тәуке ханды Салқам Жәңгірдің қалмақ ханының қызынан туған ұлы деп жазады.(15) Тәуке ханның 1715 жылы ұзақ өмір сүріп қайтыс болғанына қарап және әкесі Жәңгір ханның билігі тұсында Қашқарияға қазақ елшілігінің құрамында барғанына қарап оны шамамен 1630-шы жылдардың ортасында дүниеге келген деуге болады. Тәукенің анасы қалмақ тайшыларының бірінің қызы болса және туылған жылы XVII ғасырдың 30-шы жылдарының екінші жартысына сәйкес келсе, сондай-ақ Хұндүлен тайшының Жәңгірді ұлым деп санайтындығын ескерсек, онда Жәңгірді жоңғар тұтқынынан құр қол қайтпаған деуге болады. Осыған байланысты мынадай қорытындылар жасауға болады.
Біріншіден,1635 жылы қазақ-жоңғар соғысында жау қолына тұтқынға түскен Жәңгірдің тағдыры екі ел арасындағы қарым-қатынаста аса маңызды орын алғанына қарап, сол жылдардың өзінде оны хан болмаса да қазақ қоғамының ішкі саяси өмірінде ерекше орын алған тұлға деп санаймыз.
Екіншіден, оның жоңғар тұтқынынан босануына Жоңғарияның ішкі саяси өміріндегі ахуал етіп, Батыр хонтайшыға қарсы топтың әрекетінің нәтижесі деп ұғынамыз.
Үшіншіден, Хұндүлен тайшының Жәңгірді ұлым деп есептеуін онымен жақын болуын оның болашақтағы қазақ ханымен саяси одақтас болудың жолдарын іздестіруі деп білеміз.
Осылайша, Жәңгі сұлтан 1635 жылы жоңғар тұтқынынан жоңғарлардың өз қолымен босап, туғанеліне аман-сау оралады, жоңғар тайшыларының арасынан өзіне одақтастар тауып қайтады. Бұл одақтастықтың оған 1643 жылғы Батыр хонтайшы әскерімен шайқасында көп көмегі тиеді.
Жалпы, қазақ-жоңғар қатынастарының алғашқы 20 жылдай кезеңіндегі екі жақтың қатысуымен болған ірі оқиғалар саны үшеу. Біріншісі, жоғарыда атап өткен 1635 жылғы қазақ-жоңғар шайқасы және Жәңгір сұлтанның жоңғар тұтқынына түсуі болса, екіншісіне – 1643 жылғы қазақ-жоңғар шайқасы жатады. Ал үшінші ірі оқиға, ол — 1652 жылғы Жәңгір хан қаза табатын шайқас. Қарап отырсақ, осы үш оқиғаға Жәңгір тікелей қатысып, оқиғалардың басында жүрген екен. Жәңгір ханның өміріне қатысты ең көп кездесетін мәліметке – 1643 жылғы шайқас туралы мәлімет жатады. Бұл кезде Жәңгір әлі сұлтан дәрежесінде болатын. Жоңғарияға барып келген орыс елшілерінің есептерінде оның дәрежесін сұлтан деп жазады. Мысалы, 1640 жылы қыркүйек айында жоңғар қоңтайшысының ордасында қазақ сұлтаны Жәңгір сұлтанның елшісі болғандығын орыс деректері хабарлайды. (16)
1643-1644 жылғы қазақ-жоңғар соғысы туралы ең алғашқы хабарды Г.Ильин береді. Ол 1644 жылы ақпан айында Батыр хонтайшының ордасынан Тобольскіге қайтып оралып, воевода Куракинге осы соғыс туралы баяндайды.(17) Дәл осы жылы және сол айда Тобольскіге келген ойрат көсемдерінің бірі Абылай-тайшының елшісі Бахтыйдың хабарламасында да 1643-44 жылғы қазақ-жоңғар соғысы туралы айтылып, ол да Г.Ильиннің мәліметін растайды және оны толықтыра түседі.(18) Екі мәліметтің үзінділері И.Я.Златкиннің монографиясында келтірілгендіктен, біз оның бәрін қайталап жатпай, тек осы соғысқа және Жәңгірге қатысты жерлерін ғана сілтеме ретінде пайдаланамыз.
Батыр хонтайшының қазақтарға қарсы жорығы 1643 жылдың қысында басталып, 1644 жылдың жазының ортасына дейін созылады. Жоңғар билеушісі жағында көптеген ойрат тайшылары, Халха билеушісінің ұлы Омбо-Эрдени болып, жалпы саны 50 мың әскер жорыққа шығады. Бұл жорыққа Жәңгірдің одақтастары Хұндулен тайшы, Далай тайшының ұлдары қатысудан бас тартқанын елші Бахтыйдың мәліметі дәлелдейді. Бір қызығы, Г.Ильиннің дерегінде Батыр хонтайшының Жәңгір сұлтанға қарсы аттанғандығы баса айтылады. Сол кездегі қазақ ханы Жәңгірдің ағасы Жәнібек болса да, ол туралы ешкім де сөз қылмайды. Барлық деректерде тек Жәңгір сұлтанның есімі ғана айтылып отырады. Бұл жағдай XVIII ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақ сұлтаны Абылайдың тарихи ролін еске түсіреді.
Енді шайқас барысына тоқталалық.
Жәңгір сұлтан жоңғар әскерінің қазақтарға қарсы дайындығынан хабардар болған сияқты. Мұны Жәңгірдің Хұндулен тайшымен достығының нәтижесі деп білу керек. Жәңгір сұлтан Батыр хонтайшының жорық бағытын да алдын-ала біліп, оларға қарсы тұратын ыңғайлы жерді таңдап та алады. Самарқандағы досы Жалаңтөс батырға да хабар жібереді. Өзі 600 адамдық әскерімен жау әскеріне қарсы аттанып кетеді. Жоңғар әскерінің бағытындағы тар тау шатқалының ішінде окоп қаздырып, онда мылтықпен қаруланған 300 жасағын қалдырады да, өзі қалған әскерімен қарсы беттегі тастардың артына жасырынады. Хонтайшы әскері окоптағыларға жақындағанда Жәңгірдің 300 жасағы оларға оқ атып бетін қайтарады. Екінші жақтан сұлтанның өзі соққы береді. Шатқалдың өте тарлығынан қалмақ әскері сандық артықшылығын пайдалана алмайды, маневр жасауға мүмкіндіктері болмайды. Батыр хонтайшы екі рет шабуыл жасайды, бірақ ол екеуі де ешқандай нәтиже бермейді. Сол кезде Самарқан әкімі Жалаңтөс батырдың 20 мыңдық әскері де келіп жетеді. 10 мыңдай адамынан айырылған жоңғар әскері кері шегінуден басқа амал таппайды.(19) Бұл соғыс Жәңгір сұлтанның атақ-абыройы мен беделін қалай асқақтатса, Батыр хонтайшының беделіне зор нұқсан келтіреді.
Орыс елшісі мен жоңғар елшісінің жазбаларына қарағанда, Батыр хонтайшы бұл жорықтан еліне 1644 жылдың шілде айында оралған. Келе сала Жәңгір мен Жалаңтөстен кек алу үшін жаңа жорыққа қатты даярланады. Сонымен бірге 1643 жылғы жорыққа қатысудан бас тартқан Хұндүлен тайшы бастаған қарсылас топты жазалауды да ойластырады. Осыған байланысты ол Кузнецк уезінен көптеген қару-жарақ сатқызып алады.(20) Бірақ неге екені белгісіз, Батыр хонтайшының келесі жылға жоспарлаған Жәңгірге қарсы жорығы жүзеге аспай қалады.Біздің ойымызша, оның екі себебі болған сияқты. Бірінші себепке Жоңғарияның өз ішіндегі саяси жағдайдың ушығып кетуі жатса керек. Хонтайшының қарсыластарын жазалауға кірісуі оны Хұндүлен тайшымен ашық шайқасқа шығуына алып келеді, бірақ хонтайшы өз мақсатына жете алмайды. Мұндай жағдайда қазақтарға қарсы жаңа жорық жасау оны тағы да масқара жеңіліске әкелері сөзсіз еді. Ал екінші себепке жататын жағдайға — осы кезден бастап Жәңгірдің бүкіл қазаққа хан болуы Батыр хонтайшыны жаңа соғысқа барудан бас тартқызған деп ойлаймыз.
Жәңгірдің дәл қай жылы хан болғаны белгісіз. Осыған байланысты Т.И.Сұлтанов мынадай пікір білдіреді: «Ағасы Жәнібек ханның өлімінен кейін шамамен XVII ғасырдың 40-шы жылдарының ортасына таман Жахангер бүкіл қазаққа хан болады».(21) Біз де осы пікірге қосыла отырып, Жәңгірдің таққа отырған кезін 1643/44 жыл деп санаймыз. Хандық билікке келгенгн дейін-ақ қазақ қоғамы ішінде өте зор беделге ие болған Жәңгірдің ағасынан кейін Түркістандағы хан тағын иеленгендігі заңды құбылыс. Оны бұл жерде дәлелдеп жатуды артық деп санаймыз.
Егерде Жәңгір билікке келгенге дейінгі сұлтандық дәрежедегі қызметінің басты бағыты шығыстағы жоңғарлармен қарым-қатынас болса, енді хан мәртебесіндегі міндетіне қазақ елінің ішкі-сыртқы өміріне қатысты барлық бағыттағы мәселелер енеді. Өкінішке орай, осыған қатысты жазба деректердің жетімсіздігі ол жөніндегі ой-пікірлерімізді толықтай негіздеуге, дәлелдеуге, баяндауға мүмкіндіктер бермейді. Бірлі-екілі қысқа және үзік-үзік дерек мәліметтеріне сүйеніп қана сол кезеңдегі тарихи даму туралы, оқиғалар жөнінде болжаммен, шамалап қана ой айтуға болады. Сондай ой-пікірлерімізге Жәңгір хан тұсындағы Қазақ хандығының Мауереннахрдағы аштарханилар әулетімен, Шығыс Түркістандағы шағатайлық әулет өкілдерімен жүргізген қарым-қатынасына қатысты тұжырымдарымыз жатады. Төменде сол мәселерге көңіл аударалық.
1611-1642 жылдары Мауереннахрда билікте болған атақты Имамқұли хан қайтыс болғаннан кейін Бұхара тағына оның інісі Надирмұхаммед хан (1642-1645 жж.) отырады. Жәңгір ханның әрі досы, әрі қарулас серігі Жалаңтөс батыр осы жылдары Орта Азияның ірі қалаларының бірі – Самарқан қаласының әкімі болатын. Сонымен бірге ол сол кезеңде Мауереннахрдың саяси өміріндегі ірі көрнекті тұлғалардың бірі болып саналатын. Ол 30 жылдан астам уақыт бойы Имамқұли ханмен жақын болады және аштарханилық әулеттің жас өкілдеріне аталық қызмет атқарады. Оның мұндай қызметі мен беделі Қазақ хандығы мен аштарханилық әулет арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге, жақындастыруға көп көмегін тигізеді, екі әулет арасында туыстық қатынастардың қалыптасуына, оның жалғасуына септігін тигізеді. Кезінде Есім ханның бір қызы Имамқұли ханға ұзатылса, кейін келе әулеттер арасындағы туыстық байланыстар одан әрі жалғасын табады да, XVII ғасырдың 40-шы жылдары Жәңгір ханның Қазақ ханым атты қызы болашақ Бұхара ханы, Жалаңтөс батырдың тәрбиеленушісі Абд ал-Азиз сұлтанға ұзатылады.(22) Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр арасындағы өзара түсіністік пен сыйластыққа, достыққа негізделген қарым-қатынас 1643/44 жылдан кейін де, яғни Жәңгірдің хан тағын иеленгенінен кейін де терең дамиды. Тіпті ол қатынас екі ел арасындағы саяси байланыстарға да тікелей әсерін тигізеді. Надирмұхаммед ханның үлкен ұлы, Жалаңтөстің шәкірті — Абд ал-Азиздің 1645 жылы хан тағына келуіне тікелей болмаса да жанама Қазақ хандығының қатысы бар.(23) Ал одан кейін 35 жыл бойы Абд ал-Азиз ханның тақта отыруына оның қазақ елімен достық қатынастарға негізделген саясат жүргізуі де әсер етсе керек. Осы жерде бір айта кетерлік нәрсеге, Абд ал-Азиздің билікке Надирмұхаммед хан тақтан күштеп кетірілгеннен кейін келуі жатады. Жергілікті саяси күштердің Надирмұхаммед ханға наразылығы, (оның ішінде Жалаңтөс батырдың да болуы мүмкін) таққа басқа үміткерлерді отырғызуға алып келеді. Үміткерлер ішінен Жәңгір ханның күйеу баласы және Жалаңтөс батырдың шәкірті Абд ал-Азиз жеңіп шығады. Оған басқа да факторлармен бірге Жәңгір мен Жалаңтөстің ықпалдары да әсер еткен деуге толық негіз бар. Ал Абд ал-Азиз хан билік құрған жылдары қазақтармен қарым-қатынас бейбіт түрде дамиды. Жазба дерек мәліметтерінде екі ел арасында есте қаларлықтай соғыстар, ұрыс-шайқастар кездеспейді. Мұндай бейбіт қатынастардың бастауында Жәңгір ханның аштарханилық әулетпен жүргізген бейбіт, туыстық саясаты жатыр деп толық сеніммен айта аламыз.
Жәңгір ханның билігі тұсында Қазақ хандығы Шығыс Түркістандағы моғол билеушілерімен де жақсы қатынастар жүргізеді. Екі жақты қатынастардың тарихы XVI ғасырдың басында қалыптасып, ол әртүрлі сипатта дамығаны белгілі. Тәуекел, Есім хандар тұсында екі жақты қатынастар жақсарады да, Жәңгір ханның кезінде ол одан әрі жалғасын тауып, жетілдіріле түседі. Шах Махмуд шорастың «Тарихында» Жәңгір хан мен шағатайлық моғол ханы Абдаллахтың арасында азғантай уақыт ішінде 5-6 елшіліктің барып қайтқандығы айтылады. Автордың жазуы бойынша алғашқы елшілікті Шығыс Түркістанға Жәңгір хан жібереді.(24) Бірақ ол елшіліктің қандай мақсатпен барғандығы айтылмайды. Жауап ретінде Абдаллах ханнан Сопы қожа бастаған елшілік Жәңгір ханға келеді. Оның да келу мақсаты белгісіз. Жәңгір хан өз ұлдарының бірі, болашақ қазақ ханы Тәуке сұлтанды Сопы қожаға ертіп, Шығыс Түркістанға аттандырады. Тәуке сұлтан Шығыс Түркістанда зор құрметке бөленіп, Қошқар бек деген моғол елшісімен бірге еліне аман сау оралады. Келесі кезекте Қошқар бекпен бірге Жәңгір ханның үлкен ұлы Аппақ сұлтан моғол еліне жіберіледі. Сондай-ақ Жәңгір ханның бір қызы Абдаллах ханның ұлы, Қашғар қаласының билеушісі Жолбарыс ханға ұзатылады.(25)
Жәңгір ханның моғол билеушілеріне қысқа уақыт ішінде бірнеше елшілік жіберуінің өзіндік себептері болған. Бірінші себепке көршілес елмен бейбітшілікте болу, сол арқылы екі жақты сауда — экономикалық байланыстарды жандандыру жатса, екіншіге — болашақта жоңғарлармен болатын күресте моғолдармен одақтастық қатынасты нығайтуды Жәңгір хан мақсат еткен дейміз. Болашақ аштарханилық билеушіге бір қызын ұзатқаны секілді, болашақ моғол ханына да бір қызын ұзатады. Сөйтіп, Жәңгір хан көршілес мұсылман елдеріндегі билеуші әулет өкілдерімен туыстық қатынастарды нығайту, жаңарту арқылы XVII ғасырдағы Қазақ хандығының ең басты қарсыласы – Жоңғарияға, оның билеушісі – Батыр хонтайшыға қарсы одақ құруға күш салады деген қорытындыға келеміз. Өйткені Батыр хонтайшының 1643/44 жылғы соғыста жеңілісінен кейін кек алу үшін жаңа жорыққа дайындалып жатқанынан Жәңгір хан хабардар болатын.
Жәңгір ханның тақта отырып қандай саясат жүргізгені бізге беймәлім. Жазба деректердің мәліметтеріне қарағанда ол үнемі ат үстінде, жаумен соғыста, алыс жорықтарда жүргендей әсер береді. Оның өміріне қатысты соңғы дерекке – 1652 жылғы қазақ-жоңғар шайқасында Жәңгірдің қаза табуы туралы мәлімет жатады. Осы дерек мәліметіне тереңірек тоқталып, 1652 жылғы ұрысқа, Жәңгір ханның өліміне қатысты ойларымызды білдіріп көрелік.
Кейбір тарихи әдебиеттерде 1652 жылғы қазақ-жоңғар соғысы жеке, екі ел арасындағы кезекті бір соғыстың бірі деп қарастырылады. Мәселеге тереңірек үңілсек, оның 1643 жылғы қазақ-жоңғар соғысының жалғасы екндігіне көз жеткіземіз. Бұған дейін жоғарыда айтып өткеніміздей, 1643/44 жылғы жеңілістен кейін Батыр хонтайшы Жәңгірден кек алу үшін жаңа соғысқа дайындалады. Ол үшін оған алдыменен Жоңғариядағы Жәңгірдің одақтастары – Хұндүлен тайшыны, Далай тайшының ұлдарын жеңу керек болатын. Жоңғарияның екі саяси серкесі арасындағы келіссөздер нәтижеге бермей, қатынас ушыға түседі де, ақыры 1646 жылы ол әскери қақтығысқа әкеп соқтырады. Жәңгір ханның одақтасы сол қақтығыста 250 адамынан айырылады да, шегінуге мәжбүр болады. 1647 жылы Зая Пандита соғысушы жақтарды татуластыруға күш салады. Оларды бір-бірімен жолықтырып, бетпе-бет сөйлестіреді. Бірақ ол ойдағыдай нәтиже бермейді.(26)
Одан кейінгі жылдары жоңғар тайшылары арасында бірнеше жылға созылған қақтығыстар Батыр хонтайшыға қазақтарға қарсы аттануға қолбайлау жасайды. Бірақ та жоңғарлар билеушісі жаңа жорыққа даярлығын тоқтатпайды. Біздің ойымызша, дәл осы жылдары Батыр хонтайшының бұл әрекеттерінен хабардар болып отырған Жәңгір хан оған қарсы мұсылман елдерінің одағын құруға, яғни Шығыс Түркістандағы шағатайлық моғол хандарымен, Мауереннахрдағы аштарханилар әулетімен саяси және туыстық қатынастарды нығайтуға күш салған.
Батыр хонтайшының қазақтарға жорығы ақыры 1652 жылы жүзеге асады. Оған қарсы Жәңгір ханның өзі қазақ әскерін бастап шығады. Бірақ дерек мәліметтері ұрыстың қалай жүргені туралы баяндамайды. Тек Батыр хонтайшының одақтасы, хошоуыт тайпасының көсемі, Очирту-Цецен ханның 17 жасар ұлы Галдамның Жәңгір ханды өлтіргенін ғана айтады.(27) И.Я.Златкин дерек мәліметіне сүйеніп, Жәңгір хан жекпе-жекте Галдамнан жеңіліп өлтірілді деп жазады. Бірақ мұндай мәліметке сене қою қиын. Өйткені ұрыс басталар алдында жекпе-жекке тек екі жақтың мықты, сенімді батырларының ғана шығатыны белгілі. Ал Жәңгір ханның қалай қаза тапқаны туралы біз, өзіндік ойларымызды ортаға салып көрелік.
1643/44 жылғы соғыста орасан көп қолмен жеңіліс тауып, масқара болған Батыр хонтайшы 1652 жылғы жрықта қалай болса да Жәңгір ханды өлтіруге бел буған. Сол үшін де ол арнайы мерген- садақшылардан адамдар даярлап, оларға ұрыстың қызған кезінде қазақ ханының жанына мүмкіндігінше жақын барып, өлтіруді тапсырған. Бұл тапсырманы жоғарыда есімін атап өткен 17 жасар Галдам орындап шыққан. Осылайша, бүкіл ғұмырын ат жалында өткеріп, елі мен жерінің азаттығы мен тәуелсіздігін сақтау жолында жауларымен алысып, арпалысып өткен қазақ ханы – Жәңгір хан нағыз ерлерше, нағыз батырлардай қан майданда қаза табады. Оның денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің жанына қойылады. Жәңгір ханға дейін кесене жанына әкесі Есім хан, көкесі, яғни Есім ханның ағасы Ондан сұлтан, туған ағасы Жәнібек хан және тағы басқа белгілі тұлғалар жерленген болатын. Оның да осы қалада жерленуін қалыптаса бастаған дәстүрді сақтау және оны одан әрі жалғастырудан туындаған деп есептейміз.
Енді бір-екі ауыз сөз, Жәңгір ханның ұрпақтары туралы болмақ. Қолымызда бар материалдар Жәңгір ханның екі қызы және үш ұлы болғандығын айтады. Оның басқа да ұл-қыздары болуы мүмкін, бірақ олар жөнінде ешбір деректе айтылмайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Жәңгір ханның деректерде кездесетін екі қызының бірі – аштарханилық Абд ал-Азиз ханға, екіншісі, Қазақ ханым атты қызы — Шығыс Түркістандағы шағатайлық Абдоллах ханның ұлы Жолбарыс ханға ұзатылады.
Жәңгір ханның ұлдарының үлкені — Аппақ сұлтан. Жәңгір ханның тұсында оның қазақ елшілігі құрамында Шығыс Түркістанға барғаны Шах Махмұд шоростың дерегінде айтылады. Келесі ұлдарының бірі – Тәуекел сұлтан. Ол қазақ тарихында – Тәуке, Әз Тәуке деген есіммен қалады. Тәукенің де әкесінің хандық билігі тұсында алғаш рет қазақ елшілігімен Шығыс Түркістанға барғаны белгілі. Ш.Құдайбердіұлының материалдарында Жәңгір ханның тағы бір ұлының есімі аталады. Оның есімі – Уәлибақи. Ол Үргеніштегі Ғайып ханның қызынан туған делінеді және қалмақ әйелден туған Тәуке әкесінен соң таққа отырғанда, өкпелеген Уәлибақи Үргеніштегі Ғайып ханға кетіп қалған еді делінеді.(28)
Әзірге Жәңгір хан туралы тарих ғылымында белгілі жағдайлар осылар.
Енді жоғарыда айтқан барлық ойларымызды қорыта келе, мынадай тұжырымдар жасаймыз.
Бірінші, хандық дәуірдегі қазақ хандарының өкілі ретінде Жәңгір хан бүкіл саналы өмірін ел қорғау ісіне арнайды. Оның атақ — даңқы сұлтан кезінде-ақ танымал болып, жоңғарлармен күресте ірі жеңіске қол жеткізеді. 1643 жылы Батыр хонтайшының 50 мыңдық әскерін 600 әскермен шегіндіруі оның есімін қазақ халқының есінде мәңгіге қалдырады. Оның атақты Жалаңтөс батырмен достығы Қазақ хандығы мен аштарханилар әулеті арасындағы қарым-қатынастардың нығаюына көп септігін тигізеді.
Екінші, хан тағын иеленгеннен кейін Жәңгір хан мемлекеттің сыртқы саясатын бірнеше бағытта жүргізіп, көршілес мұсылман елдермен жақсы қарым-қатынастар орнатады. Жоңғарлармен күресте Мауереннахрдағы аштарханилық әулет өкілдерімен, Шығыс Түркістандағы шағатайлық әулетпен саяси одақ құрып, оны туысқандық байланыстармен нығайтады.
Үшіншіден, Жәңгір хан қазақ елінің азаттығы жолындағы шайқастардың бірінде нағыз ерлерше қан майданда қаза табады. Ал оның сүйегі қазақ елінің сол кезеңдегі астанасы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесі жанына жерленеді.
Осылайша, Жәңгір хан қазақ тарихында жарқын істерімен қалып, оның есімі қазіргі кезеңдегі қазақ халқы үшін отансүйгіштік пен жанқиярлықтың, батырлық пен ерліктің символына айналып отыр. Болашақта Жәңгір ханға қатысты тың деректер мен материалдар оның тарихи тұлғасын одан әрі аша түседі деген ойдамыз.
Б.Б. Кәрібаев
ҚР ҰҒА корр.-мүшесі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
тарих, археология және этнология факультеті,
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д.