20 – жылдары Сәбит Мұқанов көптеген поэмалар жазған. Оларды тақырып жағынан екі топқа бөліп қарастыруымызға болады:
1) Аңызға, фольклорға сүйеніп жазылған поэмалар
2) Нақты өмірлік материалдар негізінде жазылған поэмалар
С.Мұқанов поэмаларының ішіндегі мазмұны мен түрі жағынан шауып шыққан биігі – „Сұлушаш” поэмасы. Бұл оның тек өзінің ғана емес, кезінде бүкіл әдебиеттің табысы болды.
С.Мұқанов поэмалары тоқталмас бұрын поэманың табиғатына үңіле кету орынды деп білеміз.
Әдеби жанр (французша genri – тек, түр) термин ретінде шартты екі мағынада қолданылады: 1) әдебиеттің тектері – эпос, лирика, драма; 2) әдеби шығарманың түрлері — әңгіме, роман, баллада, поэма, комедия, трагедия.
Өмір шындығын қамту, адам мінезін ашу мүмкіндіктеріне қарай эпикалық жанр 3 түрге бөлінеді: 1) шағын көлемді эпикалық түр; 2) орта көлемді эпикалық түр; 3) кең көлемді эпикалық түр.
Поэма – орта көлемді эпикалық түрдің бір үлгісі. Поэма (грекше poiema — туынды) — өлеңді повесть, өмірде болған не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқиғаларды, алуан-алуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі, эпикалық не лирикалық сипаттағы өлеңмен суреттеу. Поэмалар түрлі-түрлі: сюжетті поэмалар, сюжетсіз поэмалар да әр алуан: эпикалық образ да, лирикалық образ да, романтикалық образ да, реалистік образ да болады.
Поэма өзінің туу, даму тарихының әр кезеңінде әр сипатта болды. Көне дүние әдебиетінде классикалық халық эпосы („Илиада”, „Одиссея”) түрінде туған болса, ауыз әдебиетінде батырлар жыры („Қобыланды батыр”, „Ер Тарғын”), лиро-эпос („Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, „Қыз Жібек”) немесе тарихи жырлар („Бекет”, „Бекболат”) түрінде дамып, жазба әдебиетіндегі дастандар („Медғат-Қасым”, „Адасқан өмір”) мен реалистік поэмаларға („Сұлушаш”, „Құлагер”) ұласты.
Поэма қазіргі қазақ поэзиясындағы мол өркендеп, кең өріске шыққан шешуші жанрлық түрлердің бірі.
Қазақ кеңес поэмасының негiзiн салушылар санатында интеллигент ақындармен қатар шыққан жалғыз пролетар эпик — Сәбит Мұқанов болды. Ол бiрден-ақ өз табиғатының талабына бақты. Атап айтқанда, ол ерлiктiң, серiлiктiң, сұлулықтың бәрiнен бұрын бейшара Күңшаштың жетiм қалған, ар-намысы тапталған он үш жасар Балбөпесiн көрдi, алғашқы дастанын соның көз жасымен суарды. Дәл осы жылы Балбөпенi өлмейтiн, жұрт қатарлы өмiр кешетiн жағдайға iлiктiрдi де, өзi оның арғы түп төркiнiне қарай ат маңдайын түзедi. “Жетiм қыз” атты дастанында Күнәйiм сұлуды тарих тұңғиығынан берi тартып ала алмаған соң, өмiрден ары қарай-“о дүниеге” жөнелту арқылы қалмақ тұтқынын босатты. Күнәйiм биiк жар қабақтан күркiреп жатқан жойқын өзенге секiрерде қалмақтар кескен ағасының басын құшақтатып жiбередi. Сәбит өзi қатыгез тарихқа қанша лағынет айтса да,
“Татулық, достық
жапсырмақ
Ел мен елдiң арасын”,-
деген сенiммен қайтты. Өзi өмiр сүрiп отырған мезгiлге қайта оралғанда Сәбит көңiлi жай таба қалды дейсiз бе ? … Қайдан-ау…
“Менде ақындық жалғыз сөз-
“жалшы” деген”,-
деп, айғайын сала, ауылды советтендiре бастаған жерге келсе, байдың қаншырдай қатқан жазғытұрғы жарау бурасы жаншып, шайнап тастаған Қарашұнақ есiмдi сорлы жалшының сүйегi шашылып жатыр екен. Сәбит бұл орайда бай тоқалы Гүлжан сұлуды Қарашұнақ баласы Қозыбаққа қосып барып кек алады. Бұл дастан да дүниеге “Батырақ” деген атпен келдi.
Араға екi жыл салып, бiлiмiн бiртоға толықтырған соң да ақын баяғы беттен қайтқан жоқ. Қазақ кеңес эпикасының асқар шыңы делiнген атақты “Сұлушаш” трагедиясынан Сәбең өлеңдi роман жасап шықты.
Бек, дариға-ай…Еңлiк пен Кебектен тым болмаса құндақтаулы шарана қалды деп едi… Ол өсiптi, өнiптi деген сөз бар. Қыл құйрығына байлаулы екi жасты тепкiлеп өлтiрген, екi шақырым жер шапқылағаннан кейiн қан тоқтаған шу асар да тiрi қалған ед… “Әй, айуан-ай, сенен өткен тағылар құлағыңнан бұрап ұстап бұйрық еткен соң, сен қайтейiн деп едiң ?….- деп, оның сыртынан талай пенде мүсiркеп қараған шығар. Ал мынау төрт бейбақтың артында қасқыр жеген торы төбелдiң төрт қара тұяғынан басқа не қалды ? Бұл Сәбитке оңай соқты дейсiң бе ?… Масқара қаза соңынан қағазға түскен сайын қайран Сәбең ауыр-ауыр күрсiнiп, қалам ұстаған шығар-ақ…
Сәбиттен бұрын ондай эпик болған жоқ. Жаратылысы жаңашыл (новатор) деген атақ Сәбит Мұқановқа ең әуелi осы үшiн берiлдi.
“Неше жүз жыл бойына “қисапсыз төгiлген осынша көз жасы мен қанның, сөзсiз сұрауы бар… Соны сұрау, қарымта қайтару Сәбит үлесiне тиген. Сонда қайтпек, немен қаруланбақ керек ? Өзiне дейiнгi аһ ұрған абыздың гөй – гөйiнен, бақсының зiлдi зiкiрiнен, сарнауық тақуа жыршының тәңiрге қылар зарынан Сәбит кәдесiне асқандай не бар ?… Солардан бiрдеңе алу керек пе ? Жоқ әлде сыртқы қабығы сыдырылмаған бөренеден де дөрекi, iрi, тастан да ауыр әрi суық, оттан бетер күйдiргi сөздердi өз бетiмен термек керек пе ? Жоқ әлде, Жалбыр тымақ, Шоқпыт шидем, қазан Тұтқыштарын күрескер адамға айналдыратын сөздiң құдiреттi құдайын қолдан жарату керек пе ?.. Қасiреттiң астына от қойғанда ол қарғыс боп қайнау үшiн, сосын қанаушы таптың қара жүрегiне дәл даритын жасын жайдың оғы болмақ үшiн қаһарлы сөздiң қаптаған қара бұлтын жасақтау керек пе ?…
Осындағы абыз, бақсы, молда, жырау сөздерiнен өзгенiң бәрi керек. Сәбит соның бiрiн қалдырмай өз қажетiне тұтынды. Өзiнiң формуласымен айтқанда, ол өзiне сөзден Советтiк Армия жасақтады. Болмысынан жаңашыл (новатор) етiп жаратқан да, шын мағынасындағы классик эпик дәрежесiне көтерген де оның сондай Сәбит бола алғандығы.
Әрине, жаңашылдық та аспаннан алынбайды. Оның да қайнар көзi бар. Ол халық өмiрiндегi өзгерiстерден суыртпақталады. Ал халық қашан да, қандай өзгерiс тұсында да өзiнiң болмысынан енедi. Ендеше, халық пен Сәбит, яки дәстүр мен жаңашыл талант жұбын жазбай қосарланып осы арадан көрiнбес болар ма?… Мына бiр штрихтарға қараңыз.
Бұл кiсiнiң дастандары да нақ сондай ел тiлiне, ел ұғымына етене жақын орналасқан. Сәбең дастандарында халықтың мақал, мәтел, нақылдары мол естiледi, “шыңы тiк”, “құзы құлдыр”, “сылдыр су”, “сыбырлақ жел” т.б.
Мұқанов дастандары қою оқиғалы келедi деушiлер дәл айтады. Оқиғасыз 3жердi сюжетке ден қойғыш ақынның табиғаты тартпайды. Бұл ақынның ұғымынша, өмiрде оқиғадан оқшау орын жоқ. Байқап отырсаңыз, Сәбеңнiң барлық дастандарында сәл қыбыр еткен қимыл дереу бүкiл төңiрегiн астан – кестен күйге көшiредi. Жаңашыл таланттың дәстүрiмен бiте қайнасқан жерiн, мiне, дәл сондай тұста әбден көруге болады. Гүлжан тоқал Қозыбаққа қосылып, байды жерге қаратқанда «көгiлдiр тартып көк күледi, көкала болып шөп күледi», Балбөпе далаға шығып жылағанда айналадағы өсiмдiк атаулы өздерiнiң шаштарын жұлады, Алтай өлерде төңiрегi түгел өртенедi. Сұлушаш, Күнәйiмдер жардан секiрерде төмендегi толқындар да“Қайран сұлу, өкси бермей, өзiмiзге келшi, кезек – кезек тербетiп ұйықтатайық та, қайғыңды ұмыттырайық” дегендей, жүзi суық болса да аяушылық қылады. Ал қазақ бұл тәсiлдердi (приемдарды) қай кезде де жатсынбақ емес.
Эпик Мұқанов өзiнiң жалт ойнаған қою қорғасын бұлттай бiр кезеңiн осылай тамамдайды да, “қара айғырмен жүйткiтiп” отырып күңгей беттегi екiншi кезеңiне шығады. Жүйрiктiгi себептi қолды болып, жанжалдың ақырында иесiн түрмеге қаматқан құла тай (“Құланның құны” дейтiн де дастаны бар ғой) “бiр кiсi мiнетiн” сәйгүлiк емес, “мың кiсi мiнетiн” Сәбит қара айғырының бiтiмi бөлектұғын. Ол тiптi көсiле шапқанда әр тұяғының iзiнде қазан шұңқыр, ор қазылып қалатын тарихтағы Тарғынның Тарланы, Қобыландының Тайбурылы да еместұғын. Түркiстан мен Сiбiр арасын жалғастырған Сәбит қара айғырының iзi бүгiн қарасаңыз да “шойын жол” боп мәңгi бақи жосылып жатыр. “Жүйткi, қара айғырым” дастанының алғашқы оқырмандарын айыра – бөле бiлу керек. Олар – аттарына мiне – мiне паровозбен жарыса шапқан, разьезд сайын вагондардан кiтап, мата, қант, шай, “шайтан арба” (трактор) жаңа зовод, мойынсерiк жабдықтарын сатып алғандар болатұғын.
Шыны керек, бұл дастанды әркiм өз бетiмен оқу дәрежесiне әлi де жете қойған жоқ едi. Дегенмен, жоғарыда бiз әңгiме еткен жыр кiтаптарын қойға сатып алған көшпендiлер бұл тұста тұрақты қоныстанып болған. Кешке қарай жұрт жиналған Қызыл отауда бұл дастанды сауаттылар дауыстап оқыған – ды. Ол кезде “қанды көл” атты Сәбең дастанындағы Малдыбай қолынан қаза болған Әбiл балалары әкесiнiң қаны төгiлген шұрайлы жерге иелiк етiп те үлгерген.
Бұның бәрi жақсы – ау…. Ал әлгi күнгей бетке шыққанның өзiнде көзге ұрып тұрған мына сұмдыққа не дер едiңiз ? Бiр ғана 1926 жылы үш дастан жазған Сәбит Мұқанов “Қара айғырдан” кейiнгi аттай бес жыл бойында дүниеге бiрден-бiр поэма келтiрмеген. Ол тұста жазылған прозаларының өзі де басқа уақыттың тақырыбына тайқып шыққан. Бұл маған бұршақ ұрған бақта бұлбұл сайрамай қалғандай әсер етедi. Қазақ жұртын аштан қырған асыра сiлтеудiң ұлы трагедиясы қайран ақынның жүрегiн жұтатқан да, сол жүректiң басынан у боп, үнсiз төгiлгендей….
Менiң Досшан атамда :
“Дүбiрдi көрсем қозамын,
Сабыр етiп тұра алмай”, —
дейтiн бiр сөз бар едi Сол кiсi айтқандай, әбден толысқан отыз бес жасында, әлгi іш құсадан арылып Қызыл профессураны бiтiрген шағында, бұрынғыдан да кеңiрек дүниеге кеудесiн керу үшiн Сәбит ақын айрықша бiр дүбiр күткен едi. Бүкiл дүниенi дүр сiлкiндiрген Челюскин жорығына арнап поэма жазу конкурсы Сәбит тiлегiне сәтiмен орайласты. Жарыста бiрiншi жүлдеге ие болған “Ақ аю” дастаны эпик Сәбиттiң дәстүр мен жаңалық бiрлiгiн тағы да бiр биiгiрек сатыға көтерген дәуiрiн белгiледi. Айуанды адамша сөйлету де ежелгi канон. Қазақ нақылына сүйенiп бiр сөзбен айтсақ, бұнда қара аю Ақ аюға намаз үйретедi. Бұны жұрт жалпы цивилизацияға тың маршрут белгiлеген жорық жыры деп айтады. Әрине, солай. Тiптi қара аю мен Ақ аю айтысында хан емес, қара билеген елдiң ақ патшалықтарға есесi де бардай. Тап күресiнде шыңдалған тарлан ақын бұл шығармасында екi системаның арасын ерекше жiктейдi.
Жырдың iшкi сыры мен сыртқы бiтiмi де мүлде өзгерiп мәдениеттi поэзияның фольклорлық шеңберге сыймаған үлесiн де осы өлеңнен анық көрiп отырмыз. Өлең табиғатына мұншалық революцияны Сәбиттен бұрын ешкiм де жасай алмағанын, осы орайды пайдаланып, тағы да айтамыз.
Мiне, осыдан соң ақын жиырма сегiз жыл бойы поэма жанрымен қоштасып, яғни, 1963 жылы жазылған “Жұпарханға” дейiн бұл салада қалам тартпай қойды.
Жасы жағынан бiршама шау тартқан Сәбең оқырман дастанында “Қазақ даласының бүгiнгiсi мен артта қалдырған жағына қайтадан бiр көз жiберiп көрейiншi” дегендi мақсат тұтқан тәрiздi. Шығармасына негiзгi кейiпкер етiп өмiрде бар әрi өзiмен тұрғылас адамды сол үшiн алғандай. Оның ол тарапқа да, бұл тарапқа да бұрылып жiтi қарауына Нұрмолда Алдабергенов өмiрiнiң септiгi мол едi. Поэманың “Алдабергенов туралы аңыз” аталуы да тегiн емес “Жарты миы қалғыса, жарымы тұрған күзетте” Нұрекең марқұмның аңыз сипатты өмiр кешкенi рас.
Мұқанов кейiпкерлерiнiң өрлеу жолымен жүрiп отырар болсақ, осы Нұрмолдаңыз – тумысында баяғы Шоқпыттың дәл өзi.
Мiне, Сәбит Мұқанов поэмаларынан ерекше қастерлеп, екшеп алған әсерлеріміз осындай.
Арғы жағынан қандай да болса бiр жалғасын тауып жататын биiк шыңдар болады. Қазақ кеңес поэзиясында да ондайлар бар. Солардың қайсыбiрiмен де бой таластыра алатын Мұқановтың ақындық творчествосы дербес тау екенi ұтымы келген жердiң бәрiнде айтылады. Ал дербес таудың аласа шоқыларын тек өзiнiң биiгiнен ғана көре аласыз. Құзында тұрып құзырын да көресiз. Табиғаттың ондай бiтiмiне өнер пайғамбарының бiрi болмаса бiрi түзету енгiздi дегендi естiмедiк.
Бiздiң бiлетiнiмiз, Сәбит ақын тауының бауырында қайнар бұлақтарының көзi бiтпейтiн өскелең өмiр жатыр.
Пайдаланылған әдебиеттер
- XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. – А., 1983 ж.
- Кенжебаев Б. XX ғасыр басындағы әдебиет. – А., 1993 ж.
- Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. – А., 2002 ж.
- Нарымбетов Ә. Қазіргі қазақ поэмасы.– А., 1982 ж.
- Нарымбетов Ә.Уақыт шындығы – көркемдік кепіл.– А., 1989 ж.
- Хасенов М. Сәбит Мұқанов және фольклор.– А., 1980 ж.
- Дүйсенбаев Ы. Эпос және ақындар мұрасы.– А., 1987 ж.
- Мұқанов С. Таңдамалы шығармалары. 16 том. – А., 1972 ж.
- Кәдімгі Сәбит Мұқанов. Сәбит Мұқанов туралы естеліктер. – А., 1984 ж.
- Ергөбек Қ. Жазушы шеберханасы. – А., 2002 ж.