Әбілмәмбет хан – XVIII ғасырдың 30-60 жылдары аралығында қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саяси тарихында белгілі бір дәрежеде роль атқарған, сондай-ақ бірнеше ғасыр бойы қазақ мемлекетінің саяси тізгінін өз қолдарында ұстаған билеуші әулеттің өкілі болған тарихи тұлға. Ол- біртұтас Қазақ мемлекетінің соңғы билеушісі Тәуке ханның туған немересі болып келеді.
Тарихқа тереңдеп барсақ, оның арғы ата-бабалары атақты Шыңғысханнан бастау алады. Ал оның шежіресін бергі жағынан қайырсақ, онда оның тегі қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханмен тікелей байланысады. Жәнібек ханнан Тәуке ханға оның ата-бабалары былайша тармақталады. Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі – Жәдік сұлтан. Кейбір деректерде ол хан лауазымен аталады. Ол XVI ғасырдың 20-30 жылдары Жыланды төбе деген жерде ноғайлармен болған ұрыстардың бірінде қаза тауып, Үргеніштегі Бақырған ата қорымына жерленеді[1,122 б.]. Қадырғали Жалайырдың жазуынша оның ұлдары өте көп болған, солардың ішінде елге әйгілі болғандары төртеу. Олар – Тоғым хан, Бөкей сұлтан, Шығай хан және Мәлік сұлтан. Әбілмәмбет хан осы Шығай ханнан өрбиді. Шығай ханның деректерде айтылатын сегіз ұлының бірі – Есім хан. Тарихымыздағы «Еңсегей бойлы ер Есім» дегеніміз осы тұлға. Есім ханның тарихта белгілі үш ұлының болғаны көпшілікке мәлім. Олар – Жәнібек хан, Жәңгір хан және Сырдақ сұлтан. Жәнібек ханның ұрпақтары белгісіз, Сырдақ сұлтаннан – Қайып хан (1718 жылы қайтыс болған). Жәңгір ханнан — Уәлибақы мен Тәуке хан. Жәңгір ханның бірінші ұлынан атақты Абылай хан таралады. Ал екінші ұл — Тәуке ханнан бес ұл туылады. Олардың есімдері: Болат хан, Тұрсын сұлтан, Мұрат сұлтан, Сәмеке хан және Қасым сұлтан. Болат ханның 1718-1723 жылдары хан болғаны тарихтан белгілі. Болат ханның қанша ұрпағы болғаны белгісіз, жазба деректер мен шежірелерде тек бір ғана ұлдың есімі айтылады. Ол – Әбілмәмбет хан. Қысқаша шолудан көріп отырғанымыздай, Әбілмәмбет ханның шыққан тегі бірнеше ғасыр бойы ел басқарған билеуші әулет те, тікелей Жәнібек ханға дейінгі жеті атасы дақазақ тарихының саяси өмірінде негізгі рольдер атқарған белгілі тұлғалар екен. Әбілмәмбет ханның әкесі Болат ханнан басқа ата-бабаларының бәрі тарихта өз орнын ойып алатын көрнекті тұлғалар болғанын барша халық біледі деуге болады.
Әбілмәмбет хан туралы мәселеге кіріспес бұрын, алдыменен Тәуке ханның немересі туралы қандай деректер бар және оның тарихи болмысына тарихшылар қандай баға берген екен деген сұраққа жауап беріп көрелік.
Әбілмәмбет ханға қатысты деректердің жазба түрін XVIII ғасырдың 30-60 жылдарындағы қазақ-орыс және қазақ-қытай қатынастарын сипаттайтын материалдардан көруге болады.
Қазіргі күнде ол материалдардың бірталайы осы кезеңдегі қазақ-орыс қатынастарын баяндайтын арнайы ғылыми жинақта [2-3], қытай тілінен қазақ тіліне аударылған материалдарда[4-5], жеке тұлғалардың өмірі мен қызметіне арнап шығарылған деректер мен құжаттар жинағында[6-7] кездеседі. Сондай-ақ ауызша материалдардың, әсіресе шежірелік материалдардың біршамасы хандар шежіресінде ұшырасады. Ал Отандық тарих ғылымында Әбілмәмбет ханның өміріне, қызыметіне, тарихи роліне арналған әлі күнге дейін толыққанды зерттеу жұмысының жазылмағанын айтып өтеміз. Оның есімі оқулықтар мен XVIII ғасырдағы қазақ-орыс, қазақ-жоңғар және қазақ-қытай қатынастарына байланысты кездесіп қалады да, авторлар сол тұстардағы оқиғаларды сипаттаумен ғана шектеледі. Қазақтың белгілі тарихшысы Жанұзақ Қасымбаев өмірінің соңғы жылдары XVIII – XIX ғасырлардағы қазақ билеуші тобының бірнешеуіне арналған жеке монографиялық еңбектер жазып, тарихымызда жаңа бағытқа жол салған еді.[8-10] Ол зерттеулерде Әбілмәмбет ханның есімі Орта жүз мәселесіне қатысты кездесіп қалатын да, автор тарапынан оның тарихи болмысына онша жағымды тұжырымдар айтылмайтын. 1998 жылы жарық көрген Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 1-ші томындағы «Әбілмәмбет» атты қысқаша мақаласында Ж.Қасымбаев ол жөнінде мынадай пікір білдіреді: «…Жоңғар шапқыншылығы елге қауіп төндіріп тұрған жылдарда елдің басын қоса алмады. Алайда Абылай, Барақ сұлтандардың қазақ руларын қалмақтарға қарсы ұйымдастыруына кедергі жасамады… Әбілмәмбет халық тарихында, хандық билігін сарқа пайдалана алмаған қайраткер ретінде белгілі. Халық шежіресінде де Әбілмәмбет ел үдесінен шыға алмаған «ақсүйек» ретінде сипатталған»[11, 623 б]. Қазіргі күндерде осы тұжырым Әбілмәмбет ханның тарихи бейнесіне қатысты басты тұжырым болып отыр.
Төменде біз Әбілмәмбет ханға қатысты деректер мен материалдарға сүйене отыра, сондай-ақ әртүрлі авторлардың оның өмірі мен қызметіне қатысты жасаған тұжырымдарына талдау жасай отыра тарихи тұлғаның болмысына назар салып көрелік.
Әбілмәмбет ханның туған жылы туралы мәселеге келсек, көптеген авторлар ешбір деректерге сүйенбай-ақ бұл датаға 1690 жылды көрсетіп жүр. Біз бұл жылды жоққа шығармаймыз, бірақта нақты дерек болмағандықтан ханның туған жылы деп шамамен XVII ғасырдың 90-шы жылдарының іші деп есептейміз. Ол дүниеге келген жылдары қазақтың ресми ханы Тәуке хан болғандықтан Әбілмәмбеттің жас кезінен бастап сол кезеңдегі дәстүрге сай жақсы білім мен тәрбие алғаны белгілі. Әрбір хан немесе сұлтан өз әулетінде дүниеге келген жас өкілді міндетті түрде болашақта елді, мемлекетті басқара алатындай, соғыс өнері мен әскер басқаруды жетік білетіндей етіп тәрбиелейтіні белгілі. Ол үшін тіпті арнайы адамдар белгіленеді де, олар аталық деген лауазымды иеленеді.
Әбілмәмбет ханға тікелей қатысты жазба деректер алғаш рет 1730-шы жылдардың басында орыс тіліндегі құжаттарда кездесе бастайды. Ресей Сыртқы істер коллегиясының 1730 жылғы 30 қазанындағы құжатында Әбілмәмбеттің есімі алғаш рет айтылып, оның есімінің жанына «хан» лауазымы қосып жазылады.[2, 35-36 ]. Осы құжатта сол жылдардағы қазақ қоғамындағы саяси биліктің ең жоғары биігіне көтерілген алты хан-сұлтанның есімдері, олардың халқының саны мен орналасқан қалалары, көшіп-қонып жүрген аймақтары айтылған. Олар мыналар: Әбілқайыр хан, Барақ пен Әбілмәмбет хандар, Сәмеке хан, Күшік хан және Жолбарыс хан. Бұл жерде Барақ пен Әбілмәмбетті орыс дерегі хан деп көрсеткенімен олар сол кезде сұлтандар болатын. Ал Әбілқайырдың Кіші жүздің билеушісі, Сәмекенің Орта жүздің билеушісі болып Түркістанда отырғанын, Жолбарыс ханның Ұлы жүздің билеушісі ретінде Ташкентте отырғанын, ал Күшік ханның Сайрамда билік құрып жатқанын осы құжаттағы мәліметтер айтып өтеді[2,36]. Дәл осы сипаттағы, бірақ одан да нақтырақ мәліметті 1731 жылы қазақ жеріне келген тілмаш М.Тевкелевтің күнделігінен кездестіреміз. Онда ол табын Бөкенбай батырдан қазақтар туралы мынадай құнды деректерді жазып алады: «қазақтар Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деген бөліктерден тұрады. Ұлы жүз алыста, Бұхара жақта жайлап-қыстап жүреді және Орта жүзбен, Кіші жүзбен көп байланысы жоқ. Олардың Жолбарыс деген өз ханы бар. Орта жүзде екі хан: Сәмеке хан мен Күшік хан және екі сұлтан – Барақ сұлтан мен Әбілмәмбет сұлтан. Ал, Кіші жүзде хан біреу, ол Әбілқайыр. Сұлтандар екеу: Батыр сұлтан Әбілқайыр ханның жиенін алып отырған күйеу баласы, екіншісі Әбілқайырдың ұлы Нұралы сұлтан»[2,62;]. Осы жерде не себепті алғашқы орыс дерегі Әбілмәмбетті Барақпен бірге үш жүздің хандармен бір тізімге қосып айтқан деген заңды сұрақ туады. Ал Бөкенбай батыр қазақ қоғамын өте жақсы білетіндіктен М.Тевкелевке айтқан мәліметінде қазақтарда кімнің хан, кімнің сұлтан екенін өте дәл көрсетіп отыр. Егерде хандар шежіресіне қарасақ, XVIII ғасырдың 30-шы жылдары қазақ қоғамында Барақ пен Әбілмәмбеттен және екінші деректегі Батыр сұлтан мен Нұралы сұлтаннан басқа сұлтандық лауазымы бар көптеген билеуші әулет өкілдерін кездестіруге болады. Олардың ешқайсысының есімі ресми орыс дерегінде айтылмай, тек жоғарыдағы сұлтан дәрежесін иеленген тұлғалардың есімдері хандармен қатар тұрғаны қызықты жайт. Біз оның себебін мынадай жағдайлармен түсіндіруге тырысамыз.
Біріншіден, есімдері аталған сұлтандар өздерінің жеке қасиеттерімен ерекшеленіп, халық алдында беделге ие болған тұлғалар. Олардың өздері басқарып отырған ру-тайпалары, яғни бір қауым елі бар және XVIII ғасырдың 20-шы жылдарындағы қазақ-жоңғар қатынасы шиеленісіп, жоңғарлар шапқыншылықтары күшейген кезде, әсіресе, жоңғарлардан қазақ жерлерін азат ету күресінде жоғарыдағы сұлтандар Әбілқайыр ханмен, Сәмеке ханмен бірге қазақ жасақтарына басшылық жасайды, сөйтіп халық алдында жағымды жақтарымен көзге түседі. Олардың ел алдында беделі өсіп, абыройлары артады.
Екіншіден, есімдері аталған сұлтандар қазақ қоғамындағы билеуші Жәнібек хан әулетінің әрбір мықты тармағының немесе бұтағының белсенді өкілдері болып саналады. Барақ сұлтан – Шығай ханның Ондан сұлтан атты ұлынан тарайтын Көшек сұлтанның төртінші ұрпағы болып келсе, Батыр сұлтан – Есім ханның Сырдақ атты ұлынан өрбіген ұрпақ, Қайып ханның ұлы. Ал Әбілмәмбет болса, Жәңгір ханнан, Тәуке ханнан, Болат ханнан тікелей таралған тұлға. Осылайша, әрбір сұлтанның жеке қасиеттері мен киелі әулеттің өкілі болуы, ең бастысы XVIII ғасырдың 20-шы жылдарының соңында жоңғарларға қарсы күрестегі басшылық ролі – оларды сол тұстағы қазақ қоғамының саяси өміріндегі шешуші тұлғалардың біріне айналдырады. Міне, сол себепті де Әбілмәмбет сұлтан 30-шы жылдардың басында хан болмаса да, жаңағыдай себептерге байланысты орыс деректерінде хан лауазымымен айтылады және есімі ресми хандардың есімдерімен қатар айтылады.
1731-1732 жылдары Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз билеушілерінің бір тобы, Орта жүзде Сәмеке хан, Күшік хан және Барақ сұлтандар Ресейдің қол астына кіру саясатын жүргізгенде Әбілмәмбет сұлтанның қандай бағыт ұстағаны белгісіз. Қазақ – орыс қатынастарының жинағында дәл осы кезеңдегі оқиғаларға қатысты оның есімі аталмайды. Құжаттардан бұл мәселеге қатысты тек Сәмеке ханның есімін кездестіреміз. Соған қарап біз, 1731-1732 жылдардағы қазақ билеушілерінің Ресеймен жақындасу, оған арқа сүйеу, оның қоластына ену сияқты саясатын Әбілмәмбет сұлтан қолдамаған деп санаймыз.
1730-шы жылдардың ортасынан бастап Әбілмәмбет сұлтанның саяси көзқарасы анық байқала бастайды. Біз оны осы жылдарда өте маңызды болып саналған башқұрт мәселесіне байланысты анық байқаймыз. Тарихтан белгілі Ресей құрамындағы башқұрт халқы отаршылдыққа қарсы бірнеше рет көтерілістер жасайды. Сондай көтерілістің бірі – 1735-1737 жылдары өтеді. Ресей бұл көтерілісті аяусыз басып, қанға бөктіреді. Башқұрттардың өзі екіге бөлініп, бірі орыстарға толық бағыныштылығын мойындаса, екінші бөлігі қарсылық білдіреді. Жеңілген башқұрттар қазақтардан көмек сұрайды, қазақ жеріне қашып келіп паналайды. Мәскеудің тапсырмасымен Орынбор әкімшілігі башқұрттарға қарсы қазақ халқын айдап салуды жөн көреді де, осы бағытты жүргізе бастайды. Осыған байланысты қазақ билеуші тобы арасында да әртүрлі көзқарастар қалыптасады.
Қазақ арасында болған орыс тыңшыларының мәліметтеріне қарағанда Орынбор әкімшілігінің башқұрт халқына қатысты саясатын Кіші жүз билеушілерінің бір тобы қолдаса, Әбілмәмбет сұлтан екіұшты саясат ұстауға мәжбүр болады. Орыс тыңшылары Әбілмәмбет сұлтанға башқұрт жетекшілерінің жиі келіп, әскери көмек сұрайтындығын, олардың басшылары қазақтарды Ресейге қосылмауға үгіттейтіндігін, екі халықтың бірігіп Ресейге қарсы соғыс ашуы қажеттігін айтатындығын хабарлайды[5,137; 138-139; 141-146; 153-157 бб.]. Егерде Әбілмәмбет сұлтан жан-тәнімен орысқа берілген болса, онда башқұрттар жағынан оның ауылдарына орысқа қарсы адамдар келмес еді, мұндай үгіттеулер болмаған болар еді. Әбілмәмбет бір жағынан башқұрттарға іш тартып, оларға аяушылықпен, олардың мәселесіне түсінушілікпен қараса, екінші жағынан башқұрттардың Әбілмәмбет ауылдарына жиі келетінін Ресей жағының біліп отырғанын сезіп, башқұрттарға ешқандай көмек бере алмайды. Тіпті өзінің Ресейге дос екендігін білдіру үшін өзіне қарасты рулардың өз батырларымен бірге башқұрттарға жорық жасауын көрмегендей болады. Бұл туралы ол Абылай сұлтанмен бірге Тевкелевке жазған хатында айтады. Онда ол былай деп жазады: « Біздің рұхсатымыз болмаса да, басқалардың да айтқанын тыңдамай, Сіздерге қарай 200 қазағымыз аттанып кетіпті. Әлденені бүлдіріп, патшаның еліне бүлік салып, бізді ұятқа қалдыра ма деп хабарлап отырмыз»[5,166 б.] Міне, осы және басқа да құжаттар Әбілмәмбеттің башқұрт мәселесіне қатысты ұстанған саясатын көрсетеді.
1737 жылы Орта жүз ханы Сәмеке қайтыс болады да, 1738 жылы, бір деректерде 1739 жылы Әбілмәмбет сұлтан Орта жүзге хан болып сайланады. Бұрын ол Тобыл мен Есіл өзендері бойында көшіп-қонып жүрсе, енді хан болып сайланғаннан кейін Түркістан қаласына көшіп келеді. Орта Жүздің ханы ретінде Әбілмәмбеттің саяси іс-әрекеттерінің шеңбері кеңейеді де, ол қазақ-орыс, қазақ-башқұрт, қазақ — қалмақ және қазақ –жоңғар қатынастарына белсене араласа бастайды.
1739-1742 жылдары жоңғарлар билеушілері қазақ жеріне кең ауқымды жаңа жорықтарын жүргізеді. Қазақ қоғамындағы саяси бірліктің болмауы және билеуші топтар арасындағы араздықтар қазақтардың бірігіп, жауға қарсы тойтарыс беруіне кедергілер келтіреді. 1723-1725 жылғы «Ақтабан шұбырынды» жылдарындағыдай тағы да қарапайым қазақ халқы көп тонаушылықтар мен босқыншылыққа ұшырайды. Кейбір тарихшылардың жоңғарлардың бұл жорықтарын «Екінші ақтабан» деп атауы бекерден бекер емес.
Енді осы жылдардағы Әбілмәмбет ханның қазақ қоғамының ішкі және сыртқы өміріне байланысты ұстанған көзқарасы мен жүргізген саясатына көз салалық.
Жоңғарлардың екінші жойқын жорықтары қарсаңында қазақ билеушілері тобы арасында біршама өзгерістер болады. 1737 жылы қазақ-орыс қатынасына байланысты өзінің саяси бағыт-бағдарын жиі өзгертіп отырған Орта жүз ханы Сәмеке өз ажалынан көз жұмады. 1739 жылы Ресейге іш тартып, онымен жақындаса бастаған Ұлы жүз ханы Жолбарыс хан қастықпен өлтіріледі. Ал Кіші жүзде Әбілқайыр ханның билігі тек Жетіру мен Байұлы руларына ғана жүріп тұрды. Әлім тайпалары негізінен Кіші жүз ханының қарсыласы Батыр сұлтан жағында болатын. 1739 жылы Жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен ұзаққа созылған келісім-шарттардан кейін шекара мәселесі бойынша Қытай императорымен ортақ мәмілеге келеді де, өзінің бар күшін қазақтарға бағыттайды. Қазақ билеушілері арасындағы өзара қырқыстар мен араздықтарды жақсы біліп отырған ол, Орта жүзді біржолата бағындырмақ оймен бірнеше бағытта жорықтар ұйымдастырады.
«Екінші ақтабанның» алғашқы жорығы 1739 жылы күзде басталып, 1740 жылдың қысына дейін жалғасады. Орынбор комиссиясының бастығы В.Урусовтың Ресейдің сыртқы істер алқасына жолдаған ресми баяндамасында Орта жүз батыры Жәнібектің жазған хатындағы мәліметтерге сүйеніп, «биылғы жазда Әбілмәмбет хан мен Абылай және Барақ сұлтандардың иелігіндегі жерлерге он бір мың қара қалмақтың келгендігін» хабарлайды.[6,177 б.]. Ал екінші бір орыс дерегі «Ертіс пен Есіл өзендері бойын мекендеген Орта жүз қазақтарына, абақ керей ұлыстарына, Әбілмәмбет пен Барақ сұұлтандардың иеліктеріне он бес мың жоңғар әскерлері шабуыл жасап, ауылдарды талқандады, қыруар мал мен адамдарын алып кетті» деп хабар береді[6,180 б.].
Екі бағыттағы соққының бірі оңтүстіктен, Сырдың жоғары ағысы бойынан, екіншісі, солтүстіктен, Ертіс өзені жақтан жасалады да, тағы да қазақ ру-тайпалары мардымды қарсылық көрсете алмай, орыс шептері мен бекіністеріне қарай шегінеді. Қыс түсіп, қардың қалың болуына байланысты жоңғарлар шабуылдарын уақытша тоқтатады да, мол олжамен кері оралады. Әбілмәмбет ханның иелігіндегі Орта жүз қазақтары адам жағынан да, материалдық жағынан да өте зор шығынға ұшырайды. Ханға деген қарапайым халықтың көзқарасы осы кездерде қалыптаса бастаған секілді. Жоңғар шапқыншылығы күшейіп тұрған кезде хан тарапынан ел қорғауды, жауға қарсылық көрсетуді ұйымдастыру, оған басшылық жасау секілді істер қолға алынбайды. Алынса да оң нәтиже бермейді.
Жоңғарлардың екінші жорығы 1740 жылдың күз айларында Орта жүз аумағына қайта басталады. Бұл жолғы жорығында жоңғарлар қазақтар тарапынан ұйымдастырылған кәдімгідей қарсылықтарға тап болады. Орыс деректерінде дәл осы жылы Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанның екі мың жасақпен Қалдан Серенге аттанып кеткендігі туралы баяндалады.[12, 34].
1741 жылдың ақпан айында Орта жүзге жоңғарлардың үшінші жойқын жорығы басталады. 30 мыңдық жоңғар әскерін ноян Септен мен қонтайшының ұлы Лама-Доржы басқарады. Бұл жолы да жоңғарлар Орта жүзді көктей өтіп, Тобыл, Есіл өзеніне дейін барады. Қарапайым халық тағы да көп шығынға ұшырайды. Жоңғарлардың осы үшінші жорығында Орта жүз сұлтаны Абылай жоңғарларға тұтқынға алынады.
Осы үшінші жорық барысында Орта жүз сұлтаны Барақтың да жасағы жеңіліске ұшырайды. Қазақтың бірнеше аты шыққан батырлары жоңғарлар қолына тұтқынға түседі. Дегенменде жоңғарлар өздерінің түпкі мақсаттарына жете алмайды. Орта жүз халқы толық бағынбайды, жекелеген батырлар мен сұлтандар бастаған қазақ күштерінің қарсылықтары тоқтатылмайды. Деректерде аты-жөні белгісіз бір қазақ сарбазының өшпес ерлігі жөнінде айтылады. Онда былай делінеді: «…Қалған қазақтар Тобылдан өте қашқан екен, қалмақтар соңынан қуыпты. Қалмақтар бір тұтқын қазақты алға салып қазақтарды іздейді. Әлгі қазақ оларды адастырып, сиқырмен қар жаудырып, аяз төндіріпті, содан қалмақтар үсіп-жаурап, суықтан қырылыпты. Қалмақтар әлгі сиқыршы қазақты өртеп жіберіпті. Әрі қарай, қазақ ауылдарын тағы да шаппақ болған екен, өздері көп шығынға ұшырап, күшті аязға ұрынған соң, беті қайтып, қалмақтар шабуылдан амалсыз бас тартыпты» [6, 215-216 бб.]. Осындай, қарапайым қалың халықтың ортасынан шыққан жекелеген батырлардың ерлік істері жоңғарларға Орта Жүзді толық бағындыруға мүмкіндік бергізбейді.
Орта жүз ханы ретінде Әбілмәмбеттің осы «екінші ақтабандағы» іс-әрекеттеріне шолу жасап, оларға талдаулар жасалық.
Біз жоғарыда жоңғарлар жорығы 1739 жылы күзде басталып, қыс айларына дейін жалғасқанын айтып өттік. Жауға қарсылық көрсете алмаған қазақ ауылдары орыс бекіністеріне жақын көшіп барады. Әбілмәмбет хан да өзіне қарасты ауылдарымен орыс бекіністеріне жақын барып орналасады. Орынбор әкімшілігі мұндай қолайлы сәтті қалт жібермей, ұтымды пайдаланып қалады. Жоңғар шапқыншылығына байланысты қазақ жағының халі мүшкіл екенін білген Орынбор комиссиясының бастығы, генерал-лейтенант В.Урусов Кіші жүз бен Орта жүздің хандарынан, сұлтандарынан, батырларынан, ру көсемдерінен тағы да бір ант қабылдауды ұйымдастырады. Кіші жүз өкілдерін Әбілқайыр ханның ұлдары – Нұралы, Ералы сұлтандар бастап келіп, 19-23 тамыз аралығында барлығы 100-ден аса Кіші жүз өкілдері ант береді. Ал 24-29 тамыз аралығында Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан бастаған Орта жүз өкілдерінің ант беру рәсіміне В.Урусовтың өзі қатысады. Ант беру 1740 жылдың тамыз айының 28-інде, яғни «екінші ақтабанның» қазақ үшін тиімсіз кезеңінде болады.
Орынбор әкімшілігі жоңғарлардың Орта жүз аумағына жасаған шабуылынан, қазақтардың оған қарсы тойтарыс бере алмағанынан, сондай-ақ жоңғар шабуылының алда әлі болатынынан өте хабардар еді. Ал Әбілмәмбет ханның жағдайы болса, өте ауыр болатын. Міне, осындай жағдайдағы Орта жүз ханының Орынбордағы ант беру рәсімі кезіндегі халін қол-аяғы жіпсіз байланған адамның кейпімен салыстыруға болады.
Жоңғарлардың үшінші жорығынан кейін 1741 жылы жаз айында Орта жүзде, Әбілмәмбет ханның Ордасында кеңес өткізіліп, онда қазақ – жоңғар қатынасына байланысты маңызды мәселелер қарастырылады. Ондағы ең басты мәселе, ол — жоңғарлармен соғысты жалғастыра беру немесе олармен бейбіт келісімге келу мәселесі болды. Кеңеске қатысушылардың көпшілігі бейбіт келісімге келуді жақтайды. Әбілмәмбет хан да осындай ойда болады. Сол мақсатпен жаз айының соңында Әбілмәмбет хан Жоңғарияға қазақ елшілігін аттандырады. Елшілік жоңғар тұтқынындағы қазақтарды босату, оның ішінде Абылай сұлтанды босату, екі жақты бейбіт келісімдер жасасу сияқты маңызды мәселелерді жүзеге асыруды мақсат етіп қояды. Ал жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен болса, Әбілмәмбет ханға ауыр шарттар қойып, оны қабылдауды үгіттейді. Ол қойған шарттарда қазақтар жағынан төленіп тұратын салықтың мөлшері, қазақтардың көшіп-қонатын аумағы және Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Орта жүздің белгілі сұлтандарынан, батырларынан аманат алу айтылады. Бұл шартқа көнбеген жағдайда жоңғарлардың шабуылы қайта жалғасатынын ескертеді. Оны мынадай деректер нақты көрсетеді. 1742 жылы қазақ ауылдарына тыңшылықпен барып қайтқан ағылшын саудагері Гок былай деп хабар жеткізген:
«1742 жылғы 14 сәуір. Қазақтың Батыр сұлтанына жоңғардың Қалдан Серен ханынан үш адам елшілік келді, аздаған сыйлығы бар, өз хандарынан хат әкеліпті. Хатты Әбілқайыр ханға тапсырды. Хатта не жазылғанын Гок өз көзімен көрген. Хат мәтіні мынадай:
Қалдан Серен бұйырыпты:
1. Әбілмәмбет хан, Батыр сұлтан, қазақтың басқа да билеушілері мен басшы ел ағалары Түркістанға келіп қоныстансын;
2. Қазақ билеушілері, оның ішінде Әбілқайыр хан да бар, ұлдарын аманатретінде, әкеліп тапсырсын;
3. Орта жүз бен Кіші жүз халқының әр түндігіненбір қарсақтерісі есебіменсалық жинатып, әкеліп, тапсырсын…
Егер бұл айтқандарды орындамасаңдар, Орта жүз бен Кіші жүздің әрқайсысына бір-бір зайсанға бастатыпәскер жіберемін де,қазақтарды қырғынға ұшыратамын»[2, 210; 6, 240;]. Басқаша айтқанда, бұл дегеніміз – Орта жүзді Жоңғарияға күштеп тәуелді ету дегенді білдіреді.
Ресей жағы бұл мәселеден хабардар болып, мүмкіндігінше Әбілмәмбетті бұл қадамнан бас тартуға шақырады. 1742 жылы 7 маусымда Елек өзенінің жоғары ағысында көшіп-қонып жүрген Әбілмәмбет ханға тілмәш Оразалин жіберіліп, оған Орынбор комиссиясы мынадай нұсқаулар береді:
« 1. Мына грамотаны тапсырып, ханды құттықтайсың, менің атымнан арнайы келгеніңді айтасың, елінің амандығын сұрайсың және менімен кездесу үшін Орынборға арнайы келсін деп шақырасың.
2. Онда жүргенде байқастайсың, тың тыңдайсың, білетіндерің: хан (біздің мұнда естіп отырғанымыздай) немесе патша ағзамның қоластындағы басқа билеушілер жоңғар ханы Қалдан Серенге бодан болғысы келіп, аманат бермек ойы жоқ па?
3. Егер Әбілмәмбет ханның жоңғарларға бүйрегі бұратыны рас болса, Ураков екеуің бар амалын тауып, оның бетін қайтаратын болыңдар.
4. Егер сендер барғанда, ханға жоңғар жағынан елші келіп қалатын болса, Әбілмәмбет ханға айтып, «олармен келіссөз жүргізгеніңіз жөн болмайды», — деп түсіндіріп, сол қалмақ өкілдерімен бірге ханның өзін Ор бекінісіне келуге көндіріңдер…»[2, 217-219; 6, 233-234.]
Әбілмәмбет хан осы жылдары екі оттың арасында қалғандай күй сезінеді. Бір жағынан орыстың ызғары болса, екінші жағынан, қылышын күн сайын жалмаңдатып отырған жоңғар қонтайшысының қоқан-лоққылары болды. Ақыры Әбілмәмбет хан Ресейге ант бере отыра, Жоңғар қонтайшысының талаптарын да орындауға мәжбүр болады. 1742 жылы күз айында арғын Нияз батыр өз ұлын және Әбілмәмбет ханның Әбілпейіз атты ұлын жоңғарларға аманатқа алып барады. Орынбор әкімшілігінің басшысы И. Неплюевтің Ресей сыртқы істер коллегиясына жазған 1742 жылғы 18 қарашадағы баяндамасында ол туралы былай делінеді: «Орта жүздің ханы Әбілмәмбет жоңғар ханына өзінің ұлын жіберіп қойыпты… Іс жүзінде ол жоңғар ханы Қалдан Сереннің қарауына кіруге анық бет бұрыпты. Сол арқылы Түркістанды және басқа да іргелес қалаларды иелігіне алмақ… »[2, 268-269; 6, 261.]. Одан әрі Ресейдің қазақ жерінде саясат жүргізуге белгіленген ресми өкілі Орта жүзге, Әбілмәмбет ханға қатысты қандай саясат жүргзіу керектігі туралы айта келе, Әбілмәмбет ханнан аманатқа бір ұлын қандай жолмен болса да алуды ұсынады. [2,268-269; 6, 261.].
И.Неплюев орталыққа жіберген мәлімдемесінде Әбілмәмбетті Орта жүздің хандығынан алып тастап, орнына Барақ сұлтанды, немесе Батыр сұлтанды, тіпті Әбілмәмбеттің ұлдарының бірін отырғызуға болатындығын хабарлайды.[6, 265].
Жоғарыда келтірілген орыс деректерінен көріп отырғанымыздай, Әбілмәмбет хан Орта жүздің ресми ханы болса да, нақты оның билігі өзіне қарасты руларға ғана жүрген екен. Тіпті ханға қарағанда кейбір сұлтандардың, атап айтсақ, Барақ сұлтанның халық арасында беделі зор болғанын байқаймыз. Әбілмәмбет хан 1739-1742 жылдардағы жоңғарлармен болған соғыстарда шебер ұйымдастырушылық, саяси көрегенділік, әскери қолбасшылық қасиеттерімен көріне алмайды. Мұны бүкіл Орта жүз халқы да, Ресей басшылығы да байқайды.
1743 жылы жазда Абылай сұлтан жоңғар тұтқынынан босап, аман сау өз жұртымен қауышады. Міне, осы кезден бастап, бүкіл Орта жүздің сыртқы саяси тізгіні біржолата Абылайдың қолына көшеді. Ал Әбілмәмбет хан болса өз еркімен сыртқы саяси мәселелерді немере інісіне тапсырып, өзі 1744 жылдың жазында Түркістан қаласына келеді де, біржолата осы қалада тұрақтанады. Орыс деректері оның Түркістанға келіп, хан сайланғанын, немере інілерімен таласқа түскенін хабарлайды [6,336-338].
Жалпы алғанда, Орта жүздің ханы бола отыра Әбілмәмбет ханның Түркістан қаласына келіп, немере інісімен таққа таласуы, ақыры билікті бөлісіп билеуі және кесімді жауап үшін жоңғар ханына жүгінуі — оның абыройы мен беделіне нұқсан келтірмесе, оны арттырған жоқ. Ханның Түркістан жаққа кетуімен қырдағы Орта жүздің саяси өмірінде Абылай сұлтан мен Барақ сұлтанның белсенділігі артады. Ресеймен де, Жоңғариямен де қарым-қатынаста осы екі сұлтанның атынан сауда — саттық, тұтқындар алмасу, керуендердің қауіпсіздігі мәселелері бойынша елшіліктер жиі алмасады. Тіпті орыс деректерінде Қазыбек би, Жәнібек батыр, Бөгенбай батыр секілді Орта жүздің белді адамдарының есімдері Әбілмәмбет ханның есіміне қарағанда жиі кездеседі. Мұның бәрі, әрине, Түркістан өңіріне ғана билігі тараған Орта жүз ханының сол жылдардағы жалпы жағдайын көрсетсе керек.
1748 жылдың қыркүйек айында Орынбор губернаторы И.Неплюев Әбілқайыр ханның қаза табуына байланысты Сыртқы істер коллегиясына қазақ жерінде қалыптасқан жағдайды хабарлай келе, Әбілмәмбет ханға қатысты былай деп жазады: «Хан тұқымының және Әбілқайырға жақтас қазақтардың кек алатынын естіп, қатты сескеніп, Барақ өзінің ұлысын алысқа көшіріп әкетіпті. Жоңғардың Әбілқайырдан көрген қоқайын пайдаланып, сол жоңғарлармен ауыз жаласуға ұмтылуда. Қазақтардан қазір жоңғарға іргелес барып көшіп жүрген сол – Барақ сұлтан. Оның осы қылығының салдарынан Орта жүз ішіндегі тепе-теңдік бұзылып, Әбілмәмбет мүлде әлсіреп қалды» [2,402; 6,394-395].
Әбілмәмбет ханға қатысты екінші бір дерек оның жағдайын нақтылай түседі. 1749 жылы Орынборда губернатордың Орта жүздегі жағдай туралы қойған сұрағына Жәнібек тархан былайша жауап береді: «Бұрын онда Әбілмәмбет хан бар еді, өзіңіз білесіз, ол көптен бері Орта жүзден алыстап, Түркістанда тұрып жатыр. Орта жүзде Барақ сұлтан бар еді, ол да Әбілқайыр ханды өлтіріп, қылмыс жасағаннан кейін жоғалып кетті. Енді ол жүзді (Орта жүзді айтып отыр – Б.К.) Абылай сұлтан ғана билеп отыр»[6,416]. Алғашқы деректегі «Әбілмәмбет мүлде әлсіреп қалды» деген Неплюевтің сөзі, екінші деректегі «Орта жүзді Абылай сұлтан ғана билеп отыр» деген Жәнібек тарханның сөзі — XVIII ғасырдың 40–шы жылдарының екінші жартысындағы Орта жүз ханының жалпы жағдайы туралы өте нақты берілген баға деуге болады.
Әбілмәмбет ханның осы жағдайы одан кейінгі 20 жыл бойы кейін қарай кетпесе, алға жылжымайды. Оның кейбір жағымсыз іс-әрекеттері қаладан қуылуына алып келеді. Тек қана Абылай сұлтан, Қазыбек би секілді тұлғалардың арқасында ол Түркістан тағына қайта оралады. Бұл туралы Қазыбек би жөніндегі орыс дерегінде былай деп баяндалады: «…Орта жүздің ханы Сәмеке өлгеннен кейін осы Орта жүзге қазіргі Әбілмәмбет хан болып сайланған. Содан кейін, ол Түркістанға да хандыққа шақырылған, алайда, Түркістанның маңайындағы қалашықтардың халқы жасырын мәміле жасап, Түркістанға бұрынғы Сәмеке ханның балаларының біреуін хандыққа сайлап алғысы келген. Сөйтіп, Сәмекенің кіші ұлы Есім сұлтан Түркістанның шығыс жағын иеленген.
Ал, Түркістанның маңындағы қалалардың тұрғындарынан Әбілмәмбет хан пара ала берген соң, елдің берекесі кеткенін пайдаланған Есім сұлтан, өзінің жақтастарымен қосылып, Әбілмәмбетті қуып шыққан. Осылайша, Әбілмәмбет ханТүркістаннан кетіп, арғын арасында, алтай-қарпықтағы өзінің ұлы Әбілпейізді және қаракесек Қазыбек биді паналаған.
Былтыр, 1762 жылы көктемде, Әбілмәмбетхан мен Абылай сұлтан, сондай-ақ Орта жүздің басқа да ел ағалары қаракесек ұлысында, Қазыбек бидің алдында бас қосып, Әбілмәмбет ханды Есім сұлтанмен татуластырып,былай шешкен: «Әбілмәмбет хан да, Есім сұлтан да Түркістан қаласына және оның маңайындағы қалашықтарға хандық құрсын; ол үшін Түркістан мен оның жанындағы қалашықтар екіге бөлінсін. Қаланың бір бөлігі өзінің қақпасымен, сол бағыттағы қалаларымен Әбілмәмбет ханға; ал екінші бөлігі екінші қақпасымен, сол бағыттағы қалаларымен Есім сұлтанға бағынатын болсын». Осы ұйғарымға сай, 1762 жылдың күзінде Әбілмәмбет хан Түркістанға қайтып келіп, өзіне тиесілі иеліктерге билік етті» [7,184]. Мұндай дерек мәліметі Әбілмәмбет ханды Орта жүздің ресми ханы бола отыра не себепті Орта жүз алдында беделге ие болмаған деген сауалға толықтай жауап бере алады деп ойлаймыз.
Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін Орта жүз тікелей Қытаймен қарым-қатынас жасаса бастайды. Мұнда да белсенділік Абылай сұлтанның қолында болады. Көптеген қытай тіліндегі құжаттарда Орта жүзге байланысты мәселелерде негізінен Абылайдың есімі кездесіп отырады, ал Әбілмәмбеттің есімі Абылайдан кейін тұрады, кей жағдайда тіпті мүлде айтылмайды.
Әбілмәмбет хан өмірінің қалған жылдарының бәрін Түркістан қаласында өткізеді де, 1771 жылы осында, шамамен 80-нің үстінде қайтыс болады. Оның денесі қаладағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңына қойылады.
Әбілмәмбет ханның артында Болат, Әбілпейіз, Тәуке және Әбүлтек (Бөлтірік) есімді ұлдары қалады. Үлкен ұл – Болат арғын тайпасының қуандық тармағындағы алтай руын басқарса, екінші ұлы Әбілпейіз сұлтан – Орта жүздің беделді сұлтандарының бірі болып, найманның бір бөлігі мен қаракерей руларына сұлтан болған. Тәуке сұлтан — Ұлы жүздегі сіргелі мен сары үйсін тайпаларының бір бөлігін билеген.[13,102-112 ]. Бұл төрт ұлдан тараған Әбілмәмбет ханның ұрпақтары қазіргі кезде өздерін тегі жағынан төре тұқымымыз деп атап, Қазақ елінің әр аумағында өмір сүріп жатыр.
Б.Б. Кәрібаев
ҚР ҰҒА корр.-мүшесі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
тарих, археология және этнология факультеті,
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д.