Азаттықтың ақ таңы атып, тәуелсіздігіміздің тұғыры бекіп, еліміз еңсесін көтергелі талай жылдар өтті. Осындай мерейлі мереке халқымыздың мерейін асырып, арманын ақиқатқа айналдырып, «өшкенін қайта жандырып», талай қуаныш пен табыстарды ала келгеніне бүгінгі жетістіктеріміз дәлел. Бүгінде еліміздің елдігін, ұлтымыздың ұлықтығын көрсетіп, халқымыздың рухын асқақтатып, ұлттық сананы қалыптастыруда жасалып жатқан іс-шаралар ұшан-теңіз. Осындай игі істердің алдыңғы қатарында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тарихтың тереңінде көміліп жатқан жәдігерлерімізбен қайта қауышып, оларды зерттеу, т.б. маңызды шаралардың жасалып жатқандығы атап айтарлық мәселе.
Орта ғасырдың ұлы ойшылы М.Х.Дулатидің қаламынан туған екі шығарманың бар екендігі тарихтан белгілі. Оның бірі – М.Х.Дулатидің Кашмирде билік құрған жылдары сол кездегі ғылым, білім тілі – парсы тілінде жазылған Орталық Азия халықтарының ХІІІ-ХҮІ ғасырлардағы тарихы, этнографиясы мен географиясы, әдебиеті мен мәдениеті жайлы баяндайтын «Тарихи-Рашиди» атты энциклопедиялық еңбегі болса, екіншісі – оның ақындығын дәлелдейтін «Жаһаннаме» атты дастаны екендігі баршаға аян.
Ғалым еңбектерінің әлем кітапханалары мен қолжазба қорларына шашырап кеткендігі сияқты поэма да көпке дейін беймәлім болып келді. Оны Берлин кітапханасынан кездейсоқ ұшыратып, оқып, 1937 жылы неміс тілінде ол туралы шағын да болса тұңғыш рет мақала жазған башқұрт ғалымы Ахмет Зәки Уәлиди Тоған (1891-1970) болатын.
«Жаһаннаменің» Берлин нұсқасы 1328, Қашғар нұсқасы 1329 бәйіттен тұрады. Арасында қазақ батырлар жырындағыдай қарасөз де араласып отырады. Поэманы шартты түрде бірнеше бөлімге бөлуге болады. Алғашқы 110 бәйітті поэманың кіріспесі деуге болады. Оның өзін көтерген тақырыбы, айтылар жәйттерге орай бірнеше тараушаларға таратуға болады. Мысалы, 1-14 бәйіттерде ол әуелі мұсылман шығысы әдебиетіндегі қалыптасқан әдеби, мәдени дәстүрге сай Жаратушыны жырға қосады:
Мадақ-жиһанды жаратушыға бұрын,
Ешкімнің одан емес ісі жасырын.
Әлем жұртында не болса да,
Оның құдіреті онда да көрінеді… [1. 7]
Енді «Жаһаннаме» дастанының қазақ әдебиетімен үндестігі мәселесіне келетін болсақ, құрылысы жағынан қазақ әдебиетіндегі батырлар жырының өзіне тән ерекшеліктері бар. Ең алдымен, батыр ескі ұғым, наным бойынша «құдайдан тілеп алған» біреудің жалғыз баласы болады. Мұның өзі ғайып ерен, қырық шілтен, Қыдыр тәрізді әулиелермен байланысты болып келеді. Төрт-бес жасында-ақ асқан күштің иесі екендігі танылып, өзіне серік әйелі мен аты табылып, жасынан ел қамын, жұрт пайдасын ойлайды. Бұл – батырлар жырына тән ерекшеліктердің бірі. Кейбір батырларға атса оқ өтпейді, шапса қылыш кеспейді, отқа салса, жанбайды, суға салса, батпайды. Мұндай эпизод «Жаһаннаме» дастанында кездеседі.
Ертеде Самин деген қалада Шаһсауар атты патша болыпты. Екі жүз жылға таяу ғұмыр кешіп, жеті ықылым елді бағындырған әмірші, төрт құбыласы түгел болып, ұлыс пен уалаят, қазына мен байлықтан кемшілік көрмесе де, бір перзентке зар болыпты. Ұлы жоқтық отына күіп, қайғы жалынына қақталып, қасіреттен қан жұтқан патша мазар-мазараттарды аралап, әулие-әнбиелерге сиына жүріп, бір Алладан перзент сұрап жалынады. Ақыры, патшаның дұға, мінажаты қабыл болып, күндердің күнінде дүниеге ұл келеді. Оған Фирузшаһ деп ат қояды. Шаһзада эпостар мен ертегілердегі сияқты тез өсіп, жас кезінде-ақ бар ғылымды меңгереді.
Сондай-ақ, қазақ эпосында кейіпкер портретін сомдауда, әсіресе, қыз бейнесін суреттеуде алуан түрлі сөз бояулары әсем өрнектеледі. Мысалы, «Ер Тарғын» жырында Ақжүніс бейнесін:
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де, етім көр!
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де, бетім көр!
Бет-ажарын қарасаң,
Жазғы түскен сағымдай.
Ет ажарын байқасаң,
Терісінен айырған
Арпа-бидай, ақ ұндай…
Бұрылып белі бүгілген,
Қараған кісі үңілген… [2. 12]
деп сөзден сұлу мүсін орнатқан.
Ал, «Жаһаннаме» дастанында:
Ерекшеленіп отыр бір перизат,
Жүзі ай, көзі шолпан, бойы шамшат, —
дей отырып,:
Бәрі сұңғақ бойлы, бәрі алқызыл жүзді,
Бәрі бұйра қара шашты, хош иісті.
Бірақ, жоғары қараса бір сұлу отыр,
Кісі оған жүз рет жан берсе де аз.
Жарқыратып тақ үстін наз дидармен,
Сөйлейді нәзік үнімен.
Бұларменен үй гүлзар, ол гүл болып,
Бұлар баршасы оған бұлбұл болып.
Бұның алдында күлгін бокал ұстап,
Барлығы оның сұлулығына көз тігіп, — [1. 141]
деген суреттеулер арқылы «кісі оған жүз рет жан берсе де аз, пері қыздарының бәрі жиылып гүлзар болса, Назбой — ондағы гүл» секілді екендігіне ә дегеннен-ақ оқырманның назарын аудартады.
Қазақ әдебиетіндегі лиро-эпостық жырларда адамның әртүрлі көңіл-күйін, ішкі жан сырын, азап-толғанысын, күйініш-сүйінішін суреттеу басым. Мысалы, «Қыз Жібек» жырындағы Төлегеннің өлер алдындағы алты қазға қоштасып айтқан мына жолдары жан толқытады:
Әуелеп ұшқан алты қаз,
Етің шекер, сорпаң бал.
Атайын десем оғым аз.
Қонар болсаң, жануар,
Міне, майдан, міне саз.
Өлмеген құлға құдая,
Болып қалды енді жаз…
Мен кеткен соң, дариға,
Көкешім деп Сансызбай,
Еркелеп кімге қылар наз.
Әуелеп ұшқан алты қаз,
Жерге неге қонбайсың?
Сіздер тірі, мен өлі
Жатырсың неғып демейсің?
Қасірет-қайғы халімді
Неге келіп білмейсің?
Тілсіз, мақұлық жануар,
Бірге келген жолдасым,
Қасыма неге келмейсің? – [3. 80]
деген жолдар лиризмге толы, сүйгеніне қосыла алмай, қанды қол қарақшының ұрланып келіп, опық жегізіп кеткеніне қапыда «қап!» деген өксік-өкініш зары ғашықтық жолында қаза тапқан Төлегеннің өлім сағатындағы жан азабы тебіреніспен өрнектелген.
«Жаһаннаме» дастанында Фирузшаһтың түс көріп, түсінде бір перизатқа ғашық болып, қайғы-мұңға батқанда, ішкі жан тебіренісін досы Фирузрайға жайып салғаны былайша суреттеледі:
Түсімнің оң болуын күтіп, жаныма дерт өтіп кетті,
Тұла бойымды бастан-аяқ тұтты мұң.
Ежелден атың сенің Фирузрай,
Көрейін, маған білдірер екенсің қандай рай!
Деді де айтты бар халін
Барлық көрген, есіткен жағдайын.
Бірақ, ол перизат ғашық жарын
Көре алмай шеккен қайғысын.
Деп айтып бітпей бүккен арманын,
Салар еді өртке мұңлы өз жанын. [1. 15]
М.Х.Дулати өзінің дастанында Шаһсауар мен Фирузшаһ мемлекетінің халқы түркілер мен тәжіктер екендігін білдіру мақсатында түркілердің құда түсу, қыз ұзату, шашу шашу, қалыңдыққа жасау беру, бақилық болған марқұмды аза тұтып, жоқтау айту, оған ас беру сияқты әдет-ғұрыптарды суреттеген. Мысалы, Фирузшаһтың анасын жоқтағаны:
Бірақ, анасын Фирузшаһ
Әкесімен көрмеген соң етіп аһ!
Деді: «Ой, дариға-ай, ол қамқоршым тек,
Түк көрмеген мұң мен михнатымнан басқа.
Анам мейірбаным, қыблам қайда,
Сұлтан әкеммен көрмедім оны!» [1. 154]
Қазақ әдебиетіндегі:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы, бос қақпай елең-селең, — [4. 50]
деген Абайдың тармақтары адам баласының туғаннан бастап өмірден өткеніне дейінгі өмірі ән, өлеңмен өтетіндігін меңзесе керек.
Бұл айтылғандардың бәрі — қазақ халық ауыз әдебиеті мен «Жаһаннаме» дастанының құндылығын дәлелдейтін фактілер. Дастанның қазақ әдебиетімен үндестігі өз алдына жеке зерттеуді қажет етеді. Сондықтан мыңдаған тақырыпқа, сан салаға арқау болып тұрған тарихи жәдігердің құндылықтарын ашып, тереңіне бойлау – келешек ұрпақтың еншісінде.
Пайдаланылған әдебиетте
- М.Х.Дулати. Жаһаннаме. Алматы, «Білім», 2006
- Төрт батыр. 2-том. Алматы, «Жазушы», 2003
- «Қыз Жібек» жыры. Алматы, «Мектеп», 2003
- Құнанбаев А. Қалың елім, қазағым… Алматы, «Атамұра», 2002