XVII ғасырдың аса көрнекті ақыны, ірі ойшыл, қырағысардары — Жиембет. Мұхтар Мағауин Жиембет жырау шығармаларын “Алдаспан” жинағында жан-жақты талдай келіп : “Бортоғашұлы Жиембет жырау көшпенділердің әскери аристократиясынан шыққан. Халық аңыздарының және көне шежірелердің айтуынша, Жиембет арғы атасы – Ноғайлының қорғаны Алай батыр. Алай – XVII ғасырдың бірінші жартысында жасаған тарихқа белгілі адам.
Жыраудың қай жылы туып, қай жылы өлгендігі жайында нақты деректер жоқ. Тек біздің заманымызға жеткен шығармаларындағы кейбір сәттерден, халық жадында сақталған әңгіме, жырлардан, ескі шежірелерден жырау жайында біраз мәлімет ала аламыз.
Жиембет-Есім ханның әскербасы батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы”, — десе, бұл жағдай үлкен жыраудың өзінің өлең-толғауларында да әдемі айтылған.
Жыраудың барлық саналы ғұмыры Еңсегей бойлы Ер Есім ханның қасында өтіпті. Ол ұлы ханмен тең сөйлесіп, керек жерінде үзеңгі қағыстыруға дейін баратын сияқты ….. Кейде тіпті ханның жалғыз, қарашаның көптігін айтып, Есім ханның алдында иілмейтіндей сыңай да танытқан. Ақын өзгенің де, өзінің де қадыр-қасиетін терең сезінетінін аңғартып, ешнәрседен сескенбей, хан алдында қаймықпай, қасқая толғайды :
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менің кеңесім
Ес білгеннен, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін.
Бұл жерде Жиембет жай ғана жырау ғана емес, жаужүрек, батыр жырау ретінде де танылады.
Жиембеттің “Еңсегей бойлы ер Есім” толғауы хан мен екеуінің арасындағы келіспеушіліктен туған сияқты.
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
Жиембет қайта дегенде,
Не деп жауап бересің ? ! –
деген жыр жолдарынан жыраудың өзінің ел алдында, хан алдында қадір-қасиетін қаншалықты екенін өте жақсы білетінін көреміз. Бір жағынан ханға мен көппін, сен жалғызсың, “көп қорқытады, терең батырады”, сен де артыңды ойла дегендей сыңай танытады. Тіпті қыза-қыза ақын ханға айбат та көрсетіп қояды.
Енді осы өлеңнің туу себебіне сәл тоқталсақ, Еңсегей бойлы Ер Есім ақынның інісі Жолымбеттің ерсі қылығына наразы екен. Есім хан Жиембетке де қыр көрсетіп, өштесе бастайды. Жиембетойлайды: сырттан томырайғанша, бетпе-бет, ауызба-ауыз айтып, біржолата ат құйрығын кесіп, қайтып көрместей болып, көкірекке келген сөзді айтып шығайын деп…. Бұдан Жиембеттің өр мінезін, биік парасатын танып білеміз.
Жиембеттің күші, жоғарыда айтқанымыздай, қаумалаған қалың ағайын-туысы мен ақынды аса қадір тұтатын елі – жұртында екені анық. Оны біз жыраудың өз толғауларынан білеміз.
Бұл толғау осындай ерекше қасиетімен құнды, шындықты ірікпей – бүкпей, тура қасқая қарап бетке айтуымен қымбат. Сонау арғы ғасырлардан бері ұмытылмай ел есінде сақталып келуі де жұрттың көкірегіндегі көкейкесті айта алмай жүрген сөздерін жеткізуінен болса керек.