Жырау өмірінің ең жарқын кездері Темір би сарайында өткен дедік. Ол кез — Шалкиіздің шалқыған дәурені. Ол кезде Шалкиіз өзі би, өзібатыр, өзі шешен, өзі жырау.Демек,Темір- Шалкиіздің жебеушісі, қамқоры болса, Шалкиіз – Темірдің мәртебесін өсіріп, жұртты аузына қаратқан жалынды тілі, аузы дуалы абызы. Міне, осындай сыбайлас, қадірлес өскен Темір би кейін сарай маңындағылардың шағыстыруымен Шалкиізді сыртқа тепсе де,жырауоныұлылайсуреттейді.МұныңөзіТемір- Шалкиіз арасындағы ренішті жуып-шаюға елеулі әсер еткен ақыл-айласын да аңғартқандай.
Алп, алп басқан, алп басқан,
Арабы торым өзіңсің.
Жазулы алтын, қол кескен,
Алдаспаным өзіңсің.
Білер де білмес не демес,
Сұлтан ием, сен менің.
Бармай тапқан қағбамсың.
Шалкиіз “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауында Темірді халықтың басын құраған елдің береке-құты, әділ әміршісі деп суреттейді.Жырау Темиірді қисынды пікірлермен, өрісті ақыл, парасатымен иландырар сөз айтып қана хажы сапарынан тоқтатады :
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жығылғанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі кебені,
Сұлтан ием, қарсы алдыңнан жасапты !
Бас иіп жығыла жырлаған Шалкиіз осының өзінде астарлап болса да көптен жүрегін кернеген әділ де ащы сөздерін айта алған. Қартайған шақта иман іздеп, күнәдан арылмақ болса ел кезіп қағба бармай – ақ әділетке жүгін, қағба-әділет дегендей.
Шалкиіз жырларынан жыраудың өз бейнесін де ажырата тану қиын емес. Ол Темірге арналған толғауларында өзін бидің жан аямас шын берілген ақ, адал қызметшісі, “Көп құлының бірі” ретінде суреттейді.
Өмірдің өтпелілігін Шалкиіз “Шағырмақ бұлт жай тастар” толғауы мен “Қоғалы көлдер, қом сулар” шумағында анық та, ашық айтады. Жауынгер жырау жыр жолдарында өзіне тән етене таныс “Сақалына сары шіркей ұялап” далада қалған барымташы ерлердің реңі мен тағдырын мүсіркей суреттей отырып, жер басып, тірлік кешкен адам атаулыға ортақ құбылыс-өмірдің қысқалығы мен өткіншілігі туралы тебіренеді. Бірақ бұл өмірдің өзі аз ғұмыр екен деп аза тұтып күңіренбейді, қайта “жалған дүниеде” ойнап, күліп, бар рахатты бастан кешіріп шалқып өтуге үндейді :
Күлейік те ойналық,
Киелік те, ішейік,
Мына жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған ?!
Шалкиіз жырларында философиялық толғаныс, тебіреніс ретінде келетін дидактикалық өнеге-өсиет, мақал-мәтел, ақыл-нақылды шумақтар мол. Жырау өнегелі — өсиетті бір қатар жолдарында өмірден түйген өрісті ойларын жақсы мен жаманды салыстыра отырып суреттейді.
Шалкиіз жырларынан бір байқалатын сыр – оның туып өскен мекеніне, ата қонысына, өзін қоршаған табиғатқа деген құштарлығы.
Шалкиіз жырларында ежелгі қоныс Еділ, Жайық пен Қобан атаулары кездеседі. Кездескенде “Ақ Жайық”, “Ақ Қобан” дегендей аса іңкәр құштар сезіммен аталады.
Шалкиіз — өзінен соңғы дәуір поэзиясына елеулі ықпал, әсер еткен жырау. Бұл салада М. Мағауин бірқатар мысалдар келтіріп, құнарлы пікірлер айтқан.
Дәуірі жағынан Асан қайғы, Шалкиіздерге бір табан жақын тұратын Бұқардың құнарлы өнеге бастауларының бірі Шалкиіз жырларының ызаға қайнап, ойға қорыған өткірлігі мен тепсінген тегеурінін, жайрап қалар жағдайлардың өзінде жасып жабаурамай, үнемі ширыға, шамырқана отыратын жауынгерлік рухын өнеге етсе, Бұқар ақыл-нақылға құрылған философиялық-дидактикалық толғауларында жыраудың шумақтарын, не кейбір жолдарын аз-кем өзгеріспен көздеген нысанасына дәл тиетін сенімді қаруындай қолданып отырған.
XV – XVIII ғасырлар жырауларынан, әсіресе Шалкиізден мол сусындаған ақынның бірі Махамбет. Махамбеттің “Жалған дүние” (“Қоғалы көлдер, қом сулар”) толғауы Шалкиіздің “Қоғалы көлдер, қом сулар” толғауымен, Махамбеттің “Тайманның ұлы Исатай” (“Арғымақтан туған қазанат”) толғауының бірқатар жолдары Шалкиіздің “Айырдан туған жампоз бар” шумағымен, Махамбеттің “Еменнің түбі сары бал” толғауы Шалкиіздің “Жапалақ ұшпас жасыл тау”, “Жапырағы жасыл бәйтерек” шумақтарымен, Махамбеттің “Ата ұлының баласы”, “Күнқақты ердің ыстында” шумақтары Шалкиіздің “Атаның ұлы Ерлерге”, “Көктеп мінген еріңнің” шумақтары мен ойы, мағынасы, бейнелі сөздері, ұйқасы жағынан да сәйкес келеді.
Демек бұл мысалдарға қарағанда, Шалкиіз жырларының түр, стиль, образ өрнектерінен кейінгі ақын, жыраулар игі өнеге алған. Қажет жағдайда Шалкиіз жолдары мен бейнелі тіркестерін өз жырлары арасында сол күйінде қолданып, не өзгертіп, жаңғыртып, ұстарта жырлаған.