XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы, негізінде, жыраулық поэзия. Алғашқыда иыр, иырағу- жыр, жыршы сөзінен шыққан жырау аты әрі өз жанынан өлең — жыр шығарушы, әрі бұрыннан қалыптасқан туындыларды-эпостық дастандарды жатқа айтып, ұрпақ санасына жеткізуші, орнықтырушы қызметін атқарған халық поэзиясының өкілі.
Жыраулық поэзия-ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік құбылысы. Жыраулық поэзия көбіне қазақта кең дамыған ақындық өнердің түрі, оның шығу тегі, көшпелі, жартылай көшпелі өмір сүрген ру, тайпалардың бай мұрасы. Сондықтан жыраулық поэзияда ауыз әдебиетіне тән ерекшеліктермен бірге жазба поэзияға тән өрнектер де қатар кемелденген. Жыраулық поэзияда әсіресе бұрын ауыз әдебиетінде көп тараған толғау жанры, сөз үлгілері кеңінен қолданылған. Толғауда, негізінен, терең азаматтық әуен, замана келбеті, ірі қоғамдық, әлеуметтік, саяси, философиялық мәселелер мен тақырыптар ерекше орын алады.
Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері эпостық жырларды шығарушылар, ауызша таратушылар, таратқанда жанына өлең, жыр шумақтарын қосушылар, сәл өзгертушілер, сөйтіп бір эпостың бірнеше нұсқасын тудырушылар болғаны сөзсіз.
Қазақтың ежелгі эпостық жырларының кейбірінде және жекеленген өлең шумақтарында, бірде тарихи құжаттарда жыраулық поэзияның алғашқы өкілдерінің кейде аты, немесе айтқан сөзі кездеседі. Сондай құнды деректердің бірі- жыршы, күйші аңыз кейіпкері Кетбұға (шамамен 1150-1225ж.ж) жайында.
XIV ғасырда жазылған “Шаджарат ат-түрік” (“Түрік шежіресі”) атты кітаптағы деректер мен ел есіндегі аңыздар бойынша Дешті Қыпшақ әмірі Жошы хан нөкерлерімен аң аулап жүріп 1227 жылы қаза тапқанда, Шыңғысханға қаралы хабарды жеткізуге ешкім бата алмаған шақта, әрі жыршы, әрі күйші Кетбұға осы ауыр жүкті көтеруге батыл шығады. Шыңғыс ханды қаралы хабарға әзірлеп алады да , Жошы ханның қайғылы қазасын өзі шығарған “Ақсақ құлан, Жошы хан ” күйімен естіртеді.
Ертеде қазақ жырауларының бірі-есімі түрік халықтарының бірсыпырасына кең жайылған Сыпыра жырау. Оның туған, өлген жылы белгісіз, шамамен Тоқтамыс пен Едіге тұсында өмір сүрген деп саналады, өйткені оның ақыл-кеңестері, бата-болжамдары осы тарихи тұлғалармен байланысты жырларда бар.
Эпостық жырларда Сыпыра жырау ұзақ (180 жас, бірде 230 жас) жасаған қария, қарт, ақылгөй деп әсіреленеді.
“Ер Тарғын” жырында Сыпыра жырау “Ханзада ханның елінде жүзден жасы асқан бір Сыпыра жырау деген қарт бар еді. Сыпыра жырау өз өмірінде тоғыз ханды өткізген, толғау толғап, тоғыз ханды түзеткен еді”, — деп суреттеледі.
XIVғасырдың соңғы ширегі мен XV ғасырдың 60-шы жылдары шамасында өмір сүріп, аңызға айналған, әрі тарихи, әрі замана жайын толғаған өлең-жырлар шығарушы ретінде аты сақталған қазақ жыраулық дәстүрінің алғашқы өкілдерінің бірі-Асан қайғы. Асан туралы аңыз әңгімелер қазақ, қырғыз, ноғай, қарақалпақ халықтарында сақталған.
Асанның “Қырында киік жайлаған”, “Тақырлауға қонған қаз, тырна”, “Әй, хан, мен айтпасам білмейсің”, “Еділ бол да, Жайық бол”, “Заманыңды жамандап”, “Әділдіктің белгісі”, ”Бұ заманда не ғаріп”, “Көлде жүзген қоңыр қаз”, “Ғылымның пайдасы”, “Атадан алтау тудым деп”, “Жәнібекке айтқан толғауы” әлеуметтік, моральдық, адамгершілік, дидактикалық әуендерге толы.
Асан атына “қайғы” сөзінің жалғасуы қашаннан бері бар екені белгісіз. Бұл сөз Асан өмірі мен іс-әрекетінің, өлең-жыр сырларының негізгі мазмұнын анықтайды, әрі оған халықтың берген жоғары бағасы. Табиғат дарыны, құдіреті дарыған ерекше адамдардың өзгеше қалпына мәнді айдар тағу (Жиренше шешен, Ақан сері, Біржан сал, Бұқар жырау, т. б) – қазақтарға тән ертеден, ежелден келе жатқан құбылыстардың, дәстүрлердің бірі.
XV ғасырдағы қазақ көркем сөз өкілдерінің бірі Қазтуған Сүйіншіұлы туралы өмірбаяндық деректер аз. Қазақ поэзиясында, әсіресе, жыраулық жыр-толғауларда пайда болып, дамытуға бет алған өзін таныстыру, мадақтау дәстүріне сәйкес туған оның өлеңдерінде өмірбаяндық деректер де кездеседі. “Қайран менің Еділім”, “Менен қалған мынау Еділ жұрт…”, ”Ақ ала ордам қонған жұрт”, ”Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт” деуіне қарағанда, Қазтуған Еділ бойында туып, мекендеген. ”Сүйіншіұлы Қазтуған”, ”Анамыз біздің Бозтуған, келіншек болып түскен жұрт”,-деп әкесінің де, анасының да, өзінің де атын өлеңге қосқан екен. Туған жер, ата, ана, тегі туралы өрнектер кейін поэзиялық ғұмырнама жанры дамуына бастама болды.
Қазтуған толғауларында, негізінде, асқақ, жарқын ақындық, жыраулық мәнер басым.
Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет тарихында Асан қайғы (XVғ.), Қазтуған жырау (XVғ.), Шалкиіз Тіленшіұлы (XVғ. Екінші жартысы – XVIғ. Бірінші жартысы), Доспамбет жырау (XVIғ.), Жиембет жырау (XVII ғ.), Ақтамберді Сарыұлы (XVIII ғ.), Үмбетей Тілеуұлы (XVIII ғ.), Бұқар жырау Қалқаманұлы, Көтеш ақын, Шал Құлекеұлы (XVIII ғ.), тағы басқа ақын-жыраулар мұрасының маңызы зор. Осы бай мұрада қазақ халқының бірнеше ғасырлық көркемдік ойы, сөз өнерлік тәжірибесі жинақталуы арнайы ғылыми жүйеде зерттелуде. Қазақтың сөз өнерінің зерттелуі, қорытындылары, нәтижелері ұлт әдебиетінің көп томдық академиялық тарихы тууына, жазылуына негіз болуда.
Соңғы жылдарға дейін қазақ әдебиеті тарихын зерттеу саясат, идеология қыспағында, талай қаулылырмен шектеуге мәжбүр болған қиын жағдайларда жүргізілсе, енді еліміздің тәуелсіздігі орнығып, дами түсуі кезінде қазақ халқының бай көркем сөз қазынасы жөніндегі ғылым да өрнектеп, биік деңгейде болары хақ.