Қазақ эпосы бір кезде батырлар жыры түрінде көрінсе, кейін аралық сипаттағы лиро-эпосқа көшті; одан келе жанрлық табиғатын мүлде жаңартқан жаңа сападағы поэмаларға ауысты деп, тұжырымдаған болатын академік-жазушы З. Қабдолов өзінің “Сөз өнері” еңбегінде.
Сол айтпақшы, қазақ халқының бай ауыз әдебиеті қорындағы ең мол саланың бірі – лиро-эпос десек, осы мұраны 3 топқа бөліп қарастыруға болады:
- Ел арасына көп тараған әйгілі шығармалар.
А) қолжазбалар;“Қозы-Көрпеш- Баян сұлу”
Ә) кітаптар;“Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан”
- Халыққа ауызша жетсе де, жарық көре алмай келген шығармалар: “Күлше қыз”, “Құл мен қыз”, “Мақпал қыз”, “Есім Зылиқа”.
- Шығыс әдебиетінен ауысқан хикая-дастандар: “Сейфулмәлік”, “Бозжігіт”, “Таһир-Зухра”, “Жүсіп-Зылиханың қиссасы”, “Шәкір-Шәкірат”, “Мұңлық-Зарлық”, т.б.
Осы тақырыпқа бұрын-соңды сан алуан үлкенді-кішілі мақалалар, жеке зерттеулер жазылып келгені мәлім. Біз солардың бірін ескере отырып, жаңа деректерге сүйену нәтижесінде жаңа қорытындылар, тың тұжырымдар ұсынуға ұмтылдық.
Лиро-эпос жөнінде Қазан төңкерісінен бұрын азды-көпті жұмыс істелінгенін байқау қиын емес. Орыстың белгілі ориенталистері (В. В. Радлов, И. Н. Перуин, Г. Н. Потанин және басқалар) қазақ ауыз әдбиетінің тамаша үлгілерін жинау, жариялау ісімен шұғылданды. Олар біз сөз етіп отырған лиро-эпос нұсқаларына да ерекше көңіл бөлген. Мысал үшін “Қозы-Көрпеш – Баян сұлу” жырын атап өтсек жеткілікті.
Солай бола тұрса да, лиро-эпос нұсқаларын ғылыми тұрғыдан тексеру кеңес жылдарының ішінде қолға алынды. Осы жылдары жалпы ауыз әдебиетінің, оның ішінде, лиро-эпостық көптеген үлгілері жиналып қана қоймай, баспасөз бетінде жарық көре бастады. Лиро-эпостық белгілі нұсқалары бойынша ғылыми еңбектер, көлемді мақалалар, жеке монографиялар жазылды. Осыған орай, М. О. Әуезов, Қ. Жұмалиев, М. С. Сильченко, Н. С. Смирнова, М. Ғабдуллин, Ә. Қоңыратбаев, А. Жұбанов, т.б. зерттеулерін атап өткен болар едік.
Ұзақ уақыт қазақ халқының жазба әдебиеті қалыптаса қойған жоқ. Сол себепті оның оқитын кітабы, тәрбие-тәлім, өнеге алатын бірден-бір құралы – халықтың ауыз әдебиеті, соның ішінде лиро-эпос жырлары болып келді.
Лиро-эпос жырларының қай мезгілде пайда болғанын киіп айту қиын. Өйткені олар, кезінде қағаз бетіне түспеген және басқа да жөнді дерек сақталмаған, тек ұрпақтан-ұрпаққа ауызша айтумен жетіп отырған. Мүмкін, бұл нұсқалардың көпшілігі көне заманда туып тарала бастады десекте, халық арасына жайылған аңызға қарағанда, сол жырлардың бірқатарын XVIII-XIX ғ. өмір сүрген атақты ақын жыраулардың ел аралап айтып жүргені, өңдеп жөндегені мәлім.
Бірінші топқа жататын нұсқалардың аздап болсын баспа бетін көргенін, олар жөнінде оқта-текте құнды пікірлер айтылғанын жоғарыда ескертіп өткен едік. М. Ш. Уәлиханов, В. В. Радлов, Г. Н. Потанин т.б. белгілі ғалымдар қазақ халқының ауыз әдебиетін, әсіресе, лиро-эпос үлгілерінің кейбіреулерін өте жоғары бағалаған болатын. Бұл ретте ең алдымен, М. О. Әуезовтің ғылыми еңбектерін ерекше атаған жөн. Аса көрнекті ғалым қазақ ауыз әдебиетінің көптеген түрлерін зерттеумен бірге лиро-эпостық – “Қозы-Көрпеш – Баян сұлу” мен “Қыз Жібек” секілді тамаша екі нұсқасына арнаулы еңбектер жазды.
Екінші топқа кіретін нұсқалардың ішінде ”Күлше қыз”, “Құл мен қыз”, “Мақпал қыз”, “Есім сері-Зылиқа” секілді көлемді көркемдігі бірсыдырғы дастандар бар. Бұлардың түп негізі халық аңыздарына барып тірелсе де, кейбіреулерінің авторлары белгілі. Ел арасында есімдері мәлім ақындар сол халыққа жете таныс сюжетті қайтадан жырлап өңдеген, толықтырған болу керек.
“Күлше қыздағы” оқиғаның басталуы, және бірнеше эпизодтары “Қозы Көрпеш- Баян сұлу” жырына ұқсайды.
Ал енді үшінші топқа жататын, үлгілерге көшсек, бұлар қазақ топырағына шығыс елдерінен келген мол сала. “Бозжігіт” поэмасының сюжеті шығыс халықтарының көбіне ортақ. Оның үш нұсқасы бар.
Осы лиро-эпос нұсқаларының кейбір үлгілері кеңес жылдарында байта дамып, тың сапаға ауысты, жаңа заман талабына сай мазмұндарын байытумен бірге түрлерін де кемелендендіре түсті. Мысалы, Шәкір әбеновтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырын және Нұрпейіс Байғаниннің “Ақ күлше”, “Нарқыз” поэмалырын атауға болар еді.
Осы байқағандарымыздан қызық та, әрі құнарлы құбылысты көре аламыз. Халық ауыз әдебиеті мен шығыс классиктері дәстүрі нәтижесінде қазақ топырағында шын мәніндепоэма жанры орын тебе бастайды. Осыған орай “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамыр”, “Ләйлі-Мәжнүн”, “Гүлхашима” т.б. алуандас көркем туындыларды атаған жөн. Бара-бара бұл процесс кеңес дәуіріндегі қазақ поэзиясының гүлденген шағына келіп тоғысады.
Әдеби жанрдағы, соның ішінде поэмадағы, дәстүр деген – кең ұғым, күрделі құбылыс. Суреткер ұзақ мерзім ішіндегі дәстүрге арқа сүйей отырып, жаңашылдыққа ұмтылады дегенді жиі-жиі айтамыз. Солай дей тұрсақ та, әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдықтың ара қатысын айқындаудың қиын екендігін үнемі ескере бермейтініміз де бар. өйткені дәстүр мен жаңашылдық бірімен-бірі табиғи тамырлас, тұтасқан диалектикалық бір лік құбылысы. Әдебиет қоғам өмірінің айқын сәулесі десек, сол қоғам өмірінің қай саласында болмасын, дәстүр мен жаңашылдық бір імен-бірі тығыз байланысты. Сондықтан да әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдықты бірінен-бірі бөле-жара қарауға болмайды. әдебиеттегі жаңа құбылыс дейтініміз сол көп жылғы тәжірибенің, көркемдік дәстүрдің озығы болуға тиіс.
Осы құбылыс біз сөз еткелі отырған қазақ әдебиетіндегі поэманың қалыптасу, даму процесінде әлгіндей заңды ерекшеліктерімен көзге түсіп келеді. Өйткені поэма жанрын жетілдіруде де ақындар туған халқының ғасырлар бойы жиналған, қорланған бай көркемдік дәстүріне сүйенуді мақсат тұтты. әңгіме тек дәстүрге сүйенуде ғана деп. ойлауға болмайды. Әңгіме сол ғасырлар бойғы бай көркемдік тәжірибені қалай игеріп, қалай қорытуда болса керек. Бұл жерде жалғыз ниет, талап, тілек жеткіліксіз. Бұған қоса творчестволық ізденіс, ақындық зор дарын, тапқырлық, шеберлік ауадай қажет. Сонда ғана өзіне дейінгі көркемдік тәжірибені игеріп, сом, жаңа шынайы шығарма тудыруға болатынын әдебиет тарихы растап келеді.
Қазақ кеңес поэмасының кемелденуінен, өсіп-өркендеуінен анық байқалатын бір жай, оның таңдаулы үлгілерінің бәрі де өзіне дейінгі әдеби дәстүрдің ең жақсы, таңдаулы, жарқын сипаттарын емін-еркін бойына сіңіре білді. Мәселен, қазақ кеңес поэмасының алғашқы қалыптасу кезеңін еске түсіріп көрейік. Ақындар қазақ кеңес поэмасының алғашқы таңдаулы үлгілерін оған дейінгі көркемдік дәстүрдің озық үлгілеріне сүйеніп жасағаны анық байқалады. Төңкеріске дейінгі әдебиеттегі Абай Құнанбав, Ақылбай Абайұлы мен Мағауия Абайұлы, Әсет Найманбаев, Мұхамеджан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыров поэмаларынан көркемдік дәстүрді үнемі ескеріп отырғаын көруге болады. Оның үстіне қазақ халқының ежелден келе жатқан бай ауыз әдебиетінің эпикалық дәстүрінен және орыстың классикалық әдебиеті мен шығыс поэзиясының жақсы үлгілерінен де ақындардың нәр алып үйреніп отырғаны тарихи шындық.
Шығармаға биік, прогрессивті идеяны өзек ету – бүкіл дүниелік әдебиеттегі қалыптасқан озық көркемдік дәстүр. Міне, осы бір ежелгі дәстүрге сүйенген, соны жалғастырып байыта, тереңдете түскен қаламгерлер қазақ кеңес поэмасының ең жақсы үлгілерін қалыптастырып берді. С. Сейфуллиннің “Советсан”, “Альбатрос”, “Көкшетау”, І. Жансүгіровтің “Дала”, “Күйші”, “Құлагер”, С. Мұқановтың “Сұлушаш”, Ә. Тәжібаетың “Абыл”, Т. Жароковтың “Күн тіл қатты”, “Тасқын”, И. Байзақовтың “Құралай сұлу”, “Алтай аясында”, “Ақбөпе”, Ж. Саиннің “Күләнда”, Қ. Бекхожиннің “Ақсақ құлан” т.т. сияқты поэмалары қазақтың эпикалық поэзиясында бұрыннан бар көркемдік дәстүрді жалғастырудың, тереңдетіп байытудың жемісті нәтижесі еді.
С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов, Ә. Тәжібаев, Т. Жароков, И. Байзақов, Ж. Саин, Қ. Бекхожин қалыптастырған көркемдік дәстүр сол қалыппен тоқтап қалмай, әдебиеттің кейінгі дәстүрлерінде жалғаса, байи, кемелдене, толықси түсті. Отан соғысы кезінде туындаған Қ. Аманжоловтың “Ақын өлімі туралы аңыз” поэмасы, жеңістен кейінгі бей біт жылдарғы әдебиеттің игі жемісі – Қ. Бекхожиннің “Мәриям Жагорқызы”, Х. Ерғалиевтің “Құрманқызы” сияқты поэмалары эпикалық поэзияның қадау-қадау табыстары. Сымбатты түрге бөленген терең мазмұнды поэманың жақсы үлгілерін жасау дәстүрі күні бүгінге дейінгі жалғасумен келеді, алдағы кезде де жалғаса беретіні мәлім.
Поэма туралы тоқтала кетсек, ақындардың поэмаға нысана, қазық етіп ұстайтын екі басты тақырыбы бар. Бірі – қазіргі замандас өмірінің алуан сырларының эпикалық поэзияда жыр ету де, екіншісі – төңкеріске дейінгі халықтың тарихи өмірін бейнелеу. Екіншісін көбінесе тарихи тақырып деп те атаймыз. Қалай атаған күнде де, оның күні бүгінгі әдебиеттегі маңызы, актуалдығы орасан зор екені баршаға аян. Сол тарихи тақырыпты жырлауда қазақтың эпикалық поэзиясында қалыптасқан жақсы да өнегелі дәстүр бар екеніне жоғарыда мысал да келтірдік.
Қазақ кеңес әдебиетінің басқа жанрларындай поэманың да өсу кезеңдері бар екені сөзсіз. Қазақ поэмаларының өсу жолы, күні бүгінге дейінгі даму кезеңі екі үлкен арналы тақырыппен тығыз байланысты. Қазақ поэмаларының барлық кезеңінде де осы екі тақырып қабат жарысып келе жатқанын көреміз. Ол – тарихи және қазіргі заман тақырыбы.
Тақырыптың өзектілігі қандай көркем шығарма үшін де қажет. Бірақ тақырытың өзектілігімен істің тынбайтыны аян. Көркем шығарманың идеялық-тақырыптық арқауы негізінен оның көркемдігімен қабысу керек. Яғни, ақындық шеберліксіз көркем туынды жоқ. Кейде мәселенің осы жағын ескермей, шығарманы тақырыбының өзектілігіне бола мақтау да ұшырайды.
Көркем шығарманың әділ сыншысы — әлбетте оқушы қауым, халық. Уақыт озған сайын халықтың көркем шығарманың ең озық үлгілерін ғана екшеп алып, өзінің жадында сақтайтыны ежелден мәлім. Ендеше, көркем шығарманың өмірлілігін уақыт белгілейді дейтініміз де осыдан. Сол себепті қандай көркем шығарманы болса да тек бүгіннің ғана шығармасы деп қарамай, тарихтың шығармасы, яғни ертеңгінің де дүниесі деп қарау дұрыс болады. Бүгіннің ғана шығармасы дегеніміз басылған кезде ғана оқылатын, оқушының мәңгі серігі болуға жарамайтын орта қолды еңбектер. Ал, тарихты, яғни ертеңнің шығармасы дегеніміз идеялық-көркемдігі жоғары, уақыт сынынан сүрінбей өткен, оқушының ұзақ мезгіл рухани серігі болатын туындылар. Осы тұрғыдан алып қарағанда қазіргі тақырыпқа жазылған қазақ поэмаларының ішіндегі тарихтың мүлкі боларлық туындылар көп емес.