Ұлттық сана мен тілінің, рухы мен арман-мұратының ұшан-теңіз ұлылық қасиеттерін ересен қуат-құдіретімен көрсете білген, тәуелсіздік жолында қабырғасы қайысып еңбек еткен көрнекті мәмлегер, арыстан жүректі ер, мемлекет қайраткері-Қаздауысты Қазыбек би.
-Үш жүздің қай батырына ризасың деп сұрағанда Абылай хан айтыпты:
-Мен өзімнен бұрын болған екі кісіге ризамын. Ол Қаракесек Қазыбек пен Уақ Деріпсал.Бұл екеуі де жауға түскен тұтқынды босатып алды. Қазыбек Қалданға барып босатты. Деріпсал өз ауылында отырып, күшпен қорқытып босаттырды.
Бұл орайда айтпағымыз Қаздауысты Қазыбектің буырқанған телегей ойынан туған оюлы сөздерінің, қахарлы айбыны мен айбатының ерлікке, алапат шайқасқа бергесіз екендігі, көзсіз батырлықтың ұшар басына самғап, дүниені дауалы аузымен тастүйін ғып бағындырғаны, киелі өнеріне табындырғаны әдемі жеткізілген.
Тарихи жазба деректерді сөйлетсек, кемеңгер би 1667 жылы Сыр бойында дүниге келген, 97 жасында яғни 1764 жылы көз жұмған. Қаздауысты Қазыбектің тегіне, затына, сүйегіне зер салсақ, Орат жүздің Арғын тайпасының Қаракесек руынан шыққан. Әйгілі ділмар Шаншар абыздың немересі, Бұлбұлдың шөбересі. Ал өз әкесі-Келдібек би. Анасының немересі- Тоқмейіл. Қазыбек биден Бекболат би, бұдан Тіленші би. Тіленші би баласы Алшынбай би.Алшынбайдан Бәпи тарайды. Атақты әнші-композитор Мәди Бәпидің ұрпағы.
Қаздауысты Қазыбек би аумалы-төкпелі, күрделі, қилы заманда ғұмыр кешті. Кең байтақ қазақ жеріне бір бүйірден Жоңғар хандығы, екінші бүірден Рейсей империясы, үшінші жақтан Бұхар мен Хиуа хандықтары әбден мазасын алып, әзәзілдік көрсетіп отырды. Жан-жағынан анталаған алпауыттарға қарсы Тәуке хан икемді саясат жүргізді.Сонымен бірге қазақ қоғамындағы жат құбылыстарды, адам бойындағы келеңсіз міндерді құртып-жоюмен шұғылданды. Қоғамды небір дерттерден сауықтыру мақсатында Тәуке хан Үйсін Төле биді, Алшын Әйтеке биді және Қаздауысты Қазыбек биді “Жеті Жарғы” ережесін жасауға жұмылдырды.
Қаздауысты Қазыбек Жоңғария хандығына елшілік, мәмлегерлік жолмен үш рет барған. Бұған ел аузындағы аңыз-әңгімелер куә. Жол бастаған көсемнің, сөз бастаған шешеннің атақ-даңқы бірінші рет атқосшы ретінде ьарғанда-ақ шыққан. Жобамен айтқанда, ХҮІІ ғасырдың 80-жылдарына сәйкес. Жас шамасы 14 пен 15-тегі кезі. 1680-1684 жылдарда жоңғарлықтар қазақ даласына ойран салып, мал-мүлкін алып, кісілерін тұтқындап, қанды қырғынға ұшыратқан. Бұл кезде ел тізгінін ұстаған Тәуке хан еді. Қалмақ хонтайшысы Ғалдан Бошакту еліне Тайкелтір би бастаған елшілер тобын ұйымдастырған Әз Тәуке тәрізді. Сонда Әз Тәуке дана биге Қазыбек баланы тапсырып, жауды алмас қылышпен ойсыратып жеңуге болады, мылтықпен дәлдеп атып жер жастандыруға болады, сегіз қырлы семсер сөзден терең нен толғап елжіретіп жеңуге болады деген екен. Мал-жанды тегіс құтқарып, дүние-мүлікті қазқалпында Отанымызға алып қайтыңдар деп батасын берген екен.Қазаққоғамында соғыс болсын, ортақ келісімге уағдаласу, мәмілеге келу болсын, сыртқы hәм ішкі саясатта болсын, жер қорғауда болсын-ең қажет қару-шешеннің тілі. Әлбетте, дарынды шешенде білгірлік-біліктілік, алғырлық-тапқырлық, қаhармандық-қайраткерлік, зиялылық-саясаткерлік сияқты ұшан-теңіз табиғи рухани қасиет-қабілеттер мол болса, онда мемлекет жеңіске жетіп, қиындықтан, құлдықтан құтылады. Мерей-мәртебесі, даму дәрежесі жоғары болады. Бұл ретте Қаздауысты Қазыбек бидің Қазақстанның саяси-құқықтық тарихында айрықша тұлға екендігін айтуға болады.
Ұлтымыздың тарихында асқан батырлық-ерлік істерімен, асқақ сипаты, тапқырлық даналық, шешендік сөздерімен, әділетті билік-кесімдерімен жарқын із қалдырған заңғар тұлғаның бірі Сырым Датұлы.
Халық даналығына жүгінсек, “сымбатсыз сұңқар болмас, тұлғасыз тұлпар болмас” дегендей, Сырым шешеннің дене бітімі, кескен-келбеті мінсіз, жан-жақты жетілген, сом болаттан құйылғандай болу керек. Бұған Байбақты руынан шыққан қарындасы елден ерте кетіп, жырақта қоныс теуіп, көрмей-білмей 40 жігіттің ішінен Сырымды жазбай танығанда, сол ауыл ақсақалы: “Сырымды сен қалай таныдың?” –деп сұрайды.
Сол мезетте қарындасы: “Сырымда үш қасиет бар. Біріншісі- батырға біткен тұлғасы, екіншісі- өжет мінезі, үшіншісі- асқан даналығы деп естуші едім. Маған Сырым қыран топшылы, толық денелі, кең иықты, шалқақ төсті, жолбарыс бетті, басы да елден ерек, торсық шекелі боп көрінді”- дейді.
Демек, талант дегеніміз ағзаның ерекше дамуы, орталық жүйке жүйесінің мықтап шарықтауы, белгілі бір қабілеттің биіктеп, кең өріске шығындап шырқауы ғой.
Сырым шешеннің тұңғыш рет билік айтуы былайша екен. Мал өрістен қайтқан кезде, бірі атқа мінген, бірі жаяу кісіні көреді. Екеуара бір түлкі. Шекесі қызып таласқан . Содан Сырымға төрелік айтуды өтінеді. Жаяу адам мән-жайды: “Жаздай осы түлкіні көз жазбай аңдып, алғашқы қан-сонарда қолға түсірем деп”- жүр едім деп түсіндіреді. Ат үстіндегісі: “Бүгін таңертең ерте ізіне түсіп соғып алып едім”- дейді. Мұқият тыңдаған Сырым: “Бұл түлкі еркек болса, аттылы- сенікі, ұрғашы болса, жаяу- сенікі”- деп түйін жасайды. Сөйтсе түлкі еркек екен де, аттылыға бұйырады.
Дүниетанымы терең, түйсігі ерен, білім-білігі кемел өндірдей жас Сырым : “Әйел адамның жүретін жері-ауыл арасы ғана болады. Ал еркек адам қайда бармайды, сірә Сіздің көріп жүргеніңіз ұрғашы түлкі болар, әлі де болса күтіңіз, жүрген болар”- деп тұжырымдайды.
Шынында да жаяу кісі артынан өзі көріп бақылап жүрген ұрғашы түлкіні қолына түсіреді.
Бұл Сырым шешеннің туа бітті қасиеті көрегендігі ме, әлде білімпаздығы ма?
Сырым Датұылының заманында қазақ елінің шұрайлы, нулы, сулы жерінен, құтты- жайлы қоныс-мекенінен айрылып, зар жылаған шағы еді. Патша үкіметі жазалаушы отрядтарына- яғни казак орыстарды қазақ ауылдарына жұмсап , құт-берекесін кетірді. Сонда Сырым батыр адамның сүйегі сырқыраларық сөз сөйлеп, елі мен жерін қорғауға жұртын шақырады. Сырым Датұлы 1783-1787 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің ту ұстаушысы болады. Адамзат тарихы қанмен жазылған ғой. Қазақ ұлтының басына түскен зұлмат жылдарда, қанды қырғындарда Сырым Датұлы патшаның езгісіне, оның отарлаушылық саясатына және жергілікті жандайшаптарына, арам пиғылды хан-сұлтандарға қарсы күреседі. Ұлт –азаттық қозғалысты қолдамаған, тіпті қарсылық көрсеткен Есім ханды (оол 1598-1643 жылдары билік құрды) Сырым жер жастандырады. Осы оқиғадан кейін Алдар би :
“Қарадан хан болдың,
Айырдан нар болдың
Жоқтан бар болдың,
Көнеден дәурен озды,
Көндей қамқа тозды,
Атадан ұл озды,
Анадан қыз озды !”- деп болған істі қолдайды.
Айбыны асқан Сырым:
-Қарадан хан болсам, халқым қалаған болар.
Айырдан нар болсам, атам жараған болар.
Жоқтан бар болсам, тәңірім қараған болар.
Көнеден дәурен озса, жасы жеткен болар.
Көндей қамқа тозса, жағасы кеткен болар.
Атадан ұл озса, еркіндігі болар.
Анадан қыз озса, еркелігі болар- деп жауап қайтарады.
Шешеннің пайым-парасаты, зерде-зейіні, адамгершілік қасиеттері, жоғары ойлау мәдениеті сөйлеген сөзінене байқалады. Нақтылап айтқанда, ойын дұрыс , мінсіз жеткізу мен ойлаған пікір-лебізінің дұрыстығына деген сенімі. Әсіресе, Сырым шешен тұтқиылдан қойылған сауалдарға ып-ықшам, жинақы жауаптары әзір.
Хан бірде Сырымды:
-Сөз анасы неден?
Су анасы неден?
Дін анасы неден?
Жол анасы неден?- деп тексереді.
Іле Сырым:
Сөз анасы-құлақтан,
Су анасы-бұлақтан,
Дін анасы- ұяттан,
Жол анасы-тұяқтан- дейді.
Осынау Сырым сөдері жоғары танымдық қабілеттен, этикалық –тәжірибелік даналықтан, көрегендік интуициядан туған.
Заманында Сырым жер турасында , адам құны туралы, ұрлық, барымта, мал құны, неке бұзу, куәлік, жер дауы хақындағы алуан-алуан дауларға тура, әділ билік айтып, елдің ақыл-аузы, арқан-қазығы, бүтінші-бітімшісі болған. Өзі айтқандай, “таудан биік көңілмен, теңізден терең ғылыммен” шым-шытырық дау-шарды егжейлі- тегжейлі саралап, жіктеп сөйлеген. Сырым шешенде сыр мен сымбаты келіскен, ауыспалы мәнде шебер қолданылған алмастыру тәсілі жиі.
Сырым сыртқы дүние құбылыстарын айтар ойына негіз, тірек ете отырып, олардың басты немесе қосалқы белгілеріне орай бір-біріне үйлестігін не айырмашылығын әріден толғап сипаттап ойша көрсетеді де, ең соңында түйінді сөзін қадап айтады.
Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі жолында жанқиярлықпен күрескен нағыз қаћармен Сырым Датұлы шешендік өнер тарихында мәңгі өшпес білімді, билік сөздерімен ерекшеленеді.