Қазақ халқының өзіне, көшпелі өміріне лайықты ойын-сауығы, салт-санасы, әдет-ғұрпы болған. Шаруа дуниеге жаңа келген нәрестені шілдехана жасап қарсы алады. Жас босанған ананы қалжасына қой сойып күтеді. Баланың күлгені, жүргені, тайға мінгені — бәрі қызық, шілдехана кішігірім той қатарлы атап өтіледі. Адам, өмірінің бір асулы кезеңі — қыз бой жетіп, ұл ер жетіп үйленген кезі. Бұл — біреу қызын ұзатып, біреу келін түсіріп ағынан жарылып жататын тойдың үлкені. Той десе қу бас домалайды; Тойдың болғанынан болады-сы қызық деген мақалдар сондай қуанышты уақиғалармен байланысты айтылған.
Бірін-бірі үнемі қонаққа шақырысып, қонып-түстену елдің ежелгі салты. Жаз бойы бұрын қонған ауыл соң келген ауылға ерулік, кейін келгеніне көмек беріседі, Қыстаулары қатар көршілес ауылдар соғым басына шақырысып біріне-бірі сый-сыбаға тартады. Аз асты аяған көп астан қур қалады; Сыйға-сый, сыраға бал; Әркім сыйласқанның құлы дейтін мақалдар — сондай қонақ-жайлық белгісі. Бірақ біреудің малы болса пейлі тар, екіншісінің пейлі болса малы жоқ. Берместің асы піспес, Жоқтық жомарттық қолын байлайды дейтін сөздер соны аңғартады.
Халық бұқарасының басын дінмен уландырып жасқаншақ, қорғаншақ, етіп ұстауда дін иелері үстем тап өкілдеріне қызмет керсетіп отырған. Қожа-молда сабақтас деп бекер айтылмаған. Біреудің бай, біреудің жарлы болуына әркімнің бақ-талабына байланысты-мыс, байды күндеме, жарлылығыңды маңдайыңның сорынан көр деп келеді қожа-молдалар. Таудай талап бергенше, бармақ-тай бақ берсін; Жазмыштан озмыш жоқ дейтін мақалдар, сөзсіз солардан тараған.
Қара шаруа техникасының алды және күрделісі — арба мен шана. Арба мен шана көшпелі елден гөрі отырықшы жатақтарға, астық етіп, шөп жинайтын диқандарға тән. Көшпелі шаруалар егінші жатақтардан көрген осынау жансыз келіктерді Жеп еті,ішіп сорпасы жоқ деп сынайды. Сонда егінші:
Түйеңнен арбам жақсы оттамайтын…
Ауылға желді күні-тоқтамайтын…
деп жауап береді.
Сол сияқты арбамен, шанамен таныс, отырықшы диқандар, арбакеш — ат айдаушылар: Былай тартса өгіз өледі, бұра тартса арба сынады; Киіз кімдікі болса білек соныкі, арба кімдікі болса күпшек соныкі деп өзінің ойын анықтауға жансыз «келіктерін» де пайдаланған. Бұдан шығатын қорытынды — шаруа қолданған үлкенді-кішілі керек-жарағы ауызекі «оқулығынан» тыс қалмаған.
Сол сияқты үй ағашын түзейтін тез (Тез қасында қисық ағаш жатпас), көннен қайыс жасайтын — талқы (Көптің аузы темір талқы), қазық қағатын тоқпақтан (Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кірер) бастап ине, жіп, қайшы, біз, пышақ, шақпақ, ұршық, бұрау, көсеу т. б. шаруаның ең қарапайым қару-саймандарына дейін елеусіз-ескерусіз қалмаған, мақал-мәтелдерге арқау болған.
Қазақ үйінің қаңқасы (сүйегі): кереге, уық, шаңырақ, босаға; киізі: туылдырық, үзік, түндік, есік; ішкі бұйымдары: түс киіз, алаша, кілем, текемет, сырмақ, шымши, көрпе, төсек, жастық — барлығы да аталған. Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз; Кілем түрге керек, қылыш ерге керек; Есіктен орын табылса төрге озба, Бұраудың да сурауы бар деген секілді киіз үйдің ағашы, киізі, ішкі-тысқы мүліктерінің көпшілігі осы бір шағын халық шежіресінде тіркелген.
Тұрмысалтпен байланыспыетуған мқал-мәтелдердің бірсыпырасы ыдыс-аяқты мысал еткен. Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді; Қазан аузы жоғары; Көнектен шошыған бие оңбас; Бір бие саба болмас дейтін мақалдарда шаруаның кейбір көне ыдыстарының аттары да сақталғаи. Аттан айрылсаң да ер-тоқымнан айрылма; Жабу жауыннан сақтайды, жады жауырдан сақтйды дейтін нұсқалар да нағыз аттылы, түйелі ездің тұрмысын елестетеді.
Халық мақал-мәтелдерінде қазақ шаруаларының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, сенім-нанымы жан-жақты бейнеленген.
Адам — табиғаттың баласы, бірақ ол еңбек құралдары жетіліп, техникалық прогреске жеткенше оның ұлы емес, «құлы» болған. Табиғатты өз қажетіне ыңғайлау орнына, оған өздері бейімделіп күнелткен. Әсіресе нұқыл малмен күн көрген шаруалардың тұрмысы, тіршілігі жер ыңғайына, ауа райына толық тәуелді болды. Қыста қырға қонба, жазда сайға қонба; Қысың қатты болса қамысты жерді сағала; Панасыз болса таудан без деген «нұсқаулар» соны көрсетеді.
Адам жолаушы тәрізді, дүниеге келеді, кетеді. Тек халық, қоғам қалады. Халық қартаймайды, қара жер қартаймайды. Бірақ бұл қоғам өзгермейді деген сөз емес. Қоғам үнемі жаңарып, жасарып тұрады. Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа дейді халық. Бұл — халық даналығының, диалектикалық ойының көрінісі.
Адамның ақылы, мінезі қалыптасатын кезі — жастық, жігіттік шақ, өнер мен білімді де жас кезінде үйреніп, игереді. Асыл — тастан, ақыл — жастан; Жүйрік — тай-қүнаннан, өнер—жас ұланнан деп текке айтылмаған. Кісінің кемел жасы — отыз бен қырық. Қырықтан артық жас жоқ, қымыздан артық ас жоқ; Елу ердің жасы, алпыста ел ағасы дейді халық. Айтсын-айтпасын, елу-алпыс жас — ер ел қамын, ел-жұртының болашағын ойлайтын кемеңгерлік шақ. Сонымен бірге ол — қайрат-күші қайта бастайтын жас ортасы, жол ортасы. Асылы, қазақ — жылқы мінезді, құлан сүйекті көп жасайтын халық. Оны жартылай жауынгерлік-көшпелі өмірдің өзі шынықтырған. Ауыз әдебиетінде жүз-жүз жиырма жасаған және соған дейін азуын шалып, ақылынан танбаған дана қариялар туралы аңыз-жырлар бар. Дегенмен, табиғат заңы — қатал заң, Жастық — жалынкәрілік— көмір.
Халық өмір мен өлім мәселесіне де назар аударған. Дін нелерінің бұл дүннені «жалған», ол дүниені «шын» деп жариялауына қарамастан Ақыреттің мың күні жалғанның бір күнінен садаға кетсін деп байыптаған. Боларыңда болып өт, боз жорға-аттай желіп өт деп өмірдің көңілді, мақсатты болуын қалаған.
Өмір мен өлім — бір жолдың екі басындай тіршілік заңы. Тумаққа өлмек бар. Халық аузындағы аңызда Қорқыт өлімнен қашып, мәңгілік өмір іздеп желмаямен жер-дүниені кезіптіміс. Аңға барса өліп жатқан жануарларды, орманға барса құлап жатқан ағаштарды, тауға барса қирап жатқан тастарды көреді. Қайда барса да алдынан өлік пен «Қорқыттың көрі» шығады. Сөйтіп Қорқыт өлімнен қашып құтыла алмайды, бір ғана өнерден (күйден) өзіне жұбаныш табады, яғни екінші өмір, мәнгілік өмір тапқандай болады. Демек, өмір бар жерде өлім бар дейді халық. Тозбас соғылмайды, өлмес жаралмайды; Өзекті жанға бір өлім деген мақалдар соны анғартады.
Халық тәжірибесінен туып, уақыт сынынан өткен мақал-мәтелдер анықталған қағидаға, дау-жанжалдарды реттейтін ережеге айналған.
Жоғалған малды (затты) біреу тауып алады, кейін иесі малын (затын) таниды. Егер тауып алушы мен танушы арасында дау-талас туа қалса, кез келген кісі Таныған алады, тапқан қуанады деп кесім айта алады. Осы мақалға лайық тапқанға сыйлық беріп — куантып, таныған адам малын (затын) өзі алуға праволы.
Қазақ дәстүрінде басы бос бой жеткен қызды кәрі-жас, бай-кедей, жақсы-жаман демей қалаған адам айттыруға ерікті, праволы. Оны ешкім айып-шам көрмейді. Өйткені Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді дейтін ата сөзі бар.
Феодалдық Қазақстанда ұрлық-барымтамен байланысты дау-жанжалдар жиі кездесетін. Әсіресе, барымтагершілік күштінің әлсізге, көптің азға зорлық жасауына сылтау болған. Әдетте, ұрланған малдың жақсысы, жарамдысы қайтарылмайтын. Бөрінің аузына түскен қан-соқта жаншылмай шықпайды дейтін мақал содан қалған. Дау-жанжалдың бір сылтауы — сауда-саттықпен байланысты. Біреу алғанынан айнығанмен сатқан қайтып алмайды. Мұндай даудың билігі бір-ақ ауыз сөз: Сауда сақал сипағанша. Енді біреулер туыстығын, достығын желеу ғып алған несиесін қайырмайды. Оған айтар төрелік: Саудада достық жоқ, сәлемде борыштық жоқ.