Қазақтың ұлттық шешендік өнерінің тарихы

Қазақ ауыз әдебиетінің бір түрі — шешендік өнері. Шешендік өнер — ақындық айтыс секілді қазақ ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшелігін көрсететін негізгі жанрларының бірі.

Шешендік өнер айтыс-дауларда туып дамиды. Сондықтан елдің, ердің тағдыры сарапқа түсетін, соғыс-бітім секілді маңызды мәселелер сөз болатын сот залдары, парламент сарайлары, сондай-ақ неғұрлым халық көп жиналатын астар мен тойлар, міне, сондай сарабдал шешендер мен саяси қайраткерлер сөз сайысына түсетін, сыннан өтетін және шынығып шыңдалатын орындар, форумдар болған. Есімдері әлемге әйгілі тілмаш шешендердің, көбінесе, мемлекет қайраткерлерінен, заң қызметкерлерінен, парламент мүшелерінен шығатыны кездейсоқ емес. Мәселен, ежелгі Афин (грек) шешені Демосфен, Рим шешені Цицерон әуелі адвокат, кейін парламент басшылары болган. Ал XIX—XX ғасырларда өмір сүрген орыс шешендері П. А. Александров, Ф. Н. Плевако, А. Ф. Кони адвокаттар еді. Сол сияқты белгілі қазақ шешендері: Төле Әлібекұлы (1663—1756), Қазыбек Қелдібекұлы (1667—1764) және Әйтеке Бәйбекұлы (1682—1766) дау-жанжалды шешетін билер болған.

Қазақ шешендік өнерінің жалпы шешендік өнерден өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен, қазақ шешендерінің сөздері ауызекі айтылып, ауызша таралған, қағазда емес, халық жадында сақталған. Сондықтан да олар бастапқы қалпында емес, бізге, кейінгі ұрпаққа ұзын-ұрғасы, үзік-жұрнағы ғана жеткен, олардың өзі де ауыздан-ауызға ауыса жүріп өңдеу-жөндеуге ұшыраған, әлденеше ұрпақтың, талай таптың санасынан, сарабынан өткен, сөйтіп, қысқарып, ұстарып жалпы халық шығармасына айналған.

Шешендік сөздер қазақ ауыз әдебиетінің басқа түрлері сияқты ауызша шығып, ауызша таралған.

Билеуші топтың өкілі билер мен рудың қолшоқпары барымташы батырсымақтар шешендіқ сөздерді өз мүдделері үшін шебер пайдаланғанын әсте естен шығармауымыз керек.

Шешендік сөздер ертегі-аңыздар мен халық поэзиясынан іріктеліп, сұрыпталып беліне отырып, халықтық бірыңғай әдеби тіліміздің қалыптасуына себепкер болған.

Шешендік сөздер мен көркем әдебиетіміздің қалыптасып дамуына белгілі дәрежеде үлес қосқан ақын-жыраулардың арнау, толғау сөздеріне де жақын, ұқсас.

Құлан жортпас құба жонға Құрай шықпас демеңіз. Қу таяқты кедейге Мал бітпейді демеңіз. Жарлы байға теңеліп, Жарыса қонбас демеңіз. Жалғыз көпке теңеліп Теңдік алмас демеңіз,— дейтін шешендік сөз бен Бұхар жырау атынан айтылатын кейбір жырлардың арасы онша алшақ емес.

Махамбет ақынның өлеңдерінде шешендік сөз поэзиямен аралас, астарлас жатады.

Арғымақтың баласы Аз оттар да көп жусар,— Тарлаудан тапқан дәні бар, Азамат ердің баласы Аз ұйықтар да көп жортар. Дұшпанға кеткен ары мен Талауға түскен малы бар,—деген сияқты шешендік сөздер мен мақал-мәтелдер Махамбет жырларының қай-қайсысында да мол ұшырасады.

Шешендік сөздердің қайсысы қай уақытта шығып қалай қалыптасқанын кесіп-пішіп айту қиын. Біз білетін қазақ шешендерінің атасы Жиренше шешен және ел аузында сақталған шешендік сөздердің ең көнесі де Жиренше атымен байланысты сөздер. Бізге жеткен аңыз әңгімелерге қарағанда, Жиренше Әз Жәнібек хан мен Асан қайғы (XIV—XV ғғ.) жасаған адам. Түгел сөздің түбі бір, түп атасы би дейтін де сөз бар. «Майқы — Шыңғысты хан көтерген он екі бидің бірі екен»,— дейді Абай. Олай болса шешендік сөз өнерінің шығу тарихы әлдеқайда әріден басталса қерек.