Әбу Насыр әл-Фараби – дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған данышпан, философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші, ақын.
Ол Арыс өзенінің Сырдарияға құя беріс сағасындағы ежелгі Отырар (оны қыпшақтар Қарашоқы деп. те атаған) қаласында туылған. Ежелгі түркілердің орталық қаласы Отырарды кезінде негізінен Қыпшақ, Қаңлы, Қоңырат тайпалары мекен еткені тарихтан жақсы мәлім. Отырар – бір жағы көшпелі мал. шаруашылығын кәсіп еткен, екінші жағы отырықшы-егіншілікпен айналысатын түрлі түркі ру-тайпаларын өзара байланыстырып тұрған буын іспеттес қала болған. Бұл шаһарды арабтар Фараб деп. атаған. Сол бойынша, ұлы ұстаз Әл-Фараби атанып кеткен.
Жастайынан асқан зерек, ғылым-өнерге мейлінше құштар болып өскен Әл-Фараби алғашқы білімін туған жері Отырарда қыпшақ тілінде алады. Ол өсе келе өз заманының аса маңызды ғылым мен мәдениет орталықтары: Бағдат, Қорасан, Дамаск, Каир, т.б. шаһарларда болды. Сол қалаларда оқыды, еңбек етті. Шығыстың осы шаһарларында ол өз дәуірінің аса көрнекті ғалымдарымен, көркем сөз зергелерімен танысады. Олардан тәлім-тәрбие алады.
Әл-Фараби түркі тілімен қатар араб, парсы, грек, латын, санскрит тілдерін жетік білген. Ғылыми шығармаларын, өлең-жырларын өз дәуірінің рухани-ғылыми тілі саналған араб тілінде жазды.
Фарабидің екі жүзге жуық трактаттары белгілі. Ол көне заманның Платон, Аристотель, Гален сияқты ақыл-ой алыптарының шығармалары туралы көптеген трактаттар мен түсіндірмелер жазды. Сөйтіп, Фараби Шығыс пен Батыстың ғылыми қауымын грек философиясымен, логика ғылымымен, ежелгі мәдениетімен таныстыруда зор роль атқарды.
Фарабидің ”Ақылдың мәні туралы трактат”, ”Данышпандықтың інжу маржаны”, ”Ғылымдардың шығуы”, ”Философияны оқу үшін алдымен не білу керек”, ”Аристотель еңбектеріне түсіндірме” (“Поэтика”, ”Риторика”, ”Софистика”т.б.) сияқты зерттеулері оның есімін әлемге философ ретінде танытты.
Әл-Фарабидің әлеуметтік-қоғамдық және этикалық көзқарастарын танытатын туындылары да аз емес. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, әсіресе, “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары”, “Бақыт жолын сілтеу”, “Азаматтық саясат”, “Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері”, “Бақытқа жету жайында” деген сияқты еңбектерінің мәні ерекше зор.
Фарабидің әдеби мұрасын меңгеруде оның “Өлең кітабын” жан-жақты зерттеп оқып, үйренудің мәні зор.
“Өлең кітабында” автордың айтпақ болған басты пікірі — өлеңнің ішкі мән-мағынасы мен сыртқы тұлғасы өзара қабысып, логикалық тұрғыдан үндесіп тұруы тиіс. Поэзиялық туындының әрбір буыны, бунағы, ұйқасы, үні, өлшемі, т.б. бір-бірімен үндесіп, дәлме-дәл келіп жатқанда ғана ол оқырманның ойынан шығады. Дарынды шайыр құдды шебер ұста секілді. Қарапайым сөздердің өзінен-ақ таңғажайып өрнектер жасайды.
Әл-Фарабиді өлең табиғатын терең зерттеуші ғұлама-ғалым ретінде танытатын шығармаларының бірі – “Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат” болып табылады.
Әл-Фараби өзінің “Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат” деген еңбегінде ұстазы Аристотельдің “Поэтика” атты зерттеуіне сілтеме жасай отырып, өлең жазудағы ақындық шеберлік пен өнер жайында ғылыми ой-пікірлер айтады.
Фараби поэтикада екі түрлі құбылыс бар деп біледі Олардың бірі-софистика, ал екіншісі-еліктеу. Ғалым бұл екеуі төркіндес емес, қайта олар бір-біріне қайшы келетін ұғымдар, екеуінің мүддесі де екі түрлі екенін ерекше атап көрсетеді. ”Софист тыңдаушы санасында болмыстан тыс, оған қайшы қайдағы бір елес туғызады, сондықтан ол бар нәрсе жоқ, жоқ нәрсе бар деп ойлайды, ал оған қарама-қарсы еліктеуші тыңдаушысына үйлесімге орай ой түюге жетелейді. Оған сезім шарапатын тигізеді.
Сөйтіп, Әл-Фараби грек поэзиясын төмендегідей топқа бөліп сипаттайды, олар: трагедия, дифирамбы, комедия, ямб, драма, эпос, диаграмма, сатира, поэма, риторика, амфигеноссос (космогония), акустика.
Фараби “Өлең өнерінің қағидалары” туралы трактат деген шығармасында ақындарды үш топқа бөліп қарастырады. Бірінші топқа дарыны мол, бірақ өлең өнерінің теориясымен таныс емес ақындарды жатқызады. Екінші топқа өлең өнерімен толық таныс, өлең жазу қағидасын да, бейнелеу құралдарын да, меңгерген ақындарды да жатқызады. Ал, үшінші топтағыларды жоғарыда аталған екі ақындық топқа еліктеушілер дейді.
Әбу Насыр әл-Фараби — өз дәуірінің көрнекті ақындарының бірі. Бұл жөнінде әл-Фараби замандастары және одан кейінірек өмір сүрген Шығыстың көрнекті ақындары, әдебиетшілері және тарихшылары көптеген мәліметтер жазып қалдырған. Мәселен, белгілі араб тарихшылары Ибн Аби Усайба (1203-1270) және Ибн Халликон (1211-1282) өздерінің еңбектерінде әл-Фарабидің араб, парсы тіліндегі жазылған жырларынан үзінділер келтірген. Қазақ ғалымы Ақжан Машанов та Фарабидің өмір сүрген жерлерін аралап, оның ақындық мұрасын халыққа жеткізді.