Қазақ халқының XX ғасыр басындағы әдебиетінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы проза жанры жоқтың қасы еді. Ол сол көтерілістің тарихи сипатымен байланысты еді, кей жерлерде көтерілік реакцияшыл, ұлтшыл бағытта болып, кейбір жазба әдебиет өкілдері де оны осы бағытта жырлады. Ал сол кезде ауызға іліккен, алғашқы жинағы шыға бастаған демократияшыл жазушылардың өздері де көтеріліс жөнінде ештеме жаза алмады. Олардың кейбіреулері оқиғаның саяси-әлеуметтік мәнін дәл барлай алмаса, біреулері қалай болады дегендей ақырын күтті. Мұны С.Көбеев, С. Торайғыров, С. Дөнентаев тағы басқалардың шығармаларынан аңғаруға болады.
XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде бұл көтеріліс туралы өлең, жырлар тағы басқа көркем шығармалар тек ауыз әдебиет нұсқалары түрінде, халық шығармасы негізінде болып, сол күйінде әдеби мұраға қосылды.
1916 жылғы көтеріліс туралы жыр, дастандардың авторлары халық көтерілісі, ұрыс кезінде патша үкіметінің, үстем тап өкілдерінің озбырлықтарын, айуандықтарын көріп, содан кейін ғана олардан қтылу, азаттық алуидеясына келді. Бірақ социалистік революция идеясына көтеріле алмады, социалистік талап-тілек қоя алмады.
1916 жылғы көтеріліс туралы поэзия советтік поэзия емес, қазақ халқының ұлт азаттық қозғалысын жырлаған жоғарғы рухта жазылған демократтық халық поэзиясы. Сондықтан 1916 жылғы ұлт-азаттық халық көтерілісіне байланысты туған халық поэзиясы – халқымыздың тарихында күрделі де маңызды орын алатын тарихи көтерілісті бейнелейтін көркем жырлар болып қала береді. Бұл жырлардың әдебиетіміздің тарихында айрықша орны бар, қазақ поэзиясының даму тарихында белгілі бір қоғамдық кезеңді көрсететін бағалы поэщзия болып табылады.
1916 жылғы көтеріліс туралы жырлардың тақырыбы, қамтитын мәселесі әр алуан: көтеріліске дайындық, көтерілістің өзі, көтерілістен кейінгі ел ішінің жағдайы, майдан өмірі. Осыған орай, бұл жырларда қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі поэзиялық жанр түрлерінің бәрі де бар.
1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі туралы жыр-дастандардағы үндеу, күнделік, хат, мемуар үлгілерін жаңа дәуірдегі жаңа тарихи жағдайлармен байланысты туған жаңа жанр деп танимыз.
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы жыр, дастандардың онан бұрынғы халық поэзиясы шығармаларынан тіл жағынан да бірқыдыру ілгерілігі бар. Ақындар әдеби тілдегі жалпы халықтық сөздік қорды, сөздік құрамды, тұрақты сөз тіркестерін мол пайдаланып, оларды қажетті жерінде жаңа тақырыпқа лайық жаңартып, ұштартып отырған.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы өлең-жырлар қазақ поэзиясының өзіне дейінгі жақсы үлгілерін реалистік, демократтық дәстүрлерін пайдалана отырып дамытады.
1916 жылғы көтеріліс туралы жырларды сол жылғы ұлт азаттық халық көтерілісі туғызды. Анығырақ айтқанда, 1916 жылғы көтеріліс жырларында қазақ халқының теңдікке, бостандыққа, бейбітшілікке талпынған құралды күресі, арман-тілегі суреттеледі.