20 ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін сатира жанрында дамытқан, тұңғыш қолтума мысалдар жазған ақын. Сонымен қатар С. Дөнентаев қазақ поэзиясында сюжетті шағын өлеңнің шебері ретінде белгілі. Ол өткір, әлеуметтік бағыты айқын сатиралық шығармалары арқылы екі ғасырдың өлірасында ел әкімдерінің тіршілігінде өріс алған төрешілдік пен парақорлықты, озбырлық пен шағымқорлықты әшкерелейді, шектен асқан сойқанды істерін бетіне басады. Ақын нақты бір оқиғаны, нақты бір адам мінезін сықақтап суреттеуге машық. Ол енді бір топ лирикасында бала қылығын, адамның жайма-шуақ мінезін суреттей отырып та, әлеуметтік мәні бар байсалды ой түйеді.
Өзімен тұстас ақын, жазушылардан совет жылдарында реалистік жаңа шығармалар жазып, кеңес шындығын жырлаған С. Дөнентаев болды. Ақынның «Ұмытылмас» атты тамаша өлеңі қазақ лениниадасының алғашқы туындыларының бірі.
С. Дөнентаев шығармалары жеке кітап болып ең алғаш 1915 жылы Уфада басылып шығады, кітап «Уақ-түйек» деп аталды. Баспаға ұсынған – ақын оқыған медресені ұстаушы Қасым қажының қызы Сәния Ертісбаева.
«Балалықты сағыну» — алғаш «Айқапта» (1914,№21), кейін «Уақ-түйекте» басылған, соңғы басылымдардың бәрінде бар.
«Балалық» — бірінші рет ақынның 1935 жылғы жинағында жарияланған, одан кейінгі басылымдардың бәрінде беріліп келеді.
«Бозторғай» — ең алғаш «Абай» журналында басылған (1918, №4), соңында берілген түсінікте былай деп жазылған: «1915 жылы патша үкіметінің жергілікті әкімдерінен бастап арыз жүргізушілердің қалпынан». Өлең 1935 және 1937 жылғы жинақтарға кірген.
«Биік тау» — бірінші рет «Айқап» журналында жарияланған (1914, №12) «Уақ-түйекте», сондай-ақ, кейінгі басылымдарда бар.
«Ой», «Көңіл мен тіл», «Ауырған арыстан», «Көзі тоймаған ит», «Екі теке» — бәрі де алғаш «Уақ-түйекте» жарияланған. Кейінгі басылымдарда берілген.
«У жеген қасқырға» — алғаш ақынның 1935 жылғы кітабында басылған. Кейінгі басылымдардың бәрінде де жарияланып келеді.
«Әр жан әр түрде» алғаш «Қазақ» газетінде (1914, №80) басылған. Ақын шығармаларының барлық басылымдарында бар.
«Жәмила қыз», «Драмашыға» — алғаш 1935 жылғы жинақта жарияланған, кейінгі басылымдардың бәрінде бар.
«Қазақтарға қарап» — алғаш «Айқапта» (1914, №20), кейін «Уақ-түйекте» басылған, келесі басылымдардың бәрінде бар.
«Ұлтшылға» — алғаш «Қазақ» газетінде (1915, №93), сонан соң «Уақ-түйекте» және кейінгі басылымдардың бәрінде берілген.
«Бай мен комсомол», «Ерікті Айша» — ақынның 1935 жылғы өлеңдер жинағында жарияланған. Одан кейінгі басылымдардың бәрінде берілген.
«Ұмытылмас» — алғаш «Қазақ тілі» газетінде (Семей, 1924, №43), онан кейін 1935 жылғы жинақта басылған, кейінгі басылымдардың бәрінде берілген.