Әдебиет зерттеушісі, ғалым-тілші, ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсынов қазіргі Қостанай облысы, Торғай алабындағы Сарытүбек жерінде туған. 1882-1884 жылдары өз ауылында хат танып, сауат ашады.1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі кластық орысша-қазақша училищеде дқиды. 1891-1895 жылы Орынбордағы мұғалімдік мектепті бітіреді. Ауыл мектептеріне мұғалым болады.
Ахмет Байтұрсыновтың дүниеге келгеніне жарты ғасыр толған мерекесінің құрметіне арнап, 1923 жылы жариялаған «Ахаңның елу жылдық тойы» атты мақаласында Мұхтар Әуезов: «… оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі болған Ахаңа арналған тұңғыш той – ой ойлаған қазақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты ісінің бірі. Әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі», — дейді.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық мұрасын зерттеу жөніндегі комиссиясының қорытындысында: «Қазақстан өнерінің енді бір көрнекті қайраткері Ахмет Байтұрсынов Ұлы Октябрь социалист революциясынан бұрын-ақ ағартушы, ғалым-лингвист, түрколог, орыс поэзиясының дарынды аудармашысы, бірқатар оқу құралдарының авторы ретінде кеңінен мәшһүр болған. Саяси «сенімсіздігі» үшін патша охранкасы оны бірнеше мәрте тұтқындап, жеті жыл бойы, 1910 жылдан 1917 жылға дейін, полицияның бақылауына алды», — деген. Комиссия қорытындысында А.Байтұрсыновтың жеке басындағы бүкіл қиындықтар мен қайшылықтарды көрсеткен. Отызыншы жылдары жазықсыз жазаға ұшырап, Сталиннің басшылығы кезінде республикада орын алған зорлық-зомбылықтың, социалистік заңдылықты бұзудың құрбаны болғаны атап айтылған.
Комиссияның қорытындысында және былай делінген: «Елімізде революцияға дейінгі интеллигенцияның көптеген көрнекті қайраткерлері жазықсыз қуғындалып, жазаланған 20-шы жылдардың аяғы мен 30-шы жылдардың басында Алашорданың бұрынғы жетекшілерінің контрреволюциялық қызметінің шын деректері табылыпты-мыс деген өсек-аяң А. Байтұрсыновтың үстінен де қаптап кетті.
Ол баспасөздіңсан мәрте шабуылының обьектісіне айналды».
А. Байтұрсынов туралы сыңаржақ, өрескел үстірт пікірлер жалғыз Сәбит Мұқанов кітаптарында ғана емес, басқа кітаптарда да кең орын алған. Бір ғана Байтұрсынов емес, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтар туралы жазылған тұрпайы социологиялық, сыңар езу сындар, жоғары оқу орындарына арналған, қазір оқылып жүрген «Қазақ совет әдебиетінің тарихы» кітабында да сыңсып тұр.
Ахмет Байтұрсыновтың қуғын-сүргінде өткен өмірінің ең ақырғы қасіретті, қайғылы кезеңі туралы комиссия қорытындысында былай делінген: «ол баспасөздің сан мәрте шабуылының обьектісіне айналды және 1929 жылдың июнінде қамауға алынды. ОГПУ коллегиясында сотталып, Архангельск облысына айдауға жіберілді. Ал әйелі мен қызы Томскіге жер аударылды.
1934 жылы М.Горькийдің сол кезде Қызыл Крест комиссиясында жұмыс істеген әйелі Е. Пешкованың өтінуі бойынша А. Байтұрсынов айдаудан босатылып, Алматыға қайтып оралды. Бірақ 1937 жылдың 8 октябрінде жалған айыптаулар бойынша қайтадан тұтқындалып, атылды».
Сөйтіп, өрескел өр зорлық, зымиян зұлымдық, өктем болған сталинизм дәуірінің қара жүрек, қатыгез, қаскөй, дүлей жендеттерінің қанды қолынан Ахмет Байтұрсынов 64 жасында қаза тапты.