М. Сералин (1872-1929) ең алдымен қазақ журналистикасының тұңғыш пионері ретінде көпке белгілі, ол 1911/15 жылдарда Тройцк қаласында «Айқап» журналын шығарып тұрған, оның озық ағартушылық, дарынды журналистік қызметі «Айқап» арқылы жұртқа танылады.
Октьябр алдындағы қазақ әдебиетінің бір жетістігі – реалистік поэмалардың тууы болса, бұл бағытта алғаш қалам тартқан ақын – М. Сералин. Екі ғасырдың өліарасында жарық көрген «Топжарған», «Гүлхашима» поэмалары өздерінің жанрлық және тақырыптық сонылығымен қазақ поэзиясында бой көрсеткен жаңа құбылыс болған еді. Алғашқысында ақын өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында болған феодалдық-монархиялық қозғалысқа қатысушылардың реалды кескін келбетін паш етуді мақсат етсе, екіншісінде қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін шешу жолындағы ізденістен туған өз ой толғанысын ортаға салады, қазақ қызының бойындағы асыл қасиет – адалдықты дәріптейді. Жоғарыда аталған поэмаларынан басқа, М.Сералин Фирдоусидің ұлы туындысы «Шахнаманың» бас кейіпкері Рүстем мен оның баласы Зорапқа (Сухраб) байланысты тарауын аударып, «Айқап» журналында жариялаған.
М. Сералин Совет өкіметі тұсында партия, газет қызметінде болып, жемісті жұмыс атқарады. Ақын өміріндегі елеулі бір оқиға – ол Советтердің Бүкіл россиялық екінші съезінде делегат болып барады, Қазақстан делегациясының құрамында В. И. Ленинді жерлеуге қатысады. Ұлы көсемге арнап өлеңдер жазады.
«Топжарған» — 1898 жылы жазылып, 1900 жылы Тройцкіде жеке кітап болып шыққан. Бертінде, совет жылдарында поэма екі рет жарияланды: орта мектепке арналған «Қазақ әдебиеті» хрестоматиясында (1942) және «Дастандар» жинағында (1960). Алғашқысы мен соңғы басылымдарының арасында көптеген алшақтық бары байқалады. Төмендегі жолдарда Кенесары мен оның төңірегіндегілердің бейбіт елдің тынышын кетіріп, аулын шауып, адамын тұтқындап, малын айдап кеткен қылмысты істері айқын көрінеді:
Жатпайды жігіттері ханның текке,
Жорыққа жортуылшы шығар шетке.
Жерлерден кезі келген жылқы алып,
Олжаны қуғыншылар салар көпке.
Семізін келген малдың сойып жеген,
Ат, киім жаудан түссе, мініп, киген.
Жетім мен жесір алса жортуылдап
Өзіне алушының түгел тиген.
Міне бұл жолдар поэманың соңғы басылымдарында жоқ.
Хрестоматияда поэманың 1900 жылы жарық көрген нұсқасы беріліп отыр.
«Гүлһашима» — 1901 жылы жазылған, 1903 жылы Орынборда жеке кітап болып шыққан. «Дастандар» жинағында, XX ғасыр басындағы ақындарының шығармаларында (1963) жарияланған. Сондай-ақ осы хрестоматияның бірінші басылымына кірген болатын. Бұл жолы 1903 жылғы жарық көрген нұсқасы шамалы қысқартулармен беріліп отыр.