Мұсабек Байзақұлы (1849-1932)

М. Байзақұлы қазіргі Шымкент облысы, Түркістан ауданында қарасты Шоқтас аулында 1849 жылы туды. Мұсабектің арғы аталары дәулетті адамдар болған. Өз әкесі Байзақ дәулеті бар, өз айналасына байлығымен аты шыққан ел арасында, «Байзақ датқа» аталған кісі.

Молда Мұсаның, – дейді М.О. Әуезов, – ата-бабасы болғанымен, бұның өзі кедей болатын. Мұның ата-мұрасы адыра қалып, ел билігі беделділік, байлықпен, ақшамен өлшенетін болып еді. Соны мойындай өскен Мұса ең алғашқы бір өлеңінде:

Бай артық болыстан да, биліктен де,

Әр істі ақша бұзар киліккенде.

Жалы бар, жабы шобыр озып кетті,

Қазан ат жалы кеткен жүйріктен де, –

дейді…

Мұсабек орыс әдебиетімен де белгілі дәрежеде таныс болған тәрізді. Жасында оқи алмаған Мұсабек өз талабымен еңбектеніп тапқан өнер-білімнің арқасында сол кездегі сапалы, білімді ойлы адамдардың бірі боп саналады. Оның молда Мұса деп аталуы да оның білімділігіне байланысты еді.

Ақынның шығармалары, төңкерістен соңғы жылдары, тек кеңес тұсында ғана жиналып, бірқатары дтызыншы жылдардан бастап газет-журнал әдебиеттік хрестоматиялар мен жинақтарда жариялана бастады.

Ақын “Есім аға”, “Қайраты бұл дүниенің мал менен пұл”, “Сайлау деген елге бір бүлік болды” деп аталатын өлеңдерінде байлардың бойындағы топас паңдықты, кесапат мінез, жексұрын әдеттерді сынайды, әкімдердің жат қылықтарын әшкерелейді.

Ынтымақ, достық, бірлік тақырыбы, махаббат мәселесі ақын шығармаларында өзекті мәселе ретінде сөз болады.

Мұсабек ақын шығармашылығында айрықша көзге түсетін соны жанр – оның мысал өлеңдері. Мұсабек мысал өлеңдер жазуға машықтанған ақын.

Мұсабек ақынның “Тышқан мен түйе”, “Жолбарыс пен түлкі”, “Адам мен аюдың достығы”, “Адамдық пен арамдық”,”Қайырымды қыз бен қайыршы”, “Түзу терек”, “Ағаш пен маймыл”, “Семірген есек” деп аталатын мысалда адамдық пен арамдық, әділет пен зұлымдық қатар алынып біріне-бірі қарсы қойылуыарқылы адамгершілік, шынайы әділдік, еңбек мәселесі насихатталады.

Ақындар айтысы – қазақ әдебиетінде мол дамып, кең тараған жанр. Мұсабектің ел араснда тарған бірнеше белгілі айтыс өлеңдері бар.

Ақынның әсіресе “Манат қызбен айтысы” ел арасында кең тараған, оның таланты мен ақындығын көпке таратқан көлемді шығарма.