Нұржан Наушабайұлы (1859-1919 )

Нұржан Наушабайұлы (1859-1919) – кітаби ақындардың көрнекті өкілі, жастық, жігіттік шағын ел арадап ән салып, ойын сауық құрып серілікпен өткізеді. Ыбырай Алтынсаринмен кездесу оның ақындық жолында елеулі бетбұрыс болады. енді замана жайын, ел өмірін жырлауға көшеді. Адам мінезіндегі артық-кем жайттарды тұспалдап теңейді. Бірақ ақынның көптеген күрделі әлеуметтік мәселелерді теріс түсінгендігі байқалады, «заман азды, заң тозды» деген күйректік ұғым деңгейінен аса алмайды. өз бетімен көп оқып, білімін жетілдіреді, әсіресе, шығыс әдебиетін, шағатай тіліндегі кітаптарды шұқшия оқиды. Шығыс ертегі аңыздарын сюжетін пайдаланып, мысалдар жазады. Н. Наушабайұлы сонымен қатар халық ауыз әдебиетін жоғары қадірлеп, өзі де мақалдар, мәтелдер, тақпақтап сөйлеуге машық болған. Назымдары түгелдей дерлік ауыз әдебиеті үлгісінде, нақыл сөздер түрінде жазылған.

Ақынның үш кітабы жарық көрген: «Манзұмат казакия» (1903), «Сапарғали мен Нұржанның айтысқан жұмбақтары» (1903), «Алаш» (1910). Бертінде Н. Наушабайұлы өлеңдерінің бір тобы «XX ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары» (1963) жинағында басылды.

«Алтыншы назым», «Түлкі мен әтештің хикаясы», «Өгіз бен есектің хикаясы» — алғаш «Манзұмат қазақия» кітабында, кейіннен осы хрестоматияның басылымында жарияланған.

«Тақпақ назым» — алғаш ақынның «Алаш» деген кітабында, бертінде осы хрестоматияның бірінші басылымында жарияланды.

Бірсырыпа өлеңдерінде Нұржан заман жайын, қазақтың бұрынғы өз тұсындағы тұрмысын, ел билеген адамдардың іс-әрекеттерін, оқу-өнер, білім, дәулет, бақыт, мінез-құлық мәселелерін сөз етеді. Солар жөнінде бірталай орынды, маңызды, келісті өсиеттер, мақал-мәтел, нақыл сөздер айтады. Бірақ соның бәрін Нұржан заман бұзылды, қазақтың бұрынғы дәурені құрыды, ауыр заман таянды деген пессимистік ой тұрғысынан баяндайды.

Нұржан өлеңдерінің көпшілігі ислам дінінің мән-жайы, парыз-қарызы, заң шариғаты, о дүние, бұ дүние діндар адамдардың мінезі, жақсылық, жамандық жайында болып келеді.