Қазақ хандығының құрылуы – ортағасырлық Қазақстан тарихындағы ұлттық сипаттағы мемлекет пен этносты тарих төріне шығарған аса маңызды оқиғалардың бірі. Соған қарамастан мәселемен айналысқан зерттеушілер хандықтың құрылуын өте тар көлемде қарастырып, оны бір оқиғамен және бір уақытпен шектеп көрсетеді. Ал бұл мәселемен терең айналысқан Т.И. Сұлтанов осыған байланысты мынадай тұжырым айтқан болатын: «… Қазақ хандығының құрылуы бір оқиғамен жүзеге асқан жоқ, ол сипаты жағынан күрделі, уақыты жағынан ұзаққа созылған көп астарлы процесс болды, атап айтсақ, саяси процестер этникалық процестермен қатар дамып, бір-бірімен астасып жатты» [1, 238 б.].
Біз өз кезегінде зерттеушінің пікірін қостай отыра, Қазақ хандығының құрылу барысы 10 жылдан астам уақытқа созылып, бірнеше кезеңнен тұрған деп санаймыз. Бөлініп кету – хандықтың құрылуындағы алғашқы және маңызды қадам болса, Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Қазақ хандығының билігінің толық және түпкілікті орнауы — хандықтың құрылуының аяқталғанын көрсетеді.
Бірінші кезеңге – Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу өңіріне келуі және Керейдің хан болып сайлануы жатады. Хронологиялық тұрғыдан алғанда бірінші кезең – 1457 жылдың күзінің соңыне қысының басы мен 1458 жылдың көктемі аралығын қамтиды.
Тарихи әдебиеттерде Сығанақ қаласының түбіндегі Көке Кесене деген жерде Әбілқайыр хан мен қалмақ билеушісі Үз Темір тайшы арасындағы ұрыстың 1457 жылы өткендігі толық анықталған [2, 17 б.; 3, 65-66 бб.; 1, 230 б. Шайқастың салдары Әбілқайыр хан үшін ауыр болғаны белгілі. Қалмақтардан жеңілу, шибанилық әулеттің белсенді өкілдері, әрі «көшпелі өзбектердің» әскер басылары — Бахтияр сұлтан мен Ахмед сұлтанның ұрыста қаза табуы, ханның Сығанақ қаласына тығылуы, қалмақтардың жергілікті өңірдегі тұрғындары емін-еркін тонаушылққа ұшыратуы — Әбілқайыр ханның жеке басының беделін күрт төмендетеді. Шибанилық деректердің көпшілігі Әбілқайыр ханның үш жасар немересі Махмуд сұлтанның қалмақтарға аманат ретінде берілгендігі жөнінде ештеңе айтпаса, тек «Тарих-и гузида –йи нусрат намеде» ғана хан немересін қалмақтарға тұтқынға түсті деп баяндайды [2, 17 б.].
Б.А. Ахмедов бұл жағдайды, яғни хан немересінің аманатқа берілуін Әбілқайыр ханның қалмақ тайпасының жоғарғы билігін мойындауымен түсіндіреді [3, 67 б.]. Біздің ойымызша Б.А. Ахмедовтың бұл пікірі асыра айтылған пікір. Егер шынымен де жағдай Б.А. Ахмедов айтқандай болса, онда ол туралы деректер шайбанилық шығармаларда айтылмаса да, жағдайдың барлығын жіті бақылап отырған темірлік деректерде, әсіресе Абдарразак Самаркандиде айтылған болар еді. Ол туралы шағатайлық шығармаларда да ешқандай мәлімет жоқ. Соған қарағанда Әбілқайыр хан Үз Темір тайшының саяси билігін емес, оған белгілі бір көлемде салықтар мен төлемдерді жыл сайын төлеп тұруға міндетттенген секілді. Ал соның кепілдігіне үш жасар немересі берілген. Жеті жылдан кейін Махмуд сұлтан өз еліне үлкен құрметпен қайтарылады [2, 17 б.]. Жалпы алғанда, 1457 жылғы шайқас — Әбілқайыр хандығындағы барлық қайшылықтардың бетін ашады, «көшпелі өзбектер» мемлекетінің саяси тарихында бір кезеңнің аяқталып, келесі кезеңнің яғни, күйреу кезеңінің басталғандығын көрсетеді. Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ордаежендік тайпалардың бір бөлігінің бөлініп кетуі – соған дәлел бола алады.
Хандықтың құрылу барысындағы алғашқы және өте маңызды оқиға – бөлініп кету болғандықтан бірден соған ауысайық.
Үз Темір тайшы бастаған қалмақтар жорығы 1457 жылдың жаз айларында болғандықтан, Әбілқайр хан секілді Керей, Жәнібек және ордаежендік басқа да сұлтандар өздерінің қол астындағы ру-тайпаларымен бірге сол тұста күндерін жайлауда өткізіп жатқан. Дерек мәліметтерінде баяндалғандай, Әбілқайр хан қалмақтар жорығы туралы хабардың растығына көз жеткізгеннен кейін, жарлық шығарып, Бахтияр сұлтан мен Ахмед сұлтандарды әскердің басшысы етіп бекітеді. Кухистани Көк Кесене түбіне аттанған шайбанилық сұлтандар мен шибанилық ру-тайпа басшыларының тізімін көрсетеді, бірақ онда ордаежендік әулет өкілдері мен ордаежендік әулетті қолдайтын тайпа атаулары кездеспейді [4, 168 б.].
Шайқастың нәтижесінен хабардар болған ордаежендік әулеттің басшылары Әбілқайыр тарапынан болатын қарсы әрекеттерді алдын-ала сезген. Мұхаммед Хайдар Дулатыи бір дерегінде «Жошы әулетінің кейбір сұлтандары одан келер бір пәлені сезіп, оны болдырмауға тырысты», — десе, келесі бір дерегінде «Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашты»,- деп жазады. [5, 348 б.; 6, 305 б.; 110 б.]. Көріп отырғанымыздай, Әбілқайыр хан өзін қолдамағандарға қарсы жазалау шараларын жүргізген. Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханға қарсы топтың жетекшілері болғандықтан ханның негізгі соққы бағыттары өздері мен ұлыстарына бағытталғанын көре біліп, оны болдырмаудың жолы деп Моғолстанға кетуді ұйғарған.
Егерде Керей мен Жәнібек аздаған адамдармен кетсе, онда олар жылдың қай мезгілі болғанына қарамастан көшкен болар еді. Олардың соңында ордаежендік ру-тайпалардың бір бөлігі болуы себепті олар жылдың қай мезгілінде болса да ауа көшіп кете алмайтын еді. Көшпелі мал шаруашылығы ол тайпалардың негізгі шаруашылық түрі болғандықтан, олар тек жайлаудан қайтар кезде ғана көтеріле көшіп, бұрынғы дәстүрлі қысқы тұрақтарына емес, Моғолстанға бет алған. 1996 жылы Қазақстанға белгілі археолог М. Елеуұлының Шу, Талас өңірлеріндегі ел аузынан жинаған тарихи аңыз-әңгімелерінің бір тобы ҚазМУ Хабаршысының тарих сериясында жарық көрді [7, 6-12 бб.]. Сол тарихи аңыз-әңгімелер арасында Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты екі дерек кездеседі. Бірінші аңыз «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға кетіпті», — деп басталса, келесі бір аңызда «Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап кетіпті», — делінеді [7, 7-8 бб.]. М. Елеуұлы бұл аңыздардың бірін 1924 жылы туылған Шәуенов Жүзімқұл деген ақсақалдан 1976 жылы тамыз айында жазып алғанын, ал келесі аңызды 1899 жылы туылған Назарқұлов Жүнжұма деген ақсақалдан алғанын айтады [7, 7-8 бб.]. Бұл жерде екі аңыздың мазмұнында «Тарих-и Рашидидегі» Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі жөніндегі дерекке ұқсастығы бар. Ұқсамайытын жеріне көшіп кетудің «тышқан жылы және қара күзде, қыс түсе» деген уақытты көрсетуі жатады. 1457 жылдың қай жылға жататынын білу үшін деректерге назар аударып көрелік. Кухистани да, Махмуд бен Уәли де Әбілқайыр ханның қайтыс болған жылын «874 (1469-70) жылы тышқан жылы» деп жазады. [4, 171 б.; 8, 361 б.]. 1469-70 жылға дейінгі тышқан жылына 1457-58 жылдың жататынына ешкім күмән туғызбас болса керек. Олай болса, аңыздағы тышқан жылы жазба деректегі тарихи оқиғалардың уақытымен сәйкес келеді.
Ал «қара күз», «қыс түсе» деген сөз тіркесі қараша-желтоқсан айларын білдіретінін ескере отыра, бұл мезгілдің күзеу, күзеуден қыстауға ауысатын мезгіл екенін білеміз. Олай болса, аңыздағы мезгілді көрсететін мәліметті дұрыс деуге болады.
Осылайша, жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, Керей мен Жәнібек бастаған ру-тайпалар Сығанақ түбіндегі шайқастан кейін Әбілқайыр ханның қаһарынан қорқып, сол жылдың күз айының соңында дәстүрлі қыстауларына бармай, Шу өзенінінң бойына келеді. Мұхаммед Хайдар Дулати «Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді», — деп айтады [6, 110 б.]. Ал Махмуд бен Уәли бұл өңірді берудің себебін былайша түсіндіреді: «Сол кездерде Моғолстанда Шағатай хан ұрпақтарынан Уәйіс ханның ұлы Есенбұға хан билік жүргізіп тұрды. Сол тұста Әмір Темір курэканның ұлы Мираншахтың, оның ұлы Сұлтан-Мұхаммед мырзаның ұлы Әбу Сайд мырза Ирактан Жүніс ханды шақыртып, оған көмек пен жәрдем береді де, інісіне қарсы жібереді. Сол себепті Есенбұға хан билігінің негізіне сызат түсіп, соған байаланысты бұл хан Жәнібек хан мен Керей хандардың келуін адамдар [үшін] қайырымдылық пен ізгіліктің көзі деп санады. Ханзадалардың келуіне құрмет көрсетіліп, келісім берілгеннен кейін, хан оларға Моғолстанның батыс өңірін берді. Ол өңір Есебұға ханның [иелігі] мен Жүніс ханның иктасы арасында болды. Бұл өңір Шу және Қозыбасы деген [атаумен] белгілі болатын» [8, 352 б.]. Қозыбасы – Тарғаптың қарсы бетіндегі Қордайда орналасқан тау жайлауы [9, 265 б.]. Енді осы географиялық атауларды карта бойынша анықтасақ, онда Керей мен Жәнібектің Есенбұға ханнан алған аймағының шекарасы – Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауы мен Шудың төменгі ағысы бойындағы алқаптар арқылы, батысы – Талас өзенінен, шығыста Іле өзеніне дейінгі, ал оңтүстікте – Іле Алатауының солтүстік тау жоталары мен қыраттары арқылы өткен. Бұл аймақ – Есенбұға хан үшін біріншіден, оның Моғолстанның Жетісу жағындағы иеліктерін Андижан маңындағы Жетікент деген жерді иелікке алған Жүніс хан тарапынан болатын жорықтардан қорғап тұрса, екіншіден, дәл сондай міндетті Әбілқайыр хан тарапынан болар жорықтарға байланысты атқарып тұрды. Жүніс ханның Моғолстан аймағына жақын келуіне байланысты билігінің іргесі сөгіле бастаған Есенбұға хан жоғарыда айтылған аймақты Керей мен Жәнібеке беру арқылы өзіне сенімді одақтас табады да, өмірінің соңына дейін тақ билігіне ағасын жолатпайды. Махмуд бен Уәлидің мынадай мәлімет осыны дәледейді: «Есенбұға ханның тірі кезінде [оған] жоғарыда айтылған хандардың (Керей мен Жәнібекті айтып отыр – Б.К.) көмегі мен тірегі арқасында Жүніс хан тәкәпарлықпен аяғын үзеңгіге сала алмады» [8, 353 б.]. Басқаша айтқанда бұл дерек мәліметі Жүніс ханның Моғолстанда Есенбұға ханның тірі кезінде хан бола алмағанын көрестеді. Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінің бір жерінде былай дейды: «Сұлтан Жүніс хан екінші рет Мырза Сұлтан Әбу Сайдта Моғолстанға келгенде, мұндағы әмірлердің барлығы тағы да хан маңына жиналды. Хан Моғолстанда біраз тұрды. Жетікентте тұрақтап қалды. Бірақ Есенбұға ханға тиеселі иеліктерге кіруге батылы бармайды» [6, 113 б.]. Осылайша, 1457 жылдың соңында Керей мен Жәнібектің Моғолстанның батыс жағындағы Шу өңіріне келіп қоныс тебуі арқасында, Есенбұға хан ағасы Жүніс ханға қарсы өзіне сенімді одақтас табады да, 1461/62 жылы қайтыс болғанға дейін оның иелігіне ешқандай қауіп бола қоймайды.
Енді Керей мен Жәнібекке қайта оралайық.
Біз бұған дейінгі тараушаларымызда Керей мен Жәнібектің Шу бойына келуі – 1457 жылдың күзінің соңында, ал келгендер саны шамамен 100 мыңдай адам болған деп айтқанбыз. М. Елеуұлының жариялаған аңыздарының бірінде келуді «қара күзде» болған десе, ал екіншісінде «қыс түсе» деп көрсетеді. Деректердегі мәліметтердің баяндалуын хронологиялық тұрғыдан қарастырсақ, мынадай жәйттерді аңғарамыз. Керей мен Жәнібек бастаған ру-тайпалардың Шу өңіріне қоныстануы, Керейдің хан болғандығы, Есенбұға ханның иелігіне Жүніс ханның аяғын аттап баса алмағандғы, Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейін қазақ билеушілері мен Жүніс хан арасында жақсы қатынастардың қалыптасуындағы жөнінде айтылады [8, 352-353 бб.]. Соған қарағанда Керейдің хан болып сайлануы Шу бойынан көшіп келгеннен кейін және Есенбұға хан қайтыс болғанға дейін жүзеге асқан. Жазба деректер ол жөнінде нақты айтпаса, М. Елеуұлының аңызында оған қатысты былай делінеді: «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға (Ұланбаелден Хан тауына дейінгі аралық сөз болып отыр – М.Е.) жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлап өздерін «қазақ» деп атапты» [7, 7 б.]. Аңыздың мәліметіне сүйенсек, Керейдің хан болып сайлануы -1458 жылдың көктем айларының бірінде, мүмкін наурыз айында жүзеге асқан. Хан сайлау процесі аса маңызды болғандықтан, әсіресе жаңа әулеттің алғашқы ханын сайлау сол елдің өміріндегі ерекше маңызды оқиға болып саналатындықтан, оған билеуші әулет өкілдері ерекше мән беретіндігі өз-өзінен түсінікті. Хан сайлау жинына билеуші әулет өкілдерінен басқа дін басылары, ру-тайпа көсемдері, мен батырлары және басқа әлеуметтік топ өкілдері қатысады. Қазақ қоғамында хан сайлау дәстүрі ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталып, ол жөнінде орыс авторларының еңбектерінде баяндалады. А.И. Левшинның жазуы бойынша хан сайлау үшін алдын-ала оның уақыты мен өткізілетін жері белгіленеді, әртүрлі «жеке кеңесулер» өткізіліп, хан сайлауға әрбір топтың өкілдері анықталады, негізгі үміткер анықталғаннан кейін жалпы жиында ол ақ киізге отырғызылып, сұлтандар мен ру-тайпа көсемдерінің қолдауына ие болып, үш рет киізбен жоғары көтеріледі. [10, 126-127 бб.]. Бұл дәстүрді Керейді хан көтргенде қолданды деуге болады.
Ал енді Керейді хан көтерген мезгілге келетін болсақ, біздің ойымыз жоғарыда айтып өткен аңыздағы уақытқа сай келеді. Керей мен Жәнібек бастаған ордаежендік ру-тайпалар үшін 1457 жылдың соңында ең басты мәселе қыстау, қыста жайлатын орындарын таңдау, оларды белгілеу, елді қоныстандыру және т.б. шаруашылық мәселелер болған. Ал көктем шыға алдын-ала дайындық жұмыстары жүргізіліп, жас жағынан Жәнібекке қарағанда үлкендеу Керей хандық билікке отырғызылады. Керейдің хан болып сайлануымен Қазақ хандығының құрылу барысындағы бірінші кезеңді аяқталды деуге болады.
Осылайша, тарих мінбелеріне көтерілген Қазақ хандығын сол кездер үшін толыққанды, дербес хандық деуге толық болмайды. Өйткені, дербес хандық деу үшін оның нақты территориясы мен халқы, билеуші әулеті мен ханы, басқару әкімшілігі мен құрылымы, өзіндік жүргізетін дербес саясаты және мемлекетке қажетті тағы басқа шарттары қажет болатын. Керейдің хан сайлануымен мемлекет үшін ең басты шарттардың бірі орындалады, яғни жаңа хандық – Қазақ хандығы дүниеге келеді. Ортағасырларда хан — тек жоғарғы билікті иеленген адам ғана емес, сонымен бірге мемлекетттің символы болып есептелген. Жазба деректерден хан болмаған жағдайда елдің тарап, халықтың басқа хандарға көшіп кететін мысалдарын кездестіруге болады.
Осылайша, Керейдің 1458 жылдың көктем айларының бірінде хан болып сайлануымен Қазақ хандығының құрылуы барысындағы алғашқы кезең аяқталды. Осы кезең ішіндегі оқиғалардың тарихи маңызын атап өтер болсақ, біріншіден, Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі – олардың Қазақ хандығын құрудағы алғашқы қадамы болды және Әбілқайыр хандығының тарихындағы күйреу кезеңінің тереңдегенін көрсеіп берді. Екіншіден, Шу өңіріне келіп қоныс тепкен ордаежендік тайпалар жаңа этникалық атауға – «өзбек-қазақ» атауына ие болды. Бұл дегеніміз этникалық процестің жаңа, ұлттық сипатқа ие болғандығын көрсетеді. Үшіншіден, хандық билікті қалпына келтіріп, Керейдің хан сайлануы – ұлттық сипаттағы мемлекеттік құрылымды дүниеге алып келгендігін көрсетіп береді.
Сөйтіп, таза ұлттық негізде құрылған Қазақ хандығы толыққанды мемлекет мәртебесіне ие болуы үшін әлі де болса өзінің қалыптасуы барысында бірнеше сатыны бастан өткеруі қажет болды.
Шарты түрде екінші сатыға – 1458 жылдың көктем айларынан – 1461/62 жылға дейінгі, яғни Есенбұға хан қайтыс болғанға дейінгі аралық жатады.
Осы аралықта Қазақ хандығының қалыптасуы барысындағы маңызды оқиғаларға мыналарды жатқызамыз. Біріншіден, Моғолстанның батыс жағында мемлекет құрып алған ордаежендік тайпаларға Әбілқайыр ханға наразы немесе оған қарсы шыққандар бірте-бірте Керей мен Жәнібек хандарға келіп, қосыла бастайды.
Екінші маңызды оқиға – Жүніс ханға қатысты оқиғалар жатады. 1457 жылдың қазан айында Әбу Сайд мырзаның қолдауымен Моғолстанның іргесіне келген Жүніс ханның бірінші болып Ыстықкөл маңындағы құнжы, бекжак тайпаларының әмірі Керімберді, әмір Қажы Пір, әмір Ибрагим секілді басшылары мойындайды. Жүніс хан тайпа әмірлерімен жақындасу үшін осы жылдың соңында Әмір Қажы Пірдің қызы Исан Даулет бегімге үйленеді [6, 113 б.]. 1458 жылдың күзіне дейін Жүніс ханның маңайына біршама моғол тайпалары жиналады. Ыстықкөл тайпаларын өзіне қаратқаннан кейін Жүніс ханның алдында екі бағыт тұрды, бірі – Жетісу аймағындағы тайпаларға билігін орнату арқылы бүкіл Моғолстан тағы үшін күресу болса, екіншісіне – бірден Моғол ханы Есенбұға ханға қарсы аттанып, тақты күрес арқылы тартып алу жатты. Бірақта Жетісудағы тайпаларды өзіне қарату үшін оған Жетісудың батыс өңіріндегі Қазақ хандығы тосқауыл жасап тұрғандықтан, Жүніс хан бірінші жолдан бас тартып, екінші жолды таңдайды. Осы жерде Есенбұға хан есебінің өте дұрыс шыққандығын айтып өтпесе болмайды. Керей мен Жәнібек хандарға Жетісудың батысын беру арқылы ол бүкіл Жетісу аумағындағы тайпаларға Жүніс ханның ықпалын болдырмау жоспарын жасады. Қазақ хандығымен күресуден бас тартқан Жүніс хан 1458 жылдың жаз айының соңы – күз айларының басында Моғолстанның Шығыс Түркістан жағындағы Қашқарға көзін тігеді. Бұл кезде Есенбұға хан Моғолстанның шығыс жағындағы Жұлдыз жайлауында болатын. Жүніс ханның Қашқарға аттанғанын естіген Есенбұға хан тез арада Қашқар маңына келеді. Ағасы мен інісі арасындағы шайқас Қашқардың Ақсу жанындағы Хансалар деген жерде өтіп, өте қиындықпен Есенбұға хан мен әмір Сайд Әлі жеңіске жетеді (Мұхаммед Хайдар Дулатидың үшінші атасы –Б.К). Жүніс хан қашуға мәжбүр болады, бірақ әйелі жаңа туған үлкен қызы Михр Нигар ханым және қызыметшілері тұтқынға түседі.
Жүніс ханның Исан Дәулет бегімге 1457 жылдың соңында үйленгенін, олардың тұңғыштары Михр Нигар ханымның емшекте болғанын ескеріп, Хансалар ұрысы 1458 жылдың тамыз-қыркүйек айларында өтті дейміз. Осы шайқасқа қатысқан Дулатидың арғы атасы әмір Сайд Әлі 862 (1457 ж. қараша -1458ж. қараша) жылы, яғни, 1458 жылдың қазан-қараша айларының бірінде қайтыс болады [6, 113-114 бб.].
Сөйтіп, Жүніс ханның Моғолстан тағын иеленуге бағытталған алғашқы әрекеті сәтсіздікке ұшырайды. Есенбұға ханның өз тағын сақтап қалуына Қазақ хандығы да өз септігін тигізеді. Қазақ хандығы Махмуд бен Уәлидің жазғанындай «Есенбұға ханның иелігі мен Жүніс ханның иктасы аралығында орналасып», Жүніс ханға бүкіл Жетісу тайпаларының қосылуына кедергі жасайды.
«Тарих — и-Рашиди» авторының осы мәліметі Жетісудың батыс жағында құрылған Қазақ хандығының елеулі саяси күшке айналғанын көрсетеді. Сөйтіп, Қазақ хандығы сол жылдары Моғолстанның ішкі саяси өміріндегі оқиғаларға тікелей араласпаса да, саяси күш ретінде ондағы билік үшін күресуші топтар арасында танылады, Қазақ хандығын олар мойындауға мәжбүр болады. Бұл – біздің ойымызша, Қазақ хандығының құрылуы барысының екінші сатысындағы ең басты жетістігі болып табылады.
Қазақ хандығының құрылуы кезіндегі үшінші сатыға 1461/62-1469/70 жылдар аралығы жатады. 1461/62 жылы моғол ханы Есенбұғаның қайтыс болуымен және оның мұрагері Досмұхаммедтің хан тағына келуімен Моғолстанның ішкі саяси өмірінде күрделі өзгерістер жүреді де, ол өзгерістер Қазақ хандығына да ықпал етеді.
«Есенбұға хан ажалы жетіп дүниеден озған соң, орнына ұлы Дос Мұхаммед хан патша тағына отырады. Оның жасы он жетіде болатын. Ол парасатты адамдар қатарына жатпайтын, көптеген істері ақылға қонбайтын еді, оның үстіне бір сәт болса да мастықтан есін жинаған емес. [Мисра]:
Жүретұғын жері лас, отыратын тағы лас,
Ақылды жан аулақ жүр, жынды бүгін тағы мас!»,- деп Мұхаммед Хайдар Дулати оның жеке басына осындай сипаттама сөздерді қосып жазады [6, 115-116 бб.]. Мемлекетті басқару ісіндегі негізгі принциптердің еленбеуі, жас ханның ішкі саясатында белгілі бір мақсаттың, жүйеліліктің болмауы Моғолстанның Шығыс Түркістан жақ бөлігіндегі әмірлер арасында жіктер мен алауыздықтарды туғызады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Тарих-и Рашиди» авторының арғы атасы Әмір Сайд Әлі 862(1457-1458) жылы қайтыс болғаннан кейін, артында қалған екі ұлдың үлкені – Сансыз мырза моғолдардың саясаты бойынша әкесінің орнына әмір болады да, Жаркентті өзіне орда етеді. Ал кіші ұлы – Мұхаммед Хайдар мырзаға жомарттықпен Қашқар мен Ианги Хисарды береді [6, 115 б.]. Сансыз мырзаның шешесі шорас тайпасынан, ал Мұхаммед Хайдар мырзаның анасы – Жүніс ханның әпкесі Ұрун сұлтан ханым да, әйелі – Есенбұға ханның қызы Даулет Нигар ханым болды [6, 115 б.].
Әмір Сайд Әлінің тұсында Шығыс Түркістандағы моғол тайпалары арасында алауыздық жоқ болатын, ал бар болса байқалмайтын. Әмір Сайд Әлі көп ұзамай Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейін, Дос Мұхаммедтің билігі басталысымен тайпа басшылары арасында жік пайда болып, ол кеңейе түседі. Дулатидың жазуына қарағанда, Мұхаммед Хайдар мырза күйеу баласы болғандықтан, Есенбұға ханмен жақсы байланыс орнатты, ал ол болса дүние салғаннан кейін Дос Мұхаммед ханмен жақсы болды, ал Сансыз мырза Жүніс ханды қолдауға мәжбүр болды [142, 115 б.]. Сол себепті ағайынды екі мырзаның арасында араздық пайда болды. 863 (1464-1465) жылы Сансыз мырза аңда жүріп аттан құлап, жарақат алады да, көп ұзамай қайтыс болады. Осы кезде ешбір себепсізден Дос Мұхаммед хан әскерімен Жаркентке аттанып, Сансыз мырзаның әйелі мен үлкен ұлы Әбу Бәкірді өзімен бірге ала кетеді. Қашқарға да аттанып, қаланы тонауға ұшыратады да, өз астанасы Ақсуға қайтып оралады. Ханның бұл ісіне Мұхамед Хайдар мырза қатты ренжіп, ол енді Жүніс хан жағына шығады [6, 115-117 бб.]. Осылайша, Моғолстанның Ыстықкөл жанындағы Жүніс ханның күші молая түседі. Ал Дос мұхаммед ханның жоғарыда айтып өткеніміздей, өзінің қоластындағы қалаларға әскерімен барып, оларды тонауға ұшыратуын түсініп білу өте қиын. Ханның мұндай саясаты оның абырой-атағы мен беделін төмендетіп, жақтастарын азайтады, қарсыластарын көбейтеді.
Жетісудағы Қазақ хандығы үшін осы жылдар бір жағынан саяси күш ретінде күшею, көршілерге танылу жылдары болса, екінші жағынан алғанда, алғашқы тарихи сындарға төтеп беру жылдары болып саналады. Әбілқайыр ханға наразы болған жекеленген ру-тайпалардың Қазақ хандығына келіп қосылуы осы жылдары да жалғаса береді.
Осылайша, «көшпелі өзбектер» ханның көз алдында кеше ғана одан бөлініп кеткен қарсыластары Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханнан бөлініп кетушілер есебінен әрі көбейе, әрі күшейе түседі. Басқаша айтқанда, Әбілқайыр ханның ұзақ жылдар бойы соғыстар арқылы күшпен қалыптастырған мемлекетінің іргесі оның көз алдында сөгіле бастайды. Ол мемлекеттің күйреу процесін тоқтатудың бірден-бір дұрыс жолы деп Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығын жоюды қажет деп тауып, өмірінің соңғы жылы өзінің соңғы жорығын жүргізеді.
Әбілқайыр ханның бұл жорығының «көшпелі өзбектер» елінің тарихында, Қазақ хандығының құрылуы тарихында алатын орны маңызы болғандықтан, ол мәселе арнайы қарастыруды қажет етеді. Жорықтың барысына кіріспес бұрын, алдымен жорық қарсаңындағы Шығыс Дешті Қыпшақ, Моғолстан және Темір әулеті мемлекеттерінің саяси дамуындағы маңызды оқиғаларға талдау жасап, олардың жорыққа жалпы қатысын анықталық. Әсіресе, 1469 жылғы Моғолстандағы ішкі саяси жағдайдың барысы – жорықтың себептері мен мақсатын анықтауға мүмкіндіктер береді.
Жалпы алғанда, Әбілқайыр ханның Моғолстанға жорық жасауының себебі түсінікті. Өзіне бағынбаған Керей мен Жәнібек сұлтандарды және олардың соңына ерген ру-тайпаларды Жетісуға қоныстануға рұхсат берген моғол ханы Әбілқайырдың жауы, әрі қарсыласы болғаны белгілі. Керей мен Жәнібек Моғолстанға көшіп келгеннен кейін, бірден оларға қарсы Әбілқайыр хан бірнеше себептерге байланысты жорық жасай алмайды. Бірінші себепке – 1457 жылғы қалмақтардан жеңілуіне және ордаежендік тайпалардың бір бөлігінің бөлініп кетуіне байланысты күшінің әлсіреуі жатса, Керей мен Жәнібек сұлтандарға жорық жасау – Моғолстанға қарсы соғыс ашуды білдіргендіктен, күші әлсіреген Әбілқайыр хан оны уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болады. Бұл — Әбілқайыр ханның Керей мен Жәнібеккке қарсы бірден жорық жасамағандығынының екінші себебіне жатады.
Ал 10 жылдан астам уақыт бойы Әбілқайыр ханға наразы болған ру-тайпалардың Қазақ хандығына қосылу процесінің жүруі «көшпелі өзбектер» елі ханын жорық жасауға итермелейді. Әлі де болса күш ала қоймаған Жетісудағы Қазақ хандығын талқандау арқылы ол негізгі қарсыласын жоюды және өзіне бағынышты тайпалардың бөліну процесін тоқтатуды мақсат етеді. Бірақта Моғолстан ханының қол астындағы аймаққа жорық жасауға жүрегі дауаламаған секілді.
1469 жылдың бірінші жартысында Темір әулеті мемлекеті мен Моғолстанда қалыптасқан саяси жағдай Әбілқайыр ханға жорық жасауға мүмкіндік береді. Біз бұған дейін темірлік әулеттің өкілі Әбу Сайд мырзаның 1451 жылы жаз айында Әбілқайыр ханның тікелей әскери көмегі арқасында Самархан тағына ие болғанын айтқанбыз. 1458 жылдың соңында ол Герат қаласын алып, Мауереннахр мен Хорасанды қайта біріктіреді. Иранға толық үстемдік орнатуға оған Иранның батысындағы Қарақойлы әулетінің мемлекеті (1410-1467) кедергі жасайды. 1459 жылы Әбу Сайд мырза қарақойлылар билеушісі Жаһан Шахпен бейбіт келісім жасайды. 1467 жылы Қарақойлы мемлекеті құлап, орнына Батыс Иранда Аққойлы мемлекеті құрылады. Бұрынғы Қарақойлы мемлекетінің астанасы Тебриз қаласы Аққойлылардың астанасына айналады. Аққойлы мемлекетінің күшеюіне жол бермеу үшін Әбу Сайд мырза 100 мыңдық әсерімен Ұзын Хасанға қарсы аттанады. 1469 жылдың қысын Муган қаласында өткізген хорасандық әскер бүкіл аткөліктерінен айырылады, әскер аштыққа ұшырайды. Ұзын Хасан әскері Әбу Сайд мырза әскерін қоршауға алып, ақыры жеңіліске ұшыратады. Қолға түскен Әбу Сайд мырза өлтіріледі [11, 353-354 бб.; 12, 236-237 бб.; 13, 230-231 бб.].
Темірлік мырзаның өлімі Хорасан мен Мауереннахрдағы саяси тұрақтылықты саяси бытыраңқылыққа айналдырады. Ең алдымен Әбу Сайд мырзаның басты қарсыласы Хұсайын Байқара бас көтереді. Ол 1460 жылдан бері Әбілқайыр ханның қолдауына сүйеніп, бірнеше рет Хорезм аймағына өз билігін орнатқан болатын. Бірақта Самархан билеушісінің тықсыруымен ол Дешті Қыпшаққа қашуға мәжбүр болған еді [3, 144-145 бб.]. Б.А. Ахмедов Абдраззақ Самарканди мен Хондемирдің мәліметтеріне сүйеніп, оның Әбу Сайд мырзаның қаза табар қарсаңында Әбілқайыр хан Ордасында болғандығын айтады [3, 145 б.]. Соған қарағанда Әбу Сайд мырзаның 1469 жылдың қыс айларының соңы – көктемінің басында өлтірілгені туралы хабар Дешті Қыпшаққа сол жылдың көктем айында белгілі болған. Өте тез қимылдаған Хұсайн Байқара әуелі Хорезмді, кейін Гератты алады. Осы жылдардағы Хорасан мен Мауереннахрдағы оқиғаларды А. Мюллер былай деп баяндап түсіндіреді: «Темірлік мырзаларға бірлік деген ұғым өте жат болатын, Әбу Сайд мырзаның артында қалған он бір ұлы жағдайды өте қатты қиындатты. Одан басқа мырзаның өлімі Хұсайын Байқараның Хорасанға қарсы жорыққа аттануына мүмкіндік берді. Әртүрлі қақтығыстардан кейін онымен және Әбу Сайд мырза ұлдары арасында тіл табысылады. Әбу Сайдтың ұлдарының төртеуі – үлкені Ахмед мырза Самарқан мен Бұқарада, үшінші ұлы – Махмуд мырза – Бадахшанда, төртінші ұлы – Омаршейх мырза – Ферғанада, ең кіші ұлдарының бірі – Ұлықбек мырза – Кабул мен Ғазия аймақтарында өз биліктерін сақтап қалады. Ал қалған аймақтардың бәрінде Хорасан, Саджестан, Балх, Хорезмде Хұсайын Байқараның билігі онайды [6, 117 б.].
Сөйтіп, Әбілқайыр ханның соңғы жорығы қарсаңында Темір әулеті мемлекетіндегі саяси жағдай күрт өзгеріп, империя бірнеше дербес иеліктерге бөлініп кетеді. Бұл өз кезегінде Әбілқайыр ханның Моғолстан жаққа жорық жасауына жол ашқандай әсер етеді.
Әбілқайыр ханның Моғолстан жаққа қарай жорықты бастауына түрткі болған оқиғаға – 1469 жылы моғол ханы Дос Мұхаммедтің кенеттен қайтыс болуы жатты. Мұхаммед Хайдар Дулати оның қайтыс болған жылын былай деп түсіндіреді: «Дос Мұхамед мырзаның өкпесіне суық тиіп, алтыншы күні көз жұмады. Ол жиырма төрт жаста еді. Жеті жыл патшалық етті 873(1468-1469) жылы қайтыс болды» [6, 16 б.]. Қазіргі біздің жыл санауымыз бойынша хижраның 873 жылы – 1468 жылдың 22 шілдесі мен 1469 жылдың 11 шілдесі аралығына сәйкес келеді [14, 16 б.].
Деректегі «мырзаның өкпесіне суық тиді» деген дерекке қарағанда, Дос Мұхаммед хан 1469 жылдың қыс айының соңында немесе көктемнің басында қайтыс болған секілді. Бірақта бұл туралы хабар Әбілқайыр ханға кеш жеткен деп есептейміз. Өйткені Әбілқайыр хан жорыққа шығу туралы шешімді жайлауда жүргенде қабылдайды. Біздің ойымызша, егерде моғол ханының қайтыс болғандығы жөніндегі ақпарды ол Сыр бойындағы қыстауда естіген болса, онда Шығыс Дешті Қыпшақтың солтүстік жағына жайлауға көшпеген болар еді.
Дос Мұхаммед ханның қайтыс болуы Моғолстанның Шығыс Түркістан жағындағы ішкі саяси өмірді біршама шиеленістірді. «Тарих-и Рашидиде» ол туралы: «Бұдан соң ел бір-бірімен тартысып, берекелері кетті»,- делінеді [6, 117 б.]. Ондағы әмірлердің бір тобы Жүніс ханды қолдаса, екінші бір тобы Дос мұхаммед ханның ұлы Кебек Сұлтан оғланды алып, Турфан жаққа кетеді [142, 117 б.].
Осындағы, Моғолстандағы саяси жағдайдан хабардар болған Әбілқайр хан өзінің негізгі мақсатын жүзеге асыруға уақыттың жеткенін біліп, бірден жорыққа дайындалады.
Сөйтіп, 1469 жылдың басынан бергі Мауереннахр мен Моғолстандағы саяси жағдайлар Әбілқайыр ханға 1457 жылға дейінгі мемлекетінің қуаты мен өзінің беделін қалпына келтіруіне қолайлы жағдайлар қалыптастырады. Мауереннахрда үш дербес иелік пайда болып, бір-бірімен алауыз болып жатқанда олар Әбілқайыр ханның қайта күшеюіне тосқауыл қоя алмас еді. Моғолстанның оңтүстігіндегі әмірлер арасындағы бірліктің болмауы, Жүніс ханның әлі де болса Ақсудағы билікке отыра қоймауы да Әбілқайыр ханнның Жетісудағы Қазақ хандығын талқандап, ол аймақты өз мемлекетіне қосып алуына ешқандай кедергі жасай алмаған болар еді. Жалпы қорытып айтқанда, Әбілқайыр ханның 1469 жылғы Моғолстан жаққа жорығы қарсаңындағы бүкіл аймақтағы саяси жағдайлар ол үшін өте қолайлы болды. Мұндай сәтті өз пайдасына шешу үшін «көшпелі өзбектер» елінің билеушісі бірден жорыққа аттану туралы шешім қабылдайды.
«Көшпелі өзбектер» елі билеушісінің 1469 жылғы Моғолстанға жасалған жорығы туралы зерттеу жұмыстары өте аз. Бұл жорықтың Қазақ хандығының қалыптасуы кезеңінде, оның ішінде үшінші сатысында алатын маңызы өте ерекше болғандықтан, оған тереңірек тоқталуды жөн санап отырмыз.
Махмуд бен Уәли жорықтың нақты қай жылы және қай айда басталғанын айтпаса да, оны жорық барысындағы кейбір оқиғалармен салыстырулар арқылы анықтауға болады. Ханың қайтыс болған жылы мен айы – 874 жылғы қыстың алғашқы айы болса керек. Ол қазіргі жыл санау бойынша – 1469 жылдың желтоқсанына сай келеді [144, 359-360 бб.]. Осыны ескере келе Әбілқайыр хан жорықты 1469 жылдың күзінің басында бастаған деп санаймыз.
Махмуд бен Уәли Әбілқайр ханның жорыққа дайындығы туралы былай деп баяндайды: «… Кенеттен ол (Әбілқайыр хан- Б.К) моғол сұлтандарының билігіндегі Моғолстанның қалған жерлерін бағындыруды ойластырып, әскер жинауға жарлық береді. Хан жорығына сәйкес барлық ел мен ұлыстардағы басшылар айтылған уақытта өздерінің ондықтарымен, жүздіктерімен және мыңдықтарымен Еділ бойындағы хан ордасына келуі тиіс болды» [8, 358-359 бб.]. Махмуд бен Уәли Әбілқайырдың жорыққа аттанған, әскерінің жиналған жері деп Еділ өзенінің бойын өз дерегінде біршама атап өтеді [8, 359 б.]. Одан ары жорықтың жүрген бағытына үңілсек, Әбілқайыр хан Еділ өзені бойынан аттанып, Ала-Так маңынан өтеді де, Қызыл Надыр жайлауының жолымен жүре отырып, бірнеше асулардан асады. Одан ары Жеті Құдық деген жерге келіп тоқтайды [8, 359 б.]. Қызыл Надыр жайлауы Талас өзенінің төменгі ағысында, қазіргі әкімшілк жүйе бойынша Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының шекаралары түйіскен жерде болған [4, 552 б.]. Көрсетілген географиялық атаулар бойынша Әбілқайыр ханның жорық бағыттары: Еділ-Алатау-Қызыл Надыр- Жетіқұдық арқылы жүрген болып шығады. Енді осы жорық бағытына карта бойынша көз салсақ, Әбілқайыр хан мол әскерімен Еділ бойынан аттанып, Алатау маңына жеткен, одан ары кейін оралып, Қызыл Надырға барған да, қайтадан 180 градусқа бұрылып, Жетіқұдық деген жерге келіп тыныстаған. Әрине, талай жорықтарды басынан өткерген және Шығыс Дешті Қыпшақты бес саусағындай жақсы білетін «көшпелі өзбектер» ханы қалың қолымен бұлайша жүрмеген. Біздің ойымызша, жорық бағытындағы географиялық атауларды көрсетуде дерек авторы, не болмаса деректі көшірушілер тарапынан қателіктерге жол берілген. Егерде біз жорық басталғандығы географиялық атауларды дәл анықтасақ, онда жорық бағыты анық айқындалады да, Әбілқайыр ханның соңғы жорығының қайда және кімге қарсы бағытталғандығын нақты біле аламыз. Олай болса, алдыменен жорықтың бағытындағы географиялық атаулардың көрсетілуіне көңіл аударалық.
Ортағасырлық шығармалардың кезінде түпнұсқадан талай рет көшірілгені белгілі. Осындай көшірулер барысында түпнұсқадағы кейбір адам есімдері мен жер-су атаулары қате жазылуы мүмкін екендігін деректану ғылымы мойындайды. Сондай-ақ араб әліппесімен жазылған шығармаларды көшіруде «б», «т», «и» және т.б. әріптердің үстіндегі немесе астындағы ноқаттары артық не кем болса, тіпті көрсетілмеуі сөзді мүлде өзгеріске ұшыратады. Осыған орай, «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» кітабының түпнұсқасын көшіру кезінде көшірмешілер тарапынан жоғарыдағыдай қателер кеткен деп есептейміз. Қателерге байланысты Әбілқайыр ханның жорық бағыты да қате көрсетілген.
Алдыменен Әбілқайыр ханның жорықты бастаған жері – Еділ өзенінің атауына тоқталалық. Еділ өзені – Дешті Қыпшақ аумағындағы ең белгілі, ең танымал өзендердің бірі. Ортағасырлық деректерде бұл өзен – Итил, Атил деген атаулармен кездеседі. Махмуд бен Уәли еңбегінде Әбілқайыр ханның әскер жиған жері Еділ өзенінінң бойы деп жазылса да, біз оны дұрыс деп есептей алмаймыз. «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиардан» үзінді аударып, оған түсініктемелер жазған К.А. Пищулина «Әбілқайыр әскерінің жиналған жері басқа бір өзеннің жағасы болған, ол көшірушілер тарапынан өзгеріске ұшыраған» деп есептейді [4, 552 б.]. Біз де ғалымның осы пікірін қостай отырып, Әбілқайыр ханның Еділ өзені бойында әскер жиюы мүмкін еместігін мынадай дәлелдермен келтіреміз.
Біріншіден, Ноғай бегі Оқастың тұсында оның Әбілқайыр ханмен ордадағы достығы қатты көрініп, маңғыт тайпалары мен шибандық тайпалар «көшпелі өзбектер» қауымдастығын құраса, Оқас би қайтыс болғаннан кейін оның мұрагерлері Әбілқайыр ханнан ат құйрығын кесісіп, маңғыт тайпаларынан бөлініп кетеді. Еділ мен Жайық аралары маңғыттардың негізгі қонысы болып қалғандықтан, басқа бір мемлекет басының өз елінің аумағында емес, көршілес елдің аумағында әскер жиды дегеніне ешкім илана қоймайды.
Екіншіден, маңғыт билері Әбілқайыр ханға Еділ бойында әскер жинауға мүмкіндік берді дегенің өзінде, Жетісу жеріне қарай жорыққа аттанбақ болған Әбілқайыр ханның қолбасшылары өз әскерлерін Шығыс Дешті Қыпшақтың әр ұлысынан Еділ бойына алып келген, одан кейін қайтадан Жетісуға қарай аттанған дегенге ешкім сене қоймайды.
Сонда Әбілқайыр хан Шығыс Дешті Қыпшақтың қай өзен бойында әскер жинаған деген заңды сұрақ өз-өзінен туындайды. Біздің ойымызша, ол өзен Шығыс Дешіт Қыпшақ аумағында болған, сондай-ақ ол өзеннің айтылуында, не жазылуында Еділ сөзіне ұқсастығы болған. Сонымен қатар ол өзен жергілікті жердегі кішкене өзендердің бірі емес, Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрға танымал Сырдария, Ертіс, Жайық, Шу, Талас, Жем секілді өзендердің бірі.
Біздің ойымызша, Әбілқайыр хан әскерінің бас қосып, жиналған жері – Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы Тобыл өзенінің жоғарғы және орта ағысы бойы болған. Оған біздің бірнеше дәлеліміз бар. Бірінші, Тобыл өңірі – XІІІ ғасырдың 20-шы жылдарынан бері Шибан әулетінің иелігіндегі жер және осы өңірде 1428 жылы 17 жасар Әбілқайыр хан тағына отырғызылған. Екінші, жорыққа дайындық жаз айларында басталып, хан әскер жию туралы жарлығын Шығыс Дешті Қыпшақтың солтүстігіндегі жайлаулардың бірінде жинаған. Жайлаудың негізінен өзендерге жақын, өзендер маңында болатынын ескерсек, онда Шибан Ұлысы аумағындағы үлкен өзеннің бірі – Тобыл өзені болғандықтан, хан әскерінің бас қосар жері осы өзен бойы деп белгіленген. Үшінші, Тобыл сөзі араб әріптермен жазылғанда, оның Еділ (Итыл, Атил) сөзіне ауысу мүмкіндігі өте көп. Біздің ойымызша, түпнұсқадағы Тобыл сөзін көшіру барысында көшірмелер астыңғы және үстінгі ноқаттарды шатыстыру арқылы Итил сөзіне айналдырып жіберген.
Осылайша, жоғарыда айтылған дәлелдеулерімізді қорыта келе, Әбілқайыр хан 1469 жылы жаз айында өзінің ежелден бергі ата-баба иелігіндегі жайлауда болып, жорық жасау туралы шешімді осында қабылдаған. Сондай-ақ осы өңірдегі Тобыл өзеніннің бойы әскерлердің бас қосатын жері боп белгіленген. Сөйтіп, жорықтың бағытындағы алғашқы географиялық нүкте – Тобыл өзені болған деп санаймыз.
Тобыл өзені бойынан Моғолстан бағытына қарай баратын жолдағы екінші географиялық атау – Ала-Таг деп аталады. Біз бұл атауды Алатау емес, Орталық Қазқастандағы Ұлытау деп қабылдаймыз. Араб әріптеріндегі дауысты а,ә,ұ,ү, дыбыстары бір ғана әріп,آ- алифпен берілгендіктен «ала» сөзін «ұлы» деп оқимыз. Ал «таг», «так» сөзінің көне түрік тілінде «тау» деген мағанасын білдіретіні көпке мәлім. Сонда дерек мәліметіндегі Ала-Так сөзі – Ұлытау сөзі болып шығады. Шынында да, Тобыл бойынан Моғолстан жаққа апарар ең қысқа және түзу жол Ұлытау арқылы өтеді. Осы анықталған екі географиялық нүкте арқылы: Тобыл-Ұлытау бағыттарымен түзу сызық жүргізсек, онда Әбілқайыр ханның жорығы Моғолстанның Жетісу аймағының батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы бағытталғанын байқаймыз.
Әбілқайыр ханның әскер жию туралы жарлығынан кейін, әскердің жиылуы, оларды тексеру және соншама мол әскермен Тобыл-Ұлытау-Қызыл Надыр арқылы жүру біршама уақытқа созылады. Хан әскерлері Қызыл Надырдан Жетісуға қарай бірнеше асу жер жүріп, Жетіқұдық деген жерге жеткенде күн суыта бастайды. Соған қарағанда, Әбілқайырдың жорық жасау жөніндегі шешімі мен жарлығы жаздың соңында шығып әскердің жиылуы мен аттаныс күз айларында болған. Махмуд бен Уәлидің: «… осы мезгілде қалың қар түсіп, құйындата жаңбыр жауды және күшті жел соғып, суық ең жоғарғы белгіге жетті».- деген дерегі күздің соңы немесе қыс айының басталғанын көрсетеді [8, 359-360 бб.]. Одан әрі ол биылғы қыстың басқа жылдармен салыстырғанда өте суық және қар аралас жаңбырлы болғанын айтып өтеді [8, 360 б.].
Суыққа қарамай Әбілқайыр хан жорықты жалғастырып, ұлдарының бірі Көшкінші сұлтанды әмір Жұлдыз тархан, Хасанбек ойрат, Жәлел оғлан, Сатылмас найман, Сейітбек қоңырат, Темір маджар, Тошбек Қыпшақ және тағы да басқа әмірлермен бірге әскердің авангарды ретінде алға жібереді. Аққышлақ деген жерге жеткен кезде суықтың күшейгені соншалық, хан әскерін сақтау үшін жорықты тоқтатуға мәжбүр болады. Осы кезде Әбілқайыр ханның өзі де суықтан қатты ауырып, емшілердің қолданған еміне қарамастан Аққышлақ деген жерде қайтыс болады. Махмуд бен Уәли оның өлген жылын «елу жеті жасында 874 (1469 шілде – 1470 маусым) жылы, тышқан жылында»,- деп көрсетеді [8, 361 б.]. Дәл осы жылды өз еңбектерінде Кухистани, Ходжамкули бек Балхи да айтып өтеді [4, 171 б.; 15, 393 б.]. Осылайша, Әбілқайыр ханның соңғы жорығы өз мақсатына жетпей, ханның қайтыс болуымен аяқталады. Сөйтіп, Қазақ хандығына төнген қауіп, өзінен-өзі сейіледі.
Осы жылдардағы Қазақ хандығының ішкі саяси өміріндегі жағдайларды баяндайтын дерек мәліметтер жоқ. Сондақтан да ол жөнінде пікір айту қиын.
Енді хандықтың құрылу барысындағы 1461/62-1469/70 жылдардағы үшінші кезең оқиғаларына қорытындылар жасалық.
Өзіміз шарты түрде бөліп отырған үшінші кезең маңызды болып саналады. Біріншіден, осы жылдары Қазақ хандығына Әбілқайыр хандығынан бөлінген ру-тайпалардың келіп қосылуы үзілмей жалғаса береді. Бұл процесс хандықтағы адам санының арта түсуіне алып келді.
Екіншіден, Есенбұға ханның мұрагері Дос Мұхаммед ханның билік құрған жеті жылы ішінде 866(1461/62) – 873 (1468-1469) Моғолстанның ішкі саяси жағдайы өте нашарлап кетеді. Ханның жүргізген саясатында нақты бір принциптердің болмауы әмірлердің арасында жікті ұлғайтып жібереді. Ал ол қайтыс болғаннан кейін әмірлер қарам-қарсы екі топқа бөлінеді де, бірі – Ыстықкөл жақтағы Жүніс ханды қолдаса, екінші біреулері – Дос Мұхаммед ханның жас ұлы арқылы өз үстемдігін сақтап қалуды мақсат етеді. Мұндай жағдайда Моғолстанның Жетісу жағындағы Қазақ хандығы бірте-бірте дербестене бастайды.
Үшіншіден, осы саты ішіндегі ең ірі оқиғаға — Әбілқайыр ханның Қазақ хандығына қарсы бағытталған жорығы жатып, жорықтың мақсаты – Моғолстандағы саяси жағдайды пайдалана отырып, Жетісудағы Қазақ хандығын жою болғаны анықталды. Мауереннахрдағы саяси бытыраңқылық та Әбілқайыр ханның жорық ұйымдастыруына қолайлы жағдайлар жасайды.
Сөйтіп, осы үшінші кезеңде Қазақ хандығына басты қарсыласынан төнген қауіп оның қайтыс болуына байланысты сейіліп, өзінің қалыптасуы барысындағы соңғы кезеңіне аяқ басады.
Ал Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі соңғы, төртінші кезеңге Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан қазақ билеушілерінің Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында билігі толық орныққанға дейінгі аралықты жатқызамыз.
1470-ші жылдан бастап Қазақ хандығы Моғолстанның саяси қамқорлығынан шығып, дербес, толыққанды мемлекет атануға мүмікіндік алады. Шығыс Дешті Қыпшақ, Мауереннахр аумақтарында және Моғолстанның Шығыс Түркістан аймағындағы саяси жағдайлар оған өте қолайлы алғышарттар әзірлейді. Дос Мұхаммед ханның қайтыс болуынан кейін моғол тағына ешбір қиындықсыз Жүніс хан отырады.
1470-ші жылдардың басында ол Моғолстан ханы боп мойындалса да, моғол әмірлері арасындағы алауыздықтарды тоқтата алмайды.
Мауереннахр аймағында да Әбу Сайд мырзаның өлімінен кейін саяси тұрақтылық саяси бытыраңқылыққа ауысып, мырзаның үш ұлы ондағы өз иеліктерінде жеке-дара билік жүргізеді.
Ал Әбілқайыр ханның қайтыс болуынан кейін «көшпелі өзбектер» еліндегі этносаяси ахуал мүлде шиеленісіп кетеді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың бірінші кітабындағы мәліметтен біз «көшпелі өзбектер» еліндегі 1470-ші жылдардың басындағы ішкі саяси жағдайдың қалай дамығанын байқаймыз. «Өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды» деген мәлімет Әбілқайыр хан өлгеннен кейін билеуші әулет өкілдері арасында хан тағын иеленуге байланысты бірнеше топтың болып, олар арасында күрестер мен қақтығыстардың жүргенін білдіреді. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме», «Фатх-наме», «Шайбани-наме», «Тарих-и Кипчаки», «Фирдаус ал-икбал», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», «Түрік шжіресі» секілді деректердің мәліметтерінен біз Әбілқайыр ханнан кейін таққа Әбілқайырдың ұлдарының бірі Шайх Хайдар мен шибанилық әулеттің өкілі, Арабшахтың шөбересі – Иадгардың таласқанын көреміз [2, 19 б.; 16, 56 б.; 8, 359-360 бб.; 17, 126 б.]. Билікке таласушылардың шығу тегіне қарап мұрагерлік мәселесіндегі екі дәстүрдің – монғолдық және түркілік дәстүрлердің күресін көруге болады. Әбілқайыр ханның қаншы қызы болғанын дерек мәліметтері айтпаса да, оның он бір ұлы болғаны белгілі. Олар ханның төрт әйелінен және күңінен дүниеге келеді. Бүркіт тайпасынан алған әйелінен – Шах Бұтақ-сұлтан мен Қожа Мұхаммед, маңғыт әйелінен – Мұхаммед сұлтан мен Ахмед, қоңыраттан алған әйелінен- Шайх Хайдар, Санжар, Шайх Ибрагим, 1451 жылы алған Ұлығбектің қызы Рабиға сұлтан бегімнен – Көшкінші мен Сүйініш қожа, ал Ақ Бурук пен Сайд Баба аты ұлдар – күңнен туылады [8, 354 б.]. Үлкен ұлы Шах-Бұтақтың әкесінің тірі кезінде қаза тапқаны белгілі, ал Қожа Мұхаммед Әбілғазы жазғандай «ақылы кем кісі болатын» [17, 128 б.]. Оқас бидің қайтыс болуынан кейін шибанилық әулеттің маңғыт билерімен қарым-қатынасы нашарлап кетуіне байланысты маңғыт әйелден туған Мұхаммед пен Ахмед Сұлтандардың әулет өкілдерінің қолдамайтыны белгілі.
Рабиға Сұлтан Бегімнен дүниеге келген Көшкінші мен Сүйініш қожа сұлтандар – 16-17 жаста болатын. Ал қоңырат әйелден туылған үш ұлдың үлкені, Әбілқайыр ханның бесінші ұлы – Шайх Хайдарды Болаттың Ибрагимінен өсіп-өнген жиырмадай сұлтан қолдайды. Ал шибанилық Болаттың Арабшахынан тарайтын Иадгар сол кезде Болат әулетіндегі ең жасы үлкені болғандықтан хандық билікті иеленуге ол да үміт артады. Бұған дейінгі келтірілген «өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасты» деген Дулати мәліметі осы екі үміткер арасында болған қақтығыстарды айтса керек.
Арабшах ұрпағы Иадгар 1457 жылғы Сығанақ түбіндегі Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңілісінен кейін өз ұлысында хан болып сайланған еді [18, 436 б.]. Оны билікке үлкен ұлы Буреке сұлтан мен маңғыт биі Мұса отырғызады [18, 436 б.]. Сырдың төменгі ағысының бойындағы өз ұлысында билік құрған Иадгар хан енді Әбілқайыр ханнан кейін түркілік дәстүр бойынша Шығыс Дешті Қыпшақтағы шибанилық әулеттің ең үлкені ретінде «көшпелі өзбектер» тағына отырмақ болады.
Бірақта Шайх Хайдар хан мен Иадгар хан арасындағы таластар ұзаққа созылмайды. Иадгар ханның қандай жағдайда қайтыс болғанын деректер айтпайды, бірден оның қайтыс болғандығын және оның орнын Шайх Хайдар ханның иеленгенін баян етеді [16, 56 б.]. Дәл осыдан кейін Иадгар ханның ұлы Буреке сұлтан бұған дейін Әбілқайыр хан мен ұлдарына, шибан әулетіне адал қызмет етіп келсе, енді билеуші шибан әулетіне ашық күреске шығады.
Иадгар ханның қайтыс болуынан кейін оның ұлысындағы биліктің Буреке сұлтанға тимей, Шайх Хайдар ханның қолына өтуі үміткердің қарсылығын туғызды. Сөйтіп, Болат әулетінің ішінде де жік пайда болады. Осындай жағдайды пайдаланып, Қазақ хандығы тарапынан Шығыс Дешті Қыпшақтағы шибан әулетінің билігін жою үшін алғашқы күрестер басталады. «Тарих-и Кипчаки» авторы ол туралы былай деп мәлдімет береді. «Бузург-хан [қайтыс] болғаннан кейін мемлекеттің басты адамдары ханзадаларымен ұйғарыса келе Шайх Хайдарды билікке алып келді. Ол жуастау және әлсіз адам болатын, басқару ісінде [өз бетінше қадамдар] жасауға дәрменсіз еді. Сол себепті де Жәнібек ханның ұрпақтарының бірі Бұ[рын]дық хан өз ұлысын біріктіріп, Әбілқайыр ханның ұлдарына бас салды. Оларда қарсылық [көрсететіндей] күш болмады, сол себепті жан-жаққа қашып кетті, олар кейін қайтқаннан соң [бұлар] қайта жиналды» [15, 393 б.].
Бұл мәліметте автор Бұрындықты Жәнібектің ұрпағы және оны хан деп қате жазғанына қарамастан, негізінен дерек Қазақ хандығының шибан әулетіне қарсы күресінің басталғанын көрсетеді. Сөйтіп, Қазақ хандығы он жылдан астам уақыт бойы Моғолстанның Жетісу аймағында болып, енді қайтып оралу үшін қорғаныстан шабуылға шыға бастайды.
Жетісудағы Қазақ хандығы болса осы жылдары бұрынғы Орда Ежен ұлысының аумағына қайта келеді. Жоғарыда айтып өткен Бұрындықтың жорығы осы аумақтағы шибанилық сұлтандардың үстемдігіне қарсы бағытталып, оларды сол аумақтан кетуіне мәжбүрлеген. Бұрынғы өңірлеріне қайта оралған қазақ билеушілері Шығыс Дешті Қыпшақтың батыс, солтүстік-батыс өңіріндегі шибан Ұлысын толықтай жоюға кіріседі. Т.И. Сұлтановтың көрсетуі бойынша Шайх Хайдар ханның билігі өте қысқа болып, ол ұрыстардың бірінде қаза табады [19, 129 б.].
Осылайша, Шайх Хайдар ханның өлтірілуімен Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы шибани әулетінің билігі де күйрейді. Көптеген әмірлер мен бектер жан-жаққа тарап кетсе, әулетке адал бір топ адам әулет өкілдерін Астрахань хандығына апарып паналатады. Бірақ ол жақта да ұзақ тұра алмай, қарсыластардың тықсыруымен қашып-пысып жүріп, арқыры Сырдың орта ағысы бойындағы Түркістан аймағына келеді [8, 362-363 бб.]. Сөйтіп, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы жалғыз саяси күш – Қазақ хандығы болып санала бастайды. Белгілі зерттеуші Т.И. Сұлтанов бұл жөнінде былай деп тұжырымын береді: «Өзбек Ұлысының көп бөлігі билік Керей мен Жәнібектің және олардың жақтастарының қолына өтті. Жазба дерек мәліметтерін терең талдау бұл тарихи оқиғаның 875 (1470-1471) жылы болғандығын көрсетеді» [19, 129 б.].
Біз де осы тарихи тұжырыммен келісе отыра, Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі соңғы саты аяқталды деп санаймыз. Қазақ хандығы енді осы жылдан бастап Шығыс Дешті Қыпшақтағы жеке, дербес мемлекетке айналады да, бүкіл аймақтағы саяси қарым-қатынастардың субъектісі ретінде көріне бастайды.
Осылайша, жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін қорыта келе, Қазақ хандығығының құрылуы бір оқиға барысында және бір мезгілде қалыптасқан деген бұрынғы пікірлерден бас тартамыз да, хандықтың құрылуы бір тарихи желідегі оқиғалар тізбегі нәтижесінде қалыптасқан деген тұжырымды ұсынамыз.
Б.Б. Кәрібаев
ҚР ҰҒА корр.-мүшесі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
тарих, археология және этнология факультеті,
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д.