Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов 1957 жылдың 5-октябрінде Қарақалпақ АССР-і, Хожелі қаласында туған. Орта мектепті бітірген соң, ауылда жұмысшы болып істеді. Совет Армиясы қатарында қызмет етіп қайтқаннан кейін алты жыл Өзбек ССР-і, Жызақ облысы, Мырзашөл аудандық «Достық» газетінде- әдеби қызметкер, бөлім меңгеруші болып қызмет атқарды. КазГУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқиды. Өлеңдері 1980 жылдан бері жарияланып келеді.
Қазіргі қазақ лирикалық поэзиясының белгілі өкілі Есенғали Раушанов шығармалары туралы айтқанда тіл ерекшелігі, көркемдік құралдарды пайдалану тәсілінің өзгешілігі дейтін мәселелерге алдымен назар аударамыз. «Ақын қашан да әлемге әр түрлі қатынас жасағысы келеді және оны әр түрлі қабылдайды, өзі құлақ түрген дауыстарға еліктейді», — деген А.Блок пікірі ақындық табиғатын жете түйсінгеннен туындаған болса керек. Іңірдегі бүкіл болмыс бір-бір әрекетті иеленіп, жанды суретке ауысқан. Әдеттегі поэтикалық қолданыстарда жұлдыз жымыңдаған, күлімдеген түрде бейнеленсе, Есенғали өлеңінде басқаша суретке ауысып кеткен. Күннің түнге ұласар шағындағы жұлдыздың көрінуін:
Жұлдыз өріп шыққанда су астынан — деп бейнелейді. Айдың да әрекеті тосын: — Түбектегі ауылды түгендеуге
Түнделетіп келеді Ай қыр астынан.
Адамға тән іс-әрекеттің айға көшірілуі өте сәтті. Қараңғылықтың бел ала бастаған кезінде қыр астынан аспанға сапар шеккен Ай, қараңғылық күшейген кезде бұлтқа қорғалайды. Осындай мезгіл суретінде лирикалық қаһарман да өз орнын алып тұр. Жолаушының тірегі – жол да әрекетке көшкен қалпымен бейнеленген.