- Серік Қирабаев-қазақ әдебиетінің тарихын да, оның дәуірлерін де біздің ұлттық тарихымыз, оның даму кезеңдері белгілейді. Қазір біз әдебиетіміздің тарихын көне дәуірлерден бастап жүрміз. Онда жалпы түркі халықтарына ортақ мұраларды сөз етеміз. Біздің ұлттық идеяларымыздың бастауы солардан басталары даусыз. Батырлар жырлары, жыраулар поэзиясы Күлтегін, Тоныкөк жырларынан тарайтынын, солардың әсерімен туғанын қазір зерттеушілердің бәрі мойындайды. «Қорқыт ата кітабы», «Оғузнаме», Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Ахмет Иугнеки еңбектерінде қазақтың сөз өнерінің түп-төркіні жатқаны да белгілі. Сондықтан бұл дәуірдің әдеби мұрасын зерттеуге қазақтар да қатысуы әбден заңды.
- Одан кейін біздің өзімізге тән ұлттық поэзиямыз туды. Ол — XV ғасырдан басталатын жыраулар поэзиясы, хандық дәуірдің әдеби шежірссі. Ол XVIII ғасырға дейін созылады. Бұл кезеңнің әдебиеті хандық құрылыстың шындығымен, елдің сыртқы басқыншылыққа қарсы күресі идеясымен, ақындық үлгідегі жыраулық дәстүрін берік ұстауымен өзгеше түр. XIX ғасыр әдебиеті Ресей қарамағына өткен қазақтардың тәуелсіздік үшін күресімен басталып, оның демократиялық, ағартушылық бағытының өрістеуімен аяқталады. XX ғасырдың басында елді ағарту мәселесі азаттық жолындағы күрес идеясына (сөз жоқ, орыс революцияларының әсерімен) ұласады. Ұлттық әдебиет дамуының жаңа кезеңін 1917 жылдан бастап жүрміз. Оның да дәлелді себебі бар. Қанша дегенмен, бұл дәуірдің әдебиеті бұрынғыдан көптеген өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Өмір шындығын танудың және суреттеудің өзгеше принциптері (өмірдің жарқын жағын таңдау, үлгілі істерді жазу, эстетикалық идеал, т. б.), әдебиет кейіпкерлерінің жаңа типі, ұнамды қаһарман проблемасы, т. б. кеңестік өмір шындығының өзінен туындады. Реализмнің сипаты да өзгерді. Егерде бұрынғы реализм шындықты сынау, өзгерту қажеттігі бағытында суреттесе, жаңа реализм өмірді бекітуге қызмет етті. Бүгін дұрыс десек те, бұрыс десек те бұл белгілер бұрынғы әдебиетте болмайтын.
- 20-жылдардың аяғына қарай Қазақстандағы саяси ахуал бірсыпыра шеленісті. Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген ескі большевик Н.Ф.Голощекин (1925) «Қазан төңкерісі қазақ ауылының сыртынан құйындай ағып өте шыққан, ауылдың бейнесіне ешқандай өзгеріс жасамаған» деген тезисті И.В.Сталинге мақұлдатып алып, «Кіші қазан» атты жаңа төңкеріс жасауға кірісті. Ауылдағы таптық тартысты одан сайын өршітіп, байдардың мал-мүлкін тәркілеу жұмысын жүргізді. Қазақ шаруаларын күшпен ортақтастырып, ауылда коммуналар құруға шейін барды. Халық малынан айырылып, жаппай жүдеушілікке ұшырады, ел ішін аштық жайлады. Шамасы келгендер босып, көрші елдерге кетті. Қазақстанда біртұтас партия ұйымы болмаған, ол жеке-жеке «көсемдер» билеген ұйымдардан ғана құрылған» дегенді сылтау етіп, өзінің саясатына наразы болған ұлт оқығандарын түгелдей қудалауға ұшыратты. Оларға байтұрсыновшылдық, рысқұловшылдық, мендешевшілдік, сейфуллиншілдік, садуақасовшылдық, қожановшылдық деген сияқты ұлтшылдық жапсырмалар тағылды. Оларды баспасөз беттерінде «әшкереледі». Мұның аяғы олардың біразын тұтқындап, жазалауға ұласты. А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М.Жұмабаев Ақ теңіз бойына айдалып кетті. Ж.Аймауытов Мәскеу түрмесінде атылды.
Коммунистік партияның осындай қатаң режіміне қарамастан, Қазақстандағы кеңесшіл жас әдебиет шығармашылық істі жандандыруға тырысты. Жаңа заман шындығын көркем бейнелеуге ұмтылған, елді теңдікке, мәдениетке үгіттеген пафосты жырлар туды. Олар азаматтық, саяси лириканың өркендеуіне негіз салды. Қазақ ауылының ескі өміріндегі қайшылықты тіршілік пен бүгінгі таптық тартысты жырлаған поэмалар жазылды. Бұрын жазу мәдениеті кеш дамыған елде поэзия үстем болып келсе, енді көркем проза мен драматургияның дамуына жол ашылды. Прозаның шағын үлгілерімен (әңгіме, повесть) қатар, алғашқы романдар жарық көрді. Драматургия шағын түрлерден көп актілі драмаға ауысты. Жаңа дәуірде әдебиеттің қандай бағытта дамуы туралы пікірталастары әдеби сыншылдық көзқарастың дамуына ықпал жасады. Мәдени мұраны игеру (таптық тұрғыдан болса да) мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бұл жолдағы ізденістерге жоғарыда аталған қаламгерлермен қатар, Т.Жароков, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Ө.Тұрманжанов, М.Дәулетбаев, Ж.Сыздықов, С.Шәріпов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Ғ.Тоғжанов, С.Садуақасов, Ж.Тілепбергенов, Е.Бекенов, Қ.Кемеңгеров, Ә.Байділдин, Қ.Әбдіқадыров, т.б. сияқты жас күштер қатысты.