- Мұқтар Мағауин 1940 ж. 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында ауыл мұғалімінің жанұясында туған М.Мағауиннің еңбек жолы 1965 жылдан басталады. Әуелде «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 ж.ж. «Жазушы» баспасында бас редактор болып істеген.
- 1993 жылы М.Мағауиннің «Шақан шері» атты кітабы жарық көрді. Оған жазушының ертерек жазылып, басылмай қалған екі романы («Шақан шері» — 1984, «Сары қазақ» — 1991) кірген. Мұның екеуі де тоталитарлық жүйенің адам тағдырын ойыншық көрген кезінің трагедиясын бейнелеуге арналған.
Шақан шері — ел ортасынан бөлініп, адам тағысынан қашып жүргенде, даланың тағысы Жолбарыс оның әйелі мен баласын жейді. Соған кектенген Шақан өмір бойы Жолбарыс атып, оның тұқымын құртады. Аң атаулыдан кек алып, мерейі үстем боп келген ер мінезді Адам патшаның жендеттерінің қолына түседі. Әр түрлі жалаға ілігеді. Түрмеге алынып, Сібірге айдалады. Намысшыл, кекшіл Шақан алысарға дәрмені болмай, дүниеден өтеді. Роман идеясы шарпы оқиғаларға құрылғанмен, табиғат әлемінде еркін, ойына келгенін істей алатын адамың қоғам қыспағында әлсіз, сорлы екенін көрсетуге құрылады. Сол арқылы адам қанын судай шашқан кешегі тоталитарлық жүйенің сырын да ұқтырады.
- Ал, «Сары қазақ» романында тарихи деректің шындығы бар. Оның кейіпкері Станислав орыс жерінде туады (1895 жылы). 1911 жылы гимназия бітіреді, Петербург университетінде оқиды. Сонда жүріп революциялық оқиғаларға араласады. Қолға түсіп, жер аударылады. Содан қашып қазақ ортасын, Сыпатай байдың ауылын паналайды. Жайлы орын тапқан Станислав Стамбек атанады. Қазақ қызына үйленеді. Сары қазақ атанып, қазақ даласында қала береді. Бұдан кейін болған революциялық толқулар, ақтар мен қызылдардың алма-кезек ел үстінде қылыш ойнатуы, орыс отаршылдығының қазақ даласын дүркіретуі — бәрі сары қазақтың көз алдында өтеді. Ол кеңес өкіметін көреді. Зорлап колхозға біріктірудің, байларды аластап жер аударудың, халықтың аштан қырылуының куәсі болады. Сыпатай бай Стамбекті ертіп, елсіз, күнсіз бетпақ далаға қашады. Жалғыз үй тыныш өмір кешеді. Уақыт өтеді. Сыпатай да, әйелі де қайтыс болады. Үйге Стамбек ие боп қалады. Бір күні адасқан геологиялық экспедицияның ұшағы ауыл үстіне келіп қонып, Стамбекті қолға түсіреді. Ол жауап үстінде өліп кетеді. Мұнда да отаршыл, тоталитарлық жүйенің қазақ халқына жасаған зорлығын жазушы Стамбек көзімен суреттеп, оған «неге бұлай? Өкімет солардыкі емес пе еді?» деген сияқты сұрақ қойғызады.