Сәбит Мұқанов шығармаларындағы көркемдік дәстүрл

  1. Ақын жиырмасыншы жылдары қазақ ауылы, қазақ кедейінің халі, жаңа шаруа жөнінде көптеген өлеңдер жазады. Оның бастылары «Шоқпыттың шаруасы», «Сүт заводы», «Қазақстан», «Жолы жоқтар біздің жолға қосылсын», «Ленин», «Егістік», «Балқаш», «Конвейер» және басқалары.

Бұрынғы қазақ ауылы кедейлерінің типтік бейнесі «Шоқпыттың шаруасы» (1926) деген өлеңінде айқын көрінеді. Ол төңкеріске дейін еңбегі жанбай көп азап көрсе, енді укімет көмегінің арқасында егіншілікті кәсіп етіп, табысы табысқа ұласты.

Кейін коллективтендіру, индустрияландыру дәуірінде С.Мұқанов көптеген жаңа өлеңдер жазды.

«Майға сәлем» — С.Мұқановтың форма жағынан тапқан зор жаңалығы. Жол сандары, буыны, ырғағы жағынан бұрынғы қазақ поэзиясына ұқсамайды. Мұның өзі жаңа өмір тынысына, оның шапшаң қарқынына, индустриялы, колхозды, совхозды сипатына сай келіп, үйлесіп тұр «Малшының мақтанышы» (1934), «Колхозды ауыл осындай» (1938) атты өлеңдерінде С.Мұқанов социалистік ауыл еңбеккерлерінің бейнесін жасайды.

  1. С.Мұқановтың поэмалары 1925-1928 жылдары-ақ жарық көре бастады. «Сұлушаш» пен «Жетім қыз» поэмасында жазушы қазақ ауылындағы кедейлердің хал-ахуалын көрсетті. 1926 жыл жазылған «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» (кейін «Батырақ» атанған) атты поэмасында ақын ауылдағы тап тартысын, бай мен кедейдің ара қатынасын нақтылы образдар арқылы суреттеді.

Сол қарсаңда жазған «Октябрь өткелдері» (1927) поэмасында С.Мұқанов қазақ жұмысшысының қаншалықты қиын-қыстау өткелдерден өткенін, сөйтіп, жұмысшы табының жаңа елдің озат құрылысшысы болып отырғанын жырлайды.

Сұлушаш образы қазак поэзиясындағы көркем, шынайы, ұнамды образдардың биік көрінісі болып қалды. Ескі өлең, қиссаларда, эпостық жырларда кездесетін образдар да өз алдына сұлулық, көркемдік, ұнамдылық қасиеттерімен көзге түсетіні рас, бірақ Сұлушашта осы ерекшеліктер айрықша жарасымдылықпен, нанымдылықпен әрі идеялық терең мазмұнымен көрінеді. Поэма қаһарманы Алтайдың бар іс-әрекеті бас бостандығы үшін, теңдік үшін күрес. Сүйген жары Сұлушашқа қосылу жолында ол үлкен өмір азабын бастан кешеді, ақыры арманына жете алмай трагедияға ұшырайды. Қазан төңкерісінен бұрынғы тұрмыстың типтік көрінісі осындай еді.

  1. С.Мұқанов кейінгі жылдарда очерк әңгіме повесть, романдарды көп жазды. «Алтын аймақ, «Каспийге саяхат» сияқты ірі-ірі очерктер жинағы шықты. «Балуан Шолақ»(1944) повесін, «Сырдария» (1949) романын жазды. Мұның бәрі С.Мұқановтың проза саласында аса көп еңбек етенін дәлелдейді Әрине, осынша жақсы, көркем жазылған, роман, повестердің ішінде ең жоғары баға алып, халықтың төл шығармасындай болып кеткен «Ботагөз» романын ерекше атап айту қажет.

Әуелде роман «Жұмбақ жалау» деген атпен 1938 жылы басылып шықты. Кейін автор көпшілік оқушылардың сұрауымен және біраз өңдеу, толықтыру енгізуге байланысты кітаптың атын «Ботагөз» деп өзгертті. Мұнысы өте орынды еді. Өйткені романда бастан-аяқ айтылатын кейіпкер, бүкіл оқиғаны, сюжетті ұстап тұрған басты образ — Ботагөз қазақ қызының образы.

«Ботагөз» романы композициялық құрылысы жағынан үлкен үш бөлімге бөлінеді. Бірінші бөлімі «Тұңғиықта» XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ қауымын суреттеуге арналған, екінші бөлімі «Таң атарда» қазақ ауылында бай мен кедей арасындағы наразылықтың үдей түсуі, әсіресе 1916 жыл оқиғасына байланысты таптық күрестің өршуі, патшаның маусым жарлығы салдарынан ұлт-азаттық қозғалысының тууы сөз болады, үшінші бөлімі «Күн күлімдегенде» Қазан төңкерісі кезеңін, онан соңғы азамат соғысы жылдарын, қазақ даласында жаңа өмірдін алғашқы ұшқындары ене бастаған кезеңді қамтиды. Тарихи кезеңнің қиын-қыстау жылдарында өсіп, ер жеткен, оқу-білім алуы да сан қилы оқиғалармен тұстас келетін, бірақ саналы күрескер болып қалыптасуына, әсіресе тұрмыс сабағының әсері көп болған Ботагөз жаңа заман табалдырығын аттаған бүкіл қазақ әйелінің бейнесін елестетеді. Тап Ботагөздей өсіп, бүгінгі қоғамымыздың мықты, білікті қайраткері болып отырған әйелдер көп. Бұл Ботагөз бейнесінің кездейсоқ емес, типті бейне екенін, жалпыға ортақ, көпке тән бейне екенін аңғартады.

Асқар шығармадағы ең басты кейіпкердің бірі. Ол — қазақша да, орысша да білімді, жаңа типтегі адам. Алғаш жолын бала оқытудан бастаған Асқар роман соңында Қызыл Армия полкінің комиссарына дейін өседі.Төңкерістік жолға біржола түседі де, оның жауынгер солдатына айналады. Бірнеше айдау, тұтқын, түрме, азап пен соғыс көреді. 1916 жыл оқиғасы да онан тыс өткен жоқ. Қақ ортасында болып, ату, асу, айдаудың, көз жасын бұлаған кедейлердің мүшкіл халін, патша шенеуніктері мен болыс-билердің зорлық-зомбылығын көзімен көреді.

Алексей Кулаков болса — әрі оқыған, әрі жергілікті халықтың тұрмыс-ахуалын жақсы білетін, бірақ оның білектілерімен ғана достасып, көпшілік бұқараны иттей жек көретін, әрі солардан өлердей қорқатын, сырты жылтыр, сыпайы тілді, сұм ойлы патша офицері. Оның образынан патшаның бұратана халық арасына билеп :төстеуге жіберілген, бас көтерерлерін басып-жаншып езуге келген өкіл көрінеді.

С.Мұқанов. драматургия саласында да өңдіре еңбек еткен жазушы. Ол«Шоқан. Уәлиханов» трагедиясын,«Қашқар қызы», «Ақан мен Зайра» (М. Әуезовпен бірге) «Алтын астық», «Партбилет» драмаларын жазды. Публицистика, әдеби сын тақырыбына да қалам тартып, көптеген тағылымды ғылыми еңбектер калдырды.