Қазақ халқы тарихта жауынгерлігімен, батырлығымен көзге түскен халық екені ғылыми да тарихи еңбектерде жазылып жүр. Өмір бойы ат үстінен түспей, елді, жерді жаудан қорғап, аты халықтың аузында жүрген батырларымыз баршылық. Солардың барлығы да қару-жарақты пайдаланғаны белгілі. Қазақ тіл білімінде қару-жарақ туралы профессор Т. Байжановтың кандидаттық диссертациясы болмаса, атап айтарлықтай ғылыми еңбек жоқтың қасы. Ел аузында сақталып қалған қару-жарақ атауларын білдіретін сөздерді жинап, халық игілігіне жарату – болашақтың міндеті.
Батыр жауға шапқанда жан серігі аты болса, сол атқа керекті ер-тұрманға байланысты да қазақ тілінде бірсыпыра сөздер де әр жерде әр түрлі айтылады. Мысалы: егер (ер), құранды ер (құрама ер), терте (жетек), делбе (божы), жона (қапталдық), мойынтұрық (жарма), шабық (кегей), басқарма (бүкпе), сатылы арба (қалқанды арба), мажар (арба), белдік (белоғаш), тоқу (ерттеу) т.б. қазақ тіліндегі қару-жарақ атаулары: найза, дулыға, сауыт, сойыл, қылыш, семсер, садақ, жебе, алдаспан т.б. сөздер болып келеді. Оқшантай – садақтың оғын салатын зат. Алдаспан, айбалта деген де құрал атаулары ауыз әдебиеті шығармаларында көптеп кездеседі. Жергілікті ерекшеліктерді де мылтық, білте т.б. ұшырайды. Пыстан (писток), чильза, шомпыл, қарауыл, ұңғы, тепкі, құндақ т.б. сөздер ұшырайды.